Каспий теңізі Ресей мен Иран арасындағы маңызды логистикалық дәлізге айналып келеді. Бұл – екі елдің әскери қарым-қатынасында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетуі мүмкін. Өйткені Мәскеу мен Тегеран Батыс күштерінің қолы жетпейтін бағыттар арқылы жүк тасымалдауға ұмтылып отыр.
Әскери әріптестігін нығайтып жатқан Ресей мен Иран Батыс теңіз күштерінің қолы жетпейтін жолдарды қарастырып жатқан тұста Каспий теңізі маңызды логистикалық дәлізге айналғалы тұр.
Каспий – Батыс теңіз күштерінің кемелері кіре алмайтын ішкі тұйық теңіз. Сол себепті Мәскеу мен Тегеран өзара жүк тасымалында бұл жолды молынан пайдалануы мүмкін.
NBC News осы аптада бір құжатты қолға түсіріп, ондағы деректі Батыс шенеуніктерінің бірі растаған. Құжат бойынша, Мәскеу Иранға әскери жүктерді қазірдің өзінде Каспий теңізі арқылы жолдап отыр.
АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің қорғаныс саясаты мен стратегиясы жөніндегі бұрынғы директоры Барри Павелдің айтуынша, соғыс пен халықаралық санкциялардың қысымында отырған екі елдің ынтымақтастығы тереңдеген сайын бұл дәлізге ерекше назар аудару қажет.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Иранның байытылған уранын Қазақстанға әкелсе не болады?"Бұл екі ел жақындасқан сайын, осы дәліз арқылы жүк тасымалы арта түседі деп күтуге болады. Иран Ресейге не берсе де, Ресей Иранға не жеткізсе де, бәрі осы бағытпен жүруі ықтимал" деді Барри Павел Азаттыққа.
Saratoga Foundation ұйымының президенті Глен Ховард Каспийді "ресейліктер мен ирандықтар үшін екі бағытта да жұмыс істейтін табиғи әрі қауіпсіз жабдықтау желісі" деп атады.
Каспийдің құрлық ішінде болғаны Ресей мен Иранды оған көбірек сүйенуге итермелеуі ықтимал.
Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы бесінші жылға ұласқан тұста Иран Мәскеуге дрон мен өзге де әскери жабдықтар беріп отырған негізгі елге айналды. Мәселен, Ресей Алабұға экономикалық аумағында әзірлеп жатқан дрондарды дәл осы Иранның көмегімен іске асырды. Тегеран Мәскеуге "Шахед" дрондарын берген.
Бұған дейін Иран Ресейді қолдап келсе, енді Мәскеудің кезегі келген сияқты. АҚШ пен Израильдің ақпанның аяғында басталған ауыр соққыларынан кейін Иран әскери әлеуетін қалпына келтіруге тырысып жатыр және Тегеран бұл тұрғыда Кремль көмегіне мұқтаж көрінеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Украинаның Иранға соққысы. Киевтің көздегені не, АҚШ-тың ұстанымы қандай?Құпия жүктер
Каспий теңізі арқылы тасымалданатын жүктердің құрамы туралы ақпарат өте аз. Сондықтан олардың қандай бөлігі коммерциялық, қандай бөлігі әскери жабдық немесе шикізат тасымалы екенін анықтау қиын. Оның үстіне екі ел бұл бағыт бойынша бұрыннан астық пен басқа да тауарларды тасымалдап келген. Яғни ол осыған дейін де экономикалық артерия саналған.
"Бұл кемелердің қандай жүк тасып жатқанын білмейміз" дейді Ховард. "Бірақ тасымал жүріп жатқанын және оның қарқыны жоғары екенін білеміз".
АҚШ әкімшілігіндегі жоғары лауазымды қызметкерлер Азаттыққа айтқан жауабында Вашингтон Ресей мен Иранның әскери және логистикалық әріптестігін жіті бақылап отырғанын айтты. Олар бұл мәселенің ерекшелігіне сілтеп, аты-жөнін атамауды сұрады.
Шенеуніктер барлау мәліметтері мен нақты жүктер туралы ақпаратты талқылаудан бас тартты. Сондай-ақ олар Украинаның Каспийдегі операцияларына сырттан көмек көрсетіліп жатқаны жөніндегі болжамдарды да растамады.
Дей тұрғанмен, шенеуніктер Ресей мен Иран арасында Батыс санкциялары мен өзге де ықпал ету тетіктерінен қорғалған қауіпсіз жол пайда болғаны АҚШ саясатына жауапты адамдар үшін өзекті мәселе деп отыр.
Бұл жерде географияның маңызы зор. Ресей әскери техникасын Оля немесе Астрахань порттарынан тиеп, Каспий арқылы жеткізе алады. Бұл бағыт әсіресе ірі көлемдегі жүктер үшін тиімді болуы мүмкін. Теңіз арқылы тасымалдау жүкті көзге көп түспейтін тәсілмен жеткізуге де мүмкіндік береді.
"Жүкті үлкен көлемде, көзге түспей жолдауға болады" дейді Ховард. "Бұл – өте құпия әрі қауіпсіз түрде іске асады".
Бірақ Каспийді соншалық қауіпсіз деуге Украина әскерінің әлеуеті кедергі болып отыр.
Кейінгі жылдары Ресейдің ішкі аумағына тереңдей отырып соққы жасауды меңгерген Украина Каспийдің солтүстік бөлігіне жақын жерлерге де шабуылдап үлгерді. Өткен айда Киев Каспий теңізіндегі Иран кемесіне соққы жасап, Иранның бір теңізшісі қаза тапқан. Тегеран бұған наразылық білдіріп, қарымта қайтаратынын айтып сес көрсетті, Киевтен өтемақы талап етті.