Accessibility links

Украинаның Иранға соққысы. Киевтің көздегені не, АҚШ-тың ұстанымы қандай?

Ресей Каспий теңізінен Украинаға зымыранмен шабуылдаған. Енді Украина Каспийде Иран жүгін тасыды деген Ресей кемелеріне соққы жасап отыр.
Ресей Каспий теңізінен Украинаға зымыранмен шабуылдаған. Енді Украина Каспийде Иран жүгін тасыды деген Ресей кемелеріне соққы жасап отыр.

Кезінде Иран дрондары Ресей агрессиясына қарсы тұрған Украинаға үлкен соққы болып тиген еді. Мәскеу Киевке Тегеран қаруымен шабуылдаған.

Украинаның көзімен қарағанда, мұның бәрі Иранды осы соғыстың жанама қатысушысына айналдырған. Демек, Киев Ресейге бағыт алған Иран кемелерін әскери нысана ретінде қарастыра алады.

Өткен аптада солай болды да. Сірә, Тегеран разы бұған емес. Мәскеудің 53 айға ұласқан басқыншылық соғысы Еуропаның тыныштығын бұзса, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы Таяу Шығыстың шиеленісті ушықтыра түсті.

Украинаның Каспий теңізінде жүзген Иран немесе Ресей кемелеріне соққы жасауы осы екі соғысқа қалай әсер етпек?

Украин дрон күштері кейінгі жылдары сан жағынан да, сапа жағынан да едәуір күшейді.
Украин дрон күштері кейінгі жылдары сан жағынан да, сапа жағынан да едәуір күшейді.

"Украина бұл шабуылдарын жалғастырса, Иран мен Ресейдің жағдайы ауырламақ" дейді Франциядағы Sciences Po университетінің Ресей–Иран қатынастары жөніндегі сарапшысы Николь Граевски. Алайда оның пікірінше, "бұл – соғыстың жалпы барысын түбегейлі өзгертетін фактор болмайды".

Вашингтондағы Hudson Institute сараптамалық орталығының Ресей мәселелері жөніндегі маманы Люк Коффидің айтуынша, "Украинаның Иран кемесіне жасаған шабуылы тактиканың елеулі өзгергенін көрсетеді және агрессия қай елден шықса да, оның ешқайсысына төзбейтінін анық аңғартты".

"Меніңше, мұндай операциялар Ресей мен Иран арасындағы Каспий теңізі арқылы жүретін жүк тасымалын барған сайын қиындата түседі" дейді ол.

ТЕГЕРАН: "ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙМЫЗ"

25 шілдеде болған оқиғаның нақты мән-жайы әзірге анық емес.

Украинаның қауіпсіздік қызметі (СБУ) дрондар Ресейдің "Молния" дейтін зымыран катеріне және "халықаралық санкцияға іліккен, Иран мен Ресей арасында әскери жүк тасымалдаған" екі кемеге шабуылдағанын мәлімдеді.

Украина президенті Владимир Зеленский Telegram-дағы жазбасында Украина "Каспий теңізінде, соның ішінде Иранға қатысы бар әскери жүктерді тасымалдаған кемелерге қарсы алыс қашықтықтағы соққылар арқылы өте маңызды нәтижеге қол жеткізгенін" мәлімдеді.

Украин баспасөз құралдарының жазуынша, соққы ұшыраған екі кеме: Ресей туымен жүзген "Порт Оля 2" және "Бегей". Екеуі де Украинадағы соғыстан кейін халықаралық санкцияға іліккен. Олардың нақты қандай жүк тасымалдағаны әзірге белгісіз.

2022 жылғы ақпанда басталған соғыстың алғашқы жылдарында Ресей Ираннан мыңдаған камикадзе-дрондарды алдырған. Кейін Ресей ол дрондарды өзі шығара бастап, бастапқы технологияны жетілдіре түсті.

Иран билігі Украина шабуылына ашық наразылық білдіріп, бір теңізші қаза тапқанын мәлімдеді және қарымта қайтаратынын ескертті. Украинаның Тегерандағы елшісі міндетін атқарушы дипломат Иран Сыртқы істер министрлігіне шақырылды.

Иран сыртқы істер министрі Аббас Арақчи X әлеуметтік желісінде: "Зеленский Иранның коммерциялық кемесіне шабуыл жасап, бір теңізшінің өліміне себеп болды" деп жазып, мұны "Израильдің өз соғысына Еуропаны тарту амалы" деп атады.

"Украина жуырда Иранның жауапсыз қалмайтынын көреді" деді Иран парламентіндегі ұлттық қауіпсіздік комитетінің жетекшісі Ибраһим Әзизи X желісінде.

Дауға Мәскеу де араласып, Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украинаның дрон шабуылдары Иранның өзіне соққы жасағанға тең деді.

Ашу-ызаға толы сөздерді бөлек қойғанда, Иранның қалай жауап қайтаратыны түсініксіздеу болып тұр.

"Тегеран ашулы екені анық, бірақ оның Украинаға қарсы әскери қуаты өте шектеулі" дейді Чаттанугадағы Теннеси университетінің оқытушысы, Иранның әскери әлеуеті жөніндегі сарапшы Саид Голкар. "Егер олар жауап береміз деп бекінсе, онда бұл кибершабуыл, барлау әрекеті, Ресей операцияларын қолдау немесе Украинаның шетелдегі мүддесіне нұқсан келтіру сияқты жанама күйде болады деп күтемін. Әскери соққы болуы екіталай".

Граевскидің пікірінше, "Украинаны бұл қақтығысқа тарту Иранның да, Ресейдің де мүддесіне сай келмейді. Мәскеу Тегеранды сабыр сақтауға үндеп жатқан болуы мүмкін".

АҚШ президенті Джо Байден тұсында Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Иран бағытын басқарған Нейт Суонсон да Иранның елеулі жауап бере алатынына күмәнмен қарайды.

"Украинаға келгенде Иранның қапқанына үргені қатты" дейді қазір Вашингтондағы Atlantic Council сараптамалық орталығында жұмыс істейтін Суонсон. "Иран Украинаға символикалық мәнге ие қарымта қайтаруы мүмкін-ақ, алайда Украина да, Иран да өз соғысында жаңа майдан ашқысы келетініне күмәнім бар".

"Иранның сес көрсетуі Ресейге бағытталған үндеуге ұқсайды" дейді Тафтс университеті жанындағы Флетчер мектебінің Ресей және Еуразия бағдарламасын басқаратын Михаил Троицкий. "Тегеран Мәскеуден толыққанды қолдау күтеді. Ал Ресей Иранның барлау және құрал-жабдық жөніндегі өтініштерін түгел қанағаттандырмай отырған болуы мүмкін".

28 шілде күні Украина сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Андрей Сибига Иран сыртқы істер министріне қоңырау шалғанын, "Украинаның бүкіл әрекеті Ресей агрессиясынан қорғануға бағытталғанын, Киев ешқашан азаматтық кемелерді немесе бейбіт тұрғындарды нысанаға алмайды" деп мәлімдегенін айтты.

"Эскалацияға әкелетін қадамдардан тартыну, Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдамау қажетін атап өттім. Бұл соғыс заңсыз және ол аяқталуға тиіс" деп жазды X желісінде.

Осыдан соң Аббас Арақчи украин шенеугімен сөйлескенін растап: "Андрей Сибига Иран кемесіне шабуыл қасақана жасалмағанын, Украина жағдайды ушықтыруға құлықсыз екенін айтты. Иран да эскалацияға талпынып отырған жоқ, алайда азаматтарымыз бен мүдделерімізге бағытталатын ешбір шабуылға төзбейміз. Келтірілген залал өтелуге тиіс" деді.

БІР МӘСЕЛЕНІҢ ЕКІ ҰШЫ

Соғыс басталғалы Ресей Махачкала маңында орналасқан Каспий флотилиясынан Украина аумағына бірнеше рет соққы жасаған. Бұл жерден ұшқан зымырандар 1300 шақырымда жатқан Украина жеріндегі нысандарға тиген.

Украина да осыған дейін Ресейдің Каспий теңізіндегі нысандарына шабуылдаған.

Люк Коффидің айтуынша, Украина барлығы 12 ресейлік кемені бүлдірген. Алайда келтірілген залал ауқымы әлі күнге дейін белгісіз.

АҚШ-пен бірге Иранға қарсы соғыс ашқан Израиль де Тегеранның Каспий теңізіндегі нысандарын көздеген.

18 наурыз күні Израиль жойғыш ұшақтары Бандар Анзали портына соққы жасап, біршама кемені батырған. Нақты саны беймәлім.

Сарапшылардың сөзінше, өткен сенбідегі шабуылды Украина осы Израиль барлау деректерінің көмегімен жасаған болуы ықтимал.

"Стратегиялық тұрғыдан қарағанда, мұның қисыны бар" дейді Голкар. "Израильдің Иран жөнінде өте мықты барлау желісі бар, ал Украина Иран мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастықты бұзуға мүдделі".

Украина президенті 28 шілде күні Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Сарапшылар соның алдында Зеленский Трамппен кездескенде Каспий теңізіндегі соққыларды АҚШ-тың Иранға қарсы соғысының бір бөлігі деп көрсетуге құлықты болуы мүмкін деген.

Зеленский сондай-ақ Ресей Иранға барлау деректерін беріп, Тегеран соның көмегімен АҚШ нысандарына шабуыл жасап отыр деген уәжін тағы жеткізеді деп күтілді.

Коффидің сөзінше, Украинаның Каспий теңізіндегі шабуылының дәл осы тұста болуы алдын ала есептелген болуы мүмкін. Есептің мәні – Трамптың назарын аудару.

"Меніңше, Трамп әкімшілігі үшін бұл жағдайды күрделендіретін мәселе емес. Бәлкім, Иранға қосымша қысым оң бағаланып та қалар" дейді ол. "Бірақ бұл шабуыл Зеленскийдің Ақ үйдегі кездесуінің алдында ғана болғаны кездейсоқтық емес".

Алайда Граевскидің айтуынша, Киевтің екі соғысты өзара байланыстыру әрекеті АҚШ үшін қосымша қиындық туғызуы мүмкін.

"Америкалықтар қандай да бір себеппен Ресейдің Ирандағы соғысқа қатысы барын көрсеткісі келмейді. Ал Украина Ресейдің тікелей араласқанын айтып отыр. Сондықтан бұл Вашингтонның жағдайын қиындатады" дейді сарапшы.

Оның пікірінше, Трамп әкімшілігі "екі соғысты бір-бірінен бөлек қарастыруға" тырысады.

"Бұл екі қақтығыс бір-бірімен қаншалықты тығыз байланысса, АҚШ-тың Украинаға және Иранға қатысты саясатын түсіндіру соншалықты қиын болады" дейді Граевский.

"Мұның екі жағы бар" дейді Голкар.

"Бір жағынан, Иран мен Ресейдің әскери ынтымақтастығын әлсірету АҚШ-тың стратегиялық мүддесіне сай келеді және Вашингтонның тікелей араласуын қажет етпейді. Екінші жағынан, бұл жағдайды бұрынғыдан да күрделендіреді. Енді АҚШ Украинамен, Израильмен, Парсы шығанағындағы серіктестерімен және Иранмен қарым-қатынасты қатар үйлестіріп, өңірдегі шиеленістің одан әрі ушығуына жол бермеуге мәжбүр болады" дейді ол.

Айдар
XS
SM
MD
LG