Каспий теңізінде 14 сарбаздың қаза болуына байланысты қозғалған істі тергеу аясында Қазақстанның әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сот оның қамауға алуға санкция берген. Бұл туралы 6 қазанда қазақстандық басылымдар хабарлады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ниязбеков 14 сарбаздың қазасына байланысты қозғалған істі тергеу аясында "қызметіне салғырт қараған" деген күдікпен ұсталған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
24 қыркүйекте Каспийдегі әскери жаттығу кезінде күн бұзылып, қайықтан суға түскен 17 сарбазды қатты толқын ағызып әкеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалған.
Бейбіт заманда жас азаматтардың қазаға ұшырауы қоғамда үлкен резонанс туғызып, әлеуметтік желіде жұрт билік пен әскери басшылықты сынға алды. Осыдан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрлігі басшылығын түгел ауыстырған, сол кезде Қанат Ниязбеков те қызметінен босатылған.
Бұдан бөлек, Тоқаев қорғаныс министрлігіне кешенді тексеру жүргізуді тапсырған. Сарбаздар қазасына себеп болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, бес әскери басшы: әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" қатерінің командирлері күдікті ретінде ұсталған.
Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатын, Ресейдің Калининград қаласындағы жоғары әскери-теңіз училищесін (Ушаков атындағы Балтық әскери-теңіз институты) және Санкт-Петербургтегі Кузнецов атындағы әскери-теңіз академиясын тәмамдаған Ниязбеков Қазақстанның шекара қызметі күзет кемелері командирінің көмекшісі қызметінен бастап, әскери-теңіз күштерінде түрлі басшы лауазымдар атқарған. Ол 2025 жылы тамызда әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалып, осы лауазымды биылғы 3 қазанға дейін атқарды.