Accessibility links

Тоқаев 14 сарбаздың қазасынан кейін қарулы күштер бас штабы бастығын ауыстырды

Құтқарушылар мен әскери қызметкерлер жаттығу кезінде сарбаздар суға батып кеткен Каспий жағасында жүр. Маңғыстау облысы, 24 қыркүйек, 2026 жыл
Құтқарушылар мен әскери қызметкерлер жаттығу кезінде сарбаздар суға батып кеткен Каспий жағасында жүр. Маңғыстау облысы, 24 қыркүйек, 2026 жыл

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Айтқұрман Омарбековті елдің қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер бас штабының бастығы етіп тағайындады. Мұны 5 ақпанда Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Омарбеков 2022 жылы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары міндетін атқарушы әрі арнайы күштер қолбасшысы болып тағайындалған. Сол жылы ақпан айынан бастап ол мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – арнайы күштер қолбасшысы қызметтерін атқарып келді.

Дүйсенбі күні Тоқаевтың жарлығымен Азамат Хасенов мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – арнайы күштер қолбасшысы болып тағайындалды.

Арнайы күштер елдің жоғары лауазымды шенеуніктерінің қауіпсіздігіне жауапты мемлекеттік күзет қызметінің құрамына кіреді және әскери құрылым болып саналады. Мемлекеттік күзет қызметін Сәкен Исабеков басқарады.

Өткен аптаның аяғында Тоқаев Қаныш Әубәкіровті қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – бас штаб бастығы лауазымынан, Алмаз Жұмакеевті қорғаныс министрінің орынбасарлығынан және Қанат Ниязбековті әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы қызметінен босатқан.

27 қыркүйекте Тоқаев 2025 жылдың маусым айынан бері қорғаныс министрі болып келген Дәурен Қосановты қызметтен босатып, оның орнына 45 жастағы Айдос Мырзахметовті тағайындаған. Ол бұған дейін мемлекеттік күзет қызметінің бастығы қызметін атқарған.

Қарулы күштердің жоғары басшылығындағы бұл ауыс-түйістер 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қазаға ұшырағаннан кейін жасалды. Ауа райы нашарлап, қатты жел тұрған кезде Каспийде жүргізілген жаттығу кезінде теңіз толқыны алып кеткен 17 сарбаздың тек үшеуі аман қалды.

14 адамның өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі ("Қызмет міндеттерін орындау барысында ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Қорғаныс министрлігінің бес жауапты қызметкері күдікті ретінде ұсталды. Олардың арасында әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, екі бөлімше командирі және теңіз ротасы мен қайығының командирлері бар.

26 қыркүйекте президент Тоқаев қорғаныс министрлігіне кешенді тергеу жүргізуді тапсырған.

27 қыркүйекте Ақорданың баспасөз қызметі Қазақстан президенті бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған қайғылы жағдайға "бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болды" деп мәлімдегенін хабарлады.

"Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары" деген Тоқаев.

Жас сарбаздардың бейбіт замандағы қазасына байланысты қоғамда наразылық жиі айтылып жатқан шақта президент "бұл қайғылы оқиға армиядағы көптеген кемшіліктерді және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті" деген. Ол Қазақстан армиясы "өткен ғасырда қалып қойғанын" және "түбегейлі әскери реформа жасайтын уақыт келгенін" айтқан.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG