Әуежайдың транзит аймағында қалған адам
Украинаға қарсы соғысқа қайта жібере ме деген қауіппен туған жерінен кеткен Зелимхан Муртазовтың Астана әуежайының транзит аймағында тұрып жатқанына бір жарым айға жуықтады. Туысының айтуынша, Зелимхан Ресейдің әскери басқыншылығына қарсы болғанымен, оны мәжбүрлеп соғысқа жіберген.
"2022 жылы соғысқа адам жинаған кезде әй-шәйға қарамастан алып кетті. Бізге егер отбасыңнан бір адам барса, қалғанына тимейміз деген. Үйде інілерім бар, егер бармасаң соларды әкетеміз деп маған ашық айтты", – деді майданға қалай тап болғанын баяндаған Зелимхан.
Муртазов Украинада окоп қазу сияқты жұмыстарымен айналысқанын айтады. "Ешкімге оқ атқан жоқпын, ешкімді өлтірмедім" деді ол "Кавказ.Реалии" тілшісіне айтқан әңгімесінде.
2025 жылы күзде Муртазов демалыс алып елге оралған. 20 қазанда үйіне келіп, бес күннен кейін Қазақстанға кетіп қалған, осында бірнеше ай жалға алған пәтерде тұрған. Былтыр желтоқсанның аяғында Түркияға барғанымен, сол жерде ұсталған. Түрік билігі одан жауап алып, шетелдік паспортын тәркілеп, екі күннен кейін елден шығарып жіберген. 26 желтоқсан таңертең ол ұшақпен қайтадан Астанаға жеткен. Содан бері әуежайдағы транзит аймағында тұрып жатыр. Муртазов Қазақстаннан пана сұраған.
Қазақстанның шекара қызметі "ұлттық қауіпсіздік" себептерімен Муртазовты елге кіргізбей қойды. Ол пана сұрап жазған өтінішіне небары он күннен кейін "жоқ" деген жауап алған. Құқық қорғаушылардың пікірінше, бұлайша тез қайтарғаны өтініш тиісті деңгейде қаралмағанын көрсетеді.
Муртазовқа Армения, Беларусь немесе Қырғызстанға ұшып кетсеңші деген ұсыныс жасапты, бірақ Зелимхан ол жақта өзін Ресейге беріп жібере ме деп қауіптеніп, келіспеген. Егер мұнда өзіне пана берілмейтіні жөніндегі шешім түпкілікті қабылданатын болса, ол қауіпсіз Еуропа еліне барғысы келеді.
"Орындықта ұйықтаймын. Демалуға жағдай жоқ, жарық үнемі жанып тұрады, у-шу, адам аяғы басылмайды. Жаным мен тәнім бір мезет болсын дамыл таппайды, – дейді Зелимхан әуежайда өтіп жатқан өмірі жайлы. – Алғашқы 25 күн тіпті жуынуға, үсті-басыма дұрыс қарауға мүмкіндік болмады. Көшеге, таза ауаға шықпағалы, күн көзін көрмегелі бір жарым айдай болды. Күні-түні осында қамалып отырмын. Мұндай тірлік физикалық жағынан да, моральдық тұрғыдан да өте ауыр. Кейде діңкем құрып, басым істемей қалады. Жұрт көмектесіп жатыр, шешендер, қазақтар, мүлде танымайтын адамдар жәрдем берді. Бауырым бар жаққа жазып, қолынан келгенді жасап жатыр. Менің жағдайым жария болғаннан кейін әуежай қызметкерлері маған оң көзбен қарай бастады, бұрынғыдай мазаламайды, тамақ береді. Қазір тіпті душқа бара алатын болдым".
Муртазовтың мәселесімен айналысуға құқық қорғаушылар мен адвокаттар кірісті. Шешенстан тумасы өзін Ресейге беріп жібермейтін шығар деп үміттенеді.
"Егер мені ол жаққа қайтаратын болса құримын. Әуелі азаптап, сосын өлтіріп тастайды. Оған күмәнім жоқ", – дейді ол.
Мансур Мовлаевтың ісі
Қазақстанда қамауда отырған ресейлік тағы бір шешен азаматы Мансур Мовлаевтың тағдыры қазір қыл үстінде. Ресей оны экстрадициялауды сұраған, Қазақстан Бас прокуратурасы мақұлдады.
Мовлаев 2022 жылы қадыровшылар ұрлап әкетіп, жасырын түрмеде ұстағаннан кейін Ресейден қашқан. Амалын тауып, құжатсыз Қырғызстанға өтіп кеткен. Ресейде оған "экстремизм" бабымен қозғалған іс бойынша федералдық іздеу жарияланған. Мовлаев пен жақтастары ол іс ойдан құрастырылған деп санайды.
2023 жылғы қазан айында Бішкек соты Мовлаевты шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты айға қамап, кейін елден шығару туралы шешім қабылдаған. Сол жылғы 20 қарашада қамау мерзімі аяқталып, босатылған соң Мовлаев Қазақстанға кетіп қалған.
2024 жылғы қазан айында ол бауырлары Зелимхан мен Хамзатты Шешенстанда билік адамдары ұрлап әкетіп, Урус-Мартан аудандық полиция бөлімінде азаптағанын мәлімдеді. Айтуынша, бауырларын оны елге қайтуға көндіру үшін ұстаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан қашып келген шешенстандықты Ресейге экстрадициялайды2025 жылдың аяғында Қазақстан билігі оның пана сұраған өтінішін орындамайтынын айтты. Өз сөзінше, билік оған босқын мәртебесін алушыға қойылатын талаптарға сай емессің деген. Қорғаушылар бұл шешімге келіспей, шағым түсірді, алдын ала сот тыңдауы 11 ақпанға белгіленген.
Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, Қазақстанның Азаптауға қарсы коалициясы өкілі Мұрат Адам Мансур Мовлаевтың аз да болса әлі мүмкіндігі бар екенін айтады.
"Жоғарғы сотқа Қазақстан бас прокуроры орынбасарының Мансур Мовлаевты экстрадициялау туралы заңсыз қаулысына қарсы шағым түсірдік. Менің бұл жағдайға байланысты шұғыл хабарымды БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті қарауға алды. Жүзден он пайыз болса да, үміт әлі бар", – дейді заңгер.
Адвокаттың пікірінше, Қазақстанда халықаралық құқық нормалары ел заңдарынан формалды түрде басым болып саналғанымен, көрші Ресейдегі сияқты, іс жүзінде толық жұмыс істемейді.
Ал бұл уақытта Еуропаның бірқатар елінде Солтүстік Кавказдан шыққан адамдарды депортациялауға қарсы акциялар өтті. Ақпан айының басында Варшавада Қазақстан елшілігі алдында Мансур Мовлаев пен Зелимхан Муртазовты қолдау шарасы ұйымдастырылды.
Польшадағы шешен диаспорасы белсендісі Ислам Белокиев егер Қазақстан оларды Ресейге қайтаратын болса, екеуі ол жақта азаптап, қорлап, ойдан құрастырылған айып тағып, қылмыстық іс қозғайды, ал Украинаға қарсы соғысуды қаламайтын Муртазовты мәжбүрлеп майданға жіберу оның азаматтық құқықтарын таптау болып саналады деп мәлімдеді.
Бірнеше күннен кейін Қазақстанның Венадаға елшілігі алдында да осындай акция өтті. Оған қатысушылар екі шешенді дереу босатып, оларды халықаралық қорғауға алуды талап етті. Қазақстанның қарапайым тұрғындары да шешен азаматтарын Ресейге бермеуді сұрап, әлеуметтік желілерде билікке үндеу жасап жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ешқайсына босқын мәртебесін бермеді". Мәскеу экстрадициялауды талап еткен ресейліктерге Астана қалай қарайды?Еуропадан пана іздегендер
Еуропаның бірқатар еліне Солтүстік Кавказдан барып пана сұраған адамдар құқықтары өрескел бұзылып жатқанын хабарлады.
Қаңтардың аяғында Хорватиядағы Ежево миграциялық түрмесінде шамамен 50 адам – негізінен дағыстандықтар, шешендер мен ингуштер – аштық жариялаған деген ақпарат тарады. Құқық қорғаушы Роза Дунаева ол жерде босқындарға қысым жасап, Ресейге экстрадициялаймыз деп қорқытып, арнайы қызметпен жұмыс істеуге мәжбүрлемек болған дейді.
Қамауда жатқандардың бірнешеуін (нақты саны белгісіз) Ресейге депортация жасау туралы шешім қабылданып қойған, олар елге барса азаптау мен ажалға тап болады дейді шешен құқық қорғаушылары. Дунаева Хорватияның адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі мен адам құқығын қорғаушы ұйымдарына жазған арыз-өтініштері елеусіз қалғанын айтты.
Азаттық радиосы Балқан қызметінің сауалына берген жауабында Ежево миграциялық түрмесі әкімшілігі Дунаеваның айыптауларын жоққа шығарды. Әкімшілік мекемеде "ешкім аштық жариялаған я тамақтан бас тартқан жоқ", заң талабы мен адам құқықтары мүлтіксіз сақталады, ешкімді Ресейге мәжбүрлеп депортация жасамайды деп мәлімдеген.
Алайда миграциялық түрмедегі аштық туралы "Мемориал" құқық қорғау орталығы хабарлады. Онда қамауда отырғандарда үш айдан бері таза ауаға шығармай, кешкі ассыз қалдырып, бұзылып кеткен тамақ бергені, әкімшілік "арнаулы жасақ шақыртып шетіңнен сабап, әрқайсыңды әр жақтағы басқа түрмелерге ауыстырамыз" деп қоқан-лоққы көрсеткені жайлы деректер бар дейді орталық.
Еуропалық адам құқықтары сотына шағымданғаннан кейін Хорватиядан экстрадициясы тоқтатылған Ингушетия тумасы Магомед-Амин Гатагажевке Сириядағы заңсыз қарулы топтарға қатысқан деген айып тағылған. Қазір ол Загреб маңындағы түрмеде отыр. Құқық қорғаушы Роза Дунаева Гатагажевке тағылған айыптар "Солтүстік Кавказдан келгендерге қарсы істерде бұрын да бірнеше рет қолданылғаны әрі бірдей үлгіде жазылғаны олардың саяси астары барын көрсетеді" дейді.
Хорватия Еуропа одағына мүше ел, бірақ іс жүзінде ол халықаралық міндеттемелерін үнемі орындайды деген сөз емес дейді Дунаева. Соған қарамастан, Дунаева мен өзге де белсенділер депортацияны тоқтатуды, шешен азаматтарына халықаралық қорғауды немесе үшінші елге қауіпсіз транзитті қамтамасыз етуді халықаралық құқық пен адам құқықтарының негізгі қағидаттарына сәйкес талап ету әрекетін жалғастырмақ.
Хорватия шекарасындағы бекеттен өтіп жатқан босқындар. 2022 жылғы сурет.
"Пана бермей қойған кездің бәрінде бірдей: "Хорватияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнеді" деген сөзді қолданады, оларды елінде азаптау мен қудалау қаупі барын жеке бағаламайды немесе ескермейді", – дейді Дунаева.
Шешенстан тумасы 35 жастағы Рустам (қауіпсіздік мақсатында есімі өзгертілген) Дублин келісімі аясында Франциядан Польшаға депортацияланған. Ал оның отбасына Францияда қалуға рұқсат берілді. Kavkaz.Realii басылымына дереккөздің айтуынша, ол Францияда 15 жылдан артық тұрған. Жұмыс істеген, тұратын үй-жайы болған, балалары мектепте оқыған – осының бәрі үйреншікті жағдайға айналып, көңіліне қауіпсіз өмір сүріп жатырмын деген сенім ұялаған. Бірақ 2025 жылдың ортасында Рустам көші-қон қызметінен одан саяси босқын мәртебесі қайтарып алынатыны және бұрын өзін қудалауға салып, бас сауғалап шетелге кетуге мәжбүр еткен Ресейге депортациялануы мүмкін екені жайлы хат алған.
Рустам алты айдан бері адвокаттар мен құқық қорғаушылардың қолдауымен өз құқықтарын қалпына келтіруге тырысып жатыр. Ол әлі елден кету туралы жазбаша бұйрық алған жоқ. Оның сөзінше, Францияда тұратын көптеген танысы да осындай жағдайға кезігіп, депортациядан құтылу үшін заңгер көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Ингушетиядағы Сунжа ауданының тумасы Гелани Таркоев кейінгі сегіз жылда Еуропаның үш елінен босқын мәртебесін ала алмай, депортация қаупінен жасқанып өмір кешіп жатыр. Таркоев 2000-жылдардың басында Ресейдің Шешенстанға басып кіруіне қарсы болған, республиканың тәуелсіздігін қолдап, соғысқа қарсы митингілерге қатысқан және отбасымен бірге босқындарға көмектескен.
Репрессиялық заңнамаға байланысты аты-жөні аталмаған ресейлік құқық қорғаушы Ресей азаматтарын, соның ішінде Солтүстік Кавказдан барғандарды мемлекет аумағынан шығаруды Еуроодақ елдеріндегі миграция саясатының күшейтілуімен байланыстырады.
Оның пікірінше, бұл жағдайға әсер етіп отырған бірнеше фактор бар: "паналату жүйесіне түскен салмақ шамадан тыс артқан, Еуроодақ елдеріндегі ішкі саяси қысым және қауіпсіздік риторикасы күшейген. Тіпті өтініш иесі өзіне қудалау, азаптау немесе ойдан шығарылған қылмыстық іс бойынша айыпкер атану қаупі төнгенін мәлімдесе де Ресейдің "өз ішінде қоныс аударуға" мүмкіндік бар деген уәж жиі айтылатын болған".
Сонымен бірге, әр елдің тәсілі бір-біріндегіден айтарлықтай өзгеше дейді ол. Кейбір ел Солтүстік Кавказдан барған адамдарға төнетін қауіп-қатерді бұрынғысынша ескеріп, қаперге алса, ал өзгелері Ресейді формальді түрде "қауіпсіз" ел деп қарастыра бастаған.
Қазақстан мен Ресей арасында тығыз экономикалық және саяси байланыс орнаған және екеуі интеграциялық бірлестіктер құрамында. Астана осы кезге дейін пана сұрап келген ресейліктердің ешбіріне босқын мәртебесін берген жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан полициясы пана сұраған ресейлік сарбазды Ресейге тапсырдыAmnesty International құқық қорғау ұйымы Еуроодақ елдерін Солтүстік Кавказдан барған босқындарды Ресейге бермеуге үндеп, Ресейде оларды азаптау және Украинаға қарсы соғысқа мәжбүрлеп салу қаупі жоғары екенін айтқан. Мұндай үндеулер Интерполға да жіберілген. Бірақ осындай ескертулерге қарамастан, депортация жалғасып жатыр. Ресейге күштеп қайтарылған жағдайда, олардың көбінің өмірі мен бостандығына тікелей қауіп төнеді.