Қазақстан Wildberries-ке жол ашса, бейтарап болудан қала ма?

Украина бірнеше ай бойы Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымы мен онлайн-ритейлерлеріне дронмен соққы жасап, Мәскеу кей нысандарын Қазақстанға көшіруді қарастыра бастады. Украинадағы соғыс мәселесінде бейтарап болуға тырысып келген Астана бұл жолы тепе-теңдікті сақтай ала ма?

Орталық Азия елдері арасында Ресеймен шектесетін жалғыз ел – Қазақстан Мәскеудің экономикалық одақтасы саналады. Бүгінде Ресей сол одақтасының көмегіне зәру.

Украина бірнеше ай бойы Ресейдің энергетикалық нысандары мен онлайн сауда орындарына дронмен соққы жасап, Мәскеу кей нысандарын Қазақстан аумағына көшіруді қарастыра бастады. Ал Қазақстан билігі осы уақытқа дейін Украинадағы соғыс мәселесінде бейтарап болуға тырысып келген.

Ресейдің көптеген аймағында жанармай тапшылығы пайда болғанда Мәскеу Астанамен келіссөз жүргізіп, Ресей шикізатының бір бөлігін Қазақстан зауыттарында өңдеуді талқылаған.

Ал Ресейдің ең ірі маркетплейсі Wildberries-тің 20-дан астам қоймасы дрон шабуылына ұшыраған соң, Қазақстаннан коммерциялық қойма іздеуге көшкен.

Қазақстан сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елде Wildberries-тің жалпы ауданы 260 мың болатын екі қойма салынып жатқанын растады. Бірақ олардың құрылысы Ресейдегі қоймаларға соққы жасалғанға дейін жоспарланған.

– Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғысын бастағалы Астана Ресеймен тығыз экономикалық әрі саяси қарым-қатынас пен Ресейдің Батыспен конфронтациясына араласып кету немесе тәуелсіздіктен айырылып қалмау арасында тепе-теңдік ұстауға тырысып келді, – дейді Берлиндегі Карнеги орталығының Ресей мен Еуразия аймағын зерттеу жөніндегі сарапшысы Темур Омаров.

Оның сөзінше, Ресей компанияларын Қазақстанға көшіру мұны қиындатуы ықтимал, бірақ Астана бұл қауіпті түсініп отыр.

– Қазақстан үкіметі қазіргі ұстанымын жалғастырады деп ойлаймын: Ресей бизнесінің қолын қайтармайды, бірақ әрбір істі жеке-жеке мұқият қарастырып, көпвекторлы сыртқы саясатын жалғастыратынын, тәуелсіз шешім қабылдайтынын сездіреді, – дейді Омаров.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украина соққыларынан қоймалары өртенген Wildberries Қазақстанға көз тікті: Астанаға қауіп бар ма?

Батыстың Орталық Азияға назар аударуы

2023 жылдан бастап Батыс елдері Орталық Азияға көбірек назар аудара бастады. Бұған Ресейдің Украинаға қарсы соғысы себеп болды. Батыс соғыс кезіндегі экономикалық және саяси мүмкіндіктерді пайдаланып қалуға ниет білдірген.

Мәскеумен тығыз әріптес болуды қолдаған Орталық Азия елдері өзге де елдермен қарым-қатынас құру арқылы сыртқы саясатын әртараптандыруға құлықты екенін көрсетті.

Ресей билігі мен компаниялары өз нысандарын бірнеше елге көшіруді қарастырған. Бірақ 7644 шақырым ортақ шекарасы бар Қазақстан негізгі бағытқа айналды.

Спутник суреттері ресейлік Wildberries қоймалары қаншалық бүлінгенін көрсетті

Қазақстан мұндай әріптестіктен пайда көруі де мүмкін.

Украинаның Ресей энергетикалық нысандарына шабуылы Қазақстанға да әсер етті. Қазақстан мұнайының едәуір бөлігі Каспий құбыр консорциумының Ресей аумағынан өтетін инфрақұрылымы арқылы тасымалданады. Соғыс басталғалы осы консорциум нысандары бірталай мәрте шабуылға ұшырап, арасында жұмысын тоқтатып жүрді.

Бірақ қазақстандық экономист Айдар Әлібаев Мәскеумен жақындасу Қазақстан экономикасына қауіп-қатер төндіретінін айтып отыр. Оның сөзінше, Украина Қазақстан аумағына шабуылдай қоймаса да, Wildberries-тің Қазақстандағы қоймаларынан әскери өнімдердің тарауы Астананың Батыс санкциясына ілігу қаупін күшейтеді.

Сарапшылар мен шенеуніктердің айтуынша, Ресейдің Қазақстан инфрақұрылымына экономикалық тәуелділігінің артуы Астанаға Мәскеумен қарым-қатынасын тиімдік шартпен қайта құруға мүмкіндік береді. Алайда Қазақстан шенділері Ресеймен қарым-қатынаста өз аумағындағы экономикалық тұрақтылыққа басымдық беретінін айтып отыр.

"Біз енді бірінші өзіміздің жағдайымызға қараймыз" деді маусым айында Қазақстан сенатындағы экономикалық саясат жөніндегі комитеттің жетекшісі Сүйіндік Алдашев парламент тарап, сенат дейтін институт жойылардың алдында.

Бұл жағдайға Қазақстанның бесінші жылға ұласқан соғысты бейтарап болып қала беруге ұмтылуы да жатады.

Шілденің аяғында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, сол кездесуде Украинадағы соғысты уақытша тоқтатып, келіссөзге оралуға шақырған.