Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы парламент сайлауы. 23 тамыз күні ел аумағында он мыңнан астам және тағы 79 сайлау учаскесі Қазақстанның 61 шет мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктерінде ашылды.
Дауыс беру таңертеңгі сағат 7-де басталып, сағат 20-ға дейін жалғасады.
Ресми дерек бойынша, Қазақстан халқының шамамен 62 пайызы – 20,5 миллион адамның 12,6 миллионы – дауыс беру құқығына ие.
Қазақстан заңына сәйкес, дауыс беруге неше сайлаушы қатысқанына қарамастан сайлау өткен болып саналады.
Бұл жолғы сайлау бюллетеніне елде ресми тіркелген жеті саяси партияның атауы және "Барлығына қарсы" деген жазу енгізілген.
Сайлауға жеті саяси партиядан жиынтығы 545 кандидат ұсынылды:
"Ақ жол" – 63 кандидат;
"Ауыл" – 69 кандидат;
"Әділет" – 186 кандидат;
"Байтақ" жасылдар партиясы – 47 кандидат;
Қазақстанның халық партиясы - 72 кандидат;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 33 кандидат;
"Республика" – 76 кандидат.
Бір палаталы Құрылтайда пропорционал жүйемен, яғни партиялық тізімдер бойынша бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат болады.
1 шілдеде күші жойылған бұрынғы Конституция бойынша, екі палаталы парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс аралас жүйе бойынша сайланатын, яғни сайлауға партиялар да, тәуелсіз кандидаттар да қатысатын, ал жоғарғы палата – Сенат депутаттарын аймақтардағы өкілді органдардағы сайлаушылар таңдайтын, бұған қоса Сенаттың тағы 10 мүшесін президент тағайындайтын.
Ал жаңа Конституцияға сәйкес, енді бір мандатты сайлау округтері жоқ; Құрылтай депутаттары жалпыұлттық сайлау округтерінен сайланады. Партиялар парламентке кіру үшін 5 пайыздық межені еңсеруі шарт.
Сайлау туралы жарнама. Алматы, 20 тамыз, 2026 жыл.
Бұл жолы сайлауға түсіп жатқан жеті саяси партияның алтауы – "Ақ жол", "Ауыл", "Әділет", "Байтақ" жасылдар партиясы, Қазақстанның халық партиясы, Жалпұылттық социал-демократиялық партия мен "Республика" партиясы бұған дейін де парламент сайлауларына қатысқан. Ал "Әділет" партиясы биыл маусым айында тіркеліп, кейінгі ширек ғасыр елдегі басым саяси күш болып саналған Amanat (бұрынғы NurOtan) партиясын өзіне қосып алды.
Біріккен партияны Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы, көп жыл бойы президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен тығыз байланыста жұмыс істеген Айбек Дәдебай басқарады. Партия басшылығына үкімет, бизнес және мемлекеттік сектор өкілдері, соның ішінде президенттің жиені Дана Медеуова кіреді.
"Бәсекелі науқан" ба, әлде "плюрализм шектелген" бе?
Кейбір сарапшы бұл саяси науқан шынайы бәсекесіз өтіп жатыр, балама пікір айтатын топтардың партия ретінде тіркелуіне рұқсат етпеді деп билікке сын айтады. Қазақстан билігі сайлауға түсетін тараптардың бәріне тең жағдай жасалған, құқықтары бірдей дейді.
21 тамыз күні ұлттық телеарнадан халыққа жасаған үндеуінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады" деп мәлімдеді.
"Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық. Партиялар сайлаушылармен кездесу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды" деді Тоқаев.
Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауын бақылауға 42 мемлекеттен және 13 халықаралық ұйымнан барлығы 777 байқаушы тіркелгенін хабарлаған. Олардың қатарында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) ұзақ мерзімді миссиясы да бар. Миссия өзінің аралық есебінде Қазақстандағы бұл жолғы науқанда саяси бәсекелестік, БАҚ еркіндігі және өзін-өзі цензуралау мәселелері барын айтқан.
"Партиялардың бәрі президент саясатын қолдайды, ал ДИАҚБ миссиясы сұхбаттасқан кейбіреулер шынайы оппозициялық партиялар мен тәуелсіз кандидаттардың болмауы саяси бәсеке мен плюрализмді шектейтінін атап өтті", - делінген ЕҚЫҰ/ДИАҚБ есебінде.
Ресми Астана бұған келіспейді. Сайлау алдындағы үндеуінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өткенін" айтқан.
Бұған дейін, 2025 жылдың мамыр айында Қатардың Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында президент Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросын (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) "өте біржақты" ұйым деп, ал оның Қазақстанда бұған дейін өткен сайлауларға берген бағасын "объективті емес" деп сынға алған.
"Азаматтық бақылау өрісі тарылып барады"
Қазақстанда бұған дейін өткен жалпыұлттық сайлаулар мен референдумдерге байқаушы ретінде қатысқан кейбір тәуелсіз ұйымдар биылғы саяси науқанды бақыламайтынын мәлімдеген.
"Еркіндік қанаты" қоры кейінгі 10 жыл ішінде алғаш рет сайлауды бақылаудан бас тартты. Қор басшылығы мұны саяси реформалардың қысқартылуымен және "Сайлау туралы заңға" енгізілген түзетулермен байланыстырды. Ол түзетулер елдегі сайлау процестеріне, соның ішінде ол науқандарды бақылауға шетелден бөлінген қаржыны пайдалануға тыйым салады.
Орал қаласындағы "Абырой" бірлестігіне ұйымның құрылтай құжаттарында сәйкессіздіктер бар деген себеппен сайлау учаскелеріне кіруге рұқсат берілмеді.
"Мұқалмас" ұйымы мыңға жуық байқаушы дайындаған, олар сайлау учаскелерінің оннан бір бөлігін ғана қамти алады.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ "тәуелсіз азаматтық бақылау өрісі тарылып бара жатқанына" алаңдаушылық білдірген.
Бұған дейін қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанда Құрылтай сайлау қарсаңда тәуелсіз журналистерге қысым күшейгенін, оларға қарсы саяси астары бар қылмыстық іс ашу, желідегі жеке аккаунттарын шектеу, билікке сын айтушыларды қорқытып-үркітудің өзге де әдіс-амалдары жасалып жатқанын мәлімдеген. Олар Қазақстан билігін "журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қысымның кез-келген түрін дереу тоқтатуға, қылмыстық және әкімшілік заңдарды тәуелсіз журналистикаға кедергі жасауға немесе оларды жазалау үшін қолданбауға, журналистер мен БАҚ-тарға алдағы болатын сайлау жөнінде еркін хабар таратуына кепілдік беруге" шақырған.
Қазақстанның вице-премьері әрі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "мемлекет азаматтардың ой-пікірін білдіру құқығын және сөз еркіндігін шектеуге мүдделі емес" екенін айтып, өзі басқаратын министрлік БАҚ және журналистердің әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұғаттаумен айналыспайтынын мәлімдеген.
Сайлаудан соң не өзгермек?
Әдетте сайлаудың алдын ала қорытындысы дауыс беру аяқталған күннің ертесіне жарияланады. Заң бойынша, Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру күні аяқталған соң он күн ішінде сайлаудың түпкілікті қорытындысын шығаруға тиіс.
Сайлаудың ресми қорытындысы жарияланғаннан кейін 30 күннен кешіктірмей президент жаңадан сайланған парламенттің бірінші сессиясы басталатын күнді белгілейді.
Одан кейін Тоқаев Құрылтайдың келісімімен Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғарғы Есеп палатасының басшылығын тағайындайды. Құрылтайдың мақұлдауын қажет ететін тағы бір лауазым - вице-президент. Жаңа Конституцияға сай, вице-президентті лауазымға президент тағайындайды және босатады, оның қызмет міндеттерін де президент анықтайды. Ал мемлекет басшысы қайтыс болған немесе қызметінен кеткен жағдайда, Конституцияға сәйкес, оның лауазым өкілеттіктері вице-президентке өтеді.
Тоқаевтың тікелей бастамасымен әзірленген және қабылданған жаңа Конституция күшіне енген соң, 2026 жылғы 7 шілдеде Конституциялық сот негізгі заңда президент жеті жылдық бір ғана мерзімге сайланатыны туралы талап болғанына қарамастан, Тоқаев қайтадан президенттікке үміткер бола алады деген шешім шығарған.
Конституциялық сот "1995 жылғы Конституциядағы нормалармен лауазымға сайланған я тағайындалған адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енген соң тиісті лауазымдарға қайта сайлана я тағайындала алады" деген ұйғарымын жариялаған.
2022 жылы қарашада өткен кезектен тыс сайлауда жеті жылдық жалғыз мерзімге президент болып сайланған Тоқаевтың өкілет мерзімі 2029 жылы аяқталуға тиіс еді және сол мерзімі біткен соң билікті заңды жолмен тапсыратынын өзі де бірнеше рет айтқан. Алайда елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсындағыдай, бұл жолы да сөз бен іс бір жерден шықпай қалуы әбден мүмкін дейді тәуелсіз сарапшылар.