Биыл 15 наурызда жаңа конституция жобасы жөніндегі референдум барысында журналист Лұқпан Ахмедияров Астанадағы учаскелерді аралап, байқаушылардың кімнің атынан келгенін анықтауға тырысты. Жас байқаушылар ұйымын ашық атағысы келмеді. Ал тәуелсіз байқаушы ұйымдарының өкілдері сол референдум барысын бақылау мүмкіндігі шектелгеніне шағымданды. Мысалы, Астанадағы референдум учаскелерінің бірінде "Еркіндік қанаты" қорының байқаушысы Рахат Садықов комиссия қызметін жақыннан бақылағысы келгенде кедергіге тап болған. Енді "Сайлау туралы" заң жаңарған соң бұл қор алдағы Құрылтай сайлауын бақылаудан бас тартуға мәжбүр екенін мәлімдеп отыр. Ал рұқсаты бар болса да, Батыс Қазақстандағы "Жария" бірлестігі науқаннан шеттетілуіміз мүмкін деп қауіптенеді.
Конституция мен саяси жүйені жаңартып жатқан билік сайлау процесіне қаншалық ашықтық танытып отыр? Ыңғайсыз бақылаушыларды бюрократиялық кедергілермен тұсап отыр ма? Алдағы Құрылтайды кімдер бақыламақ? Азаттық осы сауалдарға жауап іздейді.
ЖАҢАРҒАН ЗАҢ
Наурызда өткен референдумнан соң парламент конституциялық заңдарды дереу өзгертуге кірісті. Соның ішінде "Сайлау туралы" заңға да түзету енгізілді. Соған сәйкес шетелден қаржы алатын қазақстандық ұйымдарға саяси науқанды бақылау жүргізуге тыйым салынды. Атап айтқанда "Сайлау туралы" заңның 33-бабы, 3-тармағында "Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктер, шетелдiк мемлекеттiк органдар, шетелдік заңды тұлғалар мен шетел азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар тарапынан Қазақстан Республикасындағы сайлауды қаржыландыруға, олардың қандай да болмасын тiкелей немесе жанама түрде Қазақстан Республикасындағы сайлаумен байланысты іс-шараларды қаржыландыруға және өзгедей қамтамасыз етуге қатысуына тыйым салынады" делінген.
Бұл өзгеріс 1 шілдеде күшіне енді. Осы норманың қаупін алға тартқан "Еркіндік қанаты" қоры алдағы науқанды бақыламайтынын мәлімдеді. "Қазақстан жастар ақпараттық қызметіне" қарасты "Жас сайлаушылар лигасы" да осындай тығырыққа тіреліп отыр. Қос ұйым бұған дейінгі сайлаулар барысын тұрақты бақылап, заң бұзу фактілерін тіркеп келген.
"Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" елдегі түрлі жобаларға шетелден грант алатынын мәлімдеген. Бірақ сайлауды бақылаумен айналысатын "Жас сайлаушылар лигасы" жобасына шетелдік қаржы жаратылмағанын айтады. Бұл саяси үдерісті жанама қаржыландыру болып санала ма, жоқ па, соның аражігін ажырату үшін, ұйым Орталық сайлау комиссиясына хат жолдаған.
"Біз Орталық сайлау комиссиясынан "Аккредиттелген ақпараттық қызмет "Жас сайлаушылар лигасы" жобасы аясында сайлауды бақылауды жалғастыра ала ма?" деп сұрадық. Орталық сайлау комиссиясы бұл сауалға тікелей жауап бермеді. Комиссия тек заң талаптарын еске салып, құқықтық баға құжаттар мен нақты жағдайдың мән-жайы зерттелгеннен кейін берілуі мүмкін екенін көрсетті. Сайлау комиссиясы басқа қызметке берілген шетелдік грант қандай критерийлер негізінде сайлауды бақылауды жанама қаржыландыру деп танылатынын нақтылаған жоқ" деп жазды ұйым өз әлеуметтік желідегі парақшасында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Билік бақылауды күшейту жолын таңдады": Әлеуметтанушы сайлау қарсаңындағы Қазақстанды сипаттадыҚұрылтай сайлауы жақындағанда Батыс Қазақстан облысындағы "Жария" қоғамдық бірлестігі де күтпеген кедергіге тап болған. Оралдағы аумақтық сайлау комиссиясы ұйымның жарғысында бақылау қызметі нақты жазылмаған деп құжатты өзгертуді талап еткен. Атап айтсақ, сайлауды реттеуші орган жолдаған хатта "Жария" ұйымының Әділет министрлігінде тіркелген жарғысындағы "бақылау жүйесін құруға септігін тигізу" ұғымы нақты сайлауды байқау қызметін білдірмейтіні жазылған. Ал референдум қарсаңында өкілі прокуратураға шақырылған бұл ұйым енді сайлауға дейін бұл мәселені реттеп үлгермеуі мүмкін екенін айтады және биліктің бұл әрекетін бюрократиялық тұсау деп бағалайды.
"Аумақтық сайлау комиссиясының біздің ұйымға жолдаған хатының астарында саяси бюрократиялық кедергі бар деп ойлауға толық негіз бар. Себебі біз аккредитациядан өткен ұйымбыз. Осы жарғымен Әділет департаментінде 2022 жылдан бері тіркеліп, жұмыс жасап келе жатырмыз. Биыл Құрылтай алдында БҚО аумақтық сайлау комиссиясынан хат алдық. "Жария" ұйымына Құрылтайды бақылауға үлгертпейтін шығар. Себебі хаттағы талапты өзгертіп үлгермейміз" деді бірлестік жетекшісі Бекнұр Сыражанов Азаттыққа.
Орталық сайлау комиссиясы шілденің басынан бері 11 халықаралық ұйым мен 25 елден жалпы саны 650 байқаушыны аккредиттегенін мәлімдеді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан 241 байқаушы, ТМД байқаушылар миссиясынан 101, Еуропа кеңесі мен Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеяларынан 23 байқаушыдан келетіні хабарланған. Одан бөлек, Қазақстан мүше Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан да өкілдер аккредиттелген. Жекелеген байқаушылар Еуропа, Азия және ТМД-дан – жиыны 25 елден келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Интригасы жоқ науқан. Конституциясы жаңарған Қазақстан Құрылтай сайлауына қалай келді?Ал ел ішінде 250-ден астам ұйым аккредиттелген. Соның 13-і бірнеше өңірді қамтиды, қалғаны – жергілікті ұйымдар. Заңгер, азаматтық белсенді Әлнұр Ілияшев олардың көбі бақылау кезінде кедергі көрмейтінін, есесіне тіркелген заңсыздықтар бойынша шағым түсірмейтінін, істі соңына жеткізуге құлықсыздық танытатынына назар аударады.
Ілияшев сайлауды бақылау процесіне билікшіл GONGO үкіметтік емес ұйымдарды өткізіп, керісінше, билікке жақпайтын тәуелсіз бақылаушыларды жібермеу "еліміздегі демократиялық үдерістердің тек бүркемесін жасап, демократияны имитациялауға бағытталған бүкіл процесті сипаттайды" дейді.
"Мұның түпкі мақсаты — кейіннен халықаралық қауымдастық, соның ішінде елімізде тұрақты бақылау жүргізетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының миссиясы тарапынан айтылатын сын-ескертпелерді барынша азайту немесе болдырмау", дейді ол.
САЙЛАУ АШЫҚТЫҒЫ
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 6 президент, 9 парламент сайлауы және 5 рет референдум өтті. Жалпыхалықтық дауыс берудің үшеуі Конституцияны өзгертуге, бірі Назарбаевтың өкілетін ұзартуға, тағы бірі АЭС құрылысына арналды. 1999 жылдан бері елдегі саяси науқандарды бақылап келе жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлауды бақылау миссиясы ұйымдастырудағы ілгерілеуді атап өткенімен, азаматтық қоғамға қысымның барын, жүйелі реформалардың қажет екенін айтып келеді.
"Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының кейбір сұхбаттасушылары тәуелсіз азаматтық бақылау кеңістігінің тарылып бара жатқанына алаң білдірді және бұл жағдай азаматтық қоғам ұйымдарының сайлауды бақылауға қатысу ниетінің төмендеуіне әкеп соқты. Нақтырақ айтқанда 2026 жылғы түзетулерге қатысты құқықтық белгісіздікті, бірлесу бостандығына қойылатын шектеулерді, шектеулі қаржыландыруды және әкімшілік қысымды атап өтті. Соған қарамастан бірнеше ұйым аккредиттелді және сайлау күнін бақылауды жоспарлап отыр" деп жазды ЕҚЫҰ ұйымы Құрылтай сайлауы қарсаңындағы мәлімдемесінде.
Биыл наурызда өткен референдумнан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беру ашық әрі әділ өтті деп мәлімдеген. Ол былтыр мамырда Al Jazeera басылымына берген сұхбатында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын "біржақты" деп атап, жариялайтын есептері "объективті емес" деген. Ал ТМД және Түркі мемлекеттерінен кейінгі сайлау науқандарына келген байқаушылар дауыс беру барысында ешқандай заң бұзу фактісі тіркелмеді деп мәлімдеме таратты. Әйтсе де Орталық сайлау комиссиясы өңірлерде ондаған ұйымды тіркегенімен, учаскелерде нақты кімдер бақылау жүргізетіні көп жағдайда жұмбақ болып қала береді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Орталық Азияда саяси оппозицияға мүмкіндік бар ма?Журналистер наурызда өткен референдум барысында ашықтықты қамтамасыз етуге тиіс кейбір байқаушылармен әңгімелесуге тырысқан. Олардың кейбір қай ұйымнан келгенін ашып айта алмағаны, өзгелерінің процесті енжар бақылағаны байқалады. Ал сол күні тәуелсіз ұйымдардың еріктілері сайлау учаскелеріне кіре алмаған, қуылған фактілер де тіркелді.
Мысалы, Астанадағы референдум учаскелерінің біріне байқаушы ретінде алдын ала тіркеліп барған "Мұқалмас" қоғамдық бірлестігінің өкілі Айнұр Мұқанова учаске комиссиясы "байқаушыға орын жоқ" деп кіргізбей қойғанын мәлімдеген. Ал референдум барысында азаматтардың жеке деректерінің заңсыз жиналмауын бақылаған "Еркіндік қанаты" ұйымының бірнеше өкілі учаскелерден қуылғанын айтқан. Референдум комиссиялары оларды дауыс беру үдерісіне кедергі келтірді деп тапқан.
2019 жылдан бері сайлау процесін бақылап келе жатқан "Мұқалмас" бірлестігі жетекшісі Ғазиза Әмірбек алдағы Құрылтай сайлауына 1000-ға жуық ерікті дайындап жатқанын айтады. Әмірбектің сөзінше, бірлестік шет елдерден де, мемлекеттен де қаржы алмайды, сондықтан заңдағы жаңа талаптар олардың қызметіне әсер етпеген.
"Жоғары лауазымдағы бірде-бір азамат менің досым емес және мен олармен таныс емеспін. Биліктен жақын танысым деп [бұрынғы депутаттар] Ермұрат Бапи, Ринат Зайыт деп айта аламын. Біз мұны Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына да айттық. Осы мемлекеттік түрлі жиындар, талқылаулар болып жатады. Қоғамдық бірлестіктер жиналып жатады. Олар қандай қоғамдық бірлестіктер екенін білмейміз. Қазақстандағы ең ірі бірлестіктің бірі – бізбіз. Бірақ бізді ешқашан еш жерге шақырмаған" дейді "Мұқалмас" жетекшісі Әмірбек.
Әйтсе де "Мұқалмас" осы уақытқа дейін азаматтық қоғамның сенімін арттыру үшін ресми қаржы есебін жариялаған емес, ал ресми сайты енді әзірленіп жатыр. Байқау нәтижелерін не заң бұзу фактілерін көбіне әлеуметтік желілерде жариялап отырады. Ұйым жетекшісі бірлестік атынан қатысатын байқаушылар ақысыз, ерікті түрде жұмыс істейтінін айтты. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері қазір Қазақстанды аралап жүр. "Мұқалмас" бірлестігінің өңірлердегі кеңселерінде де болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Блогерлерге шарт, желіге бақылау. Жаңарған "Сайлау туралы" заң нақты нені реттейді?Ғазиза Әмірбек алдағы Құрылтай сайлауын ел үшін тарихи маңызы бар деп санайтынын, халықаралық ұйымдардан байқаушылардың келіп жатқанын ескеріп, оның әділ өтетініне үміт артатынын айтты.
"Қазақстанға мынау саяси маңызы бар, тарихи маңызы бар Құрылтайға көп шет мемлекет пен халықаралық ұйымдардың назарында болып отыр. Сол себепті, әділ сайлауға да қол жеткізетін күніміз болатын шығар" деді ол.
Дегенмен заңгер әрі азаматтық белсенді Әлнұр Ілияшевтің әзірге сайлаудың әділ әрі ашық өтетініне үміттен гөрі күдігі басым. Ол науқанды бақылауға қатысатын ұйымдар шетелден қаржы алмауға тиіс деген жаңа талап та ашықтыққа кедергі болатын бір фактор деп санайды. Бұдан бөлек қоғам белсенділері сайлаудан кейін учаскелік комиссиялар дауыс беру нәтижесін ғимарат сыртына іліп қою туралы заң талабының дұрыс орындалмайтынын да сынға алады. Азаттық журналистері биыл референдумнан соң Астанадағы он шақты учаскені аралап, дауыс беру қорытындысы ілінбегенін анықтады. Бірақ Орталық сайлау комиссиясы осы бойынша ресми сауалға "олардың бәрінде хаттама ілінді" деп жауап берген.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақ билігі әлемде жоқ сайлау жүйесін қалай таңдады? Түсіндіреміз
"Негізінде, бұл құқықтық белгісіздік — сайлау процесінде тәуелсіз параллель дауыс санауға қиындықтар мен кедергілер туғызу құралдарының бірі. Осы тұрғыда, тағы да қайталап айтамын, біз жер бетінде әлі күнге дейін әртүрлі айла-шарғылар және демократиялық үдерістерді имитациялау арқылы билікті ұстап отырған басқа диктатуралар мен автократиялар секілді тура сол жолмен келе жатырмыз" дейді заңгер, азаматтық белсенді Әлнұр Ілияшев.
Әлнұр Ілияшев елдегі сайлауларды жиырма жылдан астам уақыттан бері қадағалап келеді. Ол алдағы Құрылтай сайлауын да дербес бақылап, дауыс санаудың заңға сай жүргізілуін қадағалауды жалғастыра беретінін айтады.