Қырғызстанда Қытай ықпалы тәуелсіздікке қауіп деп алаңдаушылар көбейді

Қытай президенті Си Цзиньпин мен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Пекинде. 2025 жылғы ақпан.

Қытайдың Қырғызстандағы ықпалының артып келе жатқанын жасыру қиындай түсті. Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, 2026 жылдың бірінші жартысында Қырғызстан шетелдіктерге 61 мың жұмыс визасын берсе, соның 60 пайызына жуығы Қытай азаматтарының үлесінде болған.

Қытай жұмысшыларының елге жаппай келуі – Қытайдың экономикалық ықпалының бір ғана бөлігі.

Ресми статистикаға қарағанда, кейінгі үш жылда Қырғызстанда 7 мыңға жуық Қытай компаниялары, ассоциациялары және өзге де ұйымдары тіркелген.

Қытайлық компаниялар елдегі ең ірі инфрақұрылымдық, тау-кен және энергетикалық жобалардың көбіне қатысып отыр. Олардың кейбірі мемлекет жерін 49 жылға дейін жалға алған.

Қытай сондай-ақ Қырғызстанның ең ірі екіжақты кредиторы болып отыр. Қырғызстанның сыртқы қарызы 8,9 млрд доллар болса, соның 1,6 млрд доллары немесе 28 пайызы Қытайдың Экспорт-импорт банкінің үлесінде.

Жеті миллионнан астам халқы бар Қырғызстанның жүздеген мың азаматы шетелде жұмыс істеп жүр. Оның едәуір бөлігі Ресейде. Олар сол жақтан тапқан нәпақасын еліне жіберіп, сондағы отбасыларын асырап келеді. Осы себепті қытай жұмысшыларының елге көптеп келуін көптеген қырғызға ауыр тиіп жатыр.

Осының бәрі елдегі жұмыс орындарына, жер және табиғи байлық, егемендік мәселесіне алаңды күшейтіп отыр. Қырғыз билігі ел мүддесін ескермей отыр дейтіндер көп.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Орталық Азияда саяси оппозицияға мүмкіндік бар ма?

ШАҒЫН ОҚИҒА, ҮЛКЕН РЕАКЦИЯ

Жұрт наразылығын әдетте интернеттегі алаңдарда білдіреді. Егер Қытай азаматтарына қатысты қандай да бір дау туса, республика деңгейінде қызу талқыланады.

Жуырда Қытай азаматтарына қатысты бірнеше оқиғаның видеосы интернетте кең тарағаннан кейін қоғам наразылығы күшейді.

Видеоларда Қытай азаматтары мемлекет қорғауындағы "Арпа" жайлауында электр құралдарының көмегімен балық аулағаны айтылады. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде жұрттың ашуын туғызып, биліктен табиғатты қорғау талаптарының бұзылған-бұзылмағанын тексеруді талап еткендер көбейді.

Бұдан кейін Ыстықкөл жағалауындағы жергілікті тұрғындардың кіруіне тыйым салынған аумақтарда Қытай азаматтарының шомылып жүргені түсірілген видео тарап, жаңа наразылық толқыны басталды.

Әлеуметтік желілерде Қытай азаматтарын жабайы құстарды заңсыз аулады деп айыптап жатқандар да бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Си Цзиньпин Қытайдың Орталық Азиямен қарым-қатынасын қалай өзгертті?

Бұл жазбалар көпшілік арасында заңның бәріне бірдей қолданылмайтыны және Қытай азаматтарына ерекше жағдай жасалатыны туралы пікірді күшейтіп, жекелеген оқиғалар Қытайдың Қырғызстандағы рөлі туралы талқыға ұласты.

Facebook желісінде кең тараған жазбалардың бірінде Қырғызстан билігі "Орталық Азия мен Қытайдың бейбіт қайта бірігу қауымдастығы" атты ұйымды тіркегенін көрсететін құжаттар жарияланып, "Қытай Қырғызстанды басып алып жатыр ма?" деген сұрақ қойылған.

Пікір қалдырушылардың бірі ел егемендігіне алаңдаса, енді бірі бұл мәселенің құқықтық және тілдік тұрғыдан қайта қаралуын талап етті.

Қырғызстан мен Қытай арасындағы визасыз режимді сынаған пікір де қызу талқыға түсті. Автор ел президенті Садыр Жапаровқа "Қытай азаматтарына визасыз режим енгізгеніне алғыс" білдіріп, бұл тәртіп тек қытайлықтарға ғана тиімді екенін, Қытайға барғысы келетін қырғыз азаматтарына әлі де виза керегін айтады.

ҚОҒАМДЫҚ НАРАЗЫЛЫҚТЫ КҮШЕЙТКЕН ФАКТОРЛАР

Саясаттанушы Венера Сайпидиннің пікірінше, қырғыз билігі қытай мигранттары мен оларды жұмысқа тарту жайлы мәселе жөнінде қисынды ақпарат бере алмай, қоғам алаңын сейілте алмаған.

"Билік қанша қытай азаматы кірді, қаншасы елден шықты – соны нақты айтуы керек. Әйтпесе халық арасындағы алыпқашпа әңгімелер күн сайын күшейіп барады" дейді ол.

Бішкекте тұратын саясаттанушы Құбан Әбдіменнің айтуынша, егер билік барлық шетел азаматтарына заңның бірдей қолданылуын қамтамасыз етпесе, қоғамдағы наразылық одан әрі күшеюі мүмкін.

"Билік қоғамдық пікірді ескеріп, Қырғызстанда жүрген Қытай азаматтарының тәкаппар болмауы немесе заңды өз бетінше орындамауы үшін заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек" дейді ол.

"ҚЫТАЙ" ТАҚЫРЫБЫНА ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМ

Өткен айда белсенді әрі саясаткер Мавлян Асқарбеков Қырғызстанда Қытай азаматтарының көбейіп кеткенін, олардың шағын және орта бизнеске араласып жатқанын сынаған соң ұсталып, қамауға алынған. Билік оны әлеуметтік желіде ұлттық, діни алауыздық тудырды деп айыптады. Қазір ол сотқа дейінгі қамауда отыр.

Саясаткер ұсталған күннің ертесіне Жапаров ірі жобаларға шетел жұмысшыларын тартуды қолдап, Қытай рөлін асыра көрсететіндерді айыптаған.

"Блогерлер, оппозиция өкілдері және өзін жарнамалайтын популист саясаткерлер "қаптап кетті", "елді басып алды" деген сияқты мәлімдемелер жасап, кедергі келтіріп жүр. Мұндай әрекеттерді тоқтатып, оған батыл түрде тосқауыл қоюымыз керек" деді Қырғызстан президенті.

"Қолымыздан келетін істі өзіміз жасаймыз. Ал инженеріміз, тәжірибеміз немесе қажетті мамандарымыз жетпейтін жобаларда көрші елдердің көмегіне жүгінеміз. Егер "бәрін өзіміз саламыз" деп отыра берсек, біздің инженерлер жүзеге асыратын жобаларға 15–20 жыл кетер еді" деді ол өз ойын нақтылап.

ҚЫТАЙ ИНВЕСТИЦИЯСЫНЫҢ "ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІНЕ" АЙНАЛУЫ

Билік Қытайдың Қырғызстандағы ірі жобаларға қатысуын ақтағанымен, бұл жобалардың тағдыры қалай анықталып, олардың қалай іске асырылатыны жөнінде алаңдаушылық көп.

Global Voices басылымының редакторы әрі Қытай мен Орталық Азия бойынша сарапшы Филип Нубельдің пікірінше, шешім қабылдайтындар мен бұқара арасындағы алшақтық Қытай инвестицияларына қатысты наразылықты күшейтіп отыр.

"Барлық шешім Бішкектегі элитаның қатысуымен қабылданады. Олар мұндай келісімшарттардан тікелей немесе жанама түрде пайда көреді. Ал жергілікті халықтың не ойлайтыны, не қажет ететіні, экономикалық тұрғыдан қандай пайда немесе экологиялық зардап көретіні, сондай-ақ Қытай жұмысшыларымен күнделікті қарым-қатынастың салдары ескерілмейді" – дейді ол. "Қытай инвестициясын қауіп ретінде көрсететін топтар ұлтшылдықты құрал ретінде пайдалануы мүмкін".

Нубельдің сөзінше, ел ішіндегі осындай көңіл-күйден кейін қытайлық инвесторлар шетелдегі жобаларға қатысарда мемлекеттің кепілгер болғанын қалайды. Сөйтіп қытай инвестициясы мен жұмысшылары кәсіпкерлік мәселесі ауқымынан шығып, мемлекетаралық әріптестік аясында жұмыс істейді.

БИЛІК ҚОҒАМ ТАЛАБЫН ЕСКЕРУГЕ МӘЖБҮР

Жапаров Қытайға қатысты саясатын қорғап, оны сынаушыларды айыптауға тырысқанымен, әлеуметтік желідегі наразылықтың күшеюі билікті әрекет етуге мәжбүр етті.

14 шілдеде билік өкілдері елдегі шетелдік құрылыс жұмысшыларына Қырғызстан заңдарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын бастағанын хабарлады. Бұған заңсыз балық аулау, аңшылық, қоғамдық тәртіпті бұзу және қоғамдық орындарда алкоголь ішуге қатысты бірнеше оқиға себеп болған.

Сол күні Жапаров әкімшілігіне жақын саналатын блогерлер заңсыз балық аулады деп айыпталған Қытай азаматының төлқұжатын жариялап, оның елден шығарылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Әділет министрлігі әлеуметтік желілерде кең сынға ұшыраған "Орталық Азия мен Қытайдың бейбіт қайта бірігуіне жәрдемдесу қауымдастығының" тіркеуі күшін жойғанын мәлімдеді. Министрлік бұл шешімнің себебін бірден түсіндірген жоқ.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰҚСАС ЖАҒДАЙ

Қытай инвестициясы мен ықпалына сенімсіздікпен қарау Қазақстанда да байқалады. 2016 жылы жер кодексіне ауыл шаруашылық жерлерін шетелдіктерге аукцион арқылы сатуға және 25 жылға жалға беруге жол ашатын норма енгізілетін болып, мұның арты бүкілреспубликалық наразылық акцияларына ұласты. Қарсылық күшейген тұста елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіне енгізілмек болған түзетулерге мораторий жариялады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин. Шанхай, 16 шілде 2026 жыл. Фото: t.me/aqorda_resmi

2018 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінде діні мұсылман түркі халықтарына қысым күшейгені мәлім болғанда, Қытайдан Қазақстанға заңсыз өткен Сайрагүл Сауытбайдың ісі резонанс тудырды. Сол кезде де Қытай саясатын айыптаушылар көп болған.

2019 жылы Қазақстанда Қытайдың қатысуымен ондаған ірі жоба іске қосылады деген ақпарат тарағанда да "Қытай зауыттарына" қарсылық акциялары өткен.

2021 жылы бері туыстары Шыңжаңда қамауда отыр деген Қазақстан азаматтары күн сайын Алматыдағы Қытай консулдығы алдына барып наразылық білдіре бастады. Наразылықтың белді мүшелері түрлі деңгейде қудалауға ұшырады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ұстау, қамау, айыппұл. Қытай консулдығы алдындағы наразылыққа үш жыл

Былтыр Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап еткен бір топ белсенді Алматы облысында Қытай туы мен сол елдің президенті Си Цзиньпиннің портретін өртеп, артынан қамауға алынды. Оларға "ұлтаралық араздық қоздыру" айыбы тағылып, биыл сот ұсталған 19 белсендінің бәрін айыпты деп тапты. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсенділерді босатуға үндеген.

2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасында 30 күнге дейінгі сапарға визасыз режим енгізілгенде қарсылық байқалған.

Қазақстан билігі осыған қарамастан Қытаймен әріптестікті нығайтып келеді. Сарапшылардың айтуынша, Астана осылайша Пекинді Ресей ықпалына теңгерім ретінде пайдаланғысы келеді. Сондай-ақ Қытайдың "Бір жол, бір белдеу" бастамасы аясындағы көлік дәліздерінің елеулі бөлігі осы Қазақстан арқылы өтеді.

Өткен аптада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайға сапарлап, онда Қытай президенті Си Цзиньпинмен және Қытайдың ірі кәсіпорны басшыларымен кездесті.