Қазақстандықтар Ресей пропагандасының ықпалына қалай ұшырайды?

Ресейдің көрші елге басып кіруін ақтайтын пропаганда қалай жұмыс істейді? Кремльдің нарративтері Қазақстан аудиториясының бір бөлігіне неге әсер етеді және оған кімдер көбірек бейім? Азаттық Азия бұл жөнінде қазақстандықтардың Ресейдің Украинаға қарсы соғысына көзқарасын зерттеп жүрген Medianet халықаралық журналистика орталығының өкілі Снежана Цойдан сұхбат алды.

Снежана Цой — Medianet халықаралық журналистика орталығының зерттеу бағдарламаларының жетекшісі, Орталық Азиядағы алғашқы фактчекинг ресурсы Factcheck.kz үйлестірушісі және Demoscope қоғамдық пікірді бақылау бюросының жобаларына жетекшілік етеді.

2022 жылдан бері Demoscope Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты сауалнамалар жүргізіп, ресейлік насихаттың қазақстандық аудиторияға әсерін зерттеп келеді.

Снежана Цой

РЕСЕЙ НАСИХАТЫ ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАЙ ТАРАЛАДЫ?

Азаттық Азия: Ресей пропагандасы деп нені айтамыз?

Снежана Цой: Ресей пропагандасы да, жалпы пропаганданың өзі де — анықтау оңай емес күрделі құбылыс. Қарапайым тілмен айтқанда, пропаганда дегеніміз — қоғамдық пікірге жүйелі әрі мақсатты түрде әсер етіп, белгілі бір көзқарас пен құндылықтарды қалыптастыру, адамдардың қоғамда өзін ұстауына ықпал ету.
Украинадағы соғыс және оның Қазақстанның ақпараттық кеңістігіне әсері туралы айтсақ, ресейлік насихат — өте зиянды құбылыс. Оның негізгі қаупі — ақпараттық ықпалында. Ресей насихаты қоғамдық пікірді манипуляциялау және өзгерту арқылы жұмыс істейді.

Азаттық Азия: Журналистика, пропаганда және ресейшіл көзқарастың ара-жігін қалай ажыратуға болады?

Снежана Цой: Журналистика бейтарап болуы керек. Ақпаратты объективті түрде, жауапкершілікпен және бейтарап жеткізуі тиіс. Ал пропаганда керісінше әрекет етеді. Бірақ оның ерекшелігі — жасырын сипатында. Ол өзін насихат ретінде көрсетпейді. «Қазір миыңызды улаймыз» деген белгі жоқ. Керісінше, журналистік форматтарды пайдаланады, фактчекинг пен кәсіби медианың кейпіне енеді. Алайда түпкі мақсаты — қоғамдық пікірді манипуляциялау. Қауіптілігі де осында.

Азаттық Азия: Қарапайым оқырманға түсінікті болу үшін бірнеше мысал келтіре аласыз ба?

Снежана Цой: Көп қолданылатын эмоциялық ұғымдардың бірі — «русофобия». Украинадағы соғыс кезінде бұл сөз «орыс әлемін» және Украинадағы орыс тілін қорғау қажеттігін ақтау үшін жиі қолданылады.

Қазақстанда да осындай жағдай кездеседі. Мысалы, бір топ адам отарсыздандыру, қазақ тілін дамыту және оның маңызын арттыру мәселесін көтерсе, оларды бірден «жау жақтың өкілдері» деп көрсетуі мүмкін. Олардың мақсаты орыстілді азаматтарды кемсіту дегендей пікір қалыптастырады.

Ресей пропагандасындағы ең белгілі әрі зиянды ұстанымдардың бірі — «құлдырап бара жатқан Батыс» туралы түсінік. Бұл ұғым патшалық Ресей кезінде пайда болып, кейін советтік идеологияға енді. Қазір ол шартты түрде «ұжымдық Батыстың» беделін түсіру үшін белсенді қолданылады.

Мысалы, Ресей НАТО және Батыс елдерімен соғысып жатыр деген уәж айтылады. «Құлдырап бара жатқан Батыс» туралы әңгіме қуғын-сүргінді ақтауға және назарды басқа жаққа аударуға көмектеседі.

Адамдар бағаның өсіп, тұрмыс сапасының төмендегенін көріп отыр делік. Бірақ пропагандалық сюжеттерде Еуропада адамдар суық пәтерлерде тоңып, тіпті үй жануарларын жеуге мәжбүр болып жатқаны айтылады. Яғни, «олардың жағдайы бізден де нашар» деген ой қалыптастырылады.

Азаттық Азия: Манипуляция мен насихат элементтері бар ресейлік ақпарат Қазақстанға қандай арналар арқылы тарайды?

Снежана Цой: Қазақстанның ақпараттық кеңістігі салыстырмалы түрде ашық. Бір жағынан, бұл жақсы. Екінші жағынан, сыртқы ақпараттық ықпалдың, соның ішінде Ресей пропагандасының елге енуіне мүмкіндік береді.

Ресей ақпараттық соғысты қазір тек телеарналар арқылы жүргізіп отырған жоқ. Әртүрлі мультимедиалық форматтар мен әлеуметтік желілерді де тиімді пайдаланады. Жастарға арналған қысқа видеолар жасайды. Өкінішке қарай, Қазақстанда ресейлік телеарналар әлі де еркін көрсетіледі. Кабельдік желілерде ресейлік күн тәртібін белсенді насихаттайтын Sputnik Қазақстан да жұмыс істейді.

Азаттық Азия: 2022 жылы Қазақстандағы шағын жергілікті провайдер ресейлік телеарналарды көрсетуден бас тартқан еді. Бұл оқиға немен аяқталды?

Снежана Цой: Менің білуімше, бұл шешім көп ұзамай кері қайтарылды. Бірақ мәселе бір ғана жергілікті арнаның шешімінде емес. Біздің ұйым, басқа да құқық қорғау және тәуелсіз медиа ұйымдары, жалпы азаматтық қоғам ресейлік телеарналардың хабар таратуын шектеу қажеттігін бірнеше рет көтерді. Біз бұл талапты әлі де айтып келеміз.

Қазақстанда соғысты, өшпенділікті, кемсітуді насихаттауға және адамдарды қудалауға шақыруға тыйым салынған. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 20-бабы да соғысты насихаттауға және өшпенділік тіліне жол бермейді. Өкінішке қарай, қазір қоғамымызда насихаттық әрі зиянды контентке еркін, ешқандай шектеусіз қол жеткізуге болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Қостанай – Ресейдің жері" деген азаматтың ісі тоқтады. Сараптама "қылмыс құрамы жоқ" дейді

ПРОПАГАНДА КІМДЕРГЕ КӨБІРЕК ӘСЕР ЕТЕДІ?

Азаттық Азия: Мемлекеттік органдар мұндай манипуляциялық ақпаратты бақылап, анықтап отыр ма?

Снежана Цой: Ресей пропагандасының қоғамдық пікірге әсерін өлшейтін қандай да бір сауалнама немесе зерттеу жүргізіліп жатыр ма десеңіз, ондай зерттеулерді көрген жоқпыз. Мүмкін, ішкі талдаулар жасалатын шығар. Бірақ бұл туралы ашық ақпарат та, қоғамдық талқылау да жоқ.

Бұл өте өкінішті. Меніңше, ең алдымен мемлекет деңгейінде реформалар жүргізіп, заңнаманы және мұндай құбылыстарға жауап беру тәсілдерін өзгерту қажет.

Бір кездері ақпарат министрі болған Аида Балаева ресейлік «Звезда» телеарнасының әскери бағдарламасын қазақстандық «ОҢ ТВ» арнасының қайталап көрсеткеніне пікір білдірген еді. Бағдарламада әскери техника мен ғылымның жетістіктері туралы айтылғанымен, онда соғысты және адам өлтіруді ақтайтын өрескел насихат болды. Қазақстан билігі отандық медианы контент таңдауда жауапкершілік танытуға шақырды.

Тағы бір маңызды қауіп факторы бар. Қазақстанда орыс тіліндегі контентті тұтынатын адамдар көп. Оның ішінде соғысты насихаттайтын зиянды ақпарат та бар.

Demoscope сауалнамалары ақпаратты тұтынатын тіл мен ресейлік пропагандаға бейімділік арасында айқын байланыс бар екенін көрсетті. Өкінішке қарай, орыстілді азаматтар ресейлік насихатқа көбірек ұшырайды. Себебі ақпаратты негізінен орыс тілінде алады.
Мысалы, 2025 жылғы сауалнамада «арнайы әскери операция» деген атауды респонденттердің 21 пайызы таңдаған. Ал қазақтілді азаматтар арасында бұл көрсеткіш небәрі 6 пайыз болды.
Сауалнамалар Кремльдің Украинадағы жағдайға қатысты ұстанымдарын қайталайтындардың арасында егде жастағы орыстілді адамдардың үлесі жоғары екенін де көрсетті.

Азаттық Азия: Пропаганда адамдардың көзқарасын қалай қалыптастырады?

Снежана Цой: Пропаганда «біз жақсымыз, олар жаман» деген қарапайым тәсілді қолданады. Осылайша қоғамды екіге бөліп, қорқыныш, ашу-ыза мен агрессия тудырады. Қарсы тарапты адам ретінде қабылдамауға итермелейді.

Пропагандада эмоциялық бояуы қанық сөздер қолданылады. Бір тарапты «қасиетті жауынгерлер» деп дәріптесе, екінші тарапты «жау», «фашист» деп көрсетеді.

Адамдарға ақпараттың дайын, жеңілдетілген нұсқасы ұсынылады. Күрделі геосаяси жағдайды немесе үлкен соғысты қарапайым түсініктерге бөліп береді. Сосын: «Біз қасиетті соғыс жүргізіп жатырмыз, орыстарды қорғаймыз, оларды сол жақта кемсітіп жатыр» деген дайын түсінік қалыптастырады.

Азаттық Азия: Ресейшіл көзқарастағы адамдар сіздерді Украинаны жақтайсыздар, Ресейге қарсысыздар деп айыптауы мүмкін ғой.

Снежана Цой: Ресейшіл көзқарас пен Ресей пропагандасы, журналистиканың айырмашылығына тоқталайын. Бұл жерде мәселе біржақты емес.

Ресейшіл деп Ресейдегі диссиденттерді, құқық қорғаушыларды, журналистерді және толық ауқымды басқыншылық басталғаннан кейін елден кеткен, билікпен келіспейтін адамдарды да атауға болады. Олар өз Отанының тағдырына алаңдайды. Украинаның осы соғыста жеңіске жетуін тілей отырып, Ресейдің ашық, демократиялық әрі еркін елге айналғанын қалайды. Оларды да Ресейге жанашыр адамдар деп қарастыруға болады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ СОҒЫСҚА КӨЗҚАРАСЫ ТУРАЛЫ САУАЛНАМАЛАР НЕНІ КӨРСЕТЕДІ?

Азаттық Азия: 2022 жылғы сәуірде «қазақстандықтардың едәуір бөлігі Ресей насихатының ықпалына ұшыраған» деген тақырыппен зерттеулеріңіз жарияланды. Мұндай қорытындыға қалай келдіңіздер?

Снежана Цой: Ресей Украинаға толық ауқымды басып кірген кезде қазақстандықтардың бұл қақтығысты қалай қабылдайтынын, қай тарапты қолдайтынын анықтағымыз келді. Ақпанның аяғында немесе наурыздың басында зерттеу бастадық. Нәтижесін 2022 жылғы сәуірде жарияладық.

Нәтиже бізді таңғалдырды. Көптеген азамат Ресейдің әрекетін қолдап, Кремльдің «Ресей шабуыл жасауға мәжбүр болды» деген уәждерін қайталады. Ал Украинаны қолдайтындар салыстырмалы түрде аз болды.

Жарты жылдан кейін қайта сауалнама жүргіздік. Ол кезде қоғамдағы шиеленіс деңгейі өте жоғары еді. Жалпы үш зерттеу өткіздік: екеуі 2022 жылы, біреуі 2025 жылы.

2022 жылы қазақстандықтардың шамамен 33 пайызы Украинадағы жағдайға қатысты Кремльдің ұстанымдарын қайталады. Олардың бір бөлігі «Ресей НАТО елдерімен соғысып жатыр» десе, екінші бөлігі «фашистермен күресуге бағытталған арнайы әскери операция жүріп жатыр» деген пікірді таңдады.

Ал азаматтардың шамамен 15 пайызы мұны Украинаны басып алуды көздеген басқыншылық соғыс деп санады. Респонденттердің 60 пайызға жуығы бейтарап позиция ұстанды, яғни бұл мәселеде нақты пікір білдірмеді. Шамасы, сұрақ оларға күрделі болған.

Азаттық Азия: 2022 жылғы екінші зерттеу мен 2025 жылғы соңғы сауалнаманың арасында қандай өзгерістер бар?

Снежана Цой: 2022 және 2025 жылдардағы нәтижелерді салыстырсақ, азаматтардың жалпы 27 пайызы Кремльдің ұстанымдарын қайталаған. Демек, олар Ресей насихатының ықпалына бейім деп қорытынды жасауға болады.

Ал шамамен 15 пайызы Украинада басқыншылық соғыс жүріп жатыр деп есептейді.

Негізгі өзгеріс — адамдардың бұл тақырыпқа назар аудару деңгейінде. 2022 жылы Украинадағы жағдайды үнемі бақылап отырғандардың үлесі ең жоғары көрсеткішке — 63 пайызға жетті. 2023 жылы бұл көрсеткіш 10 пайызға төмендеп, 50 пайыздан сәл асты. Ал 2025 жылы 43 пайыз болды.

Адамдардың бұл тақырыптан шаршағаны түсінікті. Назар ішкі мәселелерге — бағаның өсуіне, тұрмыс сапасының төмендеуіне ауысты. Дегенмен Украинада не болып жатқанын бақылап отырған азаматтардың үлесі әлі де аз емес.

Азаттық Азия: Жас ерекшелігіне қарай қандай айырмашылық бар

Снежана Цой: Респонденттердің жасына қарай айқын байланыс байқалады. Әсіресе Ресейді қолдайтындар арасында. Олардың негізгі бөлігі — 60 жастан асқан адамдар. Олар көбіне теледидар көреді және негізінен орыстілді азаматтар. Өкінішке қарай, ресейлік насихаттың ықпалына көбірек ұшырайтындар да — осы топ.

Украинаны көбіне 18–29 жас аралығындағы жастар қолдайды. Бірақ 60 жастан асқандарды есептемегенде, Украинаны қолдау деңгейі басқа жас топтарында шамалас.

Азаттық Азия: Соғысқа Украина немесе Батыс жауапты деп санайтын адамдарды пропаганданың ықпалына түскендер қатарына қосу қаншалықты дұрыс? Мұндай қорытындыны сауалнама арқылы жасауға бола ма?

Снежана Цой: Алдымен бірінші сұраққа жауап берейін. 2025 жылғы сауалнамада азаматтардың 20 пайызы – Украинаны, 15 пайызы Ресейді қолдаған. Ал дәл сол сауалнамада «Украинада шын мәнінде не болып жатыр?» деген сұраққа шамамен 30 пайыз, соңғы өлшем бойынша 27 пайыз адам Кремль насихатындағы түсініктерді қайталаған.

Егер олар Украинадағы жағдайды басқаша түсінсе, мұндай жауапты таңдамас еді деп ойлаймыз.

Ресейді қолдайтындардың арасында «НАТО кеңейіп жатыр», «орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр», «русофобия бар», «орыстарды кемсітеді» деген уәждер жиі айтылды. Бұл — адамдардың өздігінен ойлап тапқан пікірлері емес, насихатта қолданылатын ұстанымдар.
Ал Қазақстандағы Украинаны қолдайтын азаматтар — көзқарасы мен сенімі әртүрлі адамдар. Олардың бәрін бір топқа біріктіру қиын.

Азаттық Азия: Сауалнама нәтижелерін түсіндіргенде қандай да бір шектеулерді ескересіздер ме? Мысалы, нәтижелерден жалпылама қорытынды жасауға болмайтын жағдайлар бар ма?

Снежана Цой: Біз қорытындыны барынша сақтықпен жасап, тек өз деректерімізге сүйенуге тырысамыз. Болжамдарды белсенді түрде таратпаймыз және өз көзқарасымызды алға шығармаймыз.

Мысалы, сауалнамада Тоқаевқа сенім деңгейі 61 пайыз болса, сол көрсеткішті сол күйінде жариялаймыз. Деректерді бұрмаламаймыз. Үлкен қорытынды жасауға немесе болжамды нақты факт ретінде көрсетуге тырыспаймыз.

Азаттық Азия: Зерттеу нәтижелері бастапқы күткендеріңізге қайшы келген жағдай болды ма?

Снежана Цой: 2022 жылғы наурызда сауалнама нәтижелерін көргенде, шынымызды айтсақ, қатты таңғалдық. Біз белгілі бір ақпараттық ортада жүрдік, әріптестермен сөйлесетінбіз, Facebook-тегі пікірлерді көретінбіз. Бірақ зерттеу нәтижесі мүлде басқа көріністі көрсетті.

Ресей насихатының ықпалы бар екенін, Путинді қолдайтындар мен совет кезеңін сағынатындар көп екенін болжағанбыз. Бірақ жағдай әлдеқайда күрделі болып шықты.

30 пайыз — өте үлкен көрсеткіш. Меніңше, бұл адамдар күн сайын ресейлік жаңалықтарды тұтынып, сол арқылы насихаттың ықпалына ұшырайды. Бұлар — Қазақстан азаматтары. Сондықтан бұл — біздің үкімет пен ақпарат министрлігіне қойылатын сұрақ.

САУАЛНАМА НӘТИЖЕЛЕРІ ҚАНШАЛЫҚТЫ ШЫНАЙЫ?

Азаттық Азия: Ресей пропагандасы мен Украинадағы соғыс туралы сұрақтарға адамдар қаншалықты ашық жауап береді?

Снежана Цой: Тіпті фокус-топ өткізген күннің өзінде әлеуметтанушы нақты бір адамның ойына үңіліп, неге дәл осындай жауап бергенін, неге қоғам мақұлдайтын жауапты таңдағанын біле алмайды.

Мұны ескеру қажет. Қоғамдық сауалнамалардың өзіндік шектеулері бар. Сондықтан біз негізінен үрдістерді ғана анықтай аламыз. Өйткені кез келген қоғам — қалыптасқан көлденең және тік байланыстары бар өте күрделі жүйе.

Азаттық Азия: Мысалы, мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін он респондент бейтарап жауап беруі мүмкін ғой?

Снежана Цой: Бұл жерде мемлекет басшысының қандай позиция ұстанатыны және үкіметтің қандай ұстанымды жеткізетіні маңызды.

Мысалы, президент «біз бейбітшілікті қолдаймыз, бейтараппыз» дейді. Мұндай мәлімдемелер ақпараттық күн тәртібіне терең бойламаған азаматтарға белгілі бір белгі береді деп ойлаймын.

Адамдардың өз шаруасы, жұмысы, несиесі, күнделікті мәселелері бар. Оларға сұрақ қойылғанда, бұрын естіген дайын жауап ойына автоматты түрде оралуы мүмкін.

Азаттық Азия: Адам теледидардан үкіметтің бейтарап позициясын естіп, сауалнамада да соған сәйкес жауап берсе, мұны да насихат деуге бола ма?

Снежана Цой: Бұл, бәлкім, кеңестік кезеңнен қалған дағдыға байланысты шығар. Ол кезде цензура көп болды. Әжем мен атамның «артық сөйлеме, үндемей-ақ қой» деген сөздері есімде.

Кейде адамдар үшін сезімтал сұрақтарға «ресми партиялық ұстанымға» сәйкес жауап беру қауіпсіздеу көрінеді.

Сондықтан азаматтардың шамамен 60 пайызының бейтарап позицияны таңдауы көп нәрсені аңғартады. Меніңше, олардың арасында да белгілі бір көзқарасы қалыптасқан адамдар бар. Кейбірі әлі нақты шешімге келмеген болуы мүмкін, бірақ бір тарапқа көбірек жақын. Алайда олар өз пікірін ашық айтпауды жөн көреді.

Азаттық Азия: Адамдар бұл тақырыпта сауалнамаға қаншалықты қатысады? Телефонды қоя салатындар немесе жауап беруден бас тартатындар көп пе?

Снежана Цой: Әдістеме бойынша азаматтарға кездейсоқ таңдау арқылы қоңырау шаламыз. Бұл — әлеуметтанудағы алтын стандарттардың бірі. Нәтижесінде репрезентативті деректер алынады. Оларды жынысы, жасы, тұрғылықты жері және жауап берген тілі бойынша қосымша салмақтаймыз. Осылайша Қазақстан қоғамының құрылымын барынша дәл көрсетуге тырысамыз.

Жауап беруден бас тартатындардың үлесі шамамен 15 пайыз. Кейбірі сауалнама ортасында телефонды қоя салады, енді біреулері мүлде жауап бермейді.

Азаттық Азия: Сонда 15 пайызы бас тарта ма, әлде келіседі ме?

Снежана Цой: 15 пайызы келіседі. Айтпақшы, соңғы жылдары адамдарға бейтаныс нөмірлерден қоңырау шалу қиындап бара жатқанын байқаймыз. Мұны алаяқтық жағдайларының көбеюімен байланыстырамыз. Адамдар белгісіз нөмірлерге жауап бермейді.

ПРОПАГАНДАҒА ҚАРСЫ ТҰРУҒА БОЛА МА?

Азаттық Азия: Ресейдің милитаристік ұстанымдағы насихатына қалай қарсы тұруға болады? Қазақстанда орыстілді медианы дамыту керек пе? Әлде мемлекет насихат пен манипуляциясы бар контентті шектеуі тиіс пе? Мұндай шектеулердің пайдасы бар ма?

Снежана Цой: Меніңше, бұғаттау мен шектеу шаралары тиімді болмайды. Қазақстанда орыстілді азаматтар көп екенін ескеруіміз керек. Олар ақпаратты тұтыну тілін бірден толық өзгертіп, қазақтілді контентке ауыса алмайды. Әртүрлі топтардың мүддесін ескеру маңызды.

Сондықтан насихат пен жалған ақпаратқа қарсы күресте шектеу әдісін тиімді деп санамаймыз.

Бірақ бір нәрсені ескеру керек: Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19-бабы сөз бостандығы мен пікір білдіру еркіндігін қорғайды. Ал өшпенділік тілін, кемсітуді және агрессияға шақыруды насихаттайтын зиянды риторикаға шектеу қойылуы тиіс.

Меніңше, тыйым мен шектеу дәл осындай өшпенділік насихатына қатысты болуы керек. Біз үкіметті осы бағытта шара қабылдауға шақырамыз.

Ал жалған ақпарат пен манипуляцияға қарсы күрестің ең тиімді жолы — медиасауаттылықты, сыни ойлауды және фактчекингті дамыту. Адамдар ақпараттың пропаганда екенін өздері ажырата алуы керек.

Азаттық Азия: Қысқаша түйіндесек, ақпараттық қауіпсіздікке мемлекет жауапты, ал медиасауаттылықты дамыту — қоғамның міндеті ғой?

Снежана Цой: Медиасауаттылықты дамытуға мемлекет те атсалысуы керек. Өйткені білім беру жүйесіне мемлекет жауапты. Сондықтан бұл үшін саяси ерік қажет.

Азаматтардың өздері де білімін жетілдіріп, кез келген ақпаратқа аңғалдықпен сенбеуі керек. Оларға манипуляция жасалуы мүмкін екенін түсінгені жөн.

Азаттық Азия: Ресейдің ақпараттық кеңістігінің ықпалы Қазақстан үшін неге маңызды?

Снежана Цой: Бұл сұраққа жауап беру үшін ортақ кеңестік өткенімізді еске алуымыз керек. Совет кезеңін сағынатын, Ресеймен туыстық және мәдени байланысы күшті, өзін бұрынғы Совет Одағының бір бөлігі ретінде сезінетін азаматтарымыз көп.

Ресей ақпараттық кеңістігінің ықпалы бізде өте жоғары. Оған әсіресе орыстілді азаматтар көбірек ұшырайды. Сауалнамаларымыз көрсеткендей, қазақтілді азаматтар бұл ықпалға азырақ бейім. Бірақ мұндай ақпараттық ұстанымдар қазақ тіліне аударылып, қазақтілді ортада да таралып жатыр.

Сондықтан насихаттың ықпалын бақылап, басқыншылық соғысты насихаттайтын контенттің таралуына жол бермеу маңызды.

Ресей әскері.

Азаттық Азия: Бұл тақырыпты алдағы уақытта бақылау қандай факторларға байланысты? Соғыстың тоқтауына, атысты тоқтату келісіміне немесе ішкі жағдайларға ма?

Снежана Цой: Көптеген факторға байланысты. Қақтығыс тоқтай ма, әлде тараптардың бірі жеңіске жете ме — соған да тәуелді.

Қазақстан ақпараттық соғысқа тартылған. Сондықтан, шартты түрде айтқанда, Ресей бұл соғыста жеңіске жетсе (мен өз басым мұндай жағдайды қаламаймын), Қазақстандағы сөз бостандығы, насихат және адам құқықтары саласындағы ахуал нашарлауы мүмкін.

Ресейдің Қазақстанға шабуыл жасау ықтималдығы туралы саясаттанушылардың болжамдарын да сауалнамада сұрадық. 2025 жылы респонденттердің шамамен 25 пайызы мұндай мүмкіндікті жоққа шығармады.

Ортақ шекарамыз өте ұзын болғандықтан, қоғамда бұл мәселеге қатысты алаңдаушылық жоғары. Біз Ресеймен қарым-қатынас орнатып, көпвекторлы саясат ұстануымыз керек. Бірақ ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін өткір мәселелерді әлдеқайда тиімді шешу қажет.

Мемлекеттің саяси еркі өзгере ме, жоқ па — бұл да маңызды. Шынын айтсам, әзірге жағдайдың өзгеретінін байқап отырған жоқпыз.

Екінші жағынан, қоғамда өзгеріске деген сұраныс бар. Ресей Украинаға толық ауқымды басып кіргеннен кейін Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде отарсыздандыруға, ұлттық тілдің рөлін арттыруға деген сұраныс күшейді.

Біз қазақ тілінің маңызы және ақпаратты қазақ тілінде тұтыну туралы да сауалнамалар жүргіздік. 2026 жылы азаматтардың 76 пайызы ақпаратты қазақ тілінде тұтынуды қалайтыны анықталды. Қазақ тіліндегі сапалы контентке сұраныс артып келеді.

Меніңше, болашақта осы фактор жағдайдың жақсы жаққа өзгеруіне ықпал етеді.

Азаттық Азия: Сұхбатқа уақыт бөліп, пікір білдіргеніңізге рақмет!