10 ақпанда Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің негізгі міндеті – халықтың нақты табысты көбейту екенін айтты. Ол үшін мемлекет "қолда бар қаржы ресурстарын экономикалық өсім әкелетін басты салаларға бағыттауы қажет" деді президент.
Үкімет деректеріне сәйкес, елдің жалпы ішкі өнімі 300 миллиард доллардан асып, экономикалық өсім шамамен 6,5 пайыз болған. Президент Тоқаев инфляцияны төмендетуді алдағы жылдардың негізгі міндеттерінің бірі ретінде атап, үкімет 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырғанын мәлімдеді.
Алайда ресми есептерде макроэкономикалық өсім көрсеткіштері жақсарғанымен, инфляцияның жоғары болуы, адамдардың табысының баяу өсімі және тұтыну несиесінің көбеюі халықтың әлеуметтік жағдайына қысым түсіріп отыр дейді экономист Мақсат Халық.
Сарапшымен сұхбатты қазір Қазақстан қоғамында қызу талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасында ел экономикасына әсер ететіндей жаңалық бар ма деген сұрақтан бастадым.
Мақсат Халық: Экономика үшін жеке меншіктің заңды тұрғыдан қорғалуы, сот жүйесі тәуелсіз әрі әділ болғаны өте маңызды. Экономика дамуы үшін осы негізгі құндылықтар Конституцияда шегелеп жазылуы керек. Егер олай болмаса, экономиканы дамытамыз деген іс-шаралар көп жағдайда екіұшты болады. Ал енді тұтастай алғанда экономикалық реформа жасауға Конституциядағы өзгерістер аздық етеді, сондықтан ұлт экономикасын дамыту мәселелері (салық саясаты, инвестиция тарту, мемлекеттік сатып алулар мәселесін реттеу, т.б.) осы конституциялық реформадан кейін қабылданатын заңдар мен заң нормаларына бағынады.
Азаттық: Президент Тоқаев үкіметтің жалпы жұмысына оң баға берді, бірақ инфляция әлі жоғары екенін айтып, оны төмендетуді тапсырды. Бұл алдағы үш жылда атқарылуға тиіс міндет ретінде аталды. Инфляцияның жоғары болуы қарапайым адамдардың әлеуметтік ахуалын да, мемлекеттің экономикалық жағдайын да қиындатып отыр. Сондай-ақ статистика елде тұтыну несиесі көлемі өскенін көрсетеді. Осыларды ескерсек, үкімет жұмысын жақсы деуге келе ме?
Экономист Мақсат Халық
Мақсат Халық: Жақсы деуге келмейді, үкіметтің жұмысы 3 деген бағаға да лайық емес деп есептеймін. Әрине, үкімет өз есебінде жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі 300 миллиард доллардан асты, жан басына шаққандағы көрсеткіш 15 мың долларға жетті және осы ЖІӨ өсуінің өзі 6,5 пайыз болды деген деректер келтіріп отыр. Иә, расында 6,5 пайыз өсім соңғы рет 2013 жылы болған екен. Осыны үлкен макроэкономикалық серпіліс жасадық деп есеп беріп жатқанын атап өткім келеді. Ал енді халықтың табысы, өмір сүру сапасы қалай өзгерді, төлем қабілеті қандай деңгейде, кедейлік азайды ма деп, осы тұрғыдан әлеуметтік көрсеткіштерге үңілер болсақ, бұл экономикалық өсімдер деп отырғаны жай ғана сандардың өзгеруінің нәтижесі екенін байқаймыз.
Кейінгі бес жылда, ресми статистикаға сәйкес, инфляция өсімі 74 пайыз болыпты, ал халықтың табысы 10 пайыз ғана артқан, яғни инфляция одан жеті есе жоғары. Демек бұл халықтың табысын инфляция жеп жатқанын көрсетеді. Ал кейінгі жылдары тұтыну несиесі көлемінің қатты қарқынмен өсуінен де халқымыз тұтыну ниесін алуға мәжбүр екенін көріп отырмыз. Қазір 8,5 млн халықтың мойнында несие бар, Ал 1,5 млн-нан көп қайтарылмаған кредит көлемі 1 трлн теңгеден асады. Осының бәрі халықтың әлеуметтік жағдайы өте қиын екенін көрсетеді.
Азаттық: Сіз келтірген статистиканы үкімет те, Ақорда да көріп-біліп отыр. Тұтыну несиесі артқанын, әлеуметтік, тұрмыстық қиыншылықты халық та сезіп отыр. Билік осы қиындықтарды еңсеруге байланысты нақты қандай шаралар істеп жатыр, сізге байқала ма?
Мақсат Халық: Дәл қазір көзге көрініп тұр деп айту қиын. Президент 2029 жылға дейін ұлттық экономика көлемін 450 миллиард долларға жеткізу міндетін қойды. Ол үшін жылдық экономикалық өсім кемінде 6-7 пайыз болуы керек. Үкімет қайткен күнде де осы өсімді қамтамасыз етуге күш салып жатқанын көреміз. Осы тұрғыдан инфляция жоғарғы болғаны үкіметтің өзіне де керек сияқты әсер қалады. Өйткені тауарлар бағасы өссе, демек соның есебінен ЖІӨ көрсеткіші өсіміне қол жеткізуге болады, сол үшін үкімет осындай бағытты көбірек ұстанып жатқандай болып көрінеді.
Ал Ұлттық банк керісінше, инфляциямен күресіп, оны ауыздықтау мақсатында базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтап қалды. Бірақ мұнысы іші қайнап тұрған бөлмедегі ыстықтың бетін қайтару үшін тек терезеден титтей саңылау ашқандай әрекет. Өйткені жанып жатқан пешке үкімет бюджеттен түрлі отынды – ипотекалық бағдарламаны қолдау және т.б. – салып, отты маздатып жатыр. Қазіргі көрініс тура осындай, әрқайсысы өзіне тартқан аққу, шортан һәм шаянның тірлігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қаулап өсіп жатыр". Қазақстанда қымбатшылық күшейіп, табыстың көп бөлігі тамаққа кетіп жатырАзаттық: Президент Тоқаев салық реформасының нәтижесінде үкімет биыл бюджетке қосымша 4,4 трлн теңге, яғни Қазақстанның қазіргі бюджетінің шамамен 15 пайызына тең қаржы түседі деп болжап отырғанын айтты, ал ЖІӨ 300 млрд доллар деңгейінде жоспарланған дейді Ақорда. Жоғары мінберден айтылатын қағаздағы осындай көрсеткіштер мен жалпы халықтың қалтасы арасындағы қатынас қандай қазір?
Мақсат Халық: Қазақстан экономикасы 300 млрд доллардан асып отырғаны, бұл бір жағынан жақсы. Қазақстан экономикасы ірі 50 елдің қатарына кіріп отыр, өткенде ғана Халықаралық валюта қоры осындай есеп жариялады. Бірақ сондай экономикасы бар елдегі халықтың өмір сүру сапасы ол көрсеткішке қаншалықты сәйкес келеді деген сұраққа үңілейікші. ЖІӨ көрсеткішін жан басына шаққанда қазір 15 мың доллардан асты. Осыны алға тартқан премьер-министр Олжас Бектенов былтырғы жылдың аяғында шыққан бір мақаласында "біз табысы орташа елдердің қатарына жетіп, енді табысы жоғары елдердің қатарына қарай қадам бастық" деген. Бірақ шын мәнінде халықтың өмір сүру сапасы мен табыс деңгейі соған сай ма? Энгель заңы бойынша, халықтың тұтынуға, азық-түлікке жұмсайтын шығысы табысының жартысынан асып кетсе, ондай ел кедей саналады. Бізде ресми түрде ол көрсеткіш 50 пайыздан жоғары. Сондықтан бұл елімізде жағдай мәз емес екенінің, халқымыздың табысы өспей жатқанының нақты көрінісі. Оның үстіне үнемі қайталанатын қымбатшылық адамдардың табысының болмашы өсімін жалмап жатыр.
Азаттық: Әлемдегі сыбайлас жемқорлықтың халықаралық индексін анықтайтын Transparency International ұйымының биылғы есебінде Қазақстан 182 елдің арасында 100-ден 40 балл алып, 96-орынға түсіпті. Былтыр осы тізімде 38 балмен 88-орынға көтерілгенде президент Тоқаев бұл – тарихи көрсеткіш деп мақтана сөйленгені есімізде. Ақорда жемқорлықпен күресті күшейтеміз деп үнемі айтады, президент құзырлы орган басшыларына жиі тапсырма да беріп жатады. Ендеше неліктен көрсеткіш қайтадан кері кетіп бара жатыр?
Мақсат Халық: Бұл көрсеткіштің кері кеткені, әрине, жақсы үдеріс емес. Өйткені осы Transparency International ұйымының рейтингі көрсеткіштері елге инвестиция тартуға, сол сияқты елге инвесторлар келуіне де әсер етеді. Мемлекет жемқорлықтан тазарып, жақсарып келе жатыр ма, жоқ па, соған баса мән беріледі, еліміз содан таза болса ғана өндірістік мүмкіндіктерді дамытып, арттыруға қажет инвестицияларды тарта аламыз. Ал кері кетіп бара жатқаны мемлекетте заң үстемдігі екінші деңгейде қалып жатыр деген сөз, бұл әлде де мемлекетте заңды белгілі бір ақшаға сатып алуға мүмкіндіктер барын көрсетеді. Демек, мұнда мемлекеттік сатып алулар ашық жүргізілмейді, ақша айналымы болсын, басқа да үдерістер болсын, ашық көретілмейді, көп жерде көлеңкедегі экономиканың үлесі нақты басымдықты айқындайды деген сөз. Ондай кезде елімізге есі дұрыс, болашақта өндірістік мүмкіндіктерімізді арттыратын инвесторлар тарту екіталай. Сондықтан, менің ойымша, елімізді дамытамыз десек, барынша ашық болып, бәрін цифрландыру керек. Осы жолы бұл мәселені президент те айтты: жаппай цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық теңге мүмкіндіктерін барынша пайдалану, т.с.с. Мұның бәрі әзірге сөз жүзінде ғана айтылып жатыр, осылар іске асырылғаны абзал.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Transparency International-2025: Қазақстанды жемқорлық төменге тартты