Трамп Тегеранға келісімге келіп, Ормуз бұғазын ашуға 48 сағат уақыт берді. Екінші ұшқыш құтқарылды

АҚШ президенті Дональд Трамп

4 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Иран режиміне "уақыт бітіп бара жатқанын" айтып, Тегеран келісім жасасуы керек немесе Ормуз бұғазын ашуы керек, әйтпесе оны "тозақ" күтіп тұрғанын айтты. АҚШ басшысы Иранды "тас ғасырына" қайтарамын деп бұған дейінгі қоқан-лоқысын да қайталады.

"Естеріңізде ме, Иранға келісім жасауға немесе Ормуз бұғазын ашуға 10 күн уақыт берген едім. Уақыт бітіп барады – тозақ басталғанға дейін 48 сағат уақыт бар. Құдайға шүкір!" деп жазды Трамп Truth Social платформасында.

Ізінше Трамп видео жариялап, Тегеранға жасалған "жаппай соққыдан" ирандық көп әскери басшы қаза болғанын айтты.

"Тегеранға жасалған жаппай соққыдан Иранды нашар басқарған көп әскери басшы өлтірілді" деп жазды.

ТРАМПТЫҢ УЛЬТИМАТУМДАРЫ

Бұған дейін Трамп Иранға халықаралық нарыққа тасымалданатын мұнай мен табиғи газдың шамамен 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазын ашуға уақыт берген. Тегеран іс жүзінде Ормуз бұғазын бұғаттап, соның салдарынан ғалымдық энергетикалық дағдарыс туындаған еді.

30 наурызда Трамп "қандай да бір себеппен келісім 6 сәуірге дейін жасалмаса, Америка әскері "оның барлық электр станциясы, мұнай ұңғымалары мен Харк аралын жарып, күлін көкке ұшырады" деген.

21 наурызда да Трамп Тегеранға 48 уақыт берген, алайда оны ұзартып, келіссөзге мүмкіндік беретінін айтқан.

Иран АҚШ-тың Пәкістан арқылы жеткізген 15 пунктен тұратын ұсыныстарын кері қаққан, бірақ 4 сәуірде келіссөзді әрі қарай жалғастыруға ашық екенін білдірген.

1 сәуір күнгі мәлімдемесінде Трамп бейбіт келіссөз – тіке немесе жанама – әлі мүмкін екенін айтқан, бірақ Иранға "алдағы екі-үш аптада жойқын соққы жасайтынын айтып", Иранды "тас ғасырына" қайтаратынын жеткізіп, сес көрсеткен.

Трамптың соңғы мәлімдемесінен кейін генерал Әли Абдолла Әлиабад Трамптың қоқан-лоқысын "дәрменсіз, жүйкесі жұқарған, ақылға қонымсыз және ақымақ адамның әрекеті" деп атады.

Иранның орталық әскер қолбасшылығы таратқан мәлімдемеде Әлиабад АҚШ президентіне "тозақтың қақпасы саған ашылады" деп ескертті.

ЭКИПАЖДЫҢ ЕКІНШІ МҮШЕСІ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Иранда атып түсірілген америкалық әскери ұшақтың екінші ұшқышы құтқарылды. Бұл жөнінде 5 сәуірде АҚШ-тың ресми тұлғалары Азат Еуропа/Азаттыққа хабарлады.

Американың ресми тұлғалары бұған дейін бүлінген ұшақтан секірген экипаждың бір мүшесі табылғанын, екіншісін іздеуге бар күшін салып жатқанын хабарлаған.

Америкалық ұшқышты табуға Иран да бар күшін салған. Ол оны билікке тауып берген адамға сыйақы да тағайындаған.

Америкалық шенеуніктің хабарлауынша, тағы бір америкалық шабуылдаушы A-10 ұшағы Парсы шығанағында апатқа ұшыраған. Оны басқарған жалғыз ұшқыш құтқарылған. Оқиғаның жай-жапсары әзірге айтылмады.

Американың ресми тұлғалары журналистерге A-10 ұшағы F-15E экипаж мүшелерін құтқармақ болған кезде өзі де соққыға ұшырағанын айтты, бірақ Кувейттің әуе кеңістігіне кіре алған. Ол жақта ұшқыш ұшақтан секірген, ұшақ Кувейт аумағына құлаған.

Пентагонның онлайн-базасындағы деректерге қарағанда, 28 ақпанда басталған Иранмен қақтығыстан АҚШ-тың 13 америкалық әскери қызметкері опат болған, 365 адам жарақаттанған.

БУШЕРГЕ СОҚҚЫ

Ядролық энергетика саласының мамандары Иранның Бушер атом электр станциясы аумағына әуеден соққы жасалуына алаңдаушылық білдірді. Америка да, Израиль әскері де шабуылға қатысы барын растаған жоқ.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) хабарлауынша, Иран жағы ұйымға "бір қызметкер снарядтың сынығынан өлгенін", ал нысанға "соққы толқыны мен бөлшектерден" зақым келгенін айтқан.

4 сәуірде Ресей атом электр станциясынан тағы 198 қызметкерін эвакуациялағанын мәлімдеді. Станция операторы "Росатом" 28 ақпаннан бері өз қызметкерлерін эвакуациялап жатыр.