Ту өртеу акциясы қалай болған? Сотқа тартылған 19 адам кім?

Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылында, Қытай шекарасы маңында Қытайға қарсы наразылық шарасы (видеодан скриншот). 13 қараша, 2025 жыл.

Олар Қытайда қамалған жігіттің мәселесіне назар аудартып, кезекті видеоүндеу жазамыз деп ойлаған. Істің соңы "19-дың" соты деген үлкен дауға ұласып, халықаралық мәселе тудырарын білді ме? Талдықорғанда "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бабымен сотталып жатқандар кімдер? "Ту өртеу" қалай ұйымдастырылды?

ШОНЖЫДАҒЫ ДЕМАЛЫС

2025 жылғы 12 қарашада тіркелмеген "Атажұрт" ұйымының мүшелері Алматы облысындағы Шонжы ауылына қонаққа және демалысқа барған. Оларды сонда тұратын Нұрлан Көктеубайұлы шақырған. Нұрлан Көктеубайұлы — Қытайдағы қайта тәрбиелеу лагерінде отырып шыққан азамат. Өзінің Қытайдағы лагерьден босап шығуына "Атажұрт" ұйымы көмектескенін, Қазақстанға келген соң да біраз жәрдем бергенін айтқан. "Атажұрт" ұйымына ризалығын білдіру мақсатында оның белсенділерін демалыс орнына жинаған. Нұрланның айтуынша, қырықтан аса кісі жиналып, сол маңайдағы ыстық суға түсіп, тамақ ішкен, ән айтқан, демалған. Жиналғандар арасында "Атажұрт" ұйымына кірмейтін азаматтар да болған.

Бұл жиынға Гүлдария Шеризат та барған. Оның күйеуі Әлімнұр Тұрғанбайды былтыр шілдеде шекарадан өте бергенде Қытай полициясы ұстап, ол содан бері қамауда отыр. Гүлдария Шеризат жұрт демалыстан тарқап жатқанда, яғни, ертеңіне, 13 қарашада "Атажұрт" белсенділеріне Әлімнұр Қытайға Шонжыдан сәл ары тұрған шекара бекетінен өткенін айтып, сол маңда видеоүндеу жазуды ұсынған. Сөйтіп демалыстан тарқап, бірнеше көлікке отырған азаматтар Шонжыдан 70 шақырым жердегі Қалжат шекарасына жетеді. Көлікте "Атажұрт" ұйымына кірмейтін кісілер де болған. Олар акцияны сырттай бақылап тұрған.

Полиция сол күні 19 адамды ұстап, 12-сін әкімшілік қамауға алды. Жеті адамға айыппұл салды. Артынша ұлттық араздық қоздыру бабымен қылмыстық іс қозғалып, 19 кісінің бәрі күдікті атанды.

Қазір сотталып жатқан бұл азаматтарды үш топқа бөлуге болады: біріншісі — "Атажұрт" ұйымының белсенді мүшелері, екіншісі — ұйымды сырттай қолдап жүрген, оларға тілеулес болған азаматтар, үшіншісі — ту өртеу акциясына кездейсоқ тап болғандар.

БЕЛСЕНДІЛЕР

Әуелі алғашқы топқа, яғни "Атажұрт" белсенділерінің қатарына кім кіретінін түгендек шығайық.

Тіркелмеген "Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан.

Бекзат Мақсұтхан, 50 жаста. "Атажұрт" ұйымының жетекшісі. Бірнеше жылдан бері Қытайдағы туысының тағдырына алаңдаған адамдар арызын айтқан баспасөз мәслихаттарын өткізіп, мәселеге Қазақстан билігі мен халықаралық ұйымдардың назарын аудартып келеді. "Атажұртты" партия ретінде бірнеше рет тіркетуге тырысқан, бірақ талпыныстары сәтсіз аяқталған. Айыптау актісінде адамдар тобымен бірге ұлттық алауыздық қоздыру дейтін 174-баптың 2-бөлігіндегі "ауыр дәрежедегі қылмысты қасақана жасаған" деп жазылған.

Нәзигүл Мақсұтхан, 44 жаста. Бекзат Мақсұтханның қарындасы әрі "Атажұрт" қозғалысының заңгері. Ол Шыңжаңнан келген қазақтарға құқықтық көмек көрсетеді. Өзі де билікке талап айтқандарға қосылып, белсенділігімен көзге түскен. Ту өртеу акциясынан соң Қытайдың Қазақстанға нота жолдағанына сілтеп, полиция "Атажұрт" белсенділерін Пекиннің сұрауымен қудалап жатыр деп пікір білдірген. Айыпқа ілінгенде аяғы ауыр болған, үйқамақта отырып босанды.

"Атажұрт" ісі бойынша "ұлттық араздық қоздыру" бабымен сотталып жатқан 19 адамның бірі Гүлдария Шеризат

Гүлдария Шеризат, 48 жаста. Қытайдан тауар алуға кетіп, сол елдің полициясы ұстаған Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі. Ол жарты жылдан бері Қазақстан билігінен күйеуін қайтарып беруді сұрап келеді. Бұған дейін де Гүлдария Шеризаттың осы әрекеттерін полиция заңсыз наразылық акциясына жатқызып, жүздеген мың айыппұл салған. Астана күйеуіме араша түсуге құлықсыздық танытып отыр деп сынаған.

Тұрсынбек Қаби

Тұрсынбек Қаби, 53 жаста. Бұған дейін "Қытайдың саяси лагерьлерінде қамауда болып, азап көргенін" айтқан. "Бір адам әрең сыятын темір торға қамады. Сол торда тізерлеп жеті күн, жеті түн отырдым" деп куәлік берген. "Шыңжаңда қазақтарға қиянат жасалып отыр" деп, халықаралық ұйымдарды этностық азшылықтың құқығын қорғауға шақырған.

Гүлнәр Шаймұрат, 46 жаста. Шыңжаңда дүниеге келген, 2001 жылы Қазақстанға көшіп келген. Бес баласы бар. Үлкені мектеп бітіріп жатыр, кенжесі төрт жаста. 2020 жылдан бері "Атажұртты" қолдап келеді. Қазір үйқамақта отыр.

Еркінбек Нұрақын, 55 жаста. Қытайда дүниеге келген, Қазақстан азаматы. Дәстүрлі медицина маманы. Кейінгі үш жылда "Атажұртты" қолдай бастаған. Немере інісі Шыңжаңда қамауда отырып, бірнеше рет Қазақстан билігіне араша сұрап хат тапсырған.

Ербол Нұрлыбаев, 52 жаста. Жамбыл облысының тұрғыны. "Атажұртты" қолдайтын белсенділердің бірі. Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимге қарсы шығып үндеу жасаған, Пекин саясатына қарсылық білдіріп жүрген белсенді.

Бұл азаматтар туралы ақпарат тергеу деректері мен "Атажұрт" мүшелерінен алдық.

"АТАЖҰРТТЫ" ҚОЛДАЙТЫНДАР

Бұл азаматтар — "Атажұрт" ұйымын қолдап жүрген, бірақ оның жиындары мен шараларына белсенді түрде қатыспайтын кісілер.

Нұркелді Нұрсапа, 35 жаста. Қытайда дүниеге келген. Осы акцияны видеоға түсіргендердің бірі. Екі ұлы бар. "Атажұртты" ұйымының жақтасы.

Ерғали Нұрлыбаев, 55 жаста. "Атажұртқа" мүше емес, жақтастарының бірі, ұйым мүшесі Ербол Нұрлыбаевтың туған ағасы.

Марғұлан Нұрданғазы

Марғұлан Нұрданғазы, 30 жаста. Қытайда дүниеге келген, Еуропада тұрған, Түркиядан бір жарым ай бұрын келген. Екі жасар ұлы бар, айы-күні жетіп отырған келіншегі күйеуін босатуды талап етіп жүр. Марғұланның Youtube-те жеке арнасы бар. Онда Қытай саясатына қарсы үндеулер жариялап тұрған. Акция кезінде қытайша үндеу айтқан жігіт.

Қанат Тұрдыбай, 44 жаста. "Атажұрттың" түрлі акциялары кезінде ұйымды қолдап, үн қосып жүрген. Екі қызы бар. Жұмыссыз.

Қуандық Қосжанов, 39 жаста. Түркістан облысы Арыс ауданының тұрғыны. "Атажұрттың" жақтасы болған, бірақ белсенді емес. Демалысқа қонақ ретінде келгені айтылады.

Бақытжан Шұғыл, 64 жаста. Зейнеткер. "Атажұрт" қолдаушысы. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқанын айтқан. Оттығымен Қытай туын өртегенін мойындаған. Оны қылмыс емес, пікірі деп есептейді. Қазір үйқамақта отыр.

Асылхан Қолхаев, 52 жаста. Жамбыл облысының тұрғыны. "Атажұртты" сырттай қолдаған, акцияға алғаш рет қатысқан. Үш баласы бар. Үйқамақта отыр.

Аян Қалымбек, 28 жаста. Шығыс Қазақстан облысы тұрғыны. "Атажұрт" қолдаушысы. Сот имиджіме нұқсан келтіреді деп, істі жабық қарауды сұраған жалғыз күдікті. Судья мұны мақұл көріп, процесті жауып тастаған. Оған басқа күдіктілер мен туыстары наразылық білдірген. Аян Қалымбек — айтыскер ақын. "Атажұртқа" да өлең арнағаны айтылады. Қазір үйқамақта отыр.

КЕЗДЕЙСОҚ АДАМДАР

Ұйым мүшелері мен туыстарының сөзінше, қалғандары – акция өткен жерге кездейсоқ тап болған, Шонжыдағы демалыстан соң қалаға жетіп алу үшін белсенділермен бір көлікке отырған, бұрын-соңды белсенді болмаған азаматтар.

Батылбек Байқазы, 36 жаста. Акцияны сырттай бақылап тұрған, бірақ қатыспаған. Шонжыдағы демалысқа барып, көлікпен қалаға жетіп алмақ болған. Әкесі мен шешесі ұлының көзі нашар көретінін айтып, қамауда қиналып отырғанын, бірнеше рет қайнаған суға күйіп қалғанын айтып, оны дереу босатуға шақырған. Халықаралық ұйымдардан араша сұраған.

Бақытнұр Нұрмұқан, 50 жаста. Шонжыдағы демалысқа таныстарына еріп барған. "Атажұртқа" кірмейді, белсенді емес. Құлағы естімейді. Сотқа қатысып жатқан ұйым белсенділерінің сөзінше, ол процесс кезінде не айтылып жатқанын естіп жатқан жоқ. Жауап бергенде де қиналады. Сексендегі әкесі ұлым мал бағып, бізді асырап жүрген бала еді деп, босатуды сұраған. Қамауда қысым көргенін айтқан.

Беделхан Қабыләшім, 43 жаста. Акция өткен жерге кездейсоқ барғандардың бірі. Жеті баласы бар. Келіншегінің аяғы ауыр. Қазір қамауда отыр.

Ақжігіт Бейсенәлі, 50 жаста. "Атажұрт" белсенділері мен Шонжыға қонаққа шақырған Нұрлан Көктеубайұлының айтуынша, ту өртеу акциясына қатысы жоқ төрт адамның бірі. Оны Нұрлан қонақтарға мал союға шақырған. Шонжыдан шыққан белсенділердің көлігіне мінгесіп отырып, үйіне жетіп алмақ болған. Сот кезінде бұл наразылық акциясына қатысы жоғын айтып, өзін босатуды сұраған.

Бұл азаматтар кінәлі деп танылса, бес жылдан он жылға дейін сотталуы мүмкін. Айыптау актісінде белсенділер "масс-медианы пайдалана отырып, ұлттық алауыздық қоздыру, сонымен бірге қытай ұлтының өкілдеріне қатысты ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау мақсатында ұйымдасқан түрде жиналған" деп жазылған. Мемлекет тағайындаған сараптама наразылық туралы видеоларда ұлтаралық немесе ұлттық алауыздық қоздыру белгілері бар деген қорытынды жасаған. Ал құқық қорғаушылар істің саяси астары бар деп санайды. Қытай басшысының суреті мен қызыл туды өртеу акциясын қытай халқына емес, Қытай билігінің саясатына қарсылық білдіру деп біледі. Amnesty International , Human Rights Watch сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары және АҚШ Конгресінің өкілі Джеймс Макговерн "Атажұрт" белсенділерін босатуға шақырған.