Украинадағы соғысты доғаруды қалайтынын мәлімдеген Путин оның шартын атамады

Ресей президенті Владимир Путин баспасөз мәслихатында тұр. Бішкек, Қырғызстан, 1 қыркүйек, 2026 жыл.

Путин Қазақстан президентімен Омбыда кездескенде Украинадағы соғысты талқыламағанын бір айдан соң Бішкекте айтты. Тоқаев оған соғысты уақытша тоқтатуды ұсынған еді. Енді Путин Ресей соғысты біржола доғаруды қалайды деп мәлімдеді. Бірақ Кремль қандай шартпен соғысты аяқтауға келісетінін ашып айтпады.

Путиннің Украинадағы соғыс жайлы айтқаны

Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) саммиті аясында берген баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин биыл шілде айында Омбыда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Украинадағы соғысты талқыламағанын мәлімдеді. Омбыдағы кездесуде Тоқаев көпшіліктің көзінше, Украинадағы "қақтығыстың түсініксіз тұсы көп" екенін айтып, Путинге соғысты уақытша тоқтатуды ұсынған еді. Ал Ресей басшысы оған Украинадағы соғыс жайлы "бүгінгі әңгіме барысында міндетті түрде егжей-тегжейлі ақпарат беремін" деп жауап қатқан.

– Біз онымен бұл мәселені мүлде талқылаған жоқпыз. Ол көпшіліктің көзінше ұсыныс жасады. Содан кейін ол тақырыпқа оралмадық, – деді Путин 1 қыркүйекте Бішкекте осы жайлы сұрақ қойған журналистке.

Your browser doesn’t support HTML5

Путин мен Тоқаев Бішкекте соғысты талқылады ма?

Ал бұл мәселеге көзқарасыңыз қалай деп сұраған тілші сұрағына берген жауабында Путин:

– Әрине, біз де қалаймыз. Тек соғысты уақытша тоқтатуды емес, оны доғаруды және жалпы Украина мен Еуропада ұзақ мерзімді абсолютті бейбітшілік болғанына қол жеткізуді қалаймыз, және де ынта білдіргендердің бәрімен келіссөз процесіне қатысуға дайынбыз, – деп мәлімдеді.

Ресей билігі 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы бастаған кең көлемді соғысты осы кезге дейін "арнайы әскери операция" (орысша – СВО) деп атап келеді. Ресейде оны "соғыс" деп атағаны үшін жауапқа тартылғандар бар. Бішкекте ресейлік және шетелдік журналистер қатысқан баспасөз жиынында Путин "соғыс" деген сөзді қолданды.

Осы жолы Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди де Путинді Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырды. Бішкекке ШЫҰ саммитіне барған Моди бұл сөзін 31 тамызда Ресей президентімен кездескенде айтты.

"Соғыс жалғасқан әр күні адамзат бір қадам кері шегінеді және бейбітшілікке қарай жасалған әр қадам күллі адамзатқа бейбітшілікке деген шынайы үміт береді. Біз шексіз соғыстан оның аяғына, әскери әрекеттердің соңына қарай жылжуымыз керек. Бұл күллі адамзат үшін өте маңызды. Біз барлық мәселені бейбіт жолмен шешуіміз керек, барлық адамзаттың талабы сондай. Бұл Үндістанның да үндеуі: Үндістан – Ганди елі, Будда елі, біздің үндеуіміз де осы", – деген Модидің сөзінен үзінді Кремль веб-сайтында жарияланды.

Путин Модиге: "Біз осы жолмен жүріп келеміз" деп жауап қатқан. Кремль Модидің бұл сөзіне байланысты ешқандай пікір білдірмеген еді.

Тоқаевтың ұсынысы және Песковтың жауабы

Биыл 25 шілдеде Омбы қаласына Ресей-Қазақстан XXII өңіраралық ынтымақтастық форумына барғанда Путинмен кездескен Қазақстан президенті Тоқаев Еуропа мен АҚШ-тан көптеген сигнал түсіп жатқанын айтып, Ресей президентін Украинадағы соғысты уақытша тоқтатуға шақырған.

"Маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс" деген Тоқаев Қазақстан бұл қақтығыста арағайын болудан "үзілді-кесілді бас тартатынын" мәлімдеген еді.

"Адамдар менің Омбыға жоспарлы сапарымнан, сізбен кездесуімнен хабардар. Тығырықтан қалай шығу керек екенін ешкім білмейді. Қос тараптың өз ұстанымы бар. Әйтсе де, осы алауыздықты уақытша доғаруға болады. Бұл – сынақтан өткен халықаралық тәжірибе, амал. Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек" деген Тоқаев.

Путин Тоқаевқа: "Украина бағытына келсек, бүгінгі әңгімелесу барысында сізге міндетті түрде егжей-тегжейлі ақпарат беремін" деп жауап қатқан еді.

Келесі күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Тоқаевтың сөзіне Мәскеудің реакциясын жеткізді. Ол Путин Тоқаевқа "арнайы әскери операцияның барысы туралы баяндағанын" айтып, Киевтің позициясын ескергенде соғысты "уақытша тоқтату мүмкін емес" деп мәлімдеген.

"Біз әуелі өз мақсатымызға жетуіміз керек" деген Кремльдің баспасөз хатшысы соғысты тоқтату шарттарын осыдан екі жыл бұрын Ресей сыртқы істер министрлігі жеткізгенін еске салған.

"[Шарттар] түсінікті, бірізді. Сол себепті Киев тиісті шешім қабылдаса, барлығы бүгінгі күннің соңына дейін-ақ бітуі мүмкін" деген еді Песков.

Бұған дейін Ресей президенті Путин Донбассты Ресейдің "тарихи аумағы" деп атап, оны әскери немесе өзге жолмен қайтаруды мақсат тұтатынын бірнеше рет айтқан. Киев украин күштерін Донбасстан шығару жайлы Ресейдің талабын қабылдамайтынын мәлімдеп келеді. Украина соғысты қазіргі майдан шебінде тоқтату үшін Батыс державаларының тарапынан қауіпсіздік кепілдіктері берілсін, соның ішінде одақтас елдердің әскери күштерін орналастыру мүмкіндігі қарастырылсын деген талап айтады.

Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы бастаған соғыс әлі жалғасып жатыр. Содан бері екі тараптан да жүздеген мың адам қаза тапты. Осы соғысты бастағаны үшін Ресейге Батыс елдері қатаң санкциялар салды. Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот украиналық балалардың Ресейге заңсыз әкетілуіне байланысты 2023 жылы наурызда Путинді тұтқындауға пәрмен берген. Ресей бұл шешімді мойындамайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соғысты "уақытша тоқтатқан дұрыс". Тоқаевтың Путинге айтқан сөзінің астарында не жатыр?Трамп Путинге "соғысты тоқтат" деп үнемі айтатынын мәлімдедіПутин Зеленскийдің хаты туралы: кездесудің мәні жоқ деп ойлаймынЗеленский соғысты тоқтатуды ұсынып, Путинге ашық хат жаздыПутин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери келісімдерді қайта қарауға көшті. Бұл оған не үшін керек?