2005 жылы Ресей президенті Владимир Путин Федералдық жиынға жолдауында Совет одағының күйреуін "ғасырдың ең ірі геосаяси апаты" деп атады, одан кейін де бұл оқиғаның миллиондаған адамның тағдырына әлеуметтік, экономикалық және гуманитарлық кері салдары болғанын бірнеше рет мәлімдеген.
Неліктен Ресейде демократиялық революция Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегідей жеміс берген жоқ? Тоталитарлық жүйе элементтерінің кейін қайта түлеуінің сыры неде? Ресейдің еркін елге айналуға тағы да мүмкіндігі бола ма? Бұл сауалдарды Азаттықтың Орыс қызметі саясаттанушы Мария Снеговая мен тарихшы Никита Соколовқа қойды. Видеосұхбаттың мәтін нұсқасын ықшамдап ұсынамыз.
"Тамыз оқиғасына көзқарас әртүрлі болды"
АҚШ-тағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (Center for Strategic and International Studies – CSIS) ғылыми қызметкері, саясаттанушы Мария Снеговаяның айтуынша, 1991 жылғы тамыз оқиғасын ресейліктер әртүрлі қабылдаған: кейбіреулер ГКЧП билікті басып ала ма деп алаңдаса, енді бірі Совет одағы сақталып қалар деп үміттенген. Совет одағы қайта қалпына келетініне сенгендер қатарында КГБ шекпенінен шыққан Владимир Путин де болған.
Мария Снеговая
– Совет одағының ыдырауы ресейліктердің бірнеше буынына әртүрлі әсер етті. Либералдық бағыт ұстанған азшылық советтік билеуші топтағы керітартпа күштердің жеңілісін жаңа, демократиялық Ресей құруға берілген тарихи мүмкіндік деп қабылдады, амал нешік, олай болмады. Ал совет қоғамында өзіндік роль атқарған кейбіреулер, әсіресе күш құрылымдары, чекистер үшін бұл оқиға ауыр соққы болды, олар Михаил Горбачев ұлы державаны күйретіп жатыр деп санады. Сондай адамдардың қатарына КГБ жүйесінен шыққан Владимир Путинді де жатқызуға әбден болады.
Мұны әртүрлі естеліктер мен мемуарлардан аңғарамыз. Оларға бұл апат іспетті болды. Және шынымен де, Шығыс Германияда қызметте жүрген Владимир Путин көшедегі жаппай наразылықтарға куә болды, бұл оның дүниетанымына соққы боп тиді. Путин өзі жататын әлеуметтік қабаттың өкілдері сияқты, Совет одағының ыдырауын енді ешқашан қайталанбауы тиіс тарихи апат деп қабылдап, одақтан қалғанның бәрін кез келген әдіспен қайтару қажет деген қорытынды түйді. Путиннің Ресей басшысы ретіндегі кейінгі саяси бағыты да өзі ғасырдың ең ірі геосаяси апаты деп атаған бұрынғы одақтан қалған дүниені мүмкіндігінше қалпына келтіруді мұрат тұтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
1991 жылғы «тамыз бүлігі»Путиннің Ресейді басқарған кейінгі саяси бағыты да осы түсінікпен сабақтас болды. Ол бірнеше рет Кеңес Одағының ыдырауын өткен ғасырдағы ең ірі геосаяси апат деп атап, бұрынғы кеңестік ықпалдың сақталған бөлігін қалпына келтіруге ұмтылған саясат жүргізді деп есептейді.
– Сол кезеңде Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде де сол шамалас процестер жүріп жатқан. Путиннің өзі 1989 жылы Дрезденде топ-топ болған адамдар Штази архивтеріне басып кірмек болғанын көзімен көріп, Макаров тапаншасын алып, оларға жолығуға сыртқа шыққанын айтқаны бар. Ал осыларды 1991 жылы тамызда Ресейде болған оқиғалармен салыстыруға бола ма?
– Әрине, бұл оқиғалардың барлығы ХХ ғасырдың екінші жартысына дөп келген совет империясының ыдырау процесіне жатады. Ал бірақ екінші жағынан, қанша дегенмен бұлар әртүрлі қоғам, әртүрлі елдер еді, кейін олардың жолы да әртүрлі болғаны сондықтан. Оларды ортақ қылған нәрсе – бір шынжырға байланған еді. Советтік экономика моделі тиімсіз болып шықты, өткен ғасырдың 80-жылдарының басында мұнай бағасы құлдырағаннан кейін совет империясына өз сателлиттерін, отарындағы елдерді ұстап тұру барған сайын қиындай берді. Өйткені совет билігі бұл елдерді көбіне тек қаржы мен ресурстарды қайта бөлу арқылы бақылауда ұстап келген.
Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде экономикалық дағдарыс тереңдеген сайын оларды бұрынғыдай бақылауда ұстау мүмкін болмай кетті. Өйткені бұлар бұрыннан Батысқа жақын қоғамдық дәстүрлерді сақтап, азаматтық қоғам тәжірибесінен мүлде айырылып қалмаған, советтік жүйеге дейін ұлттық мемлекет ретінде дәурен құрған тарихы бар елдер болатын.
Көптеген зерттеушілердің пікірінше, елдің бұрыннан бар мемлекеттік басқару дәстүрі империя күйрегеннен кейін өз мемлекеттігі мен демократиялық жүйе орнықтырудағы аса маңызды факторға айналды. Мұндай тәжірибе бәрінде бірдей болған жоқ.
Ақыр соңында советтің ықпалы жүретін аймақтардың шеткері жақтарында орталықтан алшақтауға әкелетін үрдістер күшейген соң, совет басшылығы жүйені сақтап қалу үшін өзгерістер қажет деген қорытындыға келіп, Совет одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы қызметіне жас әрі реформаторлық көзқарастағы Михаил Горбачевті сайлады.
Әйтсе де сол кездегі Михаил Горбачевтің алғашқы сөздерінен оның демократиялық күн тәртібі әлі айқын болмағанын байқаймыз. Ол үлкен басшылардың ісін шамалап болсын жалғастыратын, андроповшыл адам және ол осы либерализация процесіне тартылғандай сияқты көрінетін.
Жалпы алғанда, Горбачев пен оның сыртқы саясат командасы анағұрлым либералды жолға түсуге ұмтылды. Бұл үрдістер тереңдеген сайын Совет одағы бұл "тізгінді" босаңсытуға мәжбүр болды. Ол осы саттелиттерді еркіне жібере бастады, ақырында бұл үрдіс Совет одағының өзіне де жетті. Басқаша айтқанда, либерализация Варшава шартына кіретін елдерден Совет одағының өзіне таралып, түптің түбінде жүйе ыдырады. Күштік құрылымдар басшылығы өкілдері кірген Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет (ГКЧП) осы ыдырауға жол бермеуге соңғы әрекет жасап көрді.
Бірақ шын мәнінде, бұл үрдістерді тек күшейтті, себебі бастапқыда жағдай қалай өзгеріп жатқанын бақылап қана отырған советтік республикалар, ГКЧП-ден кейін одақ құрамынан шығу туралы кесімді шешім қабылдады. Ең алдымен Украина бұған ынталы болды. Ақыр соңында, Совет одағы ыдырады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Совет одағы қалай күйреді?Сол кездегі Совет одағы басшылығында ешкімнің "совокты" таратуға құлықты болмағанын атап өту маңызды. Тіпті Борис Ельцин мен Михаил Горбачев Украинаны Совет одағы құрамынан шықпауға көндіруге соңына дейін тырысты. Украина олар үшін өте маңызды болды, себебі ол славян республикаларының бірі еді. Бұл совет басшылығының нәсілшілдігі іспетті болатын – олар азиялық республикалар үстемдік ететін одақ құрамында Украинасыз қалудан қорықты. Сайып келгенде, 1991 жылдың желтоқсанында Украина шығып кеткеннен кейін Совет одағын ұстап тұру мүмкін емес екені айқын болды, – дейді саясаттанушы Мария Снеговая.
Кейбіреулер 1991 жылдың тамыз айы және бүкіл 1990-жылдар Ресей тарихында ерекше уақыт – 10 жылдан аспайтын мерзімге созылған "жылымық" кезең болды деп есептейді. Енді міне, мәңгілік орыс нормасы Ресейге КГБ мен ФСБ қанаты астында қайта оралды, мұны жазушы Владимир Сорокин 2006 жылы жарық көрген "Опричник күні" романында бейнелеген. Тарихшы Никита Соколов ондай норманың барына сенбейді:
Никита Соколов
– Мәңгілік норма да жоқ, дәл сол сияқты, кез келген қоғам малтығып, мәңгі шыға алмай қалатын шұңқыр я матрица да жоқ. Ондай ештеңе жоқ; оған сенуге болады, бірақ ол ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Біз Ресейдікіне ұқсас траекториясы бар қоғамдар оны айтарлықтай сәтті өзгерте алғанын өмірден көріп отырмыз. Тағы бір мәселе, кейбір елдер осы авторитарлық бұғаудан құтыла алды, ал өзгелері сәтсіздікке ұшырады. Бұл да ешқандай маңдайға жазылған тағдыр емес; бұл тарихи жағдайлардың тоғысуы.
– 1991 жылғы тамыз оқиғалары сіз үшін несімен ерекше? Ресей тарихы тұрғысынан бұл нені білдіреді – азаттыққа қарай серпіліс пе, әлде ендігі аяқталған жаңғыру тәжірибесі ме?
– Мен бәрібір 1991 жылғы тамыз оқиғалары мен оған дейінгі Совет одағы коммунистік партиясына қарсы митингілерді (маңызды революция болғаны шүбәсіз) бөліп қарастырар едім. Сол кезде негізінен қалада тұратын білімді тап көшеге шығып: "Сіздердің еркін емес социализмдеріңіздің бізге енді қажеті жоқ, азаттықты, адам құқықтарына, азаматтық құқықтарға құрметпен қарауды, экономикалық бостандықты қалаймыз" деді.
Бұл Мәскеуде, Санкт-Петербургте және Екатеринбургте Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетке (ГКЧП) қарсы бейбіт шеруге наразылық білдіріп шыққандардың үш негізгі тезисі болды, ал кейін оларға аймақтар да қосылды. Сол оқиғаларға тікелей өзім де қатыстым. Америкалық досым екеуіміз бірге 1991 жылдың тамызында Ақ үйдің алдын бөгеп тұрдық. Мен ол адамдарды көрдім, олардың нені арқаланып шыққанын түсіндім және болашақ соларға тиесілі деген зор үміт болды.
Бірақ бар болғаны екі-үш айдан кейін бұл мүмкіндікті мүлдем басқа адамдар өз пайдасына жарататыны белгілі болды, оны сол кезде өзім сабақ берген Ресей гуманитарлық университетінде болып жатқан үрдістерден көрдім. Басшылықтың басты назары еркіндік пен академиялық бостандықтарды дамытуға емес, дүние-мүлікті қайта бөлуді көздегені көп ұзамай белгілі болды. Соның нәтижесінде бұрынғы партия мектебінің ғимаратына орналасу секілді мәселелер алдыңғы қатарға шығып, бастапқыда көтерілген бастамалар өз мәнінен тез айырылды. Ал 1992 жылдың қаңтарында бағаны шұғыл түрде еркіне жіберумен басталған реформалар оны іске асырушыларға деген көпшіліктің сенімін бірден жойды, – дейді тарихшы Никита Соколов.
(Азаттықтың Орыс қызметінің материалынан ықшамдалып аударылды)