Жаңа салық кодексі халықты кедейлендіріп жіберді ме?

Базар іші. Алматы, 3 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет

Жыл басынан бері қазақстандықтардың жартысынан көбінің тұрмысы нашарлап, шығыны өскен. Ең алдымен тауар мен қызмет қымбаттап, соның кесірінен жұрт азық-түлікке жұмсайтын ақшасын үнемдеуге мәжбүр. Қоғамдық пікірге мониторинг жасайтын DEMOSCOPE бюросы зерттеуінің нәтижесі осындай. Бұған себеп – биыл күшіне енген жаңа Салық кодексі.

СҰРАЛҒАНДАРДЫҢ 77 ПАЙЫЗЫНЫҢ ШЫҒЫНЫ КӨБЕЙГЕН

Естеріңізге салсақ, биыл 1 қаңтардан бастап елде шағын және орта бизнеске салынатын қосымша құн салығы (ҚҚС) 16%-ға өсті. Бұл салықты енді қаржы айналымы 43 млн теңгеден асатын компанияның бәрі төлейтін болды. Бұрын қаржы айналымының шегі 78 млн болған.

DEMOSCOPE сауалнамасына қатысқан тұрғындардың 77,6%-ы салық өзгерісінен кейін шығыны көбейгенін айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 54,4 пайызы шығыным "айтарлықтай өсті" десе, 23 пайызы "аздап өсті" деген. 16 пайызының шығынына салық реформасы "әсер етпеген".

Шығынның өсуі көп адамды ақшасын үнемдеп жұмсауға мәжбүрлеген. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы, яғни 44,5%-ы азық-түлікті аз ала бастаған. 36,1 пайызы киім-кешек ақшасынан үнемдеген. 28,3 пайызы таксиді аз шақырып, жеке көлігінің шығынын азайтқан.

Жаңа Салық кодексі күшіне енгелі сауалнамаға қатысқан тұрғындардың жартысынан астамына (53,8%) тауар мен қызмет бағасының өскені ауыр тиген. Азаматтардың 26,3 пайызы қаржы тұрақсыздығын ойлап, уайымдай бастаған. Ал 16,2 пайызына жаңа салық ережесі қиын тиген. 15 пайызының табысы азайған, 5,1пайызында жұмыстан шығып қаламын деген қорқыныш бар. Респонденттердің 16,6 пайызы еш қиындық болған жоқ деген.

Сауалнамаға жауап бергендердің жартысынан көбі, яғни 65%-ы ҚҚС көтерілгені тұрмысын нашарлатады деп санайды. 40,5%-ы "айтарлықтай нашарлайды" десе, 24,5%-ы "өмірім аздап нашарлайды" деп жауап берген. ҚҚС өсуінен позитив көретіндер де болған. 8,2%-ы "өмірім аздап жақсарады" деген. 13,3%-ы салықтың өсуінен тұрмысында өзгеріс болмайды деп біледі.

"ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ЖАУАБЫ"

Былтыр шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Салық кодексі биыл 1 қаңтардан күшіне еніп еді. Қазақстан үкіметі салық реформасын бастағанда бизнес көлеңкеден шығып, салық түсімдері артады деген уәж айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баға, тариф және салық. Үкіметтің шұғыл шешімі нені білдіреді? 

Салық реформасындағы ең үлкен өзгеріс — биылдан бастап қосылған құн салығы 12-ден 16 пайызға көтерілді. Бұл өзгеріс тауар бағасына тікелей әсер етеді. Өйткені салықты бизнес төлегенімен, олар шығынды көбіне тауар мен қызмет бағасын өсіру есебінен өтейді. Қосымша құн салығын төлейтіндер критерийі өзгеріп, бұл салық түрін төлеуге міндетті болатын компания да артады. Одан бөлек, бұрын жеті түрлі арнайы салық режимі болса, енді олар біріктіріліп, 3 режим ғана қалды. Сарапшылар бұл шағын және орта бизнеске түсетін салық жүктемесін арттырып, олардың шығынын көбейтеді деп ескерткен.

Бірақ, үкімет жоспарлағандай, Республикалық бюджетке салық түсімі артқаны рас. Ресми дерек бойынша, жыл басынан бері екі айда мемлекетке 2,9 трлн теңге түсіп, жоспарланған мөлшерден 13 пайыз асқан. Бұл былтырғы жылдың тап осы кезеңімен салыстырғанда 677 млрд теңгеге көп.

"Салық реформасы – уақтылы қабыл­данған шешім болды. Ол қорда­ланған мәселелердің жауабын табуға жол ашты. Салық реформасы айқын әрі әділ жүйені қалыптастыруға, бизнестің жасанды түрде бөлшектену мүмкіндіктерін азайтуға және адал әрі әділ бәсекеге жағдай жасауға бағытталған", – деді Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов 3 наурызда "Егемен Қазақстанда" шыққан мақаласында.

"МЕМЛЕКЕТ ЕКІ ЖАҚҚА ДА ТИІМДІ ШАРТТАРДЫ ҰСЫНУЫ КЕРЕК"

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл қаңтар-ақпан айларында 65 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жабылған. 73 400 жеке кәсіпкер қызметін тоқтатып, олардың жалпы саны 4,7 пайызға азайған. Есепші әрі азаматтық белсенді Дархан Шәріп мұны салық реформасының салдары деп біледі. Оның сөзінше, қазір компаниялар ауырлай түскен салықтан қашу үшін не қызметін тоқтатып, не компанияларын бөлшектеп жатыр.

– Мемлекет екі жаққа да тиімді шарттарды ұсынуы керек, сол кезде бизнес көлеңкеден өзі-ақ шығады, тек оған жағдай жасап отырсаң болды. Оларды қыспаққа алып, әр тиынын санап, салық мөлшерін жыл сайын көбейте берсең, кәсіпкерлер табысын одан сайын жасыру амалдарын іздей бастайды, – дейді Дархан Шәріп.

Оның айтуынша, он жылдан бері кәсіпкерлер біртіндеп көлеңкеден шығып, салығын ашық төлеуге үйрене бастаған. Жаңа салық кодексі бұл процесті кері бұрды деп санайды ол.

"БІР ҚОЛМЕН САЛЫҚТЫ ӨСІРІП, ЕКІНШІ ҚОЛМЕН БАҒАНЫ ТҮСІРУ МҮМКІН ЕМЕС"

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев те Салық кодексіне байланысты үкіметке сын айтты. Ол өзі жетекшілік ететін "Ақ жол" партиясы салық реформасына қарсы болғанын, бірақ өздерін не үкімет, не басқа фракциялар қолдамағанын жазған. Перуашевтің айтуынша, жаңа кодекс шағын және орта бизнеске қосымша шығын әкеліп, оны әлсіретіп отыр. Дегенмен, депутат сөзінше, түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте. Мұның салдары 3-6 айдан соң байқалады дейді ол.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев. Астана, 28 наурыз, 2023 жыл.

"Үкімет салық түсімі артты дегенде, әрең күн көріп отырғандарды соңғы сөліне дейін сығып алып жатыр ма деп қаламын" деп жазды ол BES.media сайтында.

Перуашевтың айтуынша, қазір Қазақстанда отбасылар табысының 60 пайызына дейін азық-түлікке жұмсайды. Үкімет әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы көтерілмегенін қаласа, ондай тауарға салынын ҚҚС-ты азайтуы керек дейді ол.

"Бір қолмен салықты өсіріп, екінші қолмен бағаны түсіру мүмкін емес. Экономика олай жұмыс істемейді. Жалпы салық реформасы дегеніміз — тек бюджетті толтыру емес. Бұл — экономикалық және инвестициялық саясат, әлеуметтік салдары болатын мәселе. Бюджет дегеніңіз ыдыс сияқты: оны толтырып қана қоймай, қаражаттың сыртқа ағып кетпеуін де қамтамасыз ету керек. Біз тиімсіз шығындарды қысқартайық, жемқорлықпен, контрабандамен күресейік деп ұсындық. Сондықтан бұл әңгімеміз Салық кодексі аясындағы мәселе емес, тұтас экономикалық саясат туралы да сөз болып отыр. Ал бұл саясатқа біздің сұрағымыз бар", – деді Азат Перуашев.

"ДҮНИЕЖҮЗІНДЕ МҰНДАЙ ШЕКТЕУ ЕНГІЗГЕН БІРІНШІ ЕЛ - ҚАЗАҚСТАН"

Азаттық бұл мәселе бойынша "Республика" партиясы атынан сайланған мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтың пікірін білді.

Азаттық: Қазақстан халқы 16 пайыз қосымша құн салығын төлеп жатқанына үш айдан асты. Салықтың мөлшерімен бірге қызмет ақысы, тауар бағасы да өсті. Қарапайым тұтынушы ретінде өзіңізге сезіліп жатыр ма?

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов. (Мәжілістің ресми сайтынан)

Айтуар Қошмамбетов: Әрине сезіліп жатыр. Күн сайын тауар аламыз, қызмет түрлерін тұтынамыз. Сондықтан күнделікті өмірде де байқалады. Cоңғы 3-5 жылда тауар немесе қызмет түрі арзандағанын көрген емеспін. Бағаның өсуі үйреншікті болып кеткен сияқты.

Ал нақты салықты айтатын болсақ, оның (салықтың өсуі – ред.) әсері тікелей білініп отыр. Мысалы күнделікті қолданатын телефон байланысы, интернет, коммуналдық қызметтің өзінде қосылған құн салығы деген графасы көбейді. Мұндай мысал көп.

Азаттық: Өзіңіз айтқан кейінгі төрт-бес жылдағы қымбатшылықты жаңа салық кодексі тіпті үдетіп жіберген жоқ па?

Айтуар Қошмамбетов: Оның үлесі бар. Психологиялық тұрғыдан алатын болсақ, оның нақты бір себепкері бар деп айтсақ болады. Ол - Салық кодексі және салықтың көбеюі. Үкіметтің айтуы бойынша, қосылған құн салығы 4%-ға көбейді. Алайда оның масштабын алатын болсақ және кәсіпкерлік көзқараспен қарасақ, қосылған құн салығы 33%-ға көбейді. Яғни оның мультипликатив әсері бар.

Your browser doesn’t support HTML5

Қамалған наразылар, екі түрлі видео, салмағы ауыр салық — AzatNEWS l 19.03.2026

Сонымен қатар, B2B (business to business) қарым-қатынастарында шектеу қойылды. Бұл оңайтылған салық режиміндегі кәсіпкерлерге қиыншылық тудырып отыр. Сондықтан мұның да тікелей қымбатшылыққа әсері бар.

Азаттық: Қоғамның пікірін саралайтын Demoscope бюросы мен MediaNet халықаралық журналистика орталығы өткен айда жүргізген сауалнамада қазақстандықтардың 77,6%-ы шығындарының артқанын айтқан. Олардың басым бөлігі бұл өзгерістер ең алдымен тауар мен қызмет бағасының өсуімен байланысты екенін, сондықтан үнемдеуге мәжбүр болғанын айтқан. Кодекс салық түсімдерін арттыруды көздейтіні түсінікті, алайда ол күшіне енген соң тауар мен қызмет түрі қымбаттайтыны анық болды. Осы ретте мемлекет әлеуметтік салдарды жеткілікті түрлде саралап, ескерді деп есептейсіз бе?

Айтуар Қошмамбетов: Менің ойымша, бұл сұрақты екіге бөлсек болады. Біріншіден, салықтың ұлғаюы – объективті өмір процесі, шынын айтқанда біздің елде қосылған құн салығы 20 пайыз болған кездер де болған. Бұған да себеп бар. Бастысы – бюджет жетіспеушілігі, яғни жарататын ақшамыз пайдадан табатын ақшамыздан көбірек болып тұр, сондықтан мұны реттеу керек.

Дегенмен, кәсіпкерлердің ызасын тудыратын және менің өзім де ұсыныс берген басқа мәселе бар. Ол – осы салық кодексінде көрсетілген [бизнес өкілдері арасындағы] қарым-қатынастарды бұзбау туралы өтініш. Яғни, салықты көбейтсе де, қарым-қатынас бұзылып жатса, мұның әсері баға өскенінен де күшті болмақ. Яғни бұрын кәсіп жасап жүрген кәсіпкер бизнесін жабуға мәжбүр болады, арзан тауарлар қымбаттайды, B2B саласында шектеу бар.

Салық көбейсе, оның әсерін нақты санай аламыз, ал мұндай шектеулердің әсерін нақты санай алмаймыз. Оның әсері ұзаққа созылып, кейбір азаматтардың кәсібі жабылып, кейбірі жұмыссыз қалуы мүмкін.

Дамыған елдерде неге инвестиция көп құйылады, себебі салық заңнамасы жиі өзгермейді. Өзгерсе де тек қана мөлшерлеме өзгеріп, қарым-қатынас жағы сол қалпында қалады. Осы мәселені мен де айтып жүрдім

Болашақта өз азаматтарымызға және шетелдік инвесторларға "Қазақстанға ақша құйыңыздар, бизнес жасаңыздар" деген месседж бергіміз келсе, салық заңнамасын жиік өзгертудің қажеті жоқ.

Азаттық: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтар айында өткен құрылтайда Салық кодексі өзгермейтіндей "қасиетті кітап емес" деп, оны қайта қарауды тапсырған еді. Содан бері не өзгерді, нақты үлкен өзгеріс бар ма?

Айтуар Қошмамбетов: Салық заңнамасының ерекшелігі бар. Ол басқа заңдар сияқты тез өзгере салмайды, оған шектеу қойылған. Мысалы, бүгін салық заңнамасына өзгеріс енгізіміз келсе, оны 1 шілдеге дейін ұсынып, мәжіліс, сенат сияқты бүкіл сатыдан өтуіміз керек, оған президент қол қойса, ол тек келесі жылдың 1 қаңтарында ғана күшіне енеді. Яғни жылына бір-ақ рет өзгеріс енгізуге болатын заңнама.

Бұл бойынша қазір арнайы жобалық кеңсе құрылды, оны премьер-министрдің орынбасары басқарады, сол жерде салық заңнамасына 80-дей өзгеріс дайындалып, қазір мәжіліске ұсыныстар енгізілейін деп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Экономика өсіп жатыр, бірақ халық табысы неге артпайды? Мақсат Халықпен сұхбат

Ал менің менің айтып жүргенім – 30 жылдан бері қалыптасқан қарым-қатынасты бұзбау. Мүмкіндік болса, [бизнес өкілдері арасындағы қарым-қатынасты жақсарту жөніндегі] ұсыныстарды осы сатыда енгізуіміз керек. Өйткені оның салдары өте үлкен болуы мүмкін. Қазірдің өзінде мемлекеттік сатып алу саласында біраз қиыншылық туындап жатыр. Тек қана бір өзгеріс салдарынан "Алматысу" сияқты монополистерден, "Самұрық-Қазына" сияқты квазимемлекеттік сектор өкілдерінен қиыншылықтар болып жатыр. Кейін оның барлығының салдарымен күрескенше, басындағы себебін өзгерткен дұрыс деп ойлаймын.

Азаттық: Осы пікіріңізді кеше мәжілістегі жиында да айтып, шағын және орта кәсіп өкілдерінің болашағына алаңдап, депутаттық сауал жолдағаныңызды естідік. Бұл жаңа Салық кодексі Қазақстанда жеке кәсіппен айналысуды қиындатып жібереді деген сарапшылардың бұған дейін айтқан, халықтың бұған дейін айтқан сын-пікірінің ресми түрде мойындау ма сонда?

Айтуар Қошмамбетов: "Республика" партиясы осы Салық кодексін қарау барысында және кейіннен бірнеше депутаттық сауал жолдаған. Яғни салық кодексі шағын кәсіпкерлер мен ірі кәсіпкерлердің арасында қарым-қатынасты жоюға алып келеді деп дабыл қаққан.

Нақты статистиканы алатын болсақ, бұрынғы салық кодексі кезінде, яғни 2025 жылы бізде 2,2 млн кәсіпкер болса, оның 1,9 миллионы осы оңайлатылған салық режимінде болған. 2026 жылы 1,2 миллион қалды, яғни 700 мыңдай кәсіпкер түсіп қалды. Олардың барлығы кәсібін жапты немесе жалпы режимге өтті.

Шынын айтқанда қазір олар осы оңайлатылған салық режимінің артықшылықтарын қолдана алмай жүр. Өйткені оңайтылған салық режиміндегілер қазір ірі кәсіпкерлерге өз қызметтерін, тауарларын сата алмайды, қызмет көрсете алмайды. Бұл – үлкен кедергі. Шағыннан орта кәсіпке, одан кейін үлкен кәсіпке өсудің тетіктерін жауып жатыр. Бізге Салық кодексі мәселенің бәрін шешеді деген еді. Бірақ шынын айтқанда, дүниежүзінде [бизнестер арасында] мұндай шектеуді ең бірінші енгізген ел – біздің Қазақстан. Менің ойымша бұл орынсыз өзгеріс болды. Және де мұны біраз талқыладық, өкінішке қарай, кәсіпкерлерді қолдайтын депутаттардың сөзін сөйлейтіндер аз болды. Енді осыны өзгертуге тырысамыз.

Азаттық: Осы Салық кодексі күшіне енген соң, жыл басында бір ақпарат құралына берген сұхбатыңызда "өзгерістерді түсінікті тілмен түсіндірмейді, халықты жау көретін сияқты" деп үкіметті сынағансыз. Әлі де сол пікірдесіз бе? Неге олай деп айттыңыз?

Айтуар Қошмамбетов: "Жау" деп тым қатты кетіп қалған шығармын, бірақ шын мәнінде халыққа жетіспейтіні – ашық, түсінікті ақпарат. Яғни, менің ойымша, министр болсын, вице-министр, әкім болсын, осылай тікелей эфирге шығып, әлеуметтік желіні қолданып, заңнамаға енгізілген әрбір өзгерісті, ашық, жария түрде, жеңіл әрі түсінікті тілмен, халықтың ызасын туғызбайтындай, көңіл-күйін бұзбайтындай етіп түсіндірсе, әрі қарай жұмыс істеп кетуші едік.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қаулап өсіп жатыр". Қазақстанда қымбатшылық күшейіп, табыстың көп бөлігі тамаққа кетіп жатыр

Ал бізде кез келген өзгеріс құпия енгізіледі, оның жұмысы қалай болып жатыр, ол жағы түсініксіз, сұрақтар көп туындайды.

Осы жылдың басынан-ақ бірнеше мысал келтірсем болады. Мысалы ұлттық тауарлар каталогын жасап, оларды арнайы базаға енгізіп жатыр. Бұл – бүкіл импорттаушы, өндіруші, тауар сатушы сияқты тараптарға қатысы бар жаңа, үлкен норма. Ал оның сұрақтары өте көп. Оны қалай енгіземіз, тауар атауын қалай қоямыз, бағдарлама жұмыс істей ме, істемей ме? Сол мәселені біз көтергенше жұмыс жүрмеді. Мен депутаттық сауал жолдадым, бірнеше кездесу өткіздім. Содан кейін ғана арнайы байланыс орталығы ашылып, аздап жария түрде жұмыс басталды.

Қабылданған әрбір шешімнің көп адамға қатысы бар, олардың өмірін өзгертіп жатыр. Сондықтан ол өзгерісті сол жұмыс істейтін адамдардың өзіне тікелей түсіндіру қажет. Олармен күн сайын бірлесе жұмыс істеу керек. Ал шешімдер тек заң, үкімет шешімі ретінде ғана қалып қоймайды. Ол нақты әсер ететін азаматқа дейін жетіп, оларға түсінікті болуы қажет.