Accessibility links

Сот шешімімен жеті күнге абақтыға қамалған Макс Боқаев аштық жариялады


Атыраудағы «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі - Макс Боқаев.

Атыраудағы «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі - Макс Боқаев.

Ембі мұнайшыларының сенімді өкілі, «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев қамауда жатып аштық жариялады. Сот оған әкімшілік құқықтық тәртіпті бұзды деген айып тағып, жеті күнге абақтыға қамауға шешім шығарған болатын.

Макс Боқаевтың тұтқындалғаны туралы хабарды туған-туысқандары тек үшінші тәулікте естігендерін айтады. Макс Боқаевтың апайы Гүлмарал Боқаеваның сөзінше, бауыры үй-ішіне тек шілденің 6-сы күні телефон шалып, өзінің ішкі істер басқармасында қамауда отырғанын хабарлаған.

Полиция оны Мақатта шілденің 3-і күні ұстап алып кеткен болатын. Мақат аудандық соты төрағасы Базарғали Қадырғалиевтің шығарған шешімімен оған әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 373-бабының 3-тармағы бойынша айып тағылып, Макс Бокаев жеті тәулікке абақтыға қамалған.

– Мұның барлығын тек 6 шілде күні қалалық кезекші прокурормен кездескенде ғана білдік. Бізді онымен жолықтырмады, тек телефон арқылы сөйлестік. Бірақ ол прокуратураға өзін заңсыз ұстап, тіпті туғандарына хабарлауға да мүмкіндік бермегені жайлы арыз жазыпты, – деді Гүлмарал Боқаева Азаттық радиосына.

Бұл жайлы Мақат аудандық прокуроры Халидолла Дәуешовке хабарласқанымызда, Бокаевқа шығарылған сот шешіміне ешқандай түсініктеме бере алмайтынын айтты.

«Демос» құқық қорғау қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан Қизатованың сөзіне сүйенсек, абақтыда жатқан Макс Бокаев сот шешіміне
«Демос» құқық қорғау қоғамдық бірлестігінің жетекшісі - Тоғжан Қизатова. Атырау, 19 қыркүйек 2009 жыл.
наразылық танытып аштық жариялаған. Жедел жәрдем оның қан қысымы көтеріліп, гастритінің үдегенін анықтаған дейді Қизатова.

– Мақат аудандық сот шешімімен таныстым. Онда Макс Боқаевтың шілденің 1-і күні жұмысшылардың заңсыз митингісін ұйымдастырғаны туралы жазылған. Ал бұл еңбек ұжымының жиналысы, жұмысшылар Макс Боқаевты өздерінің өкілі етіп сайлап алған. 373-баптың бұл жерге қатысы жоқ деп санаймын. Ал шілденің 3-і күні құқықтық кеңес сұраған мұнайшылардың бірімен кездесуге барғанда оны бірден қамауға алған, – деді Тоғжан Қизатова.

Бұған қоса қоғамдық құқық қорғаушы «ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалындағы жұмысшылар наразылығының барлығы түрлі деңгейдегі кәсіподақтар жұмысының түкке тұрмайтындығын көрсетеді деп санайды.

– Мұның бәрі алдымен Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасы Сиязбек Мұқашевтың, ҚР мұнайгаз кешені қызметкерлерінің кәсіподағы төрағасы Тілекқабыл Қабдоловтың, «ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалы төрағасы Марат Нысанбаевтың мүлде жұмыс жасамайтындығын танытады. Егер олар мұнайшылармен тығыз байланыста болса, олардың талаптарына дер кезінде құлақ асып отырса, бұл жағдайлардың бірі де болмас еді, – дейді Тоғжан Қизатова.

Қазір атыраулық қоғамдық бірлестік мүшелері мен Макс Боқаевтың туысқандары оның құқын қорғайтын адвокат іздестіріп жатыр.

Атыраудағы Ембі мұнайшыларының жалақы төлеу жүйесіне қарсылық білдіріп, 70% аймақтық және 1,8% салалық коэффициенттерді міндетті түрде төлеуді талап еткен мұнайшылар наразылығы биылғы мамыр айында басталған еді. Олар өздеріне құқықтық қызмет көрсететін кеңесші ретінде «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаевты сайлап алғандарын хабарлаған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG