Accessibility links

Қытай несиесі: «қақпандағы жемтік» пе, әлде инвестиция ма?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао Бейжіңде.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао Бейжіңде.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға ресми сапарының бір нәтижесі – Қытайдың Қазақстанға 10 миллиард доллар несие беруі – қоғамда әртүрлі қабылданды. Ресми тұлғалар бұны «президенттің үлкен табысы» десе, бақылаушылар сақтықпен қарауда.

Қазақстан жоғарғы билігіне Совет кезеңінде республика коммунистік партиясының бірінші хатшысы дәрежесінде келген президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрші коммунистік Қытайға 15 мәрте сапармен барды. Қазақстан басшысының 15-19 сәуір аралығында Бейжіңге жасаған кезекті сапары Қазақстанда әртүрлі бағаға ие болды.

«НЕСИЕ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ – ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҮЛКЕН ТАБЫСЫ»

Прагадағы жұмыс сапарының соңында, Қазақстан президентінің Қытайға ресми сапарына тікелей жауапты болған Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин, Азаттық радиосына берген эксклюзивті сұхбатында, Қытаймен 10 миллиард долларлық келісімге қол қойылуын «өте маңызды жетістік» деп атады.

«Қытай жағы жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында Қазақстан территориясында жүзеге асатын маңызды жобаға (Қазақстан – Қытай газ құбыры) түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуін біз президенттің үлкен табысы деп есептейміз. Бұл – біздің экономикамызға келген инвестиция, бұл – жаңа жұмыс орындары. Мен бұны маңызды және сөзсіз жетістік деп ойлаймын», - деді Марат Тәжин Азаттыққа берген сұхбатында.

Қытайдың Қазақстанға несие беру шартын сыртқы істер министрі Марат Тәжин толықтай қалыпты нәрсе деп есептейді. Министрдің айтуынша, несие «барлық стандарттарға сәйкес, халықаралық нарықтық шарттармен берілген».

Сонымен бірге министр бұл келісімге дайындық жабық сипатта болмағанына тілшімізді сендіруге тырысты

«Қазақстан қоғамы барлығынан хабардар болып отырды. Бұл сапар жайындағы идея бұрыннан, өткен жылдан даярлана бастаған. ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Қазақстанға келген кезде де осы сапардың мәселелері талқыланған. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарынан екі апта бұрын менің өзім Қытайда болып, басқаларымен қатар осы мәселелерді де талқылағанмын», - деді Марат Тәжин.

Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшылығы да жарты жыл бойы бұл мәселелер бойынша ашық кеңестерді жүргізген.

Соңғы алты айдың ішінде баспасөз құралдары қытайлық мұнай-газ компаниясының (CNPC) «Маңыстаумұнайгаз» (ММГ) компаниясының үлесін сатып алмақ ниеті бары жайында жазғаны рас. Алайда олардың барлығында инсайдерлік ақпарат бұлақтарына сілтеме жасалды. Ал энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев журналистердің қойған сауалдарына жалтара жауап айтып келді. ММГ акцияларының 49 пайызын нақты қытайлардың сатып алатыны туралы ашық ақпарат болды деуге келмейді, себебі, іс жүзінде Қазақстан президентінің Қытайға сапарына дейін аталған үлесті үндінің ONGC компаниясы сатып ала ма, жоқ әлде қытайлық CNPC компаниясы ала ма деген сауалға соңғы уақытқа шейін толыққанды жауап болған жоқ.

«ЕГЕР 10 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР ҚАРЫЗ АЛУ ҚАЖЕТ ПЕ ДЕП ХАЛЫҚТАН СҰРАСА. ЖОҚ ДЕП ЖАУАП БЕРЕР ЕДІ»

Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры экономист Меруерт Махмутова министр Марат Тәжиннің пікірімен толық келісе қоймайды. Оның сөзіне қарағанда, Қытайдан 10 миллиард доллар қарыз алу туралы мақсатын Қазақстан билігі «соншалықты жарнамаламаған».

Меруерт Махмутованың пікірінше, егер билік халықтан «Қытайдан қарыз алуға бола ма?» деп сұраса, «жоқ» деген жауап алар еді деп есептейді. Бұл туралы ол Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деді:

– Қытай несиесі Қазақстанның мұнай-газ немесе басқа секторларында, ең алдымен ұлттық экономиканың стратегиялық жағынан маңызды барлық салаларында Қытайдың араласуымен тығыз байланыста болмақ. Қазір болып жатқан оқиғаларды осылай көпірте берсек, уақыт өте келе біз Қытайдың бір провинциясына айналып кетпейміз бе?

Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы директоры 10 миллиард долларлық қытай несиесінен қауіптенетіндігін жасырмады:

– Қазақстан экономикасы шағын ел ретінде, оның үстіне Қытайға жақын жатқан көрші болғандықтан, мұндай «сыйды» қабылдай отырып, өте сақ болуы керек деп есептеймін. Өйткені, 10 миллиард доллар қазір кейбір проблемаларды шешуі мүмкін. Ал ұзақ мерзіммен есептегенде, бұның соңы қандай боларын біз қазір айта алмаймыз. Бұл Қазақстан үшін «қақпандағы жемтік» болып жүрмесін?!

«ҚЫТАЙ УЛЫ ДОЛЛАР АКТИВТЕРІН ҚАЗАҚСТАНҒА БЕРІП ҚҰТЫЛЫП, ЭНЕРГИЯ РЕСУРСТАРЫНА ИЕ БОЛАДЫ»

Қазақстанның оппозиция жетекшілерінің бірі Петр Своиктің пікірінше, Қазақстанға үлкен несие беру арқылы Қытай, біріншіден, «өзіне проблема туғызып отырған «улы» долларлық активтерінен құтылады», екіншіден, «өзіне үлкен пайдамен Каспий жағасынан энергия көздерін сатып алады».

Азаттық радиосына берген сұхбатында Петр Своик бұл келісім экономикалық және саяси тұрғыдан Қазақстанды Қытайға экспорттап, сол елден импорттауға қазіргіге қарағаннан да көбірек тәуелді етеді деген пайымын білдірді.

«Меніңше, бұл өте нашар жағдай. Өйткені, экспорт пен импорттың құрылымы Қазақстанның пайдасынан аулақтау жатыр. Қазақстан Қытайға тек шикізат қана экспорттап (бұрын таусылғанша металл сынықтарын да экспорттады), есесіне Қытайдан өмірге қажетті бар тауарларды импорттайды», - деді П.Своик. Ол мұндай жағдай Қазақстанға өте-мөте қауіпті деп санайды.

«Қытай өзінің осы инвестицияларының көмегімен Қазақстан территориясына тереңдеп еніп, сол қаржыны игеруде бас мердігер ретінде өзі қатысады. Яғни, басқасын айтпағанда, құрылыс салу арқылы Қытай өзінің берген қаржысын өзіне қайтарып алады», - дейді Петр Своик.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG