Accessibility links

Эдгар Салдузидің жақындары тергеушіге негізгі күдіктіні атады


Алматы ауыр машина жасау зауытының ғимараты. 21 қыркүйек 2009 жыл.

Алматы ауыр машина жасау зауытының ғимараты. 21 қыркүйек 2009 жыл.

Із-түзсіз жоғалған бизнесмен Эдгар Салдузидің досы Аухат Шаинов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Майра Құрманғалиеваның есімін ауызға алды. Бірақ кәсіпкер оны негізгі күдікті ретінде атамағанын айтады.


Осыдан 17 күн бұрын Алматыда із-түссіз жоғалып кеткен бизнесмен Эдгар Салудзидің жақын досы Аухат Шаинов, серігінің жоғалуына қатысы бар деген негізгі күдіктінің есімін тергеушіге айтып берген. Бұл туралы Аухат Шаиновтың өзі тамыздың 31-і күні Азаттық радиосына мәлімдеді.

Аухат Шаиновтың пайымдауынша, оның досы Эдгар Салдузидің жоғалуына әлдебір адамның қатысы бар екені хақ.

– Эдгардың жоғалуы оның бизнесі мен кәсіби қызметіне қатысты. Ешқандай отбасылық жанжал немесе жолдастары арасында шиеленіс болған емес. Оның ұрлануына қатысы бар күдіктінің есімі бізге белгілі. Эдгардың інісі Александр екеуіміз күдіктінің аты-жөнін Алматы қалалық ішкі істер департаментінің тергеушісіне айттық, – деді Аухат Шаинов Азаттық радиосының тілшісіне.

Алайда ол Азаттық тілшісіне әлгі күдіктінің есімін ашып айтудан бас тартты.

Сонымен қатар Аухат Шаинов Эдгар Салдузидің ғұмырында Алматы ауыр машина жасау зауытына қатысты соттан басқа қандай да бір алып бара жатқан айтыс-тартыстың болмағанын айтады. Бұл орайда Аухат Шаинов ізім-ғайым жоғалып кеткен досының бұрынғы әріптесі, Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның есімін атағаны туралы «ҚазТАГ» агенттігі жазады.

«Алматы ауыр машина жасау зауытының меншік иелігіне қатысты сот процесінде Майра Құрманғалиеваның Эдгардан жеңіліп қалғаны белгілі. Осыдан кейін арызданушы жақтың қарымта қайтармақ ниеті болуы мүмкін. Мені көбіне осы жағы мазалайды», – деген Аухат Шаинов «ҚазТАГ» агенттігіне.

Бірақ Аухат Шаиновтың өзі Азаттық тілшілеріне берген түсініктемесінде, Салдузидің жоғалуына «негізгі күдікті» ретінде Майра Құнмағалиеваның есімін атамағанын қадап айтты.

– Мен ешбір газетке, порталға немесе ақпарат агенттігіне сұқбатта Майраны атаған емеспін... Бұның барлығын – тергеушіден сұраңыздар. Мен тергеушіге нақты адамның есімін айттым, содан анықтап алыңыздар, – деді Аухат Шаинов.

Қазақстандағы «SM market» супермаркеттер желісі қожаларының бірі, 34 жастағы бизнесмен Эдгар Салдузидің биыл тамыздың 14-і күні аяқ астынан ұшты-күйлі жоғалып кеткені жөнінде оның әйелі Анастасия Салдузи құқық органдарына шағымданғаны туралы бұған дейін Азаттық радиосы хабарлаған болатын.

Сол кезде Анастасия Салдузи, Азаттық радиосына берген сұхбатында, ерінің жоғалуын оның кәсібімен байланыстырған еді.

Тамыздың 31-і күні Анастасия Салдузи Азаттық радиосы тілшісіне, тергеу амалдары аяқталмайынша ешқандай мәлімет бермейтінін айтты.

Бұл мәселеге қатысты Майра Құрманғалиеваның өзінен немесе оның сенімді өкілдерінен түсінік алуға тырысқанымызбен, олармен байланысу мүмкін болмады.

Сонымен бірге, Азаттық радиосының тілшісі тамыздың 31-і күні Болат Назарбаевтың кеңсесіне қоңырау шалған еді. Алайда өзін «БН-Инвест» компаниясының күзетшісімін деп таныстырған ер адам Болат Назарбаевтың кеңседе жоқ екендігін айтып, «ертең хабарласыңыздар» деп кеңес берді.

Жоғалғанға дейін бизнесмен Эдгар Салдузидің есімі Қазақстанда бірнеше ай бойы шулы мақалаларға негіз болған еді. Өзара ақпараттық ұрыс ашқан екі басылым Эдгар Салдузидің бейнесін қарама-қайшы жағынан сипаттап жазған-тын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG