Accessibility links

Астана интернетке қатысты қытайлық тәсілді басшылыққа алуда деп ескертеді журналистер


Қоғам өкілдері интернетке қатысты заң жобасын сынға алды. Солдан оңға: Сейтқазы Матаев, Сергей Власенко, Тамара Калеева, Тамара Симахина және Юрий Мизинов. Алматы, 27 қаңтар 2009 ж.

Қоғам өкілдері интернетке қатысты заң жобасын сынға алды. Солдан оңға: Сейтқазы Матаев, Сергей Власенко, Тамара Калеева, Тамара Симахина және Юрий Мизинов. Алматы, 27 қаңтар 2009 ж.

Бүгін Астанада Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жұмыс тобында талқыға түскен интернетті реттеуге арналған заң жобасы Конституцияға, халықаралық құжаттарға қайшы келетінін айтып, бірқатар журналистік ұйымдар тағы да сынға алды. Олар соңғы он жылдың көлемінде алғаш рет жұмыс тобының құрамына енгізілмеді.

Сейсенбі күні түс кезінде Астанада өткен Мәжілістің жұмыс тобына тек бақылаушы ретінде шақырылған қазақстандық бірқатар журналистік ұйымдардың өкілдері ол жиынға барудан бас тартып, интернетке қатысты заң жобасы бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігін қаталдататындығын айтып, Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді.

Парламенттің қарауына биылғы қаңтардың 5-і күні түскен даулы жобаны бастан-аяқ талдап шыққан Қазақстандағы сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қоғамдық қоры мен Қазақстан телерадиохабарлар таратушыларының ұлттық қауымдастығы өздерінің қорытындысында жобаның кем-кетіктерін тізіп шығып, оны әуелі бұқараның талқысына салғаннан кейін дайындау қажеттігін айтып, жобаны парламенттен кері қайтарып алуға кеңес берген.

Мәжілістің жұмыс тобының құрамына енуге ынта білдірген журналистік ұйымдардың өкілдері оған кіре алмағандарын айтады.

Заңгер Сергей Власенко (сол) және "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева. Алматы, 27 қаңтар 2009 ж.
- Қазақстан Конституциясына қайшы келетін бұл жоба, іс жүзінде бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң іспеттес. Себебі, заң бойынша бізде барлық сайттар ақпарат құралдарымен теңестірілгені мәлім. Біз, соңғы сәтке дейін, осы жұмыс тобының құрамына еніп, аталған жобаны дәл қазіргі күйінде заң ретінде қабылдауға болмайтындығына депутаттардың көзін жеткіземіз деген үмітте болдық. Бірақ, қазір бұл даулы жобаны қарап жатқан жұмыс тобының жетекшісі топтың құрамына бұл мәселені көп уақыт зерттеген тәжірибесі бар білікті заңгерлерді, журналистерді енгізу туралы ұсынымызға алғашында келіскендей сыңай танытқанымен, жеме-жемге келгенде олардың ешқайсысы жұмыс тобына кірмей қалды. Бұл соңғы 10 жылда біз кездесіп отырған алғашқы жағдай.

Жұмыс тобының құрамында кімдер бар екендігі бізге әлі күнге жұмбақ күйінде қалып отыр. Ал топ жетекшісінің өзі бұрын комсомол, партия, кеңес жұмыстарында, кейіннен әкімшілікте істеген, негізгі мамандығы - мал дәрігері. Ол кісінің интернеттегі ақпарат құралдары туралы және олардың қызметі жайында қаншалықты білгір маман екендігіне біздің күмәніміз күшті. Өкінішке қарай, бұл жобаға қатысты енді ешқандай жақсылық күтуге болмайтыны айқын болып отыр, бізді ешкім тыңдағысы келмейді. Жобаны дайындаған ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің оны тек техникалық сипаттағы дегенімен біз келіспейміз. Бұл – саяси мақсаттағы заң жобасы, - деді «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева.

Қазақстанның қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігі жайында тақырыптарды қозғайтын zonakz.net интернет-газетінің бас редакторы Юрий Мизинов даулы заң жобасының дүниеге келуіне Рахат Әлиевтің атымен байланысты атышулы телефон тыңдаулары туралы жарияланымдар түрткі болды деп санайды.

- Бұл жоба заң болып қабылданған жағдайда, ондағы көлемді тізімі көрсетілген кез-келген бапты сылтау етіп, Бас прокурор сайтты жабу туралы бастама көтере алады. Ал егер сайттың иесі шетелде болса, онда Астана қаласының соты ол сайтты жабу туралы шешімді әлгінің сыртынан қабылдай беру құқығына ие болмақ. Сөйтіп, қазірде Қазақстанда тосқауыл қойылып отырған livejournal.com порталындағы Рахат Әлиевтің парақшасын тұмшалап ұстауға толық заңды негіз болар еді. Бірақ, негізгі нысана Рахат болғанымен, таяқтың ұшы басқаларға да тиетіні даусыз. Рас, интернетте реттеуді қажет ететін мәселелер жетерлік. Соның бірі, мәселен, жеке блогтар мен редакция арасындағы қатынастар реттеуді қажет етеді. Сол секілді, қазіргі заңға сәйкес, кез-келген интернет-сайт БАҚ-на теңестірілген. Бірақ, айталық, Мырқымбайдың жеке сайтын БАҚ деп санау күлкілі жайт. Міне, интернетке байланысты осындай өзекті проблемаларды шешудің орнына бізде назарды әлгіндей жайттарға бөліп отыр, - деді Юрий Мизинов.

Қазақстан Журналистері Конгресінің заңгері Тамара Симахина үкімет аталмыш жобаны дайындауға қоғамдық ұйымдарды араластырмай, жасырын-жабық жағдайда әзірлеген деп сын айтты:

- Былтыр «БАҚ туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізерде қазір осында отырған үкіметтік ұйымдардың барлығы жұмыс тобының құрамына шақырылып, оны талқылап, пікірталастарға қатысқан болатын. Және Мәдениет және ақпарат министрлігі оны Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болып сайланған кезде мойнына алған міндеттемелерінің бірін орындап жатқанының мысалы ретінде көрсетіп, әртүрлі баспасөз мәслихаттарын өткізіп, жарнамалап жатты. Алайда, сонымен бір мезгілде үкімет қоғамға айтпастан, оны дайындауға үкіметтік емес ұйымдардан кәсіби білікті мамандарды қатыстырмастан БАҚ-ның жағдайын қиындатып, жауапкершілігін қаталдататын осындай жобаны әзірлегенін журналистер қауымдастығы өте кеш – заң жобасы парламентке түскен кезде бір-ақ естіді. Егер қазірге дейін басылымды шығармау туралы мәселені оның меншік иесі және, жекелеген жағдайда, сот қана шешіп келсе, енді жоба бойынша, Бас прокуратура өз бастамасымен ақпарат құралын жауып тастау құқығына ие болмақ. Ал меншік иесінің өз құқығын қорғауына ешқандай мүмкіндігі қалмайды.

Қазақстан Журналистері Одағының төрағасы Сейтқазы Матаев. Алматы, 27 қаңтар 2009 ж.
Қазақстан телерадиохабарлар таратушылары ұлттық қауымдастығының заңгері Сергей Власенко даулы жобада сайттардың қалай жіктелетіні айқындалмағандықтан, ондағы талаптарды интернет желісіндегі барлық парақшаларға бірдей қолданылады деп түсінудің өзі қиын дейді.

- Мәселен, интернет-дүкендер, электронды кітапханалар, түрлі форумдар, чаттар, т.с.с. барлығы ортақ бір ұғыммен берілгендіктен, жобаны дайындаған ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің пайымынша, оларды да БАҚ деп қарап, бірдей дәрежеде жауапкершілік жүктеу керек. Бұл заң жобасы тек интернеттегі ғана емес, жалпы БАҚ атаулының барлығының қызметіне қатысты шектеулерді ұлғайтып отыр. Интернет, ең алдымен, өзін-өзі реттеуші жүйе. Және де, интернетті тек қана БАҚ ғана емес, сонымен бірге қатардағы азаматтар да пайдаланады. Сондықтан, интернеттегі шектеулер мен тыйымдар солардың ақпаратты еркін алуға және таратуға азаматтық құқықтары мен бостандықтарына тікелей қол сұғу болып табылады, - деді С.Власенко.

Бұл орайда, даулы жобаның мазұмны Қазақстан 2005 жылы бекіткен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қайшы деп ескертті «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева. Ал Қазақстан Журналистері одағының төрағасы Сейтқазы Матаев болса, Қазақстан билігі өз іс-әрекетінде көршілес Қытай еліндегі үлгіге сүйеніп отыр деген пікір айтады:

- Қытай үкіметінің «алдымен экономика, тек содан кейін ғана саясат» деген ұранын дамудың үлгісі ретінде ылғи алға тартып жүрген біздің билік, енді интернетке қатысты да Қытайдың әдіс-тәсілдерін басшылыққа алып отыр. Ол елдің үкіметі жақында ғана 150 мың сайтты жауып тастаған болатын. Ал интернеттің Қазақстандық бөлігін дамыту туралы айтатын біздің үкімет бұндай заңмен ешқашан оны дамыта алмайды, - деді С.Матаев.

Zonakz.net интернет-сайтының бас редакторы Юрий Мизинов. Амлаты, 27 қаңтар 2009 ж.
Даулы жобаны қарауды бастаған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жұмыс тобының мүшелерінен әзірге қандай да бір түсінік алу мүмкін болмады.

Ал жобаны әзірлеген Қазақстанның Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің Азаттық тілшісіне жолдаған жауабында «түзетулер бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдерін таратушы ретінде интернет-ресурста ақпаратты орналастыруды қарауға мүмкіндік беретіндігі, сонымен бірге ұлттық қауіпсіздікті бұзатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдерін таратуға тыйым салынатын түзетулер қарастырылып жатқаны» айтылған.

Телекоммуникация және Интернет-технологиялар саласында зерттеулер жүргізетін ICT-Marketing компаниясының мәліметінше, былтырғы жылдың соңында Қазақстанда интернетті пайдаланушылар саны 2 млн-нан асқан. Ал, халықаралық Comscore зерттеу орталығының дерегіне жүгінсек, былтырғы жылдың соңында, әлем бойынша үйден және жұмыс орнынан интернетті пайдаланатын, жасы 15-тен асқан адамдар саны 1 млрд-қа жеткен.
XS
SM
MD
LG