Accessibility links

Ипотекалық несие пайызын төмендетуді сұраған борышкерлерден банктер табыс туралы анықтама талап етуде


«БТА-ипотека» компаниясының Оралдағы бөлімшесі.
«БТА-ипотека» компаниясының Оралдағы бөлімшесі.

Оралдағы бюджеттік сала қызметкерлері банктердің жұмысына шағым айтады. Олардың табысының аздығын алға тартқан банктер бұған дейін берген ипотекалық несиелерді қайта қаржыландырудан бас тартып отыр. Сарапшылар оның мәнісі сыбайласқан жемқорлық болуы мүмкін дейді.

Мектеп мұғалімі Сәуле Тілепова 2005 жылы БТА Банктен ипотекалық несие рәсімдепті. Оқытушы баспаналы болып, көңілін демдегенімен, банктің жыл сайын келісім-шарт талаптарын күшейтіп, пайыздық үстемелерін көтергеніне назалы.

Үкіметтің ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру жөніндегі бағдарламасы қабылданғаннан кейін, Сәуле Тілепова банкке құжаттарын тапсырмақ болады.

– Мен тиісті құжаттарымды жедел жинап, банкке бірден аттандым, жиырмадан астам түрлі анықтамаларды да тапсыруға апардым. Бірақ, банк қызметкерлері оларды қабылдамады. Олар менің табысымның аздығын алға тартты. Бұл мен үшін ауыр соққы болып тиді. Сонда аталмыш бағдарлама кірісі жоғары азаматтар санатына ғана арналған ба?

Мен білім беру саласында 30 жылдан астам уақыт бойы тер төктім. Мемлекеттің азаматтарға жеңілдік жасайтынын естіген соң, үйге берілген несиенің үстемесі тоғыз пайыз болатынына сенімді болдым. Бірақ, мұның барлығы да құр бекер, бос әурешілік болып шықты, – дейді Сәуле Тілепова қапаланып.

Орта мектептің оқытушысы Гүлсара Сұлтанованың құжаттарын да банк қабылдаудан бас тартыпты. Бұған Гүлсараның жұбайы жұмыссыз болғаны себеп болған.

– Аяқасты жұмыссыз қалғанына менің күйеуімнің кінәсі қанша? Қазір жұмыстан жаппай қысқарту барлық жерде жүруде. Бүгіннің өзінде кредитті бір өзім қиналып, әзер төлеп жүрмін. Бюджеттік сала қызметкері секілді үстемеақының 9 пайызға дейін түсетініне сеніп, енді жеңіл тиеді-ау деп тіпті қуанған да едім. Егер іс жүзінде де осылай болса, мемлекеттің бұл көмегі біз секілділерге айтарлықтай демеу болар еді, – дейді Гүлсара Сұлтанова.

Бұл мәселеге байланысты «БТА-ипотека» компаниясының Батыс Қазақстандық филиалы Азаттыққа қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Ал бас кеңсенің менеджерлері банктің ешқандай қосымша құжаттарды талап етпейтінін, әсіресе табыс туралы анықтама сұратпағанын айтып ақталды.

Жерілікті экономист Жеңіс Сатыбаев мұндай үйлеспеушіліктерді нақтылық пен айқындықтың жоғынан көреді. Осыдан келіп, үкіметтің бастамасына жұрттың сенімі азайып, істің тазалығына күмән пайда болатынын айтады.

– Бұл жер жемқорлықтың ордасына айналуы мүмкін. Егер «БТА ипотеканың» жергілікті филиалы мен компанияның бас кеңсесінің айтқан шарттары бір жерден шықпаса, бұл іс мемлекеттік қадағалаудан тысқары қалып отыр деген сөз. Мен «Самұрық-Қазына» қоры мен екінші деңгейдегі банктердің арасында мұндай келеңсіздіктердің бар екенін және оффшорға құйылар капиталға саңылаулардың пайда бола бастағанын айтар едім, – дейді Жеңіс Сатыбаев.

Наурыздың 25-і күні «Нұр Отан» партиясы мен мемлекеттің дағдарысқа қарсы бөлінген қаржысын қадағалау жөніндегі Комиссияның бірлескен отырысында «Самұрық-Қазына» қоры басқармасы төрағасының орынбасары Қайрат Айтекенов банктердің ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруы үшін ешқандай құжат талап етпеуі керектігін баса айтқан еді.

Оның сөзінше, ипотекалық займдарды қайта қаржыландыратын банктер қосымша шарт, талаптарды ойлап таппауы тиіс. Тек жалпыға ортақ төрт талап қана бар: тұрғын-жайдың аумағы 120 шаршы метрден аспауы тиіс; әрі бұл жалғыз баспана болуы шарт; өтініш берген күні қарыз болмағаны жөн; өтініш иесінің бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс істейтіні расталуы тиіс.

Сонымен бірге, «Самұрық-Қазына» қорына көптеп түсіп жатқан арыз-шағымдарда борышкер азаматтар банктер өздерінен төлем қабілетін дәлелдейтін құжаттарды және баспананың құнын қайта бағалауды талап етіп жатқанына шағым жасаған. Бұл туралы сәуірдің 6-сы күні өткен үкіметтің селекторлық кеңесінде қор жетекшісі Қайрат Келімбетовтың өзі айтқаны туралы хабарлады «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі.

Осы жиында үкімет бағдарламасына қатысушылардың санын ұлғайту мақсатында оған өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.

«Самұрық-Қазына» қорының дерегі бойынша, осы кезге дейін жалпы сомасы 16 млрд 338 млн теңгенің ипотекалық несие қарызын қайта қаржыландыруға 3871 адам өтініш берген. Ал қазіргі уақытқа дейін бұл мақсатқа тек 1 млрд теңге игерілген.

Қазақстанда бұған дейін баспана сатып алу үшін азаматтардың алған ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыру бағдарламасы ел экономикасы мен қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі үкіметтің 2009-2010 жылдарға арналған жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл мақсаттар үшін Ұлттық қордан 120 млрд теңге бөлінген болатын.
XS
SM
MD
LG