Accessibility links

Үш адамның өліміне себепкер болған майордың жазасы қатайтылып, ол қамауға алынды


Қостанай облыстық жол полициясы басқармасының бұрынғы батальон командирі, бұрынғы полиция майоры Ростислав Аргатов сот залында. Қостанай, маусым, 2009 ж.

Қостанай облыстық жол полициясы басқармасының бұрынғы батальон командирі, бұрынғы полиция майоры Ростислав Аргатов сот залында. Қостанай, маусым, 2009 ж.

Ішімдік ішкен күйінде көлік жүргізіп, жол апатын жасаған Қостанай облыстық жол полициясы басқармасының батальон командирі Ростислав Аргатоқа қалалық сот кескен шартты жаза үкімін облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы қайта қарап, айыпкерге 5 жыл түрме жазасы берілді. Жаупкер жақ онымен келіспей, Жоғарғы сотқа шағымданбақшы.

Қостанай облыстық жол полициясы басқармасының батальон командирі, полиция майоры Ростислав Аргатовтың атышулы ісі Қазақстан аумағында сан қилы пікірлер туғызды. Бұл туралы Азаттық радиосының сайтында бұған дейін де оқырмандар өздерінің әртүрлі көзқарастарын білдірген болатын.

Бұған қостанайлықтар да өз үлестерін қосты. Жергілікті “Наша газета”, ”Костанайские новости”, “Қостанай таңы” газеттерінде шыққан пікірлерге көз жүгіртсек, олардың сексен пайызға жуығы маскүнем майор жазасын алуы керек деген ұстанымда.

“Болған істі мойнымен көтеріп, кінәсін мойындап отырса жауапкердің жазасын жеңілдету керек, оны жазалағаннан қоғамға келіп-кетер ештеңе жоқ” деген пікірлер де бар.

Оқиғаның мазмұнына қысқаша шолу жасайтын болсақ, Қостанай қаласында түн ішінде батальон командирі таныс кісінің көлігінің тізгініне мас күйінде отырып, қатты жылдамдықпен келе жатқанда жол апатын жасаған.

Соның салдарынан табан астында екі бірдей адам қаза тапқан. Қатты жараланған үшінші жолаушы екі ай өткеннен кейін ауруханада көз жұмған. Жүргізушінің өзі де әуелі аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, ажалдан аман қалғанымен, осы апаттан алған жарақаттан бір көзінен айырылған.

Қостанай қалалық сотының шешімімен ол бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған болатын.

Сот үкіміне прокуратура тарапынан наразылық түсіп, маусым айында аталған қылмыстық істі облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы қайта қарады.

Зардап шегушілер жауапкердің өзі де тән жарақатын алғандығын, материалдық және моралдық өтемақыны түгел төлегенін айтып, қылмыстық істі жабуды сұрады.

Облыстық сот айыпкердің бес жылға белгіленген шартты жазасын осы мерзімге колонияда өткізуге ауыстыру жөнінде шешім шығарды. Үкімнен кейін полиция майоры сот залында қамауға алынды.

Осы істі алғаш қараған қалалық соттың судьясы Амантай Ташпановтың сөзіне қарағанда, бұл істе жазаны жеңілдету жағы қарастырылуы керек еді. Өйткені, жауапкер қайтыс болған адамдардың отбасынан кешірім сұраған және оларға өтемақы төлеген.

Кезінде жол апатынан зардап шеккендердің медициналық және басқа шығынын көтеруге уәде берген. Қаза тапқандардың туған-туысқандары оған кешірім жасап, ауыр жаза беруді талап етудің орнына жазасын жеңілдетуді өтінген.

Майор бұған дейін қызмет бабында талай марапатқа ие болған. Жақсы қызметі үшін медальдармен, грамоталармен марапатталған. Соңғы жылдары ҚР Ішкі істер министрлігінен, облыстық ішкі істер басқармасы мен облыс әкімдігінен талай мәрте алғыс хат алған.

Сотта айыптаушы есебінде сөз алған прокурор Мерей Аманжолов Аргатовтың лауазымды қызметкер екенін, оның үстіне оның жол апаты болғанда мас болғаны анықталғанын көлдеңен тартып, “қызмет бабындағы тікелей міндеті жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті полиция қызметкерінің жауапсыздығына кешірім жасауға болмайды” деп мәлімдеді.

Оның айтуына қарағанда, “Фольксфаген” жүргізушісі апат болған уақытта сағатына 80 шақырымнан асуға болмайды деген арнайы белгіге де, бағдаршамға да қарамаған, сөйтіп, жол апатын жасауға тікелей себепкер болған.

Аргатов қазіргі уақытта үшінші топтағы мүгедек, сол жақ көзі мүлде көрмейді. Аргатовтың қорғаушы адвокаты, оның енесі Любовь Ақанованың сөзіне қарағанда, айыпкердің шешесінің денсаулығы да мәз емес.

Адвокат жол апаты болған күні Аргатов қызмет бабында болмаған, апат демалыста жүрген кезінде болған оқиға деген түсініктеме бере келіп, қалалық соттың шешімін өзгертуге ешбір негіз жоқ деп есептейтінін айтты.

Ал облыстық сот қалалық соттың судьясы Амантай Ташпановқа үкімнің аса жұмсақтығы үшін жеке қаулы шығарды.

Жауапкерлер жағы болса сот үкімімен келіспейміз, енді Жоғарғы сотқа шағымданамыз деп отыр.
XS
SM
MD
LG