Accessibility links

Владимир Кимнің «Қазақмыс» акцияларын үкіметке асығыс-үсігіс сатуына батыс баспасөзі алаңдаулы


«Қазақмыс» корпорациясының президенті Владимир Ким Владимир Ниді ақтық сапарға шығарып салу кезіндегі қаралы митингте. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.
«Қазақмыс» корпорациясының президенті Владимир Ким Владимир Ниді ақтық сапарға шығарып салу кезіндегі қаралы митингте. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.

Владимир Ким «Қазақмыс» акцияларын сатудан 1 миллиард 342 миллион доллар пайда тапты. Корпорация істеріне Қазақстан элитасындағы мүдделі тұлғалардың күмәнді ықпалы мен бақылау жасауы шетелдік инвесторларды алаңдатып отыр.


Қазақстан үкіметі «Қазақмыстың» үлесін сатып алғаны туралы жұртшылыққа жария еткеннен кейін осынау тау-кен корпорациясы акцияларының бағасы арзандап кеткені туралы «Индепендент» газеті қор нарығына жасаған шолуында жазыпты. Айналыста жүрген құнды қағазы бағасының құлдырау қарқыны бойынша «Қазақмыс» Лондон қор биржасында (LSE) құнды қағаздары сауда айналымында жүрген өзге компанияларды басып озды.

МИЛЛИАРД ДОЛЛАРДЫҢ САУДАСЫ

This is Money сайты «Қазақмыс» директорлар кеңесінің төрағасы миллиардер Владимир Ким туралы батыс инвесторлары көп ештеңе білмейтінін атап өтеді. Ол кезінде «Қазақмыстың» үлесін электроника саласының алыбы «Самсунг» фирмасынан сатып алған болатын.

«Владимир Ким мен Қазақстан үкіметінің мүдделері басқа акционерлер мүддесімен қаншалықты сай келеді – міне мәселе қайда жатыр» дегенді тілге тиек етеді This is Money сайты. Қазақстан президенті лауазымына шектеусіз мәрте сайлану құқығы бар және соттың қудалауына қатысты иммунитетке ие Нұрсұлтан Назарбаев енді «Қазақмыс» компаниясы акциялары пакетінің 26 пайызына ресми түрде бақылау жасайтыны өмір шындығына айналып отыр.

City A.M. сайты бұрын «Қазақмыс» компаниясының 38,9 пайызына ие болған Владимир Кимнің үлесі қазір енді 27,9 пайызға дейін азайғаны туралы жазады. «Қазақмыс» кәсіпорыны мыс өндіретін ірі компаниялар ішінде өнім өндіру көлемі жөнінен әлемде оныншы орында тұр.

«Форбс» журналында биыл жарияланған миллиардерлер тізімінде Владимир Ким 247-ші орынды иемденген, оның дәулеті 3,7 миллиард доллар шамасында бағаланып отыр. «Санди таймс» газеті оны Британияның он төртінші ең бай тұрғыны деп атаған болатын. Владимир Ким құнды қағаздары Лондон қор биржасында айналыста жүрген және FTSE 100 тізіміне енген қазақстандық тағы бір тау-кен компаниясы – Eurasian Natural Resources Company (ENRC) компаниясының да басқарма мүшесі. Ол ENRC-дің 25 пайыздық акциялар үлесін аталған компанияның негізін қалаушылардан 2006 жылы сатып алған болатын. Алайда кейіннен, ENRC акциялары Лондон қор биржасында алғаш рет айналысқа түсе бастағаннан бері оның үлесі шамамен 15 пайызға дейін азайды.

ОЛАР ӨЗАРА ТАМАША ТІЛ ТАБЫСАДЫ

Владимир Кимнің мансабын жұртқа жария етудегі бір мақсат – Қазақстан үкіметімен «тиімді де сындарлы қарым-қатынасты жолға қою» деп жазады «Файнэншл таймс» газеті. Үкіметке он бір пайыздық акциялар пакетін сатуға қатысты мәміленің қалай жасалғанына қарағанда, олар өзара тамаша жарасып, бір-бірінің тілін тапқан сыңайлы, өйткені ол нарықтық бағасы бойынша FTSE 100 тізіміне енетін фирманың соншама көп акциясын бірден сатып жібере алды.

Егер Қазақстан үкіметі «Қазақмыс» фирмасына ықпал еткісі келсе, бұл үшін компания үлесін тікелей сатып алуы екіталай нәрсе. Ондай мақсатқа жету үшін үкіметтің кен өндіру лицензиясы шарттарын сылтауратып компанияға түрлі кедергілер жасауға мүмкіндігі бар.

Бұған дейін мұндай проблема ешқашан туындаған емес әрі Владимир Ким қазіргідей мүдделі тараптардың бәрінің талабын қанағаттандырып отырған кезде ондай мәселе туындамайды да. Ішінара мұның бір себебі мынада: жыл сайын компания мемлекет мұқтажына арнап шамамен 100 миллион доллар қаражат бөліп келеді, бұл компания қалтасынан тікелей бөлініп отырған қаржы есебінен мемлекет те пайда көріп отыр. Мұның сыртында, ішкі кірістерден алынған салық түсімі және бар, оның көлемі ел экономикасының жалпы ішкі өнімінің екі жарым пайызына тең келеді.

НИДІҢ КӨЗІ КЕТКЕН СОҢ ЖАСАЛҒАН МӘМІЛЕ

«Қазақмыс» акцияларын кері сатып алу арқылы Қазақстан үкіметінің ENRC-дегі үлесі көбейіп отыр. Лондондағы бірнеше ірі институционалдық инвесторлардың өкілдері «Қазақмыстың» ірі үлесін сатып алған Қазақстан үкіметінің іс-әрекетіне сескене қарайтындарын мәлімдеді. «Бір институционалдық инвестор акцияларды Ким мырзаның сатқаны – жақсы нәрсе, алайда, оны үкіметке сату – жақсы емес екендігін айтты», – деп хабарлайды газет.

Владимир Кимнің қолындағы акциялардың төрт пайыздық пакетін Гонконг биржасында сату жөніндегі жоспар толық іске асқан күнде, Қазақстан үкіметі «Қазақмыстың» ең ірі акционеріне айналатынын жазады «Дейли телеграф». Газет бүгінде компанияның нарықтық құны 7,64 миллиард фунт стерлингке тең деп бағаланып отырғанын тілге тиек етеді.

Халықаралық бейүкіметтік «Глобал Витнесс» тобының таяуда жарияланған баяндамасында компанияның істері негізінен Қазақстан үкіметінде тамыр-таныстары бар, ат төбеліндей ғана топтың мүддесін қанағаттандыру үшін жүргізіліп келе жатқаны айтылады. «Қазақмыс» өкілдері болса бұл баяндаманың кейбір тұстарын табанды түрде жоққа шығарған болатын.

This is Money сайты, «Қазақмыстың» 15 пайыздық үлесін Владимир Ким 2001 жылы қараша айында сатып алғанын айтады. Совет Одағы күйреген 1991 жылдан бері Қазақстанды президент Нұрсұлтан Назарбаев үздіксіз басқарып отыр. Соңғы он үш жыл ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі әрі оның сенімді адамының рөлін атқарып келген Владимир Ни 1999 жылы компанияның директоры болып тағайындалды. Ал президенттің інісі Болат Назарбаев 2004 жылы «Қазақмыс» басқармасы құрамына енді.

Ал биыл қыркүйек айының 9-ы күні қайтыс болған Владимир Ни Нұрсұлтан Назарбаевпен өзінің етене тығыз байланыста екендігін еш уақытта жоққа шығарған емес.
XS
SM
MD
LG