Accessibility links

Вена прокуратурасында Армангүл Қапашевадан Рахат Әлиевке қарсы жауап алынды


Армангүл Қапашева баспасөз-мәслихатын өткізуде. Алматы, 5 қаңтар, 2009 жыл.

Армангүл Қапашева баспасөз-мәслихатын өткізуде. Алматы, 5 қаңтар, 2009 жыл.

Армангүл Қапашева Венада 27 қаңтар күні сұралды. 29 қаңтарда сонда Әбілмәжін Ғилымовтан да жауап алынды, келесі кезекте ҚР ІІМ тергеушісі Гаши Машанлодан жауап алынуы тиіс. Содан кейін Вена прокуратурасы істің әрі қарайғы процедурасын шешетін болады.


АРМАНГҮЛ ҚАПАШЕВА РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ ІСІНДЕ САЯСИ АСТАР
ЖОҚТЫҒЫНА БҰРЫНҒЫСЫНША СЕНІМДІ

Вена прокуратурасы Қазақстан сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары, Австриядағы бұрынғы елші және Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке қарсы қазақстандық үш азаматтан сұрақ-жауап алуда.

Австрия астанасының құқық қорғау органдарының сауалдарына хабар-ошарсыз жоғалған "Нұрбанктің" бұрынғы қызметкері Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева, банкир Әбілмәжін Ғилымов және ҚР ІІМ тергеушісі Гаши Машанло жауап беруде

Алғашқы болып Рахат Әлиевқа қарсы 27 қаңтар күні Армангүл Қапашева жауап берді. Әбілмәжін Ғилымовты тыңдау 29 қаңтарда өтуі тиіс. Мұнан соң Қазақстан үкіметінің Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласына тағып отырған айыптары бойынша
ҚР ІІМ-нің тергеушісі Гаши Машанло Вена прокуратурасының сұрақтарына жауап беретін болады.

Тыңдаудың бірінші күнінен кейін Армангүл Қапашева Азаттық радиосына сұхбат берген еді.

- Армангүл ханым, тыңдаудың бірінші күні прокурор сізге қандай сұрақтар қойды? Оған не деп жауап бердіңіз?

- Сейсенбі күні таңертеңнен кешке дейін прокурор менің айтқандарымды тыңдады. Былайша, бәрі қалыпты өтіп жатқан секілді. Дегенмен, ол үнемі өз сауалдарын Қазақстандағы саяси жағдайға қарай бұруға тырысты. Негізінде, бұл істе ешқандай саясат жоқ, болған жайттың барлығы – кәдуілгі қылмыс.

Менің адвокаттарым бұған дейін өте көп арыз-шағым, өтініштер берген болатын. 2008 жылы Шолпан Хасенова екеуміз Венаға келіп, біздің сөзімізді тыңдауды талап еткенімізбен, прокуратура бұл істі қарамай жауып тастауға құлықты болған-тұғын.

- Австрия прокуратурасының сізгдерге қатысты ары қарайға әрекеті қандай болмақ?

- Біздің айтқанымызды тыңдап шыққан соң прокуратура бұл іс бойынша тергеуді ары қарай жалғастырып, яғни қалған куәгерлерді де тыңдаған жөн бе, жоқ әлде істі жабу керек пе – соны шешуі тиіс.

- Сіз прокурорға қандай негізгі дерек-дәйектерді алға тарттыңыз?

- Мен өзім куә болған жайттардың барлығын баяндадым. Сондай-ақ, қаңтардың 18-19-ы күндері, одан кейін 31-інде не болғаны жайында күйеуімнен естігенімді айтып бердім. «Нұрбанктегі» оқиға болған күні не істегенімді, сондай-ақ тергеу басталған мамыр айына дейінгі жайттардың бәрін айттым.

Әлиев мені сотқа бергенін, оның адвокаты қылмыскер ретінде 3 жылға сотталатынымды айтып, сот кезінде ашық қорқытқанын да қалдырғам жоқ. Біздің үнімізді өшіру үшін Әлиев отбасымызды басып-жаншып тастауға дайын еді. Бұл іс Қазақстан аумағындағы Әлиевтің ең соңғы ісі болды. Қазақстан қоғамының төзімін тауысқан Әлиевке қарсы күресте барша жұрт, тәуелсіз ақпарат құралдары бізге қолдау танытты. Сол ақпарат құралдарын басқарып отырған адамдар да кезінде Рахат Әлиевтен өте көп теперіш көргендіктен, олар менің жағдайымды жақсы түсінді, сол маған көмектесті.

- Армангүл ханым, қандай кәсіпкерлер сіздерге қайрылып жатыр? Сіз айтасыз "Қазақстан қоғамы біздің жағымызға шықты" деп, Қазақстан қоғамында Рахат Әлиевтің әрекеттеріне тағы қандай шағымдар бар?

- Әзірге жұмыс істеп, анықтап жатырмыз. Көп адамдар қорқады. Өздеріңіз де жақсы білесіздер одан қорлық көргендер аз емес. Олардың көпшілігі кезінде шетелге кетіп қалды.


Біздің мақсатымыз – солардың бәрін біріктіріп, бүкіл әлемге оның шынайы келбетін таныту, әйтпесе ол өзін оппозиционер, демократ етіп көрсетуден танар емес. Егер біздің ісіміз болмаса, біз осының бәрін үнсіз "жұта" берсек ол әлі де тайраңдап, ойына келгенін істеп жүре берер еді.


- Адамдар неден қорқады? Рахат Әлиев елде жоқ қой. Рахаттың айтуынша, оның өзі қуғындауға түскен және туыстары да қуғындалып жатыр. Шешесінің де ізіне түсуде. Ондаған жақын-туыстары репрессияға душар болған.

- Сіздің радиоға берген соңғы сұхбатында Рахат Әлиев әкесін елден шығарып, былайша айтқанда қуып жіберді деп айтады. Бірақ біздің жақсы білетініміз, ол өз адамдары арқылы ауру әкесін шетелге емделуге жіберуді сұрап, тағы да басқа сылтаулар келтіріп, өтініштер білдірген. Қайдағы қуып жіберген? Міне көрдіңіз бе, ол бұл туралы да жалған сөйлеп отыр. Оның әкесі кез келген сәтте елге қайта алады, оны ешкім ұстап тұрған жоқ.. Ешкім оны елден шығарып жіберген жоқ. Керісінше, менің білуімше, Рахат Әлиев әкем қатты науқастанып жатыр деген желеумен оны емделуге алып кету үшін арнайы ұшақ жіберген.


- Армангүл ханым, ал осы жолғы тыңдауға Рахат Әлиевтің бұрынғы бизнес-әріптесі Адонис Дербас мырза қатысты ма?

- Жоқ, әзірге қатысқан жоқ.

- Қазақстандық баспасөзде Австрияға оның да барғандығы туралы хабарлама болған еді.

- Менің білуімше ол әлі мұнда жоқ. Бірақ, адвокаттар оның жауаптарын қайта тыңдау туралы өтініш беріп отыр. Себебі, оның бұған дейінгі айтқандары Австрия жағының Рахат Әлиевті Қазақстанға қайтарудан бас тартуына әсер еткен болатын.

- Прокуратура іс бойынша өз қорытындысын енді сізге қанша уақыттың ішінде беруі мүмкін?

- Білмеймін, оны бір білсе, адвокаттар білер. Бірақ біз қазір құр босқа күтіп отыра алмаймыз, Австрия прокуратурасы істі өте баяу жүргізеді. Кеше менің айтқандарымды тыңдады, бүгін-ертең Ғилымов, одан кейін Машанло сөйлейді. Прокурор мені Рахат Әлиевтің берген жауабымен де таныстырды: ол ешкімді ұрламағанын, ондай сөздердің бәрі шындыққа жанаспайды деп айтыпты. Сонда мен прокурорға: «Енді одан басқа қандай жауап күткен едіңіз, ол кісі ұрлағанын мойындап, сондықтан сіздерді паналау үшін қашып келгенін айтады дедіңіз бе?!» деп өз уәжімді келтірдім. Бұған берген жауабында прокурор, мұның барлығы заң талабына қажетті тәртіп болғандықтан мені Әлиевтің жауабымен таныстырғанын айтты.

Әлиев өзінің осы жауабынан қайтпасы анық. Оған кәдуілгі қылмыстық істі неғұрлым саясиландырған тиімді. 2007 жылы сәуірде ол Алматыға келіп медиа-форумда сөйлеген сөзінде Қазақстанда барлығы тамаша екенін айтып, биліктегі режимді қолдайтындығын мәлімдеген болатын. Ал бірақ, менің жұбайымды ұрлаған деген айыптау бойынша, мамырдың 9-ы күні Ішкі істер министрлігі оған қарсы қылмыстық іс қозғауы мұң екен, Әлиев сол мамырдың 25-26-ы күндері Қазақстан үкіметі мен президентке сын айта бастады. Сонда, бір айға жетпейтін уақыттың ішінде оның сөздері кереғар шығып, көзқарасының түбірімен өзгеруінде қандай қисын бар? Бірақ, ол билікті қаншама сынап, өзін оппозиционер етіп көрсетуге тырысқанымен, оппозициядағылардың барлығы одан бойларын аулақ салды.

- Яғни, сіз хабарсыз кеткен жұбайыңызды ұрлауға Рахат Әлиевтің қатысы бар деп отырсыз ба әлі?

- Мен оған сенімдімін.

- Рахат Әлиев ондай іске барса, оған не себеп болуы мүмкін деп ойлайсыз?

- Білмеймін, бұндай сауалды маған емес, психиатрға қойған дұрыс болар.

- Aдвокаттарыңыз не дейді? Заң тілімен айтқанда сіздің көздегеніңіз қандай мақсат?

- Менің адвокаттарым егер біз адамдардың ұрланғанына Вена прокуратурасының көзін жеткізе алсақ, Рахат Әлиевті Қазақстанға экстрадиция жасауы тиіс немесе оны Австрия соты өзі соттайды дейді. Бұл экстрадиция туралы бөлек іс болуы мүмкін.



"НҰРБАНКТЕ" НЕ БОЛЫП ЕДІ? ЕКІ ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ КӨЗҚАРАС


- Армангүл ханым, бұдан екі жыл бұрын Рахат Әлиев пен «Нұрбанк» басқарушыларының арасында кикілжің неден туды? Сіздің жұбайыңыз Жолдас, Әбілмәжін Ғилымов және Рахат Әлиев үшеуі ортақ үлкен бизнесі бар серіктестер ретінде мәлім еді ғой?

- Олар серіктес болған емес. Менің күйеуім және Әбілмәжін Ғилымов «Нұрбанкте» көп жылдан бері істейтін, оны ұйымдастырған басқарушылар болатын. Ғилымов банктың негізін қаласа, кейін оған Жолдас қосылып, бірлесіп банкті дамыта бастады. Ал Рахат Әлиевтің дәл қай уақытта «Нұрбанкке» келгенінен мен хабарсызбын. Қалай болғанда да, бұл банкке Жолдас пен Әбілмәжін Ғилымов өте көп еңбек сіңірді. Бірақ ол екеуіне Рахат Әлиев ешқандай серіктес емес.

- Әйткенмен де, «Нұрбанк» пен Қазақстандағы өзге де бизнес-құрылымдарға Рахат Әлиевтің зор ықпалы болды емес пе?

- Иә, өзінің медиа-магнат екенін айтқан бір мәлімдемесінде Әлиев елдегі өзіне қатысы бар бизнес түрлерін тізіп шыққаны бар. Рас, Әлиев «Нұрбанктың» акционері болды, жиналыстарға қатысты, қызметкерлерді тағайындады, яғни, «Нұрбанктегі» барлық істерге араласты.

- Армангүл ханым, қалай болғанда, осыдан тура екі жыл бұрын «Нұрбанкте» болған оқиға үлкен дүрбелең туғызды. Сіздің ойыңызша, Қазақстан билігі Әлиевке қарсы тергеуді неге мамыр айында ғана бастады? Неліктен билік 3,5 ай бойы еш әрекетсіз отырды?

- Оның себебі, оқиға болған күні менің өтінішімді алған қаржы полициясы әу бастан бұны «Нұрбанкке» жасалған шабуыл деп айтудан танбады. Ұрланған адамдарды құтқаруға барған полицияның арнайы тобының іс-әрекетін осылайша бұрмалаған қаржы полициясы менің күйеуімді алаяқтық жасап, банктен ақша алып қашып кеткен адам ретінде көрсетіп, оған қарсы іс те қозғады. Әйткенмен, кейін прокуратура оның барлығы өтірік деректерге негізделгенін анықтады.

Рахат Әлиев пен қаржы полициясы осылайша менің күйеуімді қаралап жатқанда, Ішкі істер министрлігі ақырындап деректер жинаумен айналысты. Сәуір айы кезінде қаржы полициясы мен ІІМ арасында текетірес бары сезілді. Өйткені, ІІМ жауап алған куәгерлерді дереу қаржы полициясы ұстап, оларды ІІМ тергеушілеріне берген жауабынан бас тартуға көндіруге тырысқан. «Бұл іске несіне араласасыңдар, ертеңге дейін тірі қалуларың екіталай» деп қорқытып-үркіткен.

Осы іс бойынша негізгі куәгерлер қыздар болатын. Солар әлгіндей қорқытудан соң, тергеушілер өздеріне күш көрсетіп, қысым жасағандықтан олар ұсынған хаттамаға қол қоюға мәжбүр болғандарын айтып, ІІМ тергеушілеріне алдыңғы берген жауаптарынан бас тартқан.


"КҮЙЕУ БАЛАНЫҢ ҚОРҒАНЫ - ҚАЙЫН АТАСЫ"


- Армангүл ханым, қазір, арада екі жыл өткеннен кейін, сол оқиғаны саралар болсақ, бірқатар сұрақтар туындайды. Сіз Рахат Әлиев бизнесті мафиялық әдістермен жүргізді дегенді айтасыз, оның сыры неде? Дәл сол кезде Австриядағы елшілікті басқарған ол, өзінің міндетті қызмет орнында болуы керек, ал сіздің жорамалыңыз бойынша, ол недәуір уақыт Алматыдағы «Нұрбанкте» болғаны қалай?

- Оны сол қызметке сәуірдің орта шенінде тағайындады.

- Иә, ол алдымен сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды, сосын елшілікке кетті, яғни мемлекеттік лауазымды қызметтегі адамның әлгіндей жанжалды істердің белортасында жүруінің себебі неліктен деп ойлайсыз?

- Мен бар болғаны хабарсыз кеткен жұбайымды іздеп шарқ ұрған үй шаруасындағы әйелмін, сондықтан бұл сұрақтарды маған емес, үкімет пен осы сауалға жауап беруге уәкілеттігі бар тұлғаларға қойған дұрыс шығар. Сірә, ол президенттің күйеу баласы екендігін пайдаланып істеген болар.

- Армангүл ханым, қазір сіз жай ғана үй шаруасындағы әйел емес, қоғамдық қайраткер ретінде көріне бастадыңыз. Президент Назарбаевтың жақын туысының, саяси элитаның етжақындарының ірі бизнесті жүргізіп, сіз айтқандай ашықтан ашық рейдерлік іс-әрекеттерге баруларына Қазақстан қоғамында қалайша жол берілді?

- Оның себебі – адамдардың үрейге бой алдыруында деп ойлаймын. Осының арты қалай болып кетер деп, үнемі қорыққан олар өз меншігіне көз алартқандардың айтқанына көніп, ың-шыңсыз солардың ығына жығылуға мәжбүр болды. Алайда, біздің мысалымыз ондай жағдайда ешқашан үндемей қалуға болмайтындығын көрсетіп берді. Адамдардың үнсіздігін пайдаланған Рахат Әлиев ойына келгенін істеді, оған ешкім ашық қарсы шықпады.

- Армангүл ханым, Қазақстанның саяси сахнасынан Рахат Әлиевтің кеткеніне де екі жылға тақады. Қалай ойлайсыз, Қазақстандағы бизнес жүргізу мәдениеті мен елдегі элитаның іс-әрекеттерінде өзгеріс бар ма?

- Менің ойымша, бар. Әйтеуір, жұрттың айтуынша, Рахат Әлиевтің төбесі жоғалған соң елде еркін тыныстау мүмкін болды.

- Армангүл ханым, сұхбатыңызға рахмет!

Біздің сайтымызда "Нұрбанктың" айналасындағы жанжалдың тағы бір тұлғасы Рахат Әлиевпен де сұхбат жарияланған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG