Accessibility links

Ресейде «К-плюс» телеарнасының хабар таратуына тыйым салынды


«К-плюс» телеарнасының белгісі.

«К-плюс» телеарнасының белгісі.

Ресейде спутниктік «К-плюс» телеарнасының кабельдік жүйе арқылы хабар таратуға арналған лицензиясының күші жойылды. Бұл Ақорданы сынайтын тәуелсіз телеарна қызметіне қауіп төндіреді.

«АҚЫРЫНА ДЕЙІН БАРМАҚПЫЗ»

Ресейде спутниктік «К-плюс» телеарнасының кабельді хабар таратуға арналған лицензиясының күші жойылғаны белгілі болды. Телеарна өкілдері бұл ақпаратты Ресейдің Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар саласын бақылау жөніндегі федералдық қызметтің (Рескомбақылау) сайтынан оқығанын хабарлады.

Маусымның 3-і, сәрсенбі күні Азаттық радиосына «К-плюс» спутниктік телеарнасының Мәскеудегі өкілдерімен байланысуға мүмкіндік туды. «К-плюс» спутниктік телеарнасы ақпараттық қызметінің жетекшісі Светлана Третьякованың айтуынша, телекомпания ұжымы кабельдік жүйе арқылы хабар тарату лицензиясының күші жойылғандығы жайында 27 мамыр күні «Аргументы и факты» газетінің мәскеулік баспасөз-орталығында журналистер өткізген «IP-TV заңнан тыс па?» атты баспасөз-мәслихатынан соң білген көрінеді.

– Баспасөз-мәслихатында біз «К-плюс» телеарнасының басындағы жағдайға байланысты мәселені түсінуді өтініп, қоғамдастыққа қайрылдық. Рескомбақылау телеарнаның ІР-желілеріндегі хабар таратуларға байланысты кінә арта бастады. Бірақ мәселенің мәні
«К-плюс» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Кетебаев. Прага, 7 қазан 2009 жыл.
мынада. Бүгінде бүкіл Ресей бойынша ІР-желілерде хабар тарату үшін ешқандай арнайы лицензия жоқ. Бұрынғысынша, тек кабельді желілерде хабар тарату үшін ғана лицензия беріледі, – дейді Светлана Третьякова.

Алайда, оның айтуына қарағанда, аталған баспасөз-мәслихатынан соң, дәл сол күні Рескомбақылаудың веб-сайтында «К-плюс» телеарнасының кабельдік жүйеде хабар тарату жөніндегі лицензиясының күші жойылғандығы туралы ақпарат пайда болды.

– Қазіргі уақытта «К-плюс» телеарнасы төрелік сотқа шағым түсірді және біз бұл мәселеде ақырына дейін бармақпыз. Біздің оңай беріле салатын ойымыз жоқ. Өзіміз таңдап алған стратегияны басшылыққа аламыз. «К-плюс» телеарнасы Рескомбақылаудың мұндай әрекетіне бірінші болып ұшырап отырған арна болғандықтан, жағдайдың қалай өрбіп жатқаны жайында қоғамдастықты хабардар етіп отырмақпыз. Мұндай оқиға бірінші рет болып отыр. Бұған дейін ешкімге ІР-ТV-де хабар таратуына байланысты ешқандай кінә тақпаған болатын, – деді Светлана Третьякова.

Сонымен бірге, «К-плюс» телеарнасы өзінің серіктестері – байланыс операторларына аймақтардағы хабар таратуды тоқтата тұру жөнінде өтініш білдірді. Осыған байланысты оларға басшылық қол қойған тиісті хаттар жіберілді. Телеарна Рескомбақылаудан түсініктеме беруін сұрады. Алайда ондағылар ұзақ үнсіз қалып, содан соң себебін түсіндірместен хабар таратуға тиым салды.

РЕСКОМБАҚЫЛАУДЫҢ ӨЗ АЙТАРЫ БАР

Дәл осы кезде, Рескомбақылаудың ресми веб-сайтында «К-плюс» телеарнасы лицензиясының күшін жоюға биылғы жылдың 19 мамырында қол қойылды делінген.

Сонымен бірге, лицензияның күшін жоюға лицензиялық шарттар мен бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң талаптарын бірнеше мәрте бұзу себепкер болды деп хабарланған. Бұл мәселеге қатысты лицензияны иеленушіге биылғы жылдың 20 сәуірі мен 14 мамырында жазбаша ескерту жасалған екен.

«К-плюс» телеарнасы Ресейде кабельді желі арқылы Коми республикасына, Псков облысына, Татарстан республикасына, Тверь және Челябі облыстарына, Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысына, Башқұртстан республикасына, Чебоксары мен Чуваш республикасындағы Кугеси кентіне хабар таратқаны белгілі.

Дәл осы аталған аймақтарда «К-плюс» телеарнасының хабарларын кабельді желілер арқылы тарату тоқтатылады. Көрермендер арна бағдарламаларын интернет немесе спутниктік антенналар арқылы көре алатын болады.

Бұған қоса Рескомбақылау өзінің веб-сайтында Дорогомилово ауданының біртұтас тапсырыс беруші дирекциясынан өздеріне келіп түскен хатын жариялады. Бұған сәйкес, лицензия мен БАҚ-ты тіркеу куәлігін рәсімдеу кезінде ұсынылған құжаттардағы көрсетілген мекен-жайда «К-плюс» телеарнасының кеңсесі орналаспағандығы белгілі болды.

Осылайша, лицензия мен БАҚ-ты тіркеу туралы куәлік алу жөніндегі өтініште жалған ақпарат көрсетілген деп хабарлады Рескомбақылау.

«Қазіргі уақытта «К-плюс телекомпаниясы» ЖШҚ да, «К-плюс телекомпаниясы» телебағдарламасының редакциясы да лицензия мен БАҚ-ты тіркеу туралы куәлікте көрсетілген мекен-жайда орналаспағандығы анықталды. Сонымен бірге, заңды тұлғаның мекен-жайының өзгергендігі туралы ақпарат пен редакцияның орналасқан жерінің өзгергендігі жайындағы ескерту Рескомбақылауға түспеген», -деп хабарлайды аталған органның веб-сайты.

СЕБЕП – АРНАНЫҢ САЯСАТЫНДА

«К-плюс» телеарнасы Орталық Азияның телевизиялық кеңістігінде цензураны жарып өткен бірінші спутниктік компания екендігін атап өткіміз келеді. Телеарнаның бас кеңсесі Лондонда орналасқан. «К-плюс» спутниктік телеарнасы бүкіл Еуразия аумағына Орталық Азия елдеріндегі оқиғалар жайында тәулік бойы хабар таратады.

Бұл спутниктік телеарна осыдан шамамен екі жарым жылдай бұрын құрылған. Сол кезден бері телеарна Орталық Азия мен Орталық Азия елдерінің диаспоралары арасында тез танылып үлгерді.

Кейбір бақылаушылар «К-плюс» спутниктік телеарнасының кабельді хабар таратуға қатысты лицензиясы күшінің жойылуын
Әкежан Қажыгелдин мен Мұхтар Әблязов «К-плюс» телеарнасына сұхбат беріп отыр. Лондон, 13 наурыз 2010 жыл.
телеарнаның саясатымен байланыстырады. Азаттық радиосының тілшілерімен болған әңгімеде Светлана Третьякова да мұндай пікірлердің шындық болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

Светлана Третьякованың айтуынша, «К-плюс» телеарнасы Орталық Азиядағы өзге телеарналар, атап айтқанда билеуші режимнің мүддесіне қызмет ететін телеарналар ауыз ашпайтын Орталық Азиядағы оқиғалар жайында хабар таратады.

– «К-плюстің» саясаты мүлдем бөлек. Біз билік өкілдеріне де, оппозициялық партия өкілдеріне де, құқыққорғаушыларға да өз пікірлерін айтуға мүмкіндік береміз. Әрине, арнаның мұндай саясаты жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейді. Біз арна хабарларын тарату кезінде оны үзіп тастау үшін ЯМАЛ спутниктерін өшіріп тастауға тырысқан оқиғаларды білеміз. Рескомбақылаудың әрекеттері осы оқиғалардың жалғасы деген болжамдар бар, – дейді Светлана Третьякова.

Бұған дейін Азаттық радиосы «К-плюс» арнасында Орталық Азия аймағындағы елдердің режимдеріне оппозициялық бағыттағы тұлғалар туралы хабар жүріп жатқан кезде эфирде техникалық ақаулардың орын алғанын бірнеше мәрте хабарлаған болатын.

Мысалы, студия мен жасанды спутник арасына сырттан әсер етудің салдарынан биылғы жылдың 6 наурызында «К-плюс» арнасында көрсетіліп жатқан «Қарусыз адамның еркіндігі» атты фильм үзіліп қалды. Бұл - Өзбекстан президентінің басты қарсыласы, өзбектің «Эрк» оппозициялық партиясының жетекшісі Мұхаммад Салих жайлы фильм болатын.

Осы оқиғадан соң өзбектің «Эрк» оппозициялық партиясы «К-плюс» арнасы бойынша беріліп жатқан фильмге Өзбекстан арнаулы қызметтері тарапынан техникалық шабуыл жасалды деген болжамы бар екендігін мәлімдеген.

ҚАЗАҚ БИЛІГІНІҢ ҚОЛҚАСЫ МА?

Өткен жылдың қыркүйек айында «К-плюс» телекомпаниясы Қазақстанның Аустриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевпен болған сұқбаттар сериясын эфирден берген болатын. Сол жолы «К-плюс» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Кетебаев осы оқиға Қазақстан билігі тарапынан «К-плюс»
Қазақстан президенті әкімшілігіне елдегі тәуелсіз баспасөзді қудалауға байланысты наразылық хатын табыс етуге келген Розлана Таукина. Астана, 16 қазан 2009 жыл.
телекомпаниясына жасалған қысымның негізгі себебі болды деген болатын Азаттық радиосына.

Соңғы кездері «К-плюс» спутниктік телеарнасы қуғындағы Қазақстан оппозициясының өкілдері банкир Мұхтар Әблязовпен және Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдинмен сұқбаттар сериясын берген болатын. Қазір кейбір бақылаушылар ресейлік органның «К-плюс» телеарнасының лицензиясының күшін жоюына Қазақстан билігінің ықпалы болғанын да жоққа шығармайды.

Атап айтқанда, бұл жайында Азаттық радиосына баспасөзді қорғау жөніндегі «Қауіп-қатердегі журналистер» ұйымының жетекшісі Розлана Таукина айтты.

– Ресей мен Қазақстанның арасындағы бүгінгі серіктестік қарым-қатынастар тек Қазақстаннан ғана емес, сонымен бірге Ресейден де түсіп отыратын ақпараттық кеңістікті бақылауда ұстаға мүмкіндік береді. Сондықтан да Ресейде тіркелген лицензияның күшін оңай жойғандығына еш таң қалмаймын. Мысалы, телеарна Америкада тіркелген болса, онда бұлай істеу мүмкін болмас еді. Ресейде болғандықтан ғана арна лицензиясының күшін жойған. Дәл осы арнада оппозиция, қуғындағы оппозиция өкілдерінің пайда болуы себепті «К-плюс» Қазақстанның ақпараттық кеңістігі үшін ұнамсыз болып қалды, – деді Розлана Таукина.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG