Accessibility links

«Теміржол текетіресі» - Өзбекстан мен Тәжікстан келісе алмай жатыр


Рогун ГЭС-інің құрылыс аймағына цемент машинасы кіріп барады. Тәжікстан, 2009 жыл

Рогун ГЭС-інің құрылыс аймағына цемент машинасы кіріп барады. Тәжікстан, 2009 жыл

Өзбекстан Тәжікстанға бағыт алған жүк составтарының жолын бөгеп тастады. Бүгінде орта жолда тоқтап қалған вагондардың саны күрт көбейіп, тәжіктер азық-түліктен тарыға бастады. Алайда екі жақ мәселені бейбіт жолмен шешуге асығар емес.


ЖОЛ БҰЗЫЛДЫ МА, ЖОҚ ӘЛДЕ...

Өзбекстаннан Тәжікстанға бағыт алған транзиттік темір жол жүктері алты айдан бері қаңтарылып тұр. Күні бүгін Өзбекстанның әр түкпірінде 2 500-нан астам вагон жиналып қалды. Бұл вагондарға Рогун ГЭС-іне қажетті қондырғылар, ұшақтардың жанар-жағармайы, ауылашаруашылығы мен түрлі тұтыну тауарлары тиелген.

Тәжікстандағы жүк тасымалына қатысты қалыптасқан жағдай осылайша ушығып, Душанбе бұл жағдайға кінәлі ретінде Ташкентті айыптап отыр. Тәжік билігінің дерегінше, қолдан жасалған кедергінің кесірінен мемлекетке бірнеше миллион доллар шығын келген.
Темір жол бойында тұрған жүк вагондары, Кургантеппе, 11 мамыр 2010 жыл

Ал ресми Ташкент «шығыстағы құдайы көршісінің» бұлайша жазғыруын теріске шығарып, төтенше жағдайдың техникалық себептері бар дейді. Мәселен, Өзбекстан мен Тәжікстанның Хатлон облысын жалғап тұрған темір жолдың 11 шақырымы істен шыққан көрінеді.

Сонымен қатар, өзбек билігі бұзылған темір жолды қайта қалпына келтіруден бас тартып отыр. Ресми ақпарат бойынша жол жөндеуге қажет қаржы мен техника жетпейді. Алайда, Өзбекстан осы жол бөлігін жөндеуге ниет білдірген Тәжікстанның ұсынысын қабылдамай тастады.

ТРАНЗИТТІК БЛОКАДА

Көптеген бақылаушылардың пікірінше, Өзбекстан тәжік еліне бағыт алған темір жол тармағын түгелдей жауып тастап отыр. Ташкент Рогун ГЭС-інің құрылысына қатысты наразылығын осындай жолмен білдіріп отырған түрі бар.

Өзбек жағы Рогун электрстансасының жобасына қарсы екендігін әу баста-ақ білдірген еді. Олар бұл ауқымды жобаның Әмударияның төменгі ағысында отырған елді мекендерді шөміштен қысатынын айтады. Осылайша, өзбек билігі бұл стансаның Өзбекстанның мақта өндірісін тоқырауға ұшыратады деп қауіптеніп отыр.

Өзбекстаннаың премьер-министрі Шавкат Мирзияев аймақтың сейсмикалық қауіпті жағдайына байланысты 33 метрлік плотина құрылысын салу негізсіз шешім деп ашып айтқан болатын. Шавкат Мирзияевтың пікірінше, Тәжікстанның Рогун ауданында Рихтер өлшемі бойынша он балдық зілзалалар болған.
Рогун ГЭС-індегі құрылыс. Вахш өзені, 23 ақпан 2010 жыл

«Тәжік темір жолдары» компаниясының тасымал қызметі бастығының бірінші орынбасары Андрей Тропин немістің Deutsche Welle берген сұхбатында Өзбекстан аумағында тоқтатылған вагондарда Рогун су электрстансасына қажетті құрылыс материалдары тиелгенін айтқан екен.

«Өткен жылдың соңынан бері Өзбекстан Рогун ГЭС-іне жөнелтілген цемент тиелген вагондардың қозғалысын тоқтата бастады. Біз бұл мәселені бірлесе шешпек болсақ та, өзбек жағы «Тәжік темір жолдарының» бұл ұсынысына жауап қатпады»,- дейді Андрей Тропин.

«Азат Еуропа/Азаттық радиосының» Тәжік қызметі «Тәжік темір жолдары» мемлекеттік компаниясына сілтеме жасай отырып, Өзбекстан аумағында 300 жүк вагонының тоқтап тұрғанын хабарлады. Бұл составтар НАТО-ның Ауғанстандағы әскерилеріне жіберілген болатын.

НАТО Орталық Азияның темір жол желісін әскери емес жүктерді, соның ішінде азық-түлік пен жанармай тасымалдауға пайдаланады.

Тәжікстан Өзбекстанмен арадағы кикілжіңді шешуге ықпал ету үшін ЕҚЫҰ-ға және АҚШ-тың дипломатиялық ұйымдарына, Германия мен Жапонияға өтініш те түсірді.

БІТІМГЕ КЕЛУДІҢ ЖОЛДАРЫ

Тәжікстан өзбек бағытына деген тәуелділіктен құтылудың өзге де жолдарын іздестіріп жатыр.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында тәжік билігі мен ирандық шенеуніктер Ауғанстан территориясы арқылы өтетін темір жол бағытының жобасын талқылады. Сонымен қатар, тәуелділіктен құтылар балама жол ретінде темір жол бағытын шығысқа – Қытайға қарай ығыстыру көзделіп отыр.

Тәжік сарапшыларының пікірінше транзиттік жолдардың баламасын іздеу – құптарлық бастама. Бірақ, Тәжікстанның өзбек темір жолына деген мұқтаждығынан жуыр арада құтыла қоюы екіталай.
Ходжимухаммад Умаров, тәжік экономисті. 25 қараша 2008 жыл

Ал экономист-маман Ходжимухаммед Умаров Тәжікстанның экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Ауғанстан мен Қытай бағытында салынатын балама темір жолдар шамамен бес жылдан кейін пайдалануға берілуі мүмкін екенін айтады.

«Ауғанстандағы ахуал әзірге тұрақты емес. Сондықтан Тәжікстан өзбек көршілерімен ортақ тоқтамға келуі керек»,- дейді Ходжимухаммед Умаров.

Душанбелік сарапшы Саимуддин Дустов «Азат Еуропа/Азаттық радиосының Тәжік қызметіне берген сұхбатында «Рогун ГЭС-ін ұлттық жоба қылмақ болған Тәжікстанның бұл шешімінің салдары қиын болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды».

«Тасымал дәлізін тұйыққа тіреу арқылы өзбектер Тәжікстанға қатысты экономикалық қыспақты күшейте түспек», - дейді Саимуддин Дустов.

Екі мемлекет басшыларының арасындағы текетірестен қарапайым тұрғындар зардап шегуі әбден мүмкін. Екі ел арасындағы шекара бекеттері бірнеше айға жабылып, көптеген отбасылар көрші елде тұратын туыстарына бара алмай отыр.

Бұдан бұрын Тәжікстанмен шектесетін шығыстағы шекарасын миналап тастаған Өзбекстанның бұл әрекеті қайғылы аяқталды. Шекараны кесіп өтпек болған бірнеше бейбіт тұрғын минаға жарылып ауыр жарақат алған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG