Accessibility links

Жоғалып кеткен кәсіпкерді полиция мен ҰҚК тауып алды


Алматы ауыр машина жасау зауытының кеңсесі. Алматы, 21 қыркүйек 2009 жыл
Алматы ауыр машина жасау зауытының кеңсесі. Алматы, 21 қыркүйек 2009 жыл

Алматыда өткен айда жоғалып кеткен бизнесмен Эдгар Салдузи табылды. SM market супермаркеттер желісі иелерінің бірі Салдузидің бір айдан астам уақыт кімнің қолында қамауда отырғанын Алматы қалалық ішкі істер департаменті хабарлаудан бас тартты.


Арнайы операция барысында 43 күн бұрын жоғалып кеткен кәсіпкер Эдгар Салдузи табылды. Бұл туралы Азаттыққа Алматы қалалық ішкі істер департаменті өкілі Салтанат Әзірек хабарлады.

- Кеше, жексенбі күні кешке қалалық ішкі істер департаменті мен ҰҚК қызметкерлерінің бірлескен арнайы операциясы барысында кәсіпкер Салдузи босатылды. Оны белгісіз біреулер тұтқынға алған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, сондықтан өзге ақпарат әзірге бере алмаймын, - деді Салтанат Әзірбек.

Салдузиді кім, қандай себеппен, қайда ұрлап алып кеткендігі жайлы ешқандай ақпарат жоқ. Анығы, тамыздың 14 күні жоғалып кеткен кәсіпкерді босату операциясы Алматының ішінде өткен. Қазір 34 жастағы Салдузидың жағдайы жаман емес дейді департаменттегілер.
Бизнесменнің әріптестері ақпарат құралдарын бұл іске қатысты тергеу ісі аяқталғанға шейін ақпарат таратуды тоқтата тұруға шақырды.

ІЗ-ТҮЗСІЗ ЖОҒАЛУ

Эдгар Салдузидің белгісіз жағдайда жоғалып кеткендігі жайлы тамыздың 16 күні оның әйелі Анастасия хабарлады. Оның сөзінше, тамыздың 14-і күні таңғы сағат 9.30-да Алматыдағы үйінен өз көлігімен шыққан Эдгар Салдузи іскерлік кездесуге баратынын айтқан. Кездесуден шыққан соң үйіне қайтып келетінін ескерткен кәсіпкерді содан кейін туыстары да, достары да таба алмады.

Күнделікті жұмысқа жеке күзетшімен және жүргізушісімен бірге баратын Салдузи сол күні үйінен жалғыз шығып кетіпті. "Әдетте тек демалыс күндері ғана автокөлігін өзі жүргізетін" дейді әйелі.

Тамыздың 14-і күні кешкі сағат бестің шамасында Эдгар Салдузидің жақын досы оның үйіне келіп, Достық даңғылының бойында орналасқан «Биладжио» мейрамханасы жанында уәделі кездесуге Эдгар Салдузидің келмегенін айтқан. Досы әлгі мейрамхана жанынан кәсіпкердің автокөлігін ғана көріпті.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Бұдан бөлек, тамыздың 18-і күні "Интерфакс-Казахстан" агенттігі Эдгар Салдузиге қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалғандығын хабарлаған еді. Бейресми ақпаратқа сәйкес Алматы қаласының қаржы полициясы Салдузиге аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген айып таққан.

Салдузидің белгісіз жағдайда жоғалып кеткендігіне қатысты түрлі болжам айтылып, кәсіпкер қаржы полициясынан әдейі жасырынуы мүмкін деген сөз тараған еді.

Дегенмен, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай Азаттыққа берген түсініктемесінде «Салудзиге қатысты ешқандай іс қозғалған жоқ» деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG