Accessibility links

Сарапшылардың Қытайдағы «меритократия» туралы пікірталасы


Қытай коммунистік партиясының 18-съезі. Пекин, 14 қараша 2012 жыл.

Қытай коммунистік партиясының 18-съезі. Пекин, 14 қараша 2012 жыл.

Қытайдың көне дәстүрінде кез-келген адам арнайы емтиханнан өтсе, саяси қызметке алынатын. Қытай осы жүйеге қайта оралып жатыр. Бірақ сарапшылар ескі үлгінің тиімділігі туралы екі түрлі пікір айтады.

International Herald Tribune (ІНТ) («Интернэшнл Хэрлд Трибун») басылымы қарашаның 14-і күні қайтадан қолға алынып жатқан Қытайдағы ел билеудің көне үлгісі жайлы мақала басты. Бірақ батыстық мамандар ескі жүйенің жемісті жұмыс істейтініне күмәнмен қарайды.

Қытайдағы көне дәстүр бойынша өзгеден ел басқару дарыны мен қабілеті артық кез-келген адам, шыққан тегіне қарамастан, арнайы бекітілген емтиханнан өту арқылы мемлекеттік қызметке орналаса алады.

Бұл жүйені жақтаушылар «Ежелгі Қытайдың саяси дәстүріндегі осы тәсіл қазіргі күні де дарынды адамдардың мемлекет басқару ісіне араласып, үлкен лауазымға қол жеткізуіне жол ашар еді» дейді.

«ЕЛ БАСҚАРУДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ҮЛГІСІ»

Мақала авторының пайымдауынша, бұл ескі дәстүр ойлағандай нәтиже бермейтін сияқты. Автор «Көне дәстүрді қазір енгізсе, төңкерістен кейін билікке келген басшылардың балалары билік басына көбірек баратын сияқты. Бұған Қытайдағы студенттер қалай қарайды екен?» деген сауал қояды.
Солдан оңға қарай: ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао, бұрынғы төраға Цзян Цзэминь, премьер-министр Вэнь Цзябао. Пекин, 8 қараша 2012 жыл.​

Солдан оңға қарай: ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао, бұрынғы төраға Цзян Цзэминь, премьер-министр Вэнь Цзябао. Пекин, 8 қараша 2012 жыл.​


Мақала авторы тарихшы ретінде Қытайдың ежелгі саяси мәдениетін «меритократиялық» деп айтуға толығымен келіспейтінін білдіре отырып, қытайлық саясаттанушы Чжан Вейвейдің пікірін берген.

Чжан Вейвей «Қытайдың коммунистік партиясы - әлемдегі ең меритократиялық басқару жүйесі. Қытайдың дәстүрлі емтихан алу жүйесі 7-ғасырда басталып, Синьхай революциясына (1911 жылы болған - ред) дейін жалғасқан. Қытайша keju деп аталатын емтихан мемлекеттік органда істегісі келген кез-келген адамға билікке қол жеткізуге жол ашатын. Ол үшін қызметке ұмтылған канидидат ел басқаруға қажетті деп саналатын Қытайдың классикалық ілімін жатқа білуі тиіс. Мұндағы идея - талантты жастардың элита құрамына кіруіне жағдай жасау. Осылайша Қытайдағы бұл жүйе мемлекеттің құрылымдарына жаңа идеялар мен ақылды адамдарды жеткізіп отыратын болған» дейді.

«ХАЛЫҚТЫҢ ОН ПАЙЫЗЫНА ҒАНА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК»

Чжан Вейвей сияқты саяси жүйенің қытайлық моделін ұнататындардың сипаттауы бойынша, «Бар-жоғы осыдан бір-ақ ғасыр бұрын кез-келген қытайлық жас жігіт билікте танысы болмаса да, емтихан тапсыру арқылы өте танымал министр болудан үміт ететін».
Қытай оқушылары биліктен кетіп жатқан Ху Цзиньтаоның сөзін үлкен экраннан көшеде тыңдап отыр. Қытай, Чжуцзи қаласы, 8 қараша 2012 жыл.

Қытай оқушылары биліктен кетіп жатқан Ху Цзиньтаоның сөзін үлкен экраннан көшеде тыңдап отыр. Қытай, Чжуцзи қаласы, 8 қараша 2012 жыл.

Автор «Идея түрінде, әрине, бұл - тамаша жоба. Бірақ, меритократиялық емтихан жүйесі іс жүзінде қалай болды екен?» деген сұрақ қояды. Ол өзінің 20 жылдық зерттеуіне сүйене отырып, keju жүйесінің соншалықты сәтті механизм болмағанын дәлелдеуге тырысқан. Мысалы, автор Мин династиясы (1368-1644 ж.ж.) тұсында саудагерлердің балаларына емтиханға қатысуға рұқсат берілмегенін жазады.

Принстон университетінің профессоры Бенджамин Эльман «Цинь династиясы кезінде (1644-1911 ж.ж.) Қытайдағы халықтың 90 пайызы бұл емтиханның бірінші сатысына да қатысуға мүмкіндіктері болмаған» дейді.

Қарапайым сөзбен айтқанда, емтиханға қатысатын кандидат классикалық әдеби кітаптарды көп жинаған, сауатты отбасыдан шығуы керек. Яғни, ол отбасында ондай кітаптарды сатып алатын артық ақша болуы тиіс. Ол заманда мұндай мүмкіндік Қытай халқының 10-ақ пайызында болған.

«ЖҮЙЕНІҢ ПАЙДАСЫН ЖОҚҚА ШЫҒАРУҒА БОЛМАЙДЫ»

Чжан Вейвейдің пікірінше, Цинь династиясы кезінде сауатты шенеуніктер бағаланбаған.
Қытай коммунистік партиясының 18-съезін келген жоғары лауазымды шенеуніктер үзілісте сөйлесіп тұр. Пекин, 14 қараша 2012 жыл.

Қытай коммунистік партиясының 18-съезін келген жоғары лауазымды шенеуніктер үзілісте сөйлесіп тұр. Пекин, 14 қараша 2012 жыл.


Автор «Ол заманда ақшасы бар басқарушы элита мүшелері балаларын ескі үлгідегі емтихан додасына салғысы келмеген. Элитаны айтпағанда, әдебиет оқитын көзі ашық адамдардың «баланы тозығы жеткен ескі емтиханға қатыстыру керек пе, жоқ па?» деп басы қатып жатқан. Ол кезде ескі жүйемен биліктің жоғарғы сатысына көтерілу мүмкіндігі миллионнан біреу ғана еді. Себебі, императорлық Қытайда элита мүшелері саяси карьера жасау үшін бұрынғыдай елге еңбегін сіңіріп әуре болмайтын. Олардың қызметте өсуі ықпалды тұлғалармен байланысына және материалдық ресурстарына байланысты болды. Қала берді Батыстағы ықпалды саяси элитамен таныс болу көп мәселені тез шешетін. Сондықтан Чжан Вейвей мен онымен пікірлес адамдардың «меритократия» жайлы көзқарастары өсіріп айтылған. Олардың «Мамандар империяның түкпір-түкпірінен сотта қызмет еткісі келетін талантты адамдарды іздеп жүрді» деген пікірлері шындыққа жанаса бермейді» дейді.

Алайда мақала авторы «Әлбетте бұл жүйенің пайдасын тұтасымен жоққа шығаруға болмайды. Елге еңбегі сіңген адамдардың кеңселік қызметтерге алынғаны рас. Бірақ сонда да олардың барлығы бірдей меритократиялық әдіспен - біліміне, танымына, дарынына қарай таңдалды деуге келмейді» дейді. Автор осы көне үлгінің қазіргі Қытай қоғамында іске асатынына сенбейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG