Accessibility links

Пекиннің Шыңжаңдағы «терроризммен» күресі күшейді


Күдіктілерге үкім шығар сәтте күзетте тұрған қытай полициясы. Құлжа, 27 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Күдіктілерге үкім шығар сәтте күзетте тұрған қытай полициясы. Құлжа, 27 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Шыңжаң билігі «терроршылармен» күреске 300 миллион юань қаржы бөлгені хабарланды. Бұдан бірер күн бұрын ғана этникалық ұйғырлар тұратын бұл аймақта қақтығыстан ондаған адам қаза тапқан еді.

Қытай өкіметі дерегіне сілтеме жасаған Еркін Азия Радиосы «терроризммен» күреске 300 миллион юань (шамамен 49 миллион АҚШ доллары) бөлу шарасы Шыңжаңдағы Ярканд уезінде 28-29 шілде күндері болған қанды оқиғадан соң қабылданғанын айтады.

ОРАЗА АЙТ КҮНГІ ОҚИҒА

Шілденің 29-ы күні Қытайдың ресми ақпарат құралдары Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданындағы Ярканд (қытайша атауы - Шаче) уезінде бір топ қарулы адамның өкіметтік мекемелерге шабуыл жасағанын хабарлаған.

Xinhua («Синьхуа») агенттігінің дерегінше, пышақпен қаруланған белгісіз топ полиция бөлімшесі мен әкімшілік мекемесіне шабуылдап, оқиғадан ондаған адам – ұйғырлар мен қытайлар қаза тапқан. Ал Мюнхенде орналасқан дүниежүзілік ұйғыр конгресі Шыңжаңда шерушілер мен полиция қақтығысып, ол оқиғадан 20 тұрғын мен 13 полицей қаза тауып, 10 адам жараланғанын, 67 адам тұтқындалғанын айтады.

Шыңжаңдағы Үрімжі қаласында болған жарылыс құрбандары. Қытай, 22 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Шыңжаңдағы Үрімжі қаласында болған жарылыс құрбандары. Қытай, 22 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұйғыр тілінде хабар тарататын Еркін Азия Радиосы Яркандтағы оқиға ораза айт кезінде, шілденің 28-інде басталғанын жазады. Сол күні таңертең пышақ, балта, таяқ сияқты құралдар ұстаған бір топ этникалық ұйғыр Елишқу ауылындағы полиция бөлімшесі мен үкіметтік мекемеге шабуыл жасаған. Кейбір дерек көздері наразы топтың 300-ге тарта адам болғанын айтады. Наразылық шарасы көршілес ауылдарға да жетіп, ол маңдағы өкіметтік мекемелерде қызмет атқаратын ұйғыр және қытай азаматтары қауіпке душар болған.

Сол ауылдардың бірінің басшысы Тұрғын Хидаят полиция шабуыл жасаған азаматтарды тоқтатпақ болғанын, одан кейін наразы жұрт көшеде тұрған көліктерді қирата бастағанын айтады. Xinhua агенттігінің 31 көлік бүлініп, 6 көлік өртенгенін хабарлады.

Наразылар шабуылына ұшыраған 14-ауылдың қауіпсіздік мекемесі басшысы Алим Адуршит «биліктің ораза ұстауға тыйым салғаны және полицияның орамал таққан әйелдерді іздеп ұйғырлардың үйін тінткені бұл оқиғаға себеп болған сияқты» деген болжам айтады. Шабуылға ұшыраған ауылдың енді бірінің – 16-ауылдың басшысы Айтулла Тұрсын «шілденің 18-і күні полицияның Елишқу маңындағы Бешкент ауылында бес адамдық ұйғыр отбасын атып тастағаны да наразылыққа себеп болды» деп жориды. Тұрсынның сөзінше, ұйғыр әйелінің басына таққан орамалын шешуді талап еткен полиция мен тұрғындар арасында керіс болып, полиция ол үйдің бес адамын (арасында 7 жасар бала мен 72 жастағы кәрі адам да бар) атып кеткен.

Ид Хақ мешітінің бас имамы болған Жұма Тахир. 3 тамыз 2011 жыл.
Ид Хақ мешітінің бас имамы болған Жұма Тахир. 3 тамыз 2011 жыл.

Яркандтағы оқиғадан кейін бірер күн өте, шілденің 31-інде Қашғардағы ұйғырлардың ең ірі мешіті – Ид Хақ мешітінің бас имамын, Қытай билігі саясатын жақтайтын 70 жастағы Жұма Тахирді біреулер өлтіріп кетті.

Германиядағы дүниежүзілік ұйғыр конгресінің баспасөз хатшысы Дильшат Рашит France-Presse (Франс-Пресс) агенттігіне берген сұқбатында Шыңжаңдағы қанды оқиғаны «Қытайдың әсіре репрессияшыл саясатына ұйғырлардың қарсылығы» деп түсіндірді. Оның сөзінше, ұйым басшысы Рәбия Қадыр Қытайды «ұстамдылық танытып, жүйелі түрде қуғындауды тоқтатуға шақырған». «Ол Қытай бұл оқиғаны сылтау етіп, қысымды одан әрі қатайтып, талай жанды еркіндігінен айырады деп қауіптенеді» дейді Рашит.

АҚШ-тағы ұйғыр қауымдастығы басшысы Алим Сейтов «Қытай Елишқуда не болғанын әлемнің білмегенін қалайды» дейді. Сейтов Қытайдың лаңкестікке қарсы шарасын сынап, «ұйғырлар шағымданатын негізгі мәселелер шешілмегендіктен ол әлі талай қан төгуге себеп болады» деп жориды.

КАРТА: Шыңжаңдағы Ярканд уезі

12 Xincheng Road, Yarkant, Kashgar, Xinjiang, China, 844700
12 Xincheng Road, Yarkant, Kashgar, Xinjiang, China, 844700

ШЫҢЖАҢДАҒЫ БИЫЛҒЫ ШАБУЫЛДАР

Қытайдың батысындағы табиғи байлықтары мол, этникалық ұйғырлар мекендейтін Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында соңғы кездері зорлық-зомбылық пен шабуылдар көбейіп кетті.

Шыңжаңдағы cоңғы үш жылда болған қақтығыстар

Шыңжаңда 2011-2014 жылдары болған қақтығыстар

  • 2014, шілденің 28-і - Қашғар округі Ярканд уезінде шерушілер мен полиция қақтығысып, Қытай билігі дерегінше - он шақты адам, дүниежүзілік ұйғыр конгресі дерегінше - 33 адам қаза тапты.
  • 2014, маусымның 21-і - полиция учаскесіне жасалған шабуылдан 13 адам қаза тапты.
  • 2014, маусымның 15-і - пышақпен қаруланған үш адам Қотандағы ойын орталығына шабуыл жасады.
  • 2014, мамырдың 22-сі - Үрімжі қаласында жарылыстан 40-қа жуық адам қаза тапты.
  • 2014, сәуір - Үрімжідегі теміржол вокзалында пышақпен қаруланған адамдардың шабуылы мен жарылыстан бір адам мерт болды.
  • 2013, желтоқсан – Яркендте полицияға шабуыл жасалып, 8 адам өлді
  • 2013, қараша – Қашқарда полицияға шабуыл жасалып, 11 адам өлді
  • 2013, қазан – Тяньаньмэнь алаңындағы жарылыстан 5 адам қаза тапты
  • 2013, қыркүйек – үш ұйғыр өлім жазасына кесілді
  • 2013, тамыз – екі ұйғыр өлім жазасына кесілді
  • 2013, маусым – Тұрпандағы қарулы қақтығыста 35 адам мерт болды.
  • 2013, сәуір – этникалық ұйғырлар мен полиция арасындағы қақтығыстан 21 адам (оның 15-і полицей) қаза тапты.
  • 2013, наурыз – Корла қаласында төбелес болып, 4 адам қаза тапты.
  • 2012, ақпан – Яченг аймағында қақтығыстан 12 адам өлді.
  • 2011, желтоқсан – Қытай полициясы Шыңжаңда «террорист» деп 7 адамды атып өлтірді.
  • 2011, тамыз – Қашқардағы қақтығыста 12 адам қаза тапты.
  • 2011, шілде – Қашқар және Қотандағы жанжалдан 32 адам қаза болып, 4 ұйғыр өлім жазасына кесілді.

2014 жылы сәуірдің соңында Үрімжідегі теміржол вокзалында пышақпен қаруланған адамдардың шабуылы мен жарылыстан бір адам қаза тауып, 79 адам зардап шеккен.

Ал 22 мамырда Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласында жарылыс болып, 40-қа жуық адам қаза тауып, 94 адам жараланған еді. Белгісіз үш адам екі көлікті базар аумағына айдап кіріп, терезеден жарылғыш заттар лақтырып, сол маңда бірнеше жарылыс болған. Қытайлық ақпарат құралдары «жарылысты бес жанкешті жасады» деп хабарлаған.

15 маусым күні пышақпен қаруланған үш адам Қотандағы ойын орталығына шабуыл жасады. Полиция олардың екеуін атып өлтіріп, біреуін қолға түсірген. Олардың шабуылды не мақсатпен жасағаны әзірге белгісіз.

Ал маусымның 21-інде Шыңжаңдағы полиция учаскесіне жасалған шабуыл салдарынан 13 адам қаза тауып, 3 полиция қызметкері жараланған. Аудан әкімшілігінің сайтында жарияланған ақпаратта шабуыл жасаушылар «бір немесе бірнеше автокөлікпен» полиция кеңсесіне барып соғылған соң жарылыс болғаны айтылады.

Пекин Шыңжаңдағы мұндай кез-келген зорлық-зомбылықты автономияны кеңейтуді талап ететін, Шығыс Түркістан мемлекетін құруды көздейтін «ұйғыр содырлары» мен «сепаратистерден – жергілікті мұсылман тұрғындар ұйғырлардан көреді. Пекин «исламшыл экстремистер мен шетелдік топтар қолдайтын ұйғыр сепаратистерінен қауіп төніп тұрғанын» айтып, аймақта қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Шыңжаңда ондаған адам терроризм айыбымен сотталып, өлім жазасына да кесілген.

Биыл ораза басталатын кезде де Қытай билігі Шыңжаңдағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен студенттерге ораза ұстауға тыйым салған. Шілденің 2-сі күні Шыңжаңдағы мемлекеттік мекемелер мен мектептердің сайттарында жарияланған мәлімдемеде оразаға тыйымның мақсаты «азаматтардың игілігін қорғап, оқу орындары мен үкіметтік мекемелерде діншілдікке жол бермеу» екені айтылады. Қытай коммунистік партиясының жергілікті бөлімшесінің сайтында «партия мүшелері де ораза ұстамауы тиіс» деп жазылған. Қытай билігінің мұсылман ұйғырлар көп тұратын Шыңжаңда ораза ұстауға тыйым салып келе жатқанына бірнеше жыл болды.

Сыншылар Қытайдың терроризмен күресін айтқанда «Пекин өзі жүргізіп отырған қатаң саясаты мен қауіпсіздік шараларын ақтау үшін қауіп деңгейін тым асыра көрсетеді» дейді. Құқық қорғаушылар «зорлық-зомбылықтың басты себебі – экономикалық теңсіздік пен ұйғырларға қысым жасау» деп санайды.

XS
SM
MD
LG