Accessibility links

"Жаңаөзен қырғынын сырттан ұйымдастырған. Бірақ бәрі билік айтқандай емес"


Жаңаөзендегі өртенген ғимараттың қасынан өтіп бара жатқан ішкі істер министрлігінің арнайы тобы. Маңғыстау облысы, 19 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзендегі өртенген ғимараттың қасынан өтіп бара жатқан ішкі істер министрлігінің арнайы тобы. Маңғыстау облысы, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін түрмеге қамалып, саяси тұтқын деп танылған Владимир Козлов "қазіргі саяси режимнің тұсында Жаңаөзен оқиғасын объективті зерттеу мүмкін емес, өйткені қылмыстың бір ұшы жоғарыдағыларға тіреледі" дейді. Азаттық қазір шетелде тұратын Козловтан сұхбат алды.

Владимир Козлов Жаңаөзен оқиғасынан кейін бір айдан соң түрмеге қамалған. Жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, Жаңаөзендегі орталық алаңда жеті ай бойы ереуіл өткізгенімен билікке үнін жеткізе алмай, шарасыз күй кешкен мұнайшыларды қолдағаны үшін Козловқа "әлеуметтік араздық туғызды" деген айып тағылған. 2011 жылы 16 желтоқсанда полиция мұнайшылар ереуілін күшпен басып, халыққа оқ атқан.

Жаңаөзен: жазылмаған жара. Азаттықтың деректі фильмі

Жаңаөзен: жазылмаған жара
please wait

No media source currently available

0:00 0:19:40 0:00

Ресми дерек бойынша, Жаңаөзендегі қырғын салдарынан 17 адам қаза болып, жүзден астам азамат жараланған. Билік кейін мұнайшылардың талабы орынды болғанын мойындағанымен, ереуілде белсенділігімен көзге түскен азаматтардың үстінен "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып бойынша қылмыстық іс қозғап, жауапқа тартқан.

Оппозициялық "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козловқа қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімі 2012 жылы қазанда шықты. Сот оны Қылмыстық кодекстің "әлеуметтік араздық туғызу", "конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге үндеу", "қылмыстық топ құру" баптары бойынша айыпты деп танып, жеті жарым жылға түрмеге қамауға үкім етті. Козлов өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартып, қылмыстық қудалаудың саяси астары бар деп мәлімдеді. 2016 жылғы тамызда ол түрмеден үкімде көрсетілген мерзімнен ерте шықты. Үш жылдан кейін отбасымен бірге Украинаға көшіп, Қазақстандағы адам құқықтарының тапталып жатқаны жөнінде жазатын Kuresker.org сайтын құрған. Бірнеше сыни материалдан кейін бұл сайт Қазақстанда бұғатталған. 16 желтоқсан қарсаңында Азаттық Владимир Козловпен сөйлесіп, тоғыз жыл бұрынғы оқиға мен елдегі саяси жағдай туралы пікірін білді.

"БӘРІ БИЛІК АЙТҚАНДАЙ ЕМЕС"

Азаттық: Ресми нұсқада 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде еңбек дауынан басталған "жаппай тәртіпсіздіктер" болғаны айтылады. Биліктің дерегінше, ғимараттар мен мүліктерді қиратып, өртеген адамдарды қаладан тыс жерде болған "арандатушылар" басқарған. Мұнайшылардың бірнеше айға созылған ереуілі кезінде Жаңаөзенде болған, ондағы жағдайды көрген адам ретінде бұл жайлы не ойлайсыз?

Владимир Козлов: Шын мәнінде Жаңаөзен оқиғасы сырттан ұйымдастырылған. Бірақ бәрі билік айтқандай емес. Лагерьде болған кезімде Жаңаөзендегі арандатудың артында кім тұрғанын жақсы білетін адамдарды кезіктірдім. Олармен әңгімеден кейін күдігім расталды.

Владимир Козлов. Алматы, 22 қазан 2018 жыл.
Владимир Козлов. Алматы, 22 қазан 2018 жыл.

Азаттық: Сui prodest – "Кімге пайдалы екенін іздеп көр" деген мағынаны беретін латын сөзі. Бұл сөзді жағдайдың кімге тиімді екені түсініксіз болған кезде қолданады. Бәзбіреулер Жаңаөзен оқиғасының осылай аяқталғанын қалады деп ойлайсыз ба? Болса, олар – кімдер?

Владимир Козлов: 2012 жылдың басында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің тергеу изоляторында жазған арызымда бас прокурорға дәл осы сұраққа жауап беруді ұсындым. Кейінірек бұл сұраққа осы оқиғадан пайда көргендер жауап берді. Жағдайды түсіну үшін "Қазмұнайгаз" компаниясы, Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен әкімдіктеріндегі босаған қызмет орындарына кімдер келгенін талдап көрудің өзі жеткілікті.

Азаттық: Бұл кімге тиімді болды деп ойлайсыз?

Владимир Козлов: Бұл оқиғаның астарын түсіну үшін бірнеше ай бойы Жаңаөзендегі бейбіт қарсылық туралы ақпарат қайда жіберілгенін еске түсіру керек. Бұл ақпарат ол кезде [Аслан] Мусин басқаратын президент әкімшілігіне жетіп отырды. Мусин – саяси мақсаттары зор "сұр кардинал" әрі Батыс Қазақстанның "тәжсіз патшасы" болған адам. Ол батыста Маңғыстаудан басқа облыстардың бәрінде басшы қызметте істеп, өз адамдарын қалдырған.

Жаңаөзенде ұзаққа созылған ереуіл болып жатқан кезде ол бүкіл басшылықтың ауысуына ықпал ететін арандату ұйымдастыру үшін жағдайды пайдалануға тырысты. Сонда ол бос қызмет орындарына өз адамдарын отырғызар еді. Шын мәнінде солай болды да. Арандатуға қатысқан адамдар қылмыс әлемінің өкілдері болуы керек. [Сол кездегі президент Нұрсұлтан] Назарбаев президент әкімшілігінің басшысы өзінен айласын асырып кеткенін жарты жылдан кейін бір-ақ түсінді. Сол кезде Мусиннің қорқып, елден қашқанын, ағалы-інілі Рысқалиевтардың [сырттай] тұтқындалғанын, жақында тағайындалған Маңғыстау облысы әкімінің орнынан алынғанын, атыраулық команда өкілдерінің түрмеге жабылғанын білеміз (Аслан Мусин 2012 жылы қыркүйекте Есеп комитеттің басшысы болып тағайындалды, жарты жылдан кейін Қазақстанның Хорватиядағы елшісі болды, 2017 жылы зейнетке шықты; Бергей Рысқалиев 2012 жылы Атырау облысы әкімінің қызметінен алынып, інісі Аманжан Рысқали парламент депутаты өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш берді, ал 2013 жылы оларға іздеу жарияланып, алты жылдан кейін сырттай сотталдыред.)

Айтпақшы, қуғындағы әкім Рысқалиев Назарбаевқа қарсы бұлтартпайтын компроматы болмаса, осыған дейін тәркіленген жүздеген миллион доллар мүлкін қайтара алмас еді (2020 жылы жазда Жоғарғы сот бас прокурордың өтінішін қанағаттандырып, Рысқалиевтар отбасынан тәркіленген мүліктің бір бөлігін қайтару туралы шешім шығарған – ред.). Ал мұндай компроматты Бергей Рыскалиевқа көп жыл бойы Назарбаевтың қасында жүрген, оның талай құпиясын білетін, президентке өкпесі бар әкімшіліктің бұрынғы басшысы ғана беруі мүмкін…

(Аслан Мусин 2017 жылы "зейнет жасына жетуіне байланысты" Қазақстанның Хорватиядағы елшісі қызметінен босатылғаннан кейін көпшілік алдына шықпайтын болған. Азаттық Мусиннен Ақтөбедегі адвокаты арқылы "президент әкімшілігінің бұрынғы басшысының Жаңаөзен оқиғасына қатысы бар" деген мәлімдемеге қатысты пікір беруін сұрады. Бірақ материал жарияланғанға дейін Мусиннен жауап келген жоқ. Бірнеше жыл бұрын қазақстандық ақпарат құралдарында Мусин мен Рысқалиевтің Жаңаөзендегі арандатуға қатысы болуы мүмкін деген материалдар жарияланған. Бірақ жоғарыда аталған тұлғалар тарапынан ешқандай реакция болмаған.)

ОБЪЕКТИВТІ ЗЕРТТЕУ БИЛІКТІҢ "ӨЗІН ӨЗІ ӨЛТІРГЕНІМЕН" ТЕҢ

Азаттық: Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Жаңаөзен оқиғасын мұқият әрі объективті түрде зерттеп, кінәлілерді жауапқа тартуға үндеді. Қазақстанда осындай зерттеу жүргізілуі мүмкін бе? Бұл қашан және қандай жағдайда болады деп ойлайсыз?

Мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқаннан кейін орталық алаңды қоршап тұрған арнайы жасақ. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.
Мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқаннан кейін орталық алаңды қоршап тұрған арнайы жасақ. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.

Владимир Козлов: Қазіргі Қазақстанда мұндай зерттеу жүргізу мүмкін емес. Өйткені өзін Қазақстан билігі деп атайтын адамдар үшін бұл өзіне өзі қол салғанмен тең. Бірақ Жаңаөзен диктаторлық режим ауысқаннан кейін зерттелетін алғашқы тақырыптардың бірі болады. Бұған күмән жоқ.

Азаттық: 2011 жылға оралуға мүмкіндік болса, басқаша әрекет етер ме едіңіз? Неге?

Владимир Козлов: "Егер" деген форматта ойланғанды ұнатпаймын. Тарих та шартты райды құп көрмейді. Жаңаөзендіктер де, оларға қолдау көрсеткен біз де дәл осындай салдарға әкеп соғатындай ештеңе істеген жоқпыз. Арандату – жауапкершіліктен жалтарып кеткен адамдардың ісі, барлық кінә солардың мойнында. Біздің іс материалдарымызда ереуілге шыққан мұнайшылардың 16 желтоқсан қарсаңында әкімдікке қандай да бір арандату әрекеті дайындалып жатқаны, өздерінің оған еш қатысы жоғы туралы жазбаша түрде (!) ескерту бергені жазылған. Бұл "істе" бәрі көзге анық көрінетіндей, өте нашар әрі ұқыпсыз ұйымдастырылған. Жаңаөзен оқиғасын объективті түрде қайта қарап шықса, шынайы кінәлілерді – тапсырыс бергендер мен орындаушыларды табуға болады.

Азаттық: Сіз төрт жарым жыл қамауда отырдыңыз. Журналистер қысымға ұшырағаныңызды, түрмеде ұзақ уақыт қатаң жағдайда өмір сүргеніңізді біледі. Түрмеде отырған кезіңізден есте қалған, Қазақстанда жүргенде айта алмаған, қазір айтуға болатын оқиғалар бар ма?

Владимир Козлов: Бес жылға жуық уақыт түрмеде, айлар бойы ҰҚК департаментінің "бір адамдық" камерасында отырдым, сегіз түрме, екі лагерь ауыстырдым, тәртіп бұзғаным үшін тоғыз рет жазаландым, бір жыл қатаң жағдайда өмір сүрдім. Осының бәрі – эксклюзивті әрі құнды тәжірибе. Қазір бұл тәжірибені құқық қорғау бағытындағы Kuresker.org жобасында пайдаланып жүрмін. Түрмеде отырып жазған кітабым қазір баспаға беруге дайын болып қалды.

Азаттық: Жаңаөзен оқиғасынан кейін сотталған белсенділердің бірі Роза Төлетаева Азаттыққа берген бір сұхбатында қала тұрғындары психологиялық тұрғыда ауыр соққы алғанын, оларды оңалту шарасынан өткізу керегін айтқан еді. Қазір Жаңаөзен белсенділерімен байланысып тұрасыз ба? Бұл туралы не ойлайсыз?

Владимир Козлов: Жаңаөзен оқиғасы кезінде зардап шеккен адамдардың бәрімен бірдей тұрақты байланысым жоқ. Бірақ оларды психологиялық, қылмыстық және саяси оңалтудан өткізіп, барлық шығын үшін өтемақы төлеу керек.

ЖАҢАӨЗЕННЕН КЕЙІН "ШҮРІППЕ БАСЫЛДЫ"

Азаттық: Көп адам үшін Жаңаөзен – елдегі жағдайды өзгерткен оқиғалардың бірі. Жаңаөзенге "дейін" әзер өмір сүрсе де, жұмысы тоқтамаған жүйелі оппозиция, идеялар бәсекесі немесе оның көрінісі бар еді. Ал Жаңаөзендегі қантөгістен "кейін" партияларға, оның ішінде "Алға" ұйымына, билікке жақпайтын ақпарат құралдарына тыйым салынып, қысым күшейіп, заң қатаңдады. Жаңаөзеннен "кейінгі" кезеңді саяси реакция деп атауға бола ма?

Владимир Козлов: Жаңаөзендегі жағдай бір ауыр соққымен легитимді әрі қатаң оппозицияның көзін жою процесін жеделдету үшін қолданылды. Бұрын да қысым бар еді, ол жыл өткен сайын күшейіп келе жатқан. Оппозицияның көзін жою процесі әлдеқашан басталған, Жаңаөзеннен кейін жай ғана шүріппе басылды...

Ішкі істер министрлігі арнаулы бөлімшесінің қарулы қызметкері Жаңаөзен көшесінде тұр. 17 желтоқсан 2011 жыл.
Ішкі істер министрлігі арнаулы бөлімшесінің қарулы қызметкері Жаңаөзен көшесінде тұр. 17 желтоқсан 2011 жыл.

Азаттық: Қазір бұл реакция жалғасып жатыр ма?

Владимир Козлов: Биліктің көзқарасымен сәйкес келмейтін саяси ойлар туралы айтсақ, иә, бұл бағытта қысым күшейіп жатыр. Қазір саяси алаңда оппозициялық құрылымдар қалмаған соң, бейбіт наразылық білдіруде белсенділік танытып жүргендерге шабуыл басталды. Бұл алдын-алу тәртібінде жүреді, сондықтан іс жүзінде биліктің көзқарасынан бөлек ойдағы азаматтарды қудалау бар деп айтуға болады…

Азаттық: Қазір Қазақстанда оппозициялық күштер бар ма?

Владимир Козлов: Ұйымдар туралы айтсақ, оппозициялық күштер қалған жоқ. Олардың көзі жойылған. Заң, әсіресе, оны қолдану тәжірибесі ұйымдасқан оппозицияның пайда болуына жол бермеуді көздейді. Бүгінгі "Ақ жолды" оппозиция деп айтпаймыз ғой…

Оппозиция болуға бекінген адамдар бар. Бірақ оларға оппозиция болу үшін бірігуге мүмкіндік бермейді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ "ҚАРАҢҒЫЛЫҚ", "КІТАПХАНА" МЕН АҚОРДА

Азаттық: Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасынан кейін Қазақстаннан кеттіңіз. Ол биліктен кеткеннен кейін кей адамдарда "қоғамда өзгерістер болады" деген үміт оянғандай көрінді. Сіздің Украинаға кетуіңіз аяқ астынан қабылданған шешім бе, әлде бұл туралы ұзақ уақыт ойландыңыз ба?

Владимир Козлов: Назарбаев отставкаға кеткен жоқ. Оның Конституцияны қайта-қайта жазып, бірнеше жыл бойы дайындаған жоспары жүзеге асты: ол ресми жауапкершіліктен босағанымен, елді ары қарай басқарудың барлық тетігін сақтап қалды. Болып жатқан оқиғалардан хабары бар, көзі ашық азаматтардың бұған қатысты ешқандай үміті болуы мүмкін емес.

Қазіргі позициямда қалсам, Қазақстанда осы уақытқа дейін тағы да түрмеге түсер едім. Маған бұл туралы ескертулер де айтылды. Сондықтан Қазақстаннан кетуге тура келді. Оның үстіне, "экстремистер" тізімінде болуыма байланысты көп нәрсеге – банк операцияларынан бастап пошта қызметіне дейін толықтай тыйым салынған (Қазақстанда "экстремистік" баптар бойынша сотталған азаматтарға банк операцияларын жүргізуге, сақтандыру және нотариалды қызметтер пайдалануға шектеу қойылған – ред.). Бұл мені отбасымды асыраудың болмашы мүмкіндігінен айырды. Осы факторлардың жиынтығы Қазақстаннан кетуге себеп болды.

Азаттық: Сіз қазақстандық арнаулы қызмет тарапынан өзіңізді қауіпсіз сезінесіз бе?

Владимир Козлов: Олардан қашық екенімді білемін, бірақ өзімді қауіпсіз сезінбеймін. Қазақстан билігінің құқық қорғау қызметіме қатысты ашу-ызасын жақсы түсінемін. Бұл сайтымыздың Қазақстан аумағында бұғатталуынан және басқа да дүниелерден көрінді.

Азаттық: Қазақстанға оралуыңыз мүмкін бе?

Владимир Козлов: Әрине. Жоғары аталған қауіп-қатерлер жойылған кезде бірден ораламын.

Азаттык: Сіз елден қашық жүрсеңіз де Қазақстандағы жағдайды бақылап отырасыз. Елдің саяси өмірінде болып жатқан оқиғалар туралы не ойлайсыз?

Владимир Козлов: Қараңғылық.

Азаттык: Саяси сарапшылар қос билік, "кітапхана" мен Ақорда сияқты екі шешім қабылдау орталығы туралы жиі айтады. Кей адамдар олар өзара бәсекелес деп есептейді. Сіз елде қос билік бар деп ойлайсыз ба?

Владимир Козлов: [Қазіргі президент Қасым-Жомарт] Тоқаевтың өз алдына шешім қабылдайтынын көрсетуге тырысқан сапасыз имитациясы ғана бар. Осыны көбі қос биліктің белгісі деп түсінеді. Тоқаев – бағынышты тұлға, ол өз бетінше шешім қабылдай алмайды және бұлай жасағысы да келмейді. Сондықтан да ол осы позицияда. Назарбаев абсалют билігін көрсетіп, мұнысын жасыруға да тырыспайды. Сапасыз имитация дегенім де содан.

Азаттық: Алдағы парламент сайлауында бюллетеньде бір де бір оппозициялық күш болмайды. Сайлауға билік партиясы мен оның қол астындағы төрт партия қатысады. Бақылаушылар бұл науқан режимнің ары қарайғы стагнациясына әкеп соғады деп есептейді…

Владимир Козлов: Ешқандай сайлау болмаған және болмайды. Сайлауға еш қатысы жоқ кезекті манипуляцияның ғана уақыты белгіленген. Бұдан кәрі диктатураға тән жағдайдың одан әрі ушығуынан басқа ештеңе күтпеймін.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі суреттер

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG