Accessibility links

Ақтауда кей репатриант оралман атана алмай жүр


Маңғыстаудағы наурыз мерекесіне жиналған жұрт. Ақтау, 21 наурыз. 2013 жыл. Авторы - Талант Құсайын. (Көрнекі сурет)

Маңғыстаудағы наурыз мерекесіне жиналған жұрт. Ақтау, 21 наурыз. 2013 жыл. Авторы - Талант Құсайын. (Көрнекі сурет)

Маңғыстаудағы оралмандар үкіметтің наурызда қабылдаған 248-қаулысынан көрген қиындықтарына енді бюрократизм қосылғанын айтады.

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласына Ираннан бір ай бұрын көшіп келген Абдулмажит есімді азамат құжат толтыру кезінде көрген бюрократиялық кедергілерден шаршап жүргенін айтады.

– Біз үш отбасы болып Ираннан көшіп келген едік. Ақтауда әуелі халыққа қызмет көрсету орталығына жіберді. Ол әділет басқармасына, одан әрі көші-қон полициясына жұмсады. Көші-қон полициясы қайтадан халыққа қызмет көрсету орталығына жіберді. Бір айдан бері табанымыз таусылып, оралман куәлігін ала алмай жүрміз, – дейді Абдулмажит.

Оралманның сөзінше, құжат толтыруда кездескен тағы бір мәселе тілге қатысты.

– Толтыруға берген қағаздарының барлығы орысша жазылған – ештеңе түсінбейміз, – дейді Абдулмажит Азаттық тілшісіне.

«ОН ШАҚТЫ АДАМҒА ҒАНА ОРАЛМАН МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛДІ»

Ақтаудағы құжат мәселесімен басы қатып жүрген Абдулмажит қана емес. Түркіменстаннан келгеніне үш ай болған Төлеген есімді азаматтың да оралман куәлігіне қолы жетпей жүр. Ол 2014 жылы наурыздың 20-сында қабылданған «Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» деп аталатын үкіметтің 248-қаулысы өзіне көп кедергі келтіргенін айтады. Ол қаулыда оралмандарды қабылдайтын жеті облыс қана (Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан) аталған еді.

Киіз үйлер. Ақтау, 21 наурыз. 2013 жыл. Авторы - Талант Құсайын. (Көрнекі сурет)

Киіз үйлер. Ақтау, 21 наурыз. 2013 жыл. Авторы - Талант Құсайын. (Көрнекі сурет)

– Бұрынғы ата-бабамыздың мекені Маңғыстауға оншақты отбасы болып келген едік. Үкіметтің 248-қаулысына байланысты біраз қиналдық. Көші-қон бөлімі «үкіметтің арнайы қаулысы бар, сондықтан қабылдай алмаймыз» деп, бізге Солтүстік Қазақстан немесе Қостанай облысына баруға үгіттеген. Бірақ ол жаққа барудан бас тарттық, – дейді Төлеген.

Үкіметтің 248-қаулысынан кейін оралмандардың келуі күрт азайғанын Маңғыстау облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің жанындағы көші-қон мәселелері жөніндегі бөлімнің қызметкері Әсет Жақсылыққызы де растайды.

– Шілденің 29-ынан бастап құжаттарын қабылдап жатырмыз. Бар-жоғы оншақты отбасыға ғана оралман мәртебесі берілді. Олардың өзі – былтыр немесе 2011-2012 жылдары келген азаматтар. Бұрын ай сайын шамамен 100 отбасы немесе 230-дай адам құжат тапсыра келетін еді, – дейді ол.

Ал Түркіменстаннан келген оралман Төлеген Қазақстан үкіметі биыл шілденің 8-і күні 783-қаулы қабылдап, оралманның 14 облысқа да баруына рұқсат еткен соң ғана ісі жүргенін, қазір оралман куәлігін алуға құжаттарын өткізіп қойғанын хабарлады.

Көші-қон мәселелері жөніндегі бөлімнің қызметкері Әсет Жақсылыққызы өңірге шетелдерден келген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін берудің тәртібі бар екенін, оны бюрократизм деп қабылдамау керегін айтады.

Оралман куәлігінің сыртқы мұқабасы.

Оралман куәлігінің сыртқы мұқабасы.

– Өзгертілген қаулы (жоғарыда айтылған 783-қаулы – ред.) бойынша, көшіп келген азаматтар ең әуелі тұрақты тіркеуге отырады. Содан кейін ықтиярхат, одан соң ғана оралман куәлігін алады. Сондықтан біз тек бұрын көшіп келген, ықтиярхаты бар азаматтарға ғана оралман мәртебесін беріп жатырмыз, – дейді ол Азаттыққа.

Оралманды жеті облысқа ғана орналастыру жайлы 248-қаулы шыққан кезде-ақ азаматтық белсенділер «Қырымдағы жағдайға байланыста Қазақстанның шекаралық өңірлеріне оралмандарды көбірек қоныстандыру жоспары» жайлы айтқан еді.

Бірақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаев қаулының Қырымдағы дағдарысқа еш қатысы жоғын, оралмандарды ол өңірлерге қоныстандыру жөнінде ұсыныстар былтыр қабылданған «Көші-қон туралы» заң қайта қолға алынған кезде, яғни 2012 жылдың өзінде сөз бола бастағанын мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG