Accessibility links

Атабаев тергеуге өз еркімен барудан бас тартты


Болат Атабаев (оң жақта) пен Жанболат Мамай Маңғыстау мұнайшылары алдында сөйлеп тұр. 2011 жылдың жазы. (Сурет Болат Атабаевтан алынды).

Болат Атабаев (оң жақта) пен Жанболат Мамай Маңғыстау мұнайшылары алдында сөйлеп тұр. 2011 жылдың жазы. (Сурет Болат Атабаевтан алынды).

Оппозициялық саясаткер, театр режиссері Болат Атабаев Жаңаөзен қаласында өтуі тиіс болған тергеу амалдарына өз ықтиярымен бармайтынын Facebook желісі арқылы хабарлады. Ол өзіне қатысты өтетін сотты фарсқа айналдыратынын мәлімдеді.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) "Әлеуметтік араздық тудырды" деген айып бойынша күдікті ретінде Алматыда тергеп жатқан оппозициялық саясаткер, режиссер Болат Атабаев маусымның 5-і күні Facebook желісінде пост (мәлімдеме) жариялады.

"СОТТАРЫҢЫЗДЫ ФАРСҚА АЙНАЛДЫРАМЫН!"

«Мен, Болат Манашұлы Атабаев, ес-ақылым дұрыс күйде Жаңаөзен мен Шетпедегі мұнайшыларға қатысты шыққан әділетсіз сот үкіміне наразылық таныту ретінде Қазақстан республикасының ҰҚК-іне қаратып былай деп мәлімдеймін:

Кезекті тергеулеріңізге барып, жауап беруден бас тартамын! Қозғап жатқан қылмыстық істеріңізде шатағым жоқ, өйткені заңға қайшы әрекет қылған жерім жоқ! Қылмыстық іспен танысудан бас тартамын! Сот процесіне тек еркімнен тыс апара аласыздар.

Соттарыңызды фарсқа айналдырам, оған жетерлік ой-қиялым бар. Лас қолдарыңызды бос қойдым - бас салып, мені сотсыз, 1937 жылдағыдай сыртымнан соттап жібере аласыздар! Сотсымақтарыңызға қатысып, оны заңды процесс етіп көрсетуге құлқым жоқ. Билік басындағыларға дұғай сәлем!»

"ЕНДІ АДВОКАТПЕН БІРГЕ ДЕ ЕШҚАЙДА БАРМАЙМЫН"

Азаттық радиосы мәлімдеме жариялана сала Болат Атабаевқа хабарласқан еді. Оның айтуынша, үстінен әлеуметтік араздықты қоздыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

- Мен бұл статья бойынша әлдеқашан күдіктіден айыпталушыға айналғанмын. Бірақ филологиялық сараптама айтқан сөздерімде әлеуметтік араздық жоқ деген қорытынды жасады. Сондықтан ары қарай мені не себепті тергей беретіндерін білмедім, - деді ол.

Атабаевтың сөзінше, осыған дейін оны Алматы қаласындағы ҰҚК-нің уақытша қамау абақтысына (СИЗО) шақырып тергеп келген. Бұл абақтыда «Взгляд» газетінің бас редакторы Игорь Винявский, тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов және оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали қамауда болған.
Болат Атабаев баспасөз мәслихатында. Алматы, 20 ақпан 2012 жыл.

Болат Атабаев баспасөз мәслихатында. Алматы, 20 ақпан 2012 жыл.


Болат Атабаев өзін тергеуге Алматыда қандай да бір қарсылық акциясы болатын күндері шақырып отырғандарын айтты. Мамырдың соңында оған 30 мамыр күні Жаңаөзенде өтетін тергеуге шақыру келген.

- Сосын мамырдың 29-ы күні тек бір жаққа ғана жол ақысы төленген авиабилет әкеліп тұр. Бірден "адвокатсыз ешқайда бармаймын" дедім. Жанболат Мамай да сөйтті, - деді Атабаев.

Азаматтық қоғам белсендісі енді адвокатпен бірге де ешқайда бармауға бекінгенін айтты.

- Егер ҰҚК-іне керек болып жатсам, мені Жаңаөзенге кісендеп апарсын. Өз еркіммен ешқайда бармаймын.

"КНБзавр"

Мамырдың соңында қазақстандық ақпарат агенттіктерінің бірі Жаңаөзен қаласының прокуроры Марат Тойжанға сілтеме жасап, Болат Атабаев пен Жанболат Мамай тергеуге келуден бас тартқан соң оларды үйқамақта қалдыру туралы шешімнің өзгеруі мүмкін деген хабарлама таратқан еді. Бірақ мамырдың 31-і күні Guljan.org сайты прокурордың бұл мәліметті жоққа шығарғанын хабарлаған.

Болат Атабаевтың сөзінше, ҰҚК оны бұдан бөлек екі бап бойынша күдікті ретінде қарастырып отыр.
Болат Атабаев ҰҚК абақтысынан шығып келе жатқан Игорь Винявскийді қарсы алып тұр. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.

Болат Атабаев ҰҚК абақтысынан шығып келе жатқан Игорь Винявскийді қарсы алып тұр. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.


- "Билікті күшпен құлатуға шақырды" және "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды" деген де күдікке ілінгенмін. Ол бойынша да материалдар сараптамаға жіберілген. Бірақ қорытындысын әлі көрсеткен жоқ. Әзірше тек "әлеуметтік араздық" қалып тұр. Өзімді психологиялық сараптамадан да өткізді, - дейді ол.

Болат Атабаевтың айтуынша, психолог онымен ҰҚК-нің абақтысында кездескен.

— Мен одан: "Сіз ҰҚК-нің штаттағы психологысыз ба?" деп сұрап едім: "Өйтіп қорламаңыз. Жоғары оқу орнында психологиядан сабақ беремін" деді. Маған сурет салғызды. Үйдің, ағаштың, белгісіз бір аңның суретін салуымды өтінді. Белгісіз бір аңның суретін салып беріп едім: "Бұл не?" деп сұрады. "КНБзавр" дедім. Үндемей бас изеді.

"ДӘЛ ҚАЗІР АЙТУҒА ТИІСПІЗ"

Қоғамдық белсенді Болат Атабаев Ақтауда өткен Жаңаөзен мен Шетпе оқиғаларына қатысты сот үкімдерінің "әділетсіздігіне қарсылық ретінде" тергеуге барудан бас тартатынын айтады.

- "Ақтауда жендеттер құрбандарды соттады" деген сөзде жан бар. Өлмей қалғандарды соттап жіберді. Мысалы, Роза Төлетаеваның төрт баласы бар. Бір жарым жыл бұрын ері қайтыс болған. Өлместің күнін көріп жүре бергісі келмеді, адамша өмір сүргісі келді. Алаңда ол сияқтылар көп болды. Роза басқалардан гөрі сәл белсендірек болған шығар, - деді Болат Атабаев.

Оның айтуынша, "Әділетсіз сайлаулар - биліктің халықты қорқытып-үркіту құралы. Сол себепті әділетсіздікке қарсы жұрт дәл қазір пікір айтуы тиіс".

Азаттық тілшісі Жанболат Мамайға телефон шалғанымен, сөйлесе алмады.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша сот үкімі маусымның 4-і күні Ақтау қалалық сотында оқылған еді. 37 айыпталушының басым көпшілігі түрмеде жазасын өтеуге кесілді.

Былтыр желтоқсанның 16-17-сі күндері Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен мен Шетпеде болған толқу кезінде, ресми есеп бойынша, 17 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG