Accessibility links

Полиция "шабуыл жасағандарды" іздеп жатыр


Полиция қызметкерлері қала көшесінде тоқтатылған жеңіл көлікті тексеріп жатыр. Атырау, 15 қыркүйек 2012 ж.

Полиция қызметкерлері қала көшесінде тоқтатылған жеңіл көлікті тексеріп жатыр. Атырау, 15 қыркүйек 2012 ж.

Атырауда қыркүйектің 15-і күнгі оқиғалар бойынша қылмыстық іс қозғаған құқық органдары ішкі істер қызметкерлеріне оқ атып, полиция мекемесіне жанғыш сұйық зат құйылған шөлмек лақтырғандарды іздестіріп жатыр.

Сенбі күні Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова өткен түнде қалада болған төтенше оқиғаларға байланысты Азаттық радиосына төмендегідей мәлімет берді.

"14-қыркүйекте жергілікті уақытпен 23 сағат 52 минутта Атыраудағы Исатай-Махамбет атындағы алаң жанында белгісіз екі адам кезекшілік атқарып жүрген полиция қызметкеріне оқ атқан. Аяғынан жараланған полиция өкілі табельдік қарудан оларға қарсы оқ атқан соң әлгі екеу із жасырған.

15-қыркүйекте 00.10 сағатта белгісіз екеу Атырау қалалық ішкі істер басқармасына кіруге әрекет жасаған. Олар жанғыш сұйық зат құйылған шөлмекті бақылау-өткізу пунктіне лақтырып, құқық қызметкерлеріне оқ атқан, салдарынан 5546 әскери бөлімшесінің қызметкері жараланған. Полиция мекемесінің кезекшісі қызмет қаруынан оқ атқан соң белгісіз екеу қашып кеткен. Жараланған екі қызметкер де қазір ауруханада, олардың хал-жағдайы қанағаттанарлық" делінген полиция хабарламасында.

Полиция өкілі бұл оқиғалар бойынша қылмыстық іс қозғап, қылмыскерлерді анықтап, қолға түсіру мақсатында жедел тергеу амалдары жүріп жатқанын айтты.

Белгісіздердің шабуылына ұшыраған Атырау қалалық ішкі істер басқармасының жанында облыстық прокуратура мен әкімдік ғимараттары да орналасқан. Жұманың түнінде оқиға болған жерге барған Азаттық тілшісі ішкі істер басқармасы мен прокуратураның маңында күзеттің күшейтілгеніне куә болды. Полицейлер ол жерде күдікті көрінген көліктерді тексерді.




Өткен түнде оқиға орнында Азаттық тілшісіне өзін таныстырмаған полиция қызметкері алты адамның ұсталғаны туралы айтқан еді, алайда сенбі күні облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы ол ақпаратты растамады.

Бұл Атырауда соңғы он күннің ішінде болған екінші жарылыс. Қыркүйектің 5-і күні Атыраудағы жеке меншік үйлердің бірінде болған жарылыстан бір адам қаза тапқан еді. Билік орындары жарылыс болған жерден 21 жастағы Нұрлыбек Сақауов деген адамның мәйіті табылғанын хабарлады. Ол 12-қыркүйекте жерленді.

Ал былтырғы қазан айында Атырау облыстық прокуратурасы мен әкімдік маңында жарылыс болып, бір адам қаза тапқан еді. Кейін Қазақстанның бас прокуратурасы бұл терактіге "Халифат сарбаздары" атты діни топтың қатысы бар деген мәлімдеме жасаған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG