Accessibility links

Мектептер ағылшын мұғаліміне мұқтаж


Ағылшын тілін оқып отырған мектеп оқушысы. Көрнекі сурет
Ағылшын тілін оқып отырған мектеп оқушысы. Көрнекі сурет

Қазақстан мектептері биылғы оқу жылында ағылшын тілі пәнін бірінші сыныптан бастап оқыта бастады. Мектептер не оқулыққа, не оқытушыға мұқтаж екендерін айтады.

Биылғы қыркүйек айында Қазақстан билігінің «үштілділік» саясаты бойынша ағылшын тілін мектептерде бірінші сыныптан бастап оқыту басталды. Көпшілік ата-ана бұл өзгеріске оң қабақ танытады.

- Ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқытқанын құптаймын. Ұлымның бұл пәнге деген қызығушылығы жақсы. Болашақта ағылшын тілін білгендер тез жұмыс табады, - дейді Көркем Мұсаева есімді алматылық Азаттық тілшісіне.

Алматылық Мира Рақымжанованың да биыл бірінші сыныпқа барған баласы ағылшын тілі пәнін оқып жатыр. Бірақ ол жаңа пәннің жаңа мәселе туғызып жатқанына назар аудартады. Оның пікірінше, қазақша әріп танымайтын балаға шет тілін меңгеру қиын.

– Оң-солын енді таныған балаға қазақ, орыс, ағылшынды оқытуды қаламас едім. Балаға ауыр тиеді. «Әліппе» мен «Букварь» оқи ма, есеп шығара ма, әлде ағылшынша оқи ма? Ағылшынды төртінші сыныптан бастап оқытса болар еді. Бірақ ұлым оқуды бастады. Қазір ағылшын алфавитін жаттап жүр. Ағылшын тілі кітабын көріп шықтым. Санауды және өзі туралы айтуды үйренеді екен. Кейін дене мүшелері, тамақ атауларын жаттайтын сияқты, – дейді ол.

Мира Рақымжанова бірінші сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығын қаладағы дүкендерден 2 мың теңгеге алғанын айтады.

«ОҚУЛЫҚ КЕЛМЕЙ ЖАТЫР»

Бірінші сыныптың ағылшын тілі пәні оқулығын «Атамұра» және «Алматыкітап» баспалары дайындаған. Бұл оқулықтардың (оқулық, жұмыс дәптері және дискісі бар жинақ) бағасы Алматыдағы баспалардың дүкендерінде 1500 теңге болса, жеке кітап дүкендерінде 3 мың теңгеге дейін жетеді.

Қазақстандағы мектептердің кейбірі бірінші сыныпқа арналған ағылшын тілі пәні оқулығын әлі алмағандарын айтады. Сондай оқу орындарының бірі – Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қосақ ауылындағы орта мектеп.
5-сыныпқа арналған ағылшын тілі кітабының мұқабасы.
5-сыныпқа арналған ағылшын тілі кітабының мұқабасы.

– Бірінші сыныптарға ағылшын тілі пәнін оқытуды бастадық. Сабақты ағылшын тілінің мұғалімдері жүргізіп жатыр. Бірақ әлі қолымызда оқулық та, методикалық құрал да жоқ. Әзірге алфавитті, санауды оқытып жатырмыз, – дейді Қосақ мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орындасары Айгүл Әсетова.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің біріндегі ағылшын тілі пәннің мұғалімі Мейрамгүл Алиева да оқулық тапшы екенін айтады.

– Бірінші сыныпқа арналған кітап әлі жоқ. Аудандық білім бөлімі жібереміз деген. Күтіп отырмыз, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

Мейрамгүл Алиева бірінші сыныпқа және жоғары сыныптың барлығына сабақ беретінін, мектебінде ағылшын тілі пәні мұғалімі жетпей жатқанын айтты.

«МҰҒАЛІМ ЖОҚ»

Ағылшын тілі пәні мұғаліміне Шығыс Қазақстан мектептері де мұқтаж. Осы облыстың Тарбағатай ауданындағы мектептердің біріндегі ұстаз Қымбат (толық аты-жөнін жарияламауды сұрады) бірінші сыныпқа ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін маман таппай отырғандарын айтты.

– Ауылға ешкім мұғалім болып келгісі келмейді. Бірінші сыныпқа ағылшыннан орыс тілі пәнінің мұғалімі сабақ беріп жатыр. Ауданнан жақында ағылшын тілі мұғалімі келіп қалу керек, – дейді ол.

Осы аудандағы ұстаздардың бірі, бастауыш сынып мұғалімі Гүлнұр Әбиева да бірінші сынып оқушылары ағылшын тілін оқулықсыз оқып жатқанын айта келе:
Ілияс Есенберлин атындағы №25 мектеп-гимназиядағы алғашқы қоңыраудан кейінгі "білім күні" сабағына қатысып отырған оқушылар. Алматы 1 қыркүйек 2013 жыл
Ілияс Есенберлин атындағы №25 мектеп-гимназиядағы алғашқы қоңыраудан кейінгі "білім күні" сабағына қатысып отырған оқушылар. Алматы 1 қыркүйек 2013 жыл

– Бастауыш сынып мұғалімдері ағылшын тілінен сабақ бере алмайтындықтан облыстан мұғалім келді. Оның өзі педагогикалық колледж бітірген, – дейді.

Биыл білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша 700 грант бөлген. Бұл былтырғыға қарағанда 200 адамға көп.

Бірақ жоғары оқу орнын ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген жастардың бірі Нұртаң Әлиханов мектепте жұмыс істегісі келмейтінін айтты.
Қазір шетелдік компанияларға қазақ, ағылшын, орыс тілін білетін мамандар керек.

– Ағылшын тілін өте жақсы білемін. Сынақ тапсырып, сертификат алғанмын. Қазақстанда ағылшын тілін білетін мамандарға сұраныс жақсы ғой. Диплом ала сала әуе компаниясына сынақ тапсырып, қазір стюард қызметіндемін, – деді сұхбаттасымыз.

Былтыр университет тәмамдап, ағылшын тілі пәні мұғалімі маманы атанған Әсел Оралбекова да мектепке бармапты. Ол – қазір халықаралық компанияда аудармашы.

– Ағылшын тілі пәні мұғалімдігін таңдағанда мектепте істеймін деп ойлағанмын. Бірақ қазір шетелдік компанияларға қазақ, ағылшын, орыс тілін білетін мамандар керек. Солардың біріне жұмысқа кіріп алдым, – деді ол.

«КІТАП ШЫҚҚАН»

Бірінші сыныпқа ағылшын тілін оқыту барысын білуге бiлiм және ғылым министрлiгiне хабарласқан едік. Министрліктің телефонда өзін таныстырудан бас тартқан маманы:

– Ағылшын оқыту мәселесі 2011 жылы алғаш көтерілген. Екі жыл дайындалып, биыл оқытылып жатыр. Кітаптың бәрі шыққан. Мектептерге жеткізіліп жатыр, – деді.

Қазақстандағы бастауыш мектеп оқушылары арасында биыл бірінші сыныпқа барған балалар ғана ағылшын тілін оқып жатыр. Ал екінші, үшінші және төртінші сынып оқушылары әзірше ағылшын тілі пәнін оқымайды. Ескі бағдарлама бойынша олар ағылшын тілін бесінші сыныптан бастап үйренеді

Биыл Қазақстанда мектепке барған 2,5 миллион баланың 265 мыңы – бірінші сынып оқушылары.

Қазақстанда соңғы жылдары мемлекеттік БАҚ пен ресми құжаттарда жаһандану дәуіріндегі көптілді ортаға бейімделуді мақсат тұтатын «үштілділік» (қазақ, орыс және ағылшын) саясаты жиі насихатталады.

Орталық Азия елдерінің ішінде бұған дейін Өзбекстан да 2013 жылдан бастап шет тілдерін 1-сыныптан бастап оқыта бастайтыны туралы мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG