Accessibility links

Қазақстандық бітімгер жауынгерлер


Алматы облысындағы жаттығуларға қатысып жатқан Қазақстан әскері. 17 сәуір 2015 жыл.

Алматы облысындағы жаттығуларға қатысып жатқан Қазақстан әскері. 17 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан армиясының элитасы саналғанымен, жұрт бітімгерлік бөлімшелер жайлы көп білмейді. Ал биліктің айтуынша, олар тіпті Гаити сияқты қауіпті елде де жұмыс істей алады.

Өткен айда Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қайрат Омаров елінің алғашқы әрі ауқымды бітімгерлік миссиясы Гаитиде өтуі мүмкін екенін жариялады. Көрші Доминикан республикасымен шекарадағы қақтығыстар мен елдегі диктатура зардаптары БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы деңгейінде халықаралық күштердің араласуын қажет еткелі талай уақыт болған.

Ал Тәжікстандағы азамат соғысы кезінде Ауғанстанмен шекараны күзеткен қазақстандық батальонның бұрынғы мүшелерінің белсенділері Орталық Азия аймағында бітімгерлік операцияларға қатыса алатын және Қазақстан президентіне тікелей бағынатын бригада құруды ұсынады.

Қазақстан армиясының элиталық бөлімшелерінің «бітімгерлік әлеуеті» қаншалықты мықты? Азаттық ашық дереккөздерді пайдаланып, маңызды деректер тапты.

ҚАЗБРИГ ЖӘНЕ ҚАЗБАТ-1

Қазбриг бітімгерлік бригадасы құрлық әскерлеріне қарасты аэромобиль әскерлері құрамына кіреді. Қазбриг шартты түрде Қазбат-1, Қазбат-2 және Қазбат-3 деп атауға болатын үш батальоннан тұрады. Қазбат-1 батальоны БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысады. Ал Қазбат-2 Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) аясындағы бітімгерлік операцияларға қатысу үшін құрылған. Қазбат-3 – Қазбригтің резервтегі бөлімшесі.

Үш ротадан тұратын Қазбат-1 батальонында 550 әскери қызметкер (БҰҰ стандарты бойынша) бар. Керек-жарақпен қамту мәселелерін жеңілдету үшін әр рота 170 адамнан жасақталған. Бірақ әскери қызметшілер саны БҰҰ жүктеген міндетке қарай өзгеруі мүмкін.

Бас штабтың жауынгерлік әзірлік департаментіне қарасты бітімгерлерді дайындау бөлімі бастығы, подполковник Бауыржан Нығметуллиннің Азаттыққа айтуынша, Қазбат-1 батальонында келісім-шарт негізінде жалданған офицерлер мен сержанттар ғана қызмет етеді. Олар бітімгерлік мақсатпен барған елдің заңдарын және қазақ тілінен бөлек, ағылшын тілін де білуі тиіс. Қазбат-1 офицерлері арасында шетелде оқып келгендер көп.

Жаттығудағы әскер. (Көрнекі сурет)

Жаттығудағы әскер. (Көрнекі сурет)

Қазбат-1 батальоны жеке құрамын бітімгерлік миссияларды орындауға дайындауға АҚШ және Ұлыбритания елдері қатысады. Қазбат жыл сайын олармен бірлесіп «Дала қыраны» бітімгерлік жаттығуларын өткізеді. Соңғы жаттығу биыл көктемде Алматы облысындағы Іле полигонында өткен.

Қазбат-1 Американың «Хаммер» беренді машиналарымен жабдықталғанымен, қалған қару-жарақ пен техникасы стандартты үлгіде жасақталған.

- Ең бастысы, жеке құрам бітімгерлік миссиясына жүктелген міндеттерді толық орындауға қабілетті болуы тиіс, - дейді подполковник Бауыржан Нығметуллин.

Қазір БҰҰ-ның әскери қақтығыстар аяқталған елдердегі бітімгерлік миссияларына қазақстандық жеті әскери қызметші қатысып жүр. Оның ішінде бес офицер Батыс Сахараға, екі офицер Кот'д-Ивуарға кеткен.

- Оларды парламенттің 2013 жылдың желтоқсанындағы шешімімен әскери бақылаушы ретінде жіберген. Алғашқы бақылаушы 2014 жылдың тамызында кеткен, қазір үш офицер ауысты, - дейді подполковник Нығметуллин.

ҚАЗБАТ-2

Қазбат-2 бітімгерлік батальоны ҰҚШҰ аясындағы бітімгерлік операцияларға қатысу үшін құрылған. Қазбат-1 сияқты ол да келісім-шарт негізінде жалданған офицерлер мен сержанттардан жасақталған. Бірақ бұл батальонға БҰҰ-ның сертификаты қажет емес әрі жеке құрамның ағылшын тілін білуі міндетті емес. Бірақ жеке құрам қазақ тілінен бөлек ҰҚШҰ-на мүше өзге мемлекеттердің бітімгерлік күштері пайдаланатын орыс тілін білуі шарт.

- Бірақ ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгерлік күштері БҰҰ миссияларына қатысса, олар да миссияны орындайтын күштерге ортақ тілді білуі тиіс. Қазбат-2 батальоны офицерлерінің көбі шет тілін біледі, - дейді подполковник Нығметуллин.

Қазбат-2 батальоны ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгерлік күштері (ҰБК) құрамында жыл сайын бітімгерлік жаттығуларға қатысады. Осындай соңғы жаттығу «Мызғымас бауырластық-2015» атауымен екі ай бұрын Армениядағы «Маршал Баграмян» полигонында өткен.

ҚАЗБРИГТІҢ ТАРИХЫ

Қазақстанның бітімгерлік батальоны (Қазбат) 2000 жылы құрылған.

- Қазбат 2000 жылы, ал бітімгерлік бригада (Қазбриг) 2007 жылы 38-десанттық-шабуылдау бригадасы негізінде құрылған. 2008 жылы Қазбат (оны Қазбат-1 деп есептеуге болады) осы бригаданың қарауына өткен. Қазбат-1 батальоны Қапшағай қаласында, ал Қазбригтің штабы мен өзге бөлімшелері Алматыдағы 70-разъезде орналасқан, - деп түсіндіреді подполковник Нығметуллин.

Ақпарат құралдары «Қазбаттың тарихы 1992 жылдың тамызынан бастап 2001 жылдың ақпанына дейін тәжік-ауған шекарасын қорғауға қатысуынан басталады» деген болжамды жиі жазады. Бірақ Қазбаттың да, Қазбригтің де ол батальонға ресми қатысы жоқ. 17 әскери қызметшісі қаза тауып, 33-і жараланған қазақстандық батальон 1995 жылдың сәуірінде алғашқы әрі ең ірі шығынға ұшыраған болатын. Тәжікстанда болған кезде батальон қаза тапқаны және хабарсыз кеткені бар 54 әскери қызметшісінен айырылған. Ал жараланғандар саны бұдан да көп.

Ресейде өткен ҰҚШҰ жаттығуларында мүше елдер тулары жанында тұрған қарауыл. 15 шілде 2014 жыл.

Ресейде өткен ҰҚШҰ жаттығуларында мүше елдер тулары жанында тұрған қарауыл. 15 шілде 2014 жыл.

1995 жылы желтоқсанның 15-і күні Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары БҰҰ бітімгерлік күштерінің Орталық Азия аймақтық батальонын (Центразбат) құру туралы келісімге қол қойған. Әлгі келісім - келісімге мүше бір мемлекеттің әскери бөлімшелерінің екінші мүше елдің территориясындағы соғыс қимылдарына қатысуын заңды деп тану үшін құқықтық база болды.

2003 жылдың тамызынан 2008 жылдың қарашасына дейін Иракта болған қазақстандық инженерлік-сапер бөлімшесінің Қазбригтің құрылу тарихына үлкен қатысы бар. БҰҰ шешіміне сәйкес, қазақстандық әскерилер Иракта жарылмай қалған снаряд, миналарды тауып, жою, әскерді сумен қамтамасыз ету бекеттерін ұйымдастыру, суды тазарту шараларын жүргізу және медициналық көмек көрсету міндеттерін орындаған.

Бөлімшенің жеке құрамы алты ай сайын ауысып тұрған. Осы уақыт ішінде 290 қазақстандық әскери инженерлік-сапер бөлімшесі құрамында Иракта болып қайтты. Қазіргі Қазбригте ертеректе Ирактағы бітімгерлік миссияға қатысқан офицерлер көп.

ТАҒЫ БІР ҚАЗБРИГ ҚҰРЫЛА МА?

Қарашаның 4-і күні Астанада бірқатар ардагер ұйымдардың атынан Орталық Азия аймағында бейбітшілікті қорғайтын арнайы операциялар жүргізетін әрі Қазақстан президентіне ғана бағынатын БҰҰ-ның бітімгерлік бригадасын құруды ұсынды. Бастама көтергендер Орталық Азия елдерінің бітімгерлік бригадаларын да біріктіріп, оны Қазақстанда орналастыруды ұсынады.

«Тәжік-ауған шекарасындағы соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер одағы» төрағасы Мұрат Мұхамеджановтың Азаттыққа айтуынша, бұл Орталық Азия аймағында әскери-саяси ахуалдың қиындауына байланысты қажет. Ол бұл бөлімшеге тәжік-ауған шекарасындағы соғыс қимылдарына қатысқан немесе Иракта әскери қызметте болған қазақстандық әскерилерді қосуды ұсынады.

Бұл бастама жарияланғаннан бері бір айға жуық уақыт өтті, бірақ Қазақстан билігі реакциясы әзірше белгісіз.

ВИДЕО: Назарбаевқа тікелей бағынатын бригада құру ұсынысы

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG