Accessibility links

Қоғамдық ұйымдар президент Назарбаевты сотқа берді


Назарбаевты сотқа берген қоғамдық ұйым жетекшілері (солдан оңға қарай) Ардақ Бижігітов, «Адам құқықтары жөніндегі миссия» қоғамдық бірлестік төрағасы; Болатбек Біләлов, «Демократия және адам құқығы институты» қоғамдық бірлестік директоры; Зәуреш Батталова

Назарбаевты сотқа берген қоғамдық ұйым жетекшілері (солдан оңға қарай) Ардақ Бижігітов, «Адам құқықтары жөніндегі миссия» қоғамдық бірлестік төрағасы; Болатбек Біләлов, «Демократия және адам құқығы институты» қоғамдық бірлестік директоры; Зәуреш Батталова

Астанадағы бірнеше қоғамдық ұйымдар Нұрсұлтан Назарбаевтың үстінен сотқа талап арыз түсірді. Ұйым басшылары «атқарушы билік әрекетсіз және халық талабы ескерілмейді» деген уәж айтады

Астанадағы Есіл аудандық сотына түскен арызға «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры», «Адам құқықтары жөніндегі миссия» және «Демократия және адам құқықтарын қорғау институты» секілді қоғамдық қозғалыстың жетекшілері қол қойған. «Заңға сәйкес сот біздің талап арызымызға бес күн ішінде жауап беруі тиіс» дейді «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова.

МӘСІМОВ ПЕН ТАСМАҒАМБЕТОВКЕ ҚАРСЫ 3798 АДАМ

Астанадағы үлескерлер мен ипотекалық борышкерлердің құқын қорғап жүрген «Лайықты баспана үшін» қоғамдық науқан мүшелері бірнеше жылдан бері мемлекеттік және құқық қорғау органдарына, сондай ақ соттарға арызданғанымен нақты жауап ала алмай жүргендерін айтады. Шенеуніктердің бұл әрекетіне наразылық танытқан үлескерлер премьер министр Кәрім Мәсімов пен Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовті отставкаға жіберу жөнінде 3798 адамның қолы қойылған хатты президентке жолдағандарын алға тартады.

– Сол хаттың қайда кетерін, кім оны қарап нақты жауап берерін тапсырған күннен бастап бақыладық. Президент әкімшілігі «Хат президентке түсті. Енді оны әділет министрлігіне жібердік. Олар сіздерге нақты жауап береді» деп ауызша ғана айтты. Қазақстан заңына сүйенсек, ауызша айтылмау керек, 15 күннің ішінде нақты жауап беруі керек. Нақты жауап болмаса, уақытша жауап беріп, «осындай мекемеге жібердік, солар осындай мерзімде жібереді» деп бір парақ қағаз жібермеді ғой, – дейді «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова.

Ал Есіл аудандық соты кеңсесінің Азаттық радиосына мәлімдеуінше, іс судья Сәуле Балтабаеваның қарауына жіберілген. Судья «бес күннің ішінде азаматтық-процессуальдық кодекске сай өндіріске қабылдау немесе кері қайтару, әлде бас тарту туралы шешім қабылдайды».

АРЫЗДАНУҒА СЕБЕП БОЛҒАН – «ЖАЛҒАН ЖАУАП»

Президент әрі президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың үстінен талап арыз түсіруге 15 наурыз күні Астанада митинг ұйымдастырған қазақстандық үлескерлерге «билік тарапынан берілген жалған жауап та әсер етті» дейді Зәуреш Батталова. «Президент халықтың талабын ескерусіз қалдырды» дейді ол Азаттық тілшісіне берген сұқбатында.

– Митингіде президент әкімшілігінің қызметкерлері мен «Нұр Отан» партиясының мүшелері жиналған жұртқа: «Президент Астанада жоқ, ол іс сапарда», – деп айтты. Бірақ президент сол күні «Конгресс холда» жиын өткізіп, пәтер кілттерін тапсырды, – дейді «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова.

Астаналық үлескерлер сол күні кешкісін президентті сотқа беру туралы шешім қабылдағандарын айтады. Зәуреш Батталованың мәлімдеуінше, президент әкімшілігінен адамдар келіп, мұрсат сұрапты. «Алайда осы күнге дейін әлі жауап жоқ» дейді үлескерлердің белсендісі.

«Осылайша Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы заңының бес бабын өрескел бұзып отыр» деген қоғамдық ұйым жетекшісі президент сот алдында тиісті жауабын беру қажет дейді. Бірақ Зәуреш Батталова президенттің сот залына келе қоятынына күмәнмен қарайды. «Жоғары лауазымды бір өкілі келіп жауап беретін шығар» дейді ол.

Егер аудандық сот талап арыздарын қараудан бас тартатын болса, Жоғарғы сотқа жүгінетіндерін айтады қоғамдық ұйым жетекшісі. Егер Жоғарғы сот жауапсыз қалдырса, халықаралық ұйымдарға дейін шағымданбақ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG