Accessibility links

Астана түбіндегі колонияның айып абақтысына қамалған тұтқын ішін тіліп тастады. Колония әкімшілігінің айтуынша, ол айып абақтысына (ШИЗО) міндетті жұмысты орындаудан бас тартқаны үшін қамалған.

Тұтқын Серік Қарабасовтың әпкесі Айжан Қарабасова Азаттыққа «Астана қаласынан 50 километр жердегі Аршалы кентіндегі ЕЦ-166/5 түрмесінің айып абақтысына қамалғаннан кейін інім ішін тіліп тастады» деп шағымданды. Әйелдің айтуынша, «өзіне көрсетілген әділетсіздікке» төзе алмаған інісі қарсылығын осылай білдірген. Есірткіге байланысты қылмыс жасаған деп айыпталып, 12 жылға сотталған Қарабасов жаза мерзімінің алты жылын өтеген. Өткен аптаның аяғында колония басшылығы Азаттық тілшісіне тұтқынның денесін тіліп тастағанын растады.

Тұтқынның туысының айтуынша, Серік Қарабасов айып абақтысына жасақ бастығы оны «аптасына екі сағат тегін жұмыс істеуден бас тартты» деп айыптаған соң қамалған. Айжан Қарабасованың айтуынша, оның інісін түрме қызметкері моральдық тұрғыдан кемсіткен.

- Інім жұмыс істеуден ешқашан қашып көрген емес. Жұрт сияқты тиісті жұмысты істеп жүрген. Бірақ ол жасақ бастығының түкірігін тазалаудан бас тартқан. Оны кабинетіне шақырып алған жасақ бастығы жерге түкіріп, ініме «тазала» деп бұйырған. Мұны інімді кемсіту үшін әдейі жасаған. Інімді оның түкірігін сүртуден бас тартқаны үшін жазалап отыр, - дейді Айжан Қарабасова.

Рүстем Омаровтың туысы Шолпан Сартованың Азаттық тілшісіне айтуынша, оның інісі де жасақ бастығының осындай бұйрықтарын орындаудан бас тартқаны үшін айып абақтысына қамалған. Кісі өлтіргені үшін 18 жылға сотталған Омаров жаза мерзімінің 7 жылға жуығын өтеген.

- Айып абақтысына ішінде менің інім мен Серік Қарабасов бар алты адам қамалған. Тұтқындар колонияның әлгі қызметкерінің үстінен көп шағымданады. Інімнің жағдайын ойлап, уайымдап жүрмін, - дейді Шолпан Сартова.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің алды. Астана, 14 тамыз 2010. (Көрнекі сурет)

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің алды. Астана, 14 тамыз 2010. (Көрнекі сурет)

ЕЦ-166/5 түрмесі әкімшілігі тұтқынның ішін тіліп тастағанын растады. Түрме бастығының орынбасары Бекболат Шәкіровтің айтуынша, қазір колонияда осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталған. Тұтқындар үстінен шағымданған жасақ бастығы қазір демалыста. «Кімнің кінәлі екені ол жұмысқа шыққаннан кейін анықталады» дейді Бекболат Шәкіров.

- Серік Қарабасов жұмыс істеуден бас тартқаны үшін айып абақтысына 15 тәулікке қамалған. Бұл тұтқын суицид жасауға бейім деген ұйғарыммен бізде профилактикалық есепте тұр, - дейді Бекболат Шәкіров.

Оның айтуынша, түрмеде орындалуы міндетті нормативтік заң актілері бар.

Қылмыстық-атқару кодексінің 102-бабында тұтқындарға абаттандыру және мәдени-тұрмыстық жағдайды жақсарту жұмыстарын тегін істетуге болатыны жазылған. Тұтқындар аптасына бір мәрте екі сағат кезекпен жұмыс істеуге міндетті. Ресми құжатқа сәйкес, жұмыс істеу ұзақтығы тұтқындардың қалауы бойынша ұзартылуы мүмкін.

Бірақ мұндай жұмысты орындаудан бас тартқаны үшін ескерту немесе сөгіс жариялаудан бастап, 15 тәулікке дейін айып абақтысына қамау жазасы қарастырылған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG