Accessibility links

Марғұлан Сейсембаев оппозициялық тәжірибесі жоқ екінші Әбілязовке айналуы мүмкін


Альянс банк директорлар кеңесінің төрағасы Марғұлан Сейсембаев.( сурет банктің сайтынан алынды)

Альянс банк директорлар кеңесінің төрағасы Марғұлан Сейсембаев.( сурет банктің сайтынан алынды)

Альянс банктің негізгі акционері Марғұлан Сейсембаев өзінің «шетелдегі демалысынан» әзірше Отанына оралу ниеті жоқ екенін мәлімдеді. Қазақстанда жеке басының қауіпсіздігіне байланысты еліне қайтып барудан бас тартатын тағы бір ірі банкир пайда болуы мүмкін.

Қазақстанның банк жүйесі шетелдік серіктестер мен бақылаушыларға алаңдатарлық жаңа хабарлама жөнелтіп отыр. Осы аптада Қазақстанның қаржы полициясы Еуразиялық банк басқармасының бұрынғы төрағасы Жомарт Ертаевты 1,1 миллиард доллар болатын бөтеннің мүлкін ұрлап, талан-таражға салды деген күдік негізінде тұтқындады. Ол 2002 және 2007 жылдар аралығында басшылық еткен Альянс банкке осындай көлемдегі залал келген тәрізді.

Банктің баспасөз хатшысы Михаил Егорин «Блумберг» агенттігінің тілшілеріне Жомарт Ертаевтың ісіне қатысты түсінік беруден бас тартты. Еуразиялық банк Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов және Патох Шодиевтің меншігі болып есептеледі. Олар сонымен бірге, Қазақстанда тіркелген феррохром, темір және алюминий шикізатын өндірумен айналысатын ENRC бірлестігінің негізін қалаушылар болып саналады.

Былтырғы жылдың қыркүйек айында журналистерге берген сұхбатында Александр Машкевич Жомарт Ертаевтың «күшті, әмбебап несиегер банкті» құру үшін Еуразиялық банкке қызметке алынғанын айтқан болатын.

Тамыз айының басында жергілікті баспасөз беттерінде жарияланған құжаттар жұмбағы көп кепілдемелерге қатысты жайттарды жаңа деректер арқылы айқындай түсті деп жазады «Силк Роуд интеллидженсер» сайты.

Егер бұл құжаттардың шын екені дәлелденсе,- деп жазады сайт,- онда осы арқылы Жомарт Ертаев, Алексей Агеев және Марғұлан Сейсембаевтың Қазақстанның көлемі жөнінен төртінші ірі банкінің күйреуіне алып келген әрі оның акционерлеріне бір миллиард доллардан астам мөлшерде залал келтірген алаяқтыққа барғаны анықталмақ.

Істің егжей-тегжейі баспасөз бетінде сөз бола бастаған соң, Альянс банктің директорлар кеңесінің төрағасы Марғұлан Сейсембаев шетелде жатып, «Интерфакс» жаңалықтар агенттігіне жолдаған хатында өзінің аталған мәмілелердің іс жүзіне асырылып жатқанынан кезінде хабардар болғанын мойындаған, алайда оларға өзінің қатысы болмағанын әрі ол істерді Жомарт Ертаев пен Алексей Агеевтің ұйымдастырғанын айтқан.

Марғұлан Сейсембаевтың мәлімдемесіне қарағанда, Жомарт Ертаев пен Алексей Агеев «Ренессанс» және «Метрополь» деп аталатын ресейлік компаниялардан алынған қарызды банк капиталын арттыруға жұмсаған, ал мұндай операцияны атқаруға Альянс банк акционерлерінің, соның ішінде Марғұлан Сейсембаевтың өкілеттігі болмаған.

Марғұлан Сейсембаев төрт оффшорлық компания мен Альянс банктің қарым – қатынасының егжей-тегжейін ашпаған әрі аталған операцияның неге банктің қаржылық есеп беру қағаздарында көрсетілмегенін түсіндірмеген.

«Силк Роуд интеллидженсер» Марғұлан Сейсембаевтың хаты Жомарт Ертаев пен Қазақстанның ресми қаржылық инстанцияларына қатты әсер еткенін атап көрсетеді. Жомарт Ертаев пен Қазақстанның аталған инстанциялары кінәні әртүрлі тараптарға артып баққанымен, істің анық-қанығына сәуле түсіретін бір жартымды мәлімет бермеген.

Алматыдағы «КазТАГ» агенттігіне тамыздың 27 жұлдызында берген сұхбатында Марғұлан Сейсембаев өзінің Қазақстанға әзірше оралу ойы жоқ екенін мәлімдеген. Алайда ол бұрынырақ Отанына тамыздың 30 жұлдызына қарай міндетті түрде ораламын деген еді. Бақылаушылар оның бұл ісін БТА банктің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбілязовтің істеген іс-әрекетімен салыстырып жатыр: Әбілязов осы жылдың басында Қазақстаннан шетел асып қашып кеткен еді, қазір Лондондағы баспанасынан оппозициялық белсенділігін жаңадан жандандырып отыр.

Дегенмен, Марғұлан Сейсембаевтан ерекшелігі сол, Мұхтар Әбілязов Назарбаев режимімен күресте саяси тәжірибе жинақтаған адам болып саналады. Әрине, бұлардың екеуі де кезінде, ара-арасында басқа да қазақ топ-бизнесмендерімен қатар жүріп, «иесіне шын бағынған, адал» адамдардың ашық хатына қол қойып, советтік дәстүрге сай түрде бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажегелдин мен Аустриядағы бұрынғы елші Рахат Алиев тәрізді «сатқындарды» айыптаудан құралақан қалған жоқ.

Альянс банк басқармасының бұрынғы төрағасы Жомарт Ертаевтың тұтқындалуы Қазақстандағы қиыншылықтарға ұшырап отырған банкілер ахуалына жарығырақ сәуле түсіруге тағы бір мүмкіндік бермек, алайда бақылаушылар мен инвесторлар бұл жайт Альянс банк проблемаларының барлығының басын ашып береді деп құр босқа үміттенбеуі керек деп түсінік береді аталған ахуалға «Силк Роуд интеллидженсер» сайты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG