Accessibility links

Пастор Қашқымбаевтың шартты бостандығы


«Благодать» шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев бостандыққа шығатын күні сот залында отыр. Астана, 17 ақпан 2014 жыл.

«Благодать» шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев бостандыққа шығатын күні сот залында отыр. Астана, 17 ақпан 2014 жыл.

Төрт жыл шартты мерзімге сотталған пастор Бақытжан Қашқымбаев Азаттыққа түрмедегі күндері мен ондағы тұтқындар жайлы әңгімеледі. Бұл – абақтыдан шыққан пастордың алғашқы сұхбаты.

Шіркеуге келуші әйелдердің бірінің психикасына «қасақана ауыр зардап келтірді» деп айыпталған Бақытжан Қашқымбаевты төрт жыл шартты мерзімге соттады. Соттың мәлімдеуінше, пастор құлшылық кезінде жәбірленушіге әлдебір сусын беріп, психикасына зардап келтірген. Прокуратура «экстремизм» бабы бойынша пасторға таққан айыптауынан бас тартты.

Өткен аптада Астана қаласының №2 Алматы аудандық соты пастор Бақытжан Қашқымбаевты төрт жылға шартты түрде соттап, үш жыл сынақ мерзімін тағайындау туралы үкім шығарды. Бұдан бөлек, сот «моральдық зиянның өтемақысы мен адвокат қызметінің ақысы үшін пастор жәбірленуші тарапқа 2 миллион теңге төлеуге міндетті» деп шешті. Бақытжан Қашқымбаев сот үкімімен келіспейді, енді аппеляциялық шағым бермек.

Азаттық: Қашқымбаев мырза, денсаулығыңыз жақсы ма? Тергеу және сот кезінде «денсаулығым нашарлап кетті» деп көп шағымданған едіңіз.

Бақытжан Қашқымбаев: Онша емес. 67 жастағы шалдың денсаулығы қайдан жақсы болсын. 2013 жылдың 17 мамырында қамауға алғанға дейін әйелімнің (ол дәрігер) қарауында болдым. Бұрын аса ауыр жүрек талмасына шалдыққанмын. Денсаулығыма байланысты әрі жасым ұлғайған соң, 2012 жылдың 14 қазанында, яғни абақтыға түсерден 7 ай бұрын барлық шаруаны тастап, демалысқа шыққанмын. Диета ұстап, ем-дом қабылдап, қысқасы, нағыз зейнеткерше өмір сүріп жатқанда күтпеген жерден қамауға алды.

ҰҚК екі офицері «кейбір түсініксіз жайттарды анықтап алған соң қайта әкелеміз» деп алдап әкетті. «Көлігіміз жылы» деп, жылы киінуге мұршамды келтірмей, жейде мен жаздық жұқа пиджакпен алып кетті. Осы күйімде түрмеге түстім. Камераның терезесі жоқ, ал далада бес градус қана жылы болатын.

Күзетші сот залына әкелінген пастор Бақытжан Қашқымбаевтың қолындағы кісенді шешіп жатыр. Астана, 22 қаңтра 2014 жыл.

Күзетші сот залына әкелінген пастор Бақытжан Қашқымбаевтың қолындағы кісенді шешіп жатыр. Астана, 22 қаңтра 2014 жыл.

Қысқасы, алғашқы күндері қатты суық тиіп, екі құлағымның созылмалы қабынуы асқынып кеткен сияқты. Құлағым әлі қатты ауырады. Бұрынғыдан да нашар еститін болдым, құлағымнан ысылдаған шу кетпейді, басым да ауырады.

Тіпті сот процесі кезінде де құлағымнан қан аралас ірің ақты. Еркімнен тыс психиатриялық сараптамадан өткізу үшін Алматыға этаппен заңсыз апарған соң екі аяғым бірдей ісіп кетті. Адвокатым екеуміз екі ай бойы арызданып қоймағасын ғана емдей бастады, система қойып, аяғымның ісігін қайтарды. Адвокат екеуміздің арызымыз бар әрі қоғамдық пікірдің қысымымен қарашаның 4, 5, және 6-сы күндері ҰҚК екі офицері мен екі күзетшінің бақылауымен республикалық диагностикалық орталыққа апарып тексерді.

Азаттық: Билік қамауда отырған кезіңізде емдеп, бәрібір шара қолданыпты ғой.

Бақытжан Қашқымбаев: Дәрігерлер жүргізген диагностикалық тексеру нәтижелерін әйелім бірнеше аптадан кейін ғана алды. Оған дейін бермей қойыпты. Бірақ жоғары білікті дәрігер екі офицердің көзінше маған «екі құлағыңызға да шұғыл операция жасау керек. Тесіліп қалған құлақ жарғағыңыз мүлде жоқ. Енді сәл болса, миға жетуге аз қалған. Сізге бактериологиялық анализ тапсыру қажет. Әуелі емдеп алып, кейін шұғыл операция жасау керек» деді.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев абақтыдан шығып келеді. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев абақтыдан шығып келеді. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

Дәрігер адам құлағы бейнеленген плакаттан маған бәрін көрсетіп берді. Бұл 2013 жылғы қарашаның 6-сы болатын. 2014 жылдың 17 ақпанында сот үкім шығарды. Бірақ құлағымды сол күйі емдеген жоқ.

Аяғымның ісігін қайтару үшін түрме дәрігерлері Салтанат Балғашқызы мен Гүлмира Хакімқызы көп әрекеттенді. Бірақ абақтыда тиісті маман болмағандықтан, екеуі маған көмектесе алмады.

Түрмеге түссең, қайтсең де ауырмау керек екеніне көзім әбден жетті. Біріншіден, науқасқа жедел көмек көрсетпейді. Екіншіден, түрменің медициналық бөлімі тиісті дәрі-дәрмекпен, білікті мамандармен қамтылмаған.

Азаттық: Үкімге қандай баға берер едіңіз?

Бақытжан Қашқымбаев: Үкімге қатысты екіұдай күйдемін. Бір жағынан, христиан ретінде өзімнің құтқарушым Иисус Христостың азабын бөлістім деп іштей қуанамын. Ол «Мені қудалағандар, сендерді де қудалайды» демеп пе еді. «Менің есімім үшін бәріне жеккөрінішті боласыңдар» деген сөзі де бар.

Маған әлдебір жауыз адам ретінде үкім шығарды. Иисусты да зұлым ретінде жазалап еді. Сондықтан бұл үкіммен келіспеймін.

Әрине, маған шартты жаза кесті, қазір бала-шағамның, туыстарымның ортасындамын. Бірақ мен ешқандай жауыздық жасаған жоқпын. Мұны құдайдың құлы ретінде айтамын.

Азаттық: Сізге қатысты іс құқық қорғаушылар арасында, Қазақстаннан тыс жерлерде де үлкен пікір тудырды. Мұның сізге көмегі тиді ме?

Бақытжан Қашқымбаев: Түрмеде отырғанда қаншама адам мені қорғап жатқанынан хабарым да болған жоқ. Менің ісім әлемде пікір туғызғанына әлі күнге қайран қалдым. Мені мұның бәрін өзіне сенген жандарды қамқорлығына алған тәңірінің шапағатына балаймын. Қасиетті кітапта жасаған иемнің «сендерге қатысты әр іс менің жанарымда болады» деген сөздері бар.

Адвокатым «Сізді қолдайтын бір топ құқық қорғаушы бар» деп айтқан. Оларды жіберген жасаған иеме рақмет, жасаған ием олардың әр ісін жарылқап, отбасын қолдасын. Асыл жандар, сендерді жақсы көремін! Сендер адам құқығын қорғаушы ғана емес, мына күнәһар дүниеге шапағатын төккен жарық сәулесіңдер.

Азаттық: Қазір түрмелерде қандай адамдар отыр екен?

Бақытжан Қашқымбаев: Менің әңгімем түрмедегі жағдайды толық суреттеп бере алмайтын сияқты. Жалпы жағдайды сипаттау үшін көбірек мағлұмат керек. 9 айда мені әр түрлі камераға ауыстырып отырды. Бірақ бір байқағаным, түрмеде отырғандардың көбі 20-25 жас шамасындағы жастар.

Көбі сауатсыз әрі ой-өрісі мүлде мешеу қалған жандар. Кәдімгі сағаттың тілін айыра алмайтын 25 жастағы жігітті көрдім. Сұрағанымда, «оның қажеті не, ұялы телефонымда цифрлар бар ғой» деп жауап берді.

«Благодать» шіркеуіне келушілер пастордың сот процесіне қатысып отыр. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл.

«Благодать» шіркеуіне келушілер пастордың сот процесіне қатысып отыр. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл.

Тағы бір жас жігіт (26 жаста) бес тіл біледі, бірақ мүлде сауатсыз, оқып-жаза алмайды. «Неше сынып бітірдің?» дегенімде «алты сынып оқыдым» дейді. «Онда оқу-жазуды білуге тиіссің. Сыныптан сыныпқа қалай көштің?» десем, «Оқу-жазуды білмеймін. Әке-шешемді сыйлаған соң көшіре салатын» дейді.

Меніңше, бұлар - өтпелі заманның құрбандары. Әке-шешесі нан табудың қамымен, ала дорба арқалап жүргенде балалары көше кезіп, қараусыз қалған соң амалсыздан қылмыстық жолға түскен.

26 жастағы бір жігітпен камералас болдым. Сауда жасаған әжесінің жанында жүріп, базарда өскен екен. Олардың обалы бәрімізде, бірінші кезекте дін қызметшілерінде.

Азаттық: Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG