Accessibility links

Назарбаев Конституциялық кеңестің Жаңаөзенге қатысты шешіміне қарсылық білдірді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен қаласында полицейлермен әңгімелесіп тұр. 22 желтоқсан 2011 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен қаласында полицейлермен әңгімелесіп тұр. 22 желтоқсан 2011 жыл.

Қаңтардың 10-ы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңестің Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын өткізбеу туралы 6 қаңтардағы қаулысына вето қойды. ОСК басшысы Қуандық Тұрғанқұлов әзірге түсінік бере алмайтынын айтты.


Президент Назарбаев "Конституциялық кеңестің бұл шешіміне орай Жаңаөзен қаласының тұрғындары өздерінің конституция мен заңдарда көрсетілген сайлау құқықтарын шектейді деп алаңдайды" деген уәж айтады.

"Мемлекет басшысының шешімі Жаңаөзен қаласының тұрғындарына өздерінің сайлауда дауыс беру және мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлануға берілетін Конституциялық құқықтарын пайдалана алуға жағдай жасау болып табылады" деп жазылған баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ал түстен кейін Қазақстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов президент Назарбаевтың Конституциялық кеңестің шешіміне вето қоюына қатысты: «Орталық сайлау комиссиясы бұған түсінік бере алмайды. Бір білетініміз, заң бойынша мұны енді Конституциялық кеңес қарауы тиіс. Біз соның шешімімен жұмыс істейміз» деп мәлімдеді.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫ

Бұған дейін, қаңтардың 6-сы күні орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос:

- Орталық сайлау комиссиясы Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай тәртібінің ұзартылуына байланысты қаңтардың 15-іне белгіленген Қазақстан парламенті мәжілісінің бесінші шақырылымдағы депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы Жаңаөзенде өтпейтіні туралы қаулы алды. Ал жергілікті мәслихат депутаттары мен Жаңаөзен қаласынан түсетін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау мерзімі төтенше жағдай тәртібі аяқталғаннан кейін анықталып, өткізілетін болады, - деп мәлімдеген.

Қаңтардың 6-сында Астанада Қазақстан конституциялық кеңесінің отырысын өткізген осы кеңес төрағасы Игорь Рогов Жаңаөзенде төтенше жағдай тәртібінің енгізілуіне байланысты сайлау өткізудің қаншалықты дұрыстығы туралы конституциялық кеңеске орталық сайлау комиссиясы жолдаған сұрауға жауабын жариялаған еді.

Игорь Роговтың айтуынша, азаматтардың өз таңдауын еркін білдіруі - әркімнің конституциялық хақы. «Азаматтардың бұл хақы тек тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздік сақталған жағдайда ғана жүзеге асуы тиіс. Өз даусын еркін білдіру үшін еркін жүріп-тұру, бірігіп, жиын, митинг, шерулер өткізу және ақпаратты еркін қол жеткізіп, тарату құқықтары да қоса болуы керек» деді ол.

- Мемлекет азаматтардың осы құқықтарын толықтай пайдалануына, сондай-ақ сайлаудың ашық және бәсекелі түрде өтуіне жағдай жасауы керек. Бірақ төтенше жағдай кезінде және азаматтар мен заңды тұлғалардың жоғарыда аталған құқықтары мен еркіндіктері шектелгендіктен олардың еркін дауыс беруі өте қиын, - деп түсіндірген еді Игорь Рогов Конституциялық кеңестің тұжырымын.

ЖАҢАӨЗЕНДЕ САЙЛАУ ӨТЕ МЕ, ӨТПЕЙ МЕ?

Адам құқығын қорғау бюросының Қарағанды облыстық бөлімшесінің заңгері Анатолий Кимнің айтуынша, конституциялық кеңестің қаулысын талқылауға болмаса да, оны кейін қайтаруға президенттің өкілеті жетеді.

- Демек бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады: Жаңаөзен аумағында сайлау болады. Бәрібір мұны алдын-ала ұйымдастырылған деп ойлаймын, - дейді Анатолий Ким.

Оның ойынша, осылайша «Нұр Отан» жаңаөзендіктердің арасында ұпай жинамақ.

- Конституциялық кеңес төтенше жағдайда байланысты сайлау болмайды десе, президент азаматтардың конституциялық құқығының орындалуының кепілі ретінде «бұл жекелеген азаматтардың сайлау құқығын бұзу екенін» «шұқып» көрсетіп отыр. Бұл, мүмкін, таза пиар қадам шығар. Президент «Нұр Отан» партиясы үшін осылайша дауыс жинауы мүмкін, - дейді Анатолий Ким.

Оның ойынша, қаңтардың 15-іне дейін Жаңаөзенде төтенше жағдай тәртібі алынып тасталуы да мүмкін. «Себебі бізде бәрі соңғы сәттерде болып жатады ғой» дейді заңгер.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚАУЛЫСЫ МЕН ВЕТОНЫҢ ТЕКЕТІРЕСІ

Алматы Хельсинки комитетінің басшысы Нинель Фокинаның пікірінше, нақты жағдайда билік төтенше жағдай мерзімін ұзартып, өзін-өзі «конституциялық тығырыққа» тіреді. Оның айтуынша, Жаңаөзенде сайлау өтсе де, өтпесе де - сайлау заңсыз болып шығады.

- Мұнда жоғарыда өте маңызды мемлекеттік саяси шешімдердің біржақты, арнайы органдармен ақылдаспай, терең талдауларсыз қабылданатыны өте айқын көрініп қалды. Төтенше жағдайдың енгізілуі бәрімізді осылайша тығырыққа тіреді. Біз «шамамен 50 мың азаматтың конституциялық құқығын бұздық» деп мойындасақ, болашақта біреулер бұл сайлаудың заңды өткеніне күмән келтіріп, қарсылық білдіруге мүмкіндік алады. Не Жаңаөзенде сайлау өткізе береміз. Бірақ ол сайлау да заңсыз болады. Және оны да мойындамауға негіз береміз. Біздің «данышпандар» бұл тығырықтан қалай шығар екен? Оны да көре жатармыз, - дейді Нинель Фокина.

Оның пікірінше, конституциялық кеңес артық дауыс жинап, президенттің ветосының күшін жоя алады, бірақ бұл қадам да тығырықтан құтқара алмайды.

Құқық қорғаушының ойынша, ең дұрысы - сайлауды Жаңаөзенде төтенше жағдай мерзімі біткеннен кейін яғни ақпан айында өткізген.

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында 2011 жылы желтоқсанның 16-сында мұнайшылар мен полиция қақтығысып, қарусыз адамдарға оқ атылды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы желтоқсанның 17-сінен 2012 жылғы қаңтардың 5-іне дейін Жаңаөзен қаласының аумағында төтенше жағдай жариялады, қалада түнгі 11-ден таңғы 7-ге дейін коменданттық сағат тәртібін енгізді.

Ал қаңтардың 4-і күні президент Назарбаев өз жарлығымен Жаңаөзендегі төтенше жағдай мерзімін 31 қаңтарға дейін ұзартты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG