Accessibility links

Долинка тұтқындары қарындарын тіліп тастады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Сейсенбі күні бір топ тұтқынның туысы Астанаға келіп, президент әкімшілігіне шағымданды. Ал түрме жүйесі өкілдері мекемеде «жоспарлы тінту шаралары» болғанын айтады.


Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК 159/11 колониясында жазасын өтеп жатқан сотталушылардың туыстары сейсенбі күні Астанадағы президент әкімшілігіне келіп шағымданбақ болды.

«КІРЕ БЕРІСТЕН ҚАЙТТЫҚ»

Шағымданушы ата-аналардың бірі Любовь Ластовскаяның айтуынша, президент әкімшілігі өкілдерімен кездеспек болған ата-аналарды кіре берістегі кезекші тоқтатып, арыздарын сол жерде қабылдап алып, әрі қарай кіргізбеген.

– Біз сондағы жәшікке (сотталушылардың) өлер алдындағы жазған хаттары мен суреттерін, арыздарымызды қалдырдық. Бізді тіркеп алды да, журналға не себепті келгенімізді жазуымызды талап етті, - дейді Любовь Ластовская.
Олардың билікке шағымдануына "қыркүйектің 23-і мен 26-сы күні Қарағанды облысы, Долинка кентіндегі АК 159/11 түрмеде болған қысым-азаптаулар" себеп болған.

Оның айтуынша, президент әкімшілігіне бағытталған хатта оннан астам ата-ана колонияда соққыға жығылған жақындарының жағдайы мүшкіл екенін баяндап, түрме әкімшілігінің оларды қорлауын тоқтатуды талап еткен. Олар сонымен бірге жақындарына медициналық көмек көрсетіліп, олардың аман екендіктеріне көз жеткізуді де сұраған.

Любовь Ластовскаяның айтуынша, сәрсенбі күні де республиканың түкпір-түкпірінен 40 шақты адам жиналып, президент әкімшілігіне хат тапсырмақ. Олардың билікке шағымдануына "қыркүйектің 23-і мен 26-сы күні Қарағанды облысы, Долинка кентіндегі АК 159/11 түрмеде болған қысым-азаптаулар" себеп болған.

ҚЫСЫМ МЕН АЗАП

Бұл колонияда екі ұлы (Андрей мен Александр) отырған Любовь Ластовскаяның айтуынша, қыркүйектің 23-і күні түрмеге ішкі әскер кіргізіліп, сотталушыларды еш негізсіз ұрып-соққан. Олардың сыртқы киімдерін тартып алып, сегіз сағат бойы жауын астында тұрғызып қойған.

– Бұған шыдамаған сотталушылар қарсылық ретінде қарындарын тіле бастаған. 100-ден астам адам қарындарын тілген. [Түрме қызметкерлері] тұтқындардың қарындарын мал секілді бір инемен тіккен. Сүйте отырып, тепкінің астына алып, ұрған. Олардың қол-аяқтары, қабырғалары сыныпты, - дейді Любовь Ластовская қыркүйектің 27-і күні Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, азапқа шыдай алмай айғайлаған сотталушылардың дауыстарынан «көрші ауылдар үш күн бойы ұйықтай алмаған».

Оның айтуынша, азапқа шыдай алмай айғайлаған сотталушылардың дауыстарынан «көрші ауылдар үш күн бойы ұйықтай алмаған». Ол тіпті осының салдарынан көз жұмып кеткен адамдардың да барын айтады.

Құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің айтуынша, мұндай қысым дүйсенбі күні де жалғасып, шамамен 50-ге жуық сотталушы соққыға жығылған.

«ЖАҚЫНДАРЫМЫЗДЫ КӨРСЕТПЕЙ ОТЫР»

23 жастағы тұтқын Денис Араповтың анасы Лена Арапованың айтуынша, жағдайға алаңдаған ондаған ата-ана қыркүйектің 26-сы күні түрмеге барып, түрме әкімшілігінен жақындарын көрсетуді талап еткен. Алайда түрме әкімшілігі оған рұқсат бермепті.

- Түрме әкімшілігі «көптеген балалар карцерде жатыр. Сондықтан сіздерге балаларыңызды көрсетпейміз» деді. Ол жерде облыстық прокурор болса да сүйтіп айтты, - деді Лена Арапова сейсенбі күні Азаттық тілшісіне.
Түрме әкімшілігі «көптеген балалар карцерде жатыр. Сондықтан сіздерге балаларыңызды көрсетпейміз» деді.

Ата-аналар түрмеде болған оқиғаға қатысты қолдарында барлық дәлелдер (ақтық хат, сурет, құқық қорғаушыға жазылған хаттар) бар екенін айтады. Қыркүйектің 27-сі күні құқық қорғаушы Вадим Курамшин олардың барлығын ақпарат құралдарына таратты.

«ЖОСПАРЛЫ ТІНТУ ШАРАЛАРЫ»

Ал Долинкадағы АК 159/11 колониясының бастығы Дархан Қанатбековтың айтуынша, қыркүйектің 23-і күні түрмеде «жоспарлы тінту шаралары» жүргізілген.

– Барлығын аулаға шығардық. Жаңбыр болған жоқ. Олар сыртқы киімдерімен тұрды. Тінтіп шықтық, болды, – деді Дархан Қанатбеков.

Оның айтуынша, тінту кезінде көптеген «тыйым салынған заттар тартып алынған». Енді соған тұтқындардың «көңілдері толмай отыр».
Тінту шаралары кезінде бір топ сотталушы әкімшіліктің заңды талаптарын орындамай, соған орай оларға арнайы құралдар қолданылған.

Дәл осы жауапты қайталаған Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Наталья Горинаның айтуынша, «тінту шаралары кезінде бір топ сотталушы әкімшіліктің заңды талаптарын орындамай, соған орай оларға арнайы құралдар қолданылған».

- Қыркүйектің 26-сы күні мекемедегі жағдайды тұрақсыздандыру үшін теріс пиғылдағы сотталушылардың бір бөлігі тәндеріне жарақат салды. Бұл сотталушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді, олардың денсаулықтары қанағаттанарлық деңгейде, – дейді Наталья Горина.

Горинаның айтуынша, қазіргі кезде түрмедегі жағдай тұрақты қалыпқа түскен.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG