Accessibility links

Бір көлік экспорттау да – экспорт


Қазақстанда құрастырылған көліктердің бірі Украинаның ZAZ Chance автомобилі болған. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда құрастырылған көліктердің бірі Украинаның ZAZ Chance автомобилі болған. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық ақпарат агенттіктері Еуразия одағымыздың атқарушы органы – Еуразия экономикалық комиссиясына сілтеме жасай отырып жариялаған бір деректі көріп, екі нәрсеге қуандым.

Әуелі бірінші қуанышымды айтайын. Мен оқыған мәліметке қарағанда, «Қазақстан Ресей авторыногына дендей еніп, экспортын күшейте бастапты» – биыл қаңтардан бергі сегіз ай ішінде Ресейге құны 36,6 мың доллар тұратын бір автомобиль экспорттапты.

2010 жылдың басынан Кеден Одағына мүше болса да, Ресей нарығы тауарына айқара ашылса да, «Қазақстан осыған дейін Ресейге де, Беларуське де, жалпы ешбір елге жеңіл автокөлік экспорттамаған» дейді Еуразия экономикалық комиссиясы.

«Неге біреу-ақ? Неге 100 емес, 500 емес? Бізде автомобиль өндірісі жоқ па?» деп қисық сұрақ қойып, еліміздің жетістігін көре алмайтындар табылатынын біліп отырмын. Оған да жауап берейін.

Қазақстанда, Құдайға шүкір, автомобиль өндірісі жолға қойылған. 2012 жылдың жазында Астанада өткен индустриалды-инновациялық даму туралы форумда президент Нұрсұлтан Назарбаев «сырттан машина алудың қажеті жоғын, өзімізде түр-түрі бар екенін» ежіктеп түсіндіріп, отандық көлікке қолдау көрсету орнына әлі күнге «Мерседес» сатып алып жүрген шенеуніктерге ұрысқанын, бәлкім, шенеуніктер ұмытқан шығар, бірақ біз ұмытқан жоқпыз.

КӨРІҢІЗ: Астанадағы шенеуніктердің көліктері. 6 наурыз 2012 жыл.

Қазақстанның Ресейге биыл бір ғана автокөлік экспорттауының сыры –Елбасының 2012 жылғы осы сөзінде. Бұл – Елбасының тапсырмасын орындап, отандық көліктерді ешкімге бермей өзіміз мініп жүрміз деген сөз. Елбасының тапсырмасы орындалғаны – екінші қуанышым.

КӨРІҢІЗ: Алматыдағы шенеуніктердің көліктері. 25 шілде 2013 жыл.

«Биыл сегіз айда Қазақстан Ресейден 192 мың, Беларусьтен 1 мың 342 автокөлік импорттапты, ал өзіміздің сатқанымыз – бір-ақ машина» деп қара аспанды төндіргендерге де бір-екі ауыз сөз айта кетейін.

Біріншіден, онда тұрған не бар? Ресей де, Беларусь те – ең жақын одақтастарымыз. Алсақ, бауырлас халқымыздан алдық. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөз бар.

Екіншіден, Құдай қаласа және премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, енді бір бес жылдан кейін бұл екі елді автокөлікпен өзіміз қамтамасыз етеміз. «Қазақстан 2020 жылға қарай тек Ресейдің өзіне жыл сайын 100 мың автокөлік экспорттайтын болады» дейді ол. Ал мәжіліс депутаты, «Қазақстан машина жасаушылар одағының» төрағасы Мейрам Пішенбаев осыдан бір апта бұрын тіпті «Қазақстан 2017 жылға қарай жылына 200 мың автомобиль шығарады» деген.

Бір министр, бір депутат айтса қалай сенбейсің?

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG