Accessibility links

Жастар жарамсақтықтың, Назарбаевтың жеке басына табынушылықтың етек алуына қарсы шықты


Студенттік "Рух пен Тіл" клубының жетекшісі Жанболат Мамай. Алматы, 3 ақпан, 2009 жыл.

Студенттік "Рух пен Тіл" клубының жетекшісі Жанболат Мамай. Алматы, 3 ақпан, 2009 жыл.

3 ақпанда Алматының бір топ студенті «Нұр Отан» партиясы ғимаратының алдында шенеуніктердің президентке жасайтын жағымпаздық әрекеттеріне қарсы наразылық акциясын өткізді. Олар Назарбаевтың жеке басына табынушылықты тоқтатуға шақырды.

Сейсенбі күні Алматыдағы Абылайхан даңғылы мен Әйтеке би көшелерінің қиылысында орналасқан «Нұр Отан» ХДП филиалы кеңсесінің алдында бір топ студент жастар «Біз жарамсақтыққа қарсымыз» атты наразылық шарасын өткізді.

Акция кезінде студенттердің қолдарындағы плакаттар мен ұрандарды тартып алып, өздерін таратуға тырысқан қудалау қимылдары болмады. Прокуратура қызметкерлері мен есінеп жүрген бірер полиция сырттан бақылаушы міндетін ғана атқарды десе болады.

Ал телеарналар мен радиолардың журналистері мен операторлары наразылық шарасын ұйымдастырушылардың өздерінен бірнеше есе көп көрінді

Акция өткізушілердің бірі, әлі де жасақтала қоймаған қозғалыстың белсендісі Зиядин Мұхамметтің пайымдауынша, соңғы кездері шенеуніктер мен билік тарапынан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына айтылған жағымпаз сөздер мен дарақы ұсыныстар күрт көбейіп кеткен.

–Жағымпаздану жарысының шымылдығы өткен, 2008 жылы «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарияланған «28-дің хатымен» ашылды,– дейді Зиядин Мұхаммет.

- Одан кейін, Сәт Тоқпақбаев Астана қаласының атауын «Нұрсұлтанға» ауыстыруы туралы бастама көтерді. Ал, министр Жансейіт Түймебаев «Қазақстанның Еңбек ері» атағын ең бірінші соған берейік деп жарамсақтанды. Осындай даңғазалық Нұрсұлтан Назарбаевқа ешқандай абырой әперіп жатқан жоқ. Керісінше, көпшілік алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Бізге, жастарға олар қандай үлгі беріп отыр?

«Рух пен тіл» клубының жетекшісі Жанболат Мамайдың пікірінше, бүгінде қазақ қоғамында жағымпаздықтың түрі көп. Ол ешкімге де опа бермейді. Сондықтан, жастарымыз осындай жаман әдеттен аулақ жүруі қажет.
Бұл – Қазақстан тарихындағы ең бір ерекше шара. Осында жиналған жастарды мен толық құптаймын. Өйткені, жастар жарамсақтыққа, жағымпаздыққа, не нәрсеге болсын құлдық ұруға қарсы екендігін ашық білдіріп отыр. Жастар біздің болашағымыз болса, ол болашақта жағымпаздыққа жол берілмеу керек.
Студент жастар НұрОтан партиясының кеңсесі алдында наралық акциясын өткізуде. Алматы, 3 ақпан, 2009 жыл.


Елдегі болып жатқан үлкенді-кішілі жарамсақтық әрекеттеріне тоқталған хаттың соңы төмендегіше аяқталған:
Жағымпаздану мен жарамсақтанудың жағымсыз үрдісіне өз қарсылығымызды білдіре отырып, біз, студенттер шенеунік мырзалардан мынаны талап етеміз:

- Президентке жөн-жосықсыз жағымпаздану доғарылып, ол кісіні ұятқа қалдыру тоқтатылсын!

- Нұрсұлтан Әбішұлына түрлі орден-медальдар ұсынып, оны Леонид Ильичпен салыстыруға сылтау болатын әрекеттер тоқтатылсын!
Қолдан көсем жасаудың жөнсіз тірлігіне жол берілмесін!

-Президентті марқұм Сапармұрат Ниязовпен шендестіру – елдің абыройын төгу!

- Жағымпаздану мен жарамсақтанудың үрдісі тоқтатылсын! Бұл қауіпті дерттен қоғамды тазартатын уақыт жетті!

Бір қызығы, жиналған жастар ешқандай ұйымнан емес. Cтуденттер өздерінің жағымпаздыққа қатысты жазған хаттарын «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбатыр Күншаевқа тапсырды. Ол өз кезегінде «хатты алып келген азаматтар қол қойылған құжатты бізге тапсырғаннан кейін, тиісті жауабын береміз» деген еді. Алайда, жастар алып келген хатын қол қойылмаған қалпында тастап кетті. Сондықтан, бұл хаттың жауабы бола ма, жоқ па, әзірге белгісіз болып тұр.

Осы жағдайға қатысты, Азаттық радиосының тілшілері, президенттік «Нұр Отан» партиясының өкілдерінен, жағымпаздық жайында, сондай-ақ, өз партияларының басшысын мадақтауға қалай қарайтындығын сұрап білген еді. «Нұр Отанның» Алматы бөлімшесінің идеологиялық, қоғамдық-саяси жұмыстары бойынша бөлім басшысы Гүлнар Семенбекова біз кез- келген адам өз пікірін еркін айта алатын мемлекетте тұрамыз. Сондықтан, жастар бүгінгідей пікірлерін ашық білдіруге толық құқылы дейді.

- Бір жағынан, егер де бір азамат, президентке өзінің тілектері мен жақсы көзқарасын танытып жатса оның несі айып? Әрине, кей азаматтар, бұл әрекеттерін ойланбай жасайды, бірақ ол үшін оларды айыптау дұрыс болмас. Ал, біздің еліміздің қалыптасуында президенттің алатын орны ерекше екендігін айтпасақ та белгілі.

Ал жазушы, қазақ диссиденті Кәрішал Асанов, әрине, президент ерекше тұлға, дегенмен, шындыққа жанаспайтын мадақтаулар айтудың жөні жоқ деген пікірде:

-Президентті болсын- болмасын мадақтайтын, ең әуелі билік тарапынан қаржыландырылатын бұқаралық ақпарат құралдары. Одан кейін, өзінің мүддесін ойлап жүрген жекелеген азаматтар. Сондықтан, ондай жағымпаздықтың «көк тиындық» құны жоқ.
Н. Назарбаевтың академик атағы бар, басқа да көптеген атақтар мен наградалар толып жатыр. "Қазақгейт" айаналсындағы жанжалға қарамастан оны 10 жылдан бері Нобель сыйлығына да ұсынып келеді.

Парламент депутаты Тоқпақбаев Астананы "Нұрсұлтан" деп атайық деген бастама көтереді. Елде дағдарыс болып жатса, жағымпаздардың жарғақ құлағы жастыққа тиер емес.
Соңғы кезде шын Назарбаев қайсы, жарамсақтар жасап алған Назарбаев қайсы ажыратудан қалдық.

Байқағанымыздай, Алматы студенттері көтеріп отырған мәселе күрделі екені көрініп тұр.Адамдар мемлекет басшысын мадақтауды түрліше бағалайды. Біреулері мұны қалыпты жағдай деп қабылдаса, енді біреулері бұны дерт, кесел деп қабылдайды. Жағымпаздық тақырыбына Азаттық радиосы алда да оралатын болады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG