Accessibility links

Бішкекте жұма намазына уақыт бөлетін заң жобасын қарамақ


Бішкектегі мешітте жұма намазын оқып отырған азамат. 28 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Бішкектегі мешітте жұма намазын оқып отырған азамат. 28 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қырғызстанда мемлекет мекемелері, жеке кәсіпорындарда жұмыс істейтін мұсылмандардың жұма намазына қатысуына уақыт бөлу үшін еңбек кодексіне түзету енгізу туралы ұсыныс қаралып жатыр.

Қырғызстанда кейде осындай діни даулар шығып тұрады. Бұл жолы жұма күнгі жұмыстың арасындағы түскі үзілісті ұзарту мәселесі талқыланып жатыр. Бірқанша депутаттар халқының мұсылмандары көп, бірақ ресми түрде зайырлы ел саналатын Қырғызстанда жұмыс берушілер қызметкерлердің жұма намазына баруына жағдай жасауы керек деп санайды.

Жұма намазы - әлемдегі барлық мұсылмандар үшін негізгі құлшылықтың бірі. Осыдан үш жыл бұрын жұмыс аптасын дүйсенбіден жұмаға дейін емес, мұсылмандар тұратын басқа елдердегідей жексенбі мен бейсенбі аралығына жылжытайық деген ұсынысы бар заң жобасы қаралған еді. Бірақ ол жоба өтпей қалған.

Қазір Қырғызстан билігі әсіредіншілдерден қауіптенеді, кейінгі кезде Қырғызстандағы әсіредіншілдер рөлі туралы пікірталастар күшейіп келеді. Бірақ қалыңдық алып қашу немесе көп әйел алу сияқты заңсыз әрекеттерді қасақана байқамау құбылысы да бар.

Жаңа заң жобасындағы ұсыныстар еңбек кодексіне енгізілсе, барлық мемлекеттік мекемелер және жеке кәсіпорындар қызметкерлері 12:30-дан 14:30-ға дейін үзіліс алып, жұма намазын оқып келу мүмкіндігіне ие болмақ. Басқа күндері түскі үзіліс уақыты бұрынғыша бір сағат болып өзгеріссіз қалады.

Қырғызстандағы жұма намазы туралы орыс тіліндегі репортаж:

​Күніне бес уақыт намаз оқу - ислам дінінің парызы. Бірақ кейбір діндарлар әйелдердің мешітте намаз оқуын құптамайды. Ал жұма күні түскі үзілісті ұзартуды қолдаушылар «бұл шара жұмысшылардың құқын қорғайды» десе, сынайтындар «діни ережелер зайырлы мемлекеттің еңбек кестесіне ықпал етпеуі керек» деген уәж айтады.

«Бұл күніне бір сағат, аптасына бір күн ғана, бір жылда екі-ақ күнтізбелік күн болады» дейді өзгерісті қолдайтын парламент депутаты Тазабек Икрамов. Оның айтуынша, «заң шығарушылардың көбі бұны құптайды».

Ол «адамдар мешітке намаз оқуға бәрібір бара береді, тіпті заңды өзгертпеген күнде де олар жұма намазынан қалмайды» дейді.

Қырғызстан халқының төрттен үші, яғни 6 миллионға жуық адам - мұсылман. Қырғызстан мүфтиінің орынбасары Акимжан Ергешов заң жобасын қолдайды. «Мұсылман дінін ұстанатын азаматтар солайша заң талабына қайшы келмейтін болады» дейді ол.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбат берген ол «Қазір діндар азаматтар заң бұзуға мәжбүр, жұмыста ескерту алады, дін талабын орындағаны үшін жұмыссыз қалып, нәпақадан қағылып жатады» дейді. Бірақ заң жобасына қарсылар арасында мұсылмандық парызын өтеп жүрген діндар адамдар да кездеседі.

Бішкектегі журналист Баян Кулова «Мұсылманмын, ислам діні талаптарын құрметтеймін, дін ұстаймын, бірақ намаз үшін жұмыс сағатын қысқарту дұрыс емес деп ойлаймын» дейді. Кулованың пікірінше, мұсылмандар жұма намазын кабинеттерінде оқи алады. «Көптеген мекемелерде намаз бөлмесі бар. Әсіресе депуттаттардың жеке кабинеті бар, егер оқығысы келсе намазды сонда оқысын» дейді ол.

Қырғызстан Жоғарғы Кеңесі (парламенті). Бішкек, 28 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қырғызстан Жоғарғы Кеңесі (парламенті). Бішкек, 28 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Адвокат Нурдин Асанов «бұл заң жобасын үлгі тұтқан өзге дін өкілдері де талап қоюы мүмкін» дейді. Оның сөзіне қарағанда, «Басқа діни сенімдегі адамдар заңды өздерінің діндеріне сай өзгертуді талап етуі ықтимал. Қырғызстанда православ шіркеуі өкілдері мен католиктер бар, мұсылмандар сүннит және шиит болып бөлінеді және олардың ғұрыптары да әртүрлі».

Парламент заң жобасын талқылайтын күнді әлі белгілеген жоқ. Қырғызстанның бұрынғы омбудсмені Тұрсынбай Бакирұлы 2013 жылы «басқа мұсылман елдеріндегідей жұмыс аптасын өзгертейік, екі күнге созылатын демалыс жұма басталсын» деген ұсыныс жасаған еді. Бірақ оны қолдаушылар аз болды.

Қырғыз билігі тыйым салынған ұйым «Хизб-ут Тахрир» әсіредіншілдер тобы мүшелерін үнемі тұтқындап жатады. Одан бөлек, жастардың радикалданып кетуінен қауіптенеді әрі олардың «Әл-Қаида» мен «Ислам мемлекеті» террористік ұйымдары сияқты топтармен байланысып, Сирия мен Иракқа кетіп жатқанына алаңдайды. Жақында Бішкек елдегі 100-ге жуық ислам діні мектептері немесе медреселерінің ондаған басшысына лицензияға сәйкестіктерін тескеретіні туралы ескерту жасады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG