Accessibility links

«Сепаратистерді шабуылға дайындап жатыр»


Донбастағы ресейшіл сепаратистер тосқауыл бекетінде тұрған қаруыл адам. Желтоқсан, 2014 жыл.

Донбастағы ресейшіл сепаратистер тосқауыл бекетінде тұрған қаруыл адам. Желтоқсан, 2014 жыл.

Сепаратистердің тұтқынында 135 күн болған украиналық журналист Роман Черемскиймен сұхбат.

Былтыр тамыз айында украиналық төрт журналист сепаратистердің шақыруымен тұтқын алмасу сәтінен репортаж жасау үшін Луганск облысына аттанған. Сонда бара жатқан жолдағы бір тексеру бекетінде оларды Ровеньки қаласының бір бөлігін қадағалайтын «Әулие Георгий» батальонының адамдары тұтқынға алған. Сепаратистер «Український простiр» («Украина кеңісітігі») газетінің тілшісі Роман Черемскийді төрт айдан аса уақыт ұстап, тек 26 желтоқсанда, көп тұтқын алмасу процесінде ғана босатқан.

СЕПАРАТИСТЕР ТҰТҚЫНЫ

Азаттық: – Сіз сепаратистер бақылауындағы аймақтан тұтқындарды алып шығуға барып өзіңіз тұтқынға түстіңіз. Алдын ала жасалған келісім болғанына қарамастан сізді неге бірнеше ай бойы заңсыз ұстады?

Роман Черемский: – Аймақта украин журналистері жоқ болғандықтан, бізде жағдайды болжайтындай ақпарат болмады. Украина күштік органдарының айтқан ақылы бойынша біз бір маршрутты таңдап алып, сонымен келе жаттық. Бұл жолда нағыз майдан жүріп жатыр екен. Мұнда бізді «Әулие Георгийдің» батальоны бірден тоқтатып, машинадан түсуге бұйрық берді. Содан соң кілт, төлқұжат, телефон сияқты заттарымызды түгел алып қойды. Көлікті шетке қойып, тергей бастады. Сосын бізді осы әскери батальонның қарамағындағы Ровеньки қаласына алып барды. Ол жерде бізді, өздері айтатындай «жертөлеге», яғни камераға қамады. Онда 49 күн болдым, сосын мені Луганскіге апарды. Онда да осы батальонның жертөлесіне қамады.

Азаттық: – Камерада неше адам болды, ондағы ахуал қандай?

Украиналық журналист Роман Черемский.

Украиналық журналист Роман Черемский.

Роман Черемский: – Камерада бір мезгілде 7-ден 15 адамға дейін болды, көбін снаряд тиеуге жұмысқа жекті. Бізбен бірге «112 Украина» телеарнасының журналисі – қыз бала болды, оны штабтағы бөлек бөлмеге отырғызды. Ал қалғанымызды – екі журналист пен операторды бірге қамады. Кейін «112 Украина» телеарнасы Мәскеу арқылы келісім жүргізіп, өз журналистері мен операторын босатып алды. Ал біз камерада осы сапарды ұйымдастырған Валерий Макеев екеуміз ғана қалдық.

Камера дегені – бұрынғы шеберхана. Қабырғасы мен едені бетоннан жасалған лас бөлме, еденде бірдеңелер шашылып жатты. Көлемі шамамен 30 шаршы метр болады.

Снарядтарды күн сайын «Урал» жүк көлігімен Ресейден, Краснодоннан әкеліп жатты. Тұтқындағылар окоп қазып, казарманы тазалап, тамақ пісіріп жүрді. Құлдыққа жекті десе де болады.

«РЕСЕЙ ТЕЛЕАРНАЛАРЫНЫҢ ӨТІРІГІНЕ ИМАНДАЙ СЕНЕДІ»

Азаттық: – Ұрып-соқса да, қоғамдық жұмыстарға жексе де, жергілікті тұрғындар «ЛХР»-ды (өзін-өзі «Луганск халық республикасы» деп жариялаған сепаратистік аймақ – ред.) қолдайды ма?

Оларға өздері имандай сенетін Ресей телеарналары көп ықпал етіп отырғаны анық.

Роман Черемский: – Иә, бұл бір парадокс. Мен тек Ровеньки қаласының шағын бір бөлігі туралы айтамын, басқа қалада немесе ауылда жағдай өзгеше болар. Бірақ, шахтерлар қаласы – Ровенькиде тұтқынға алынған жергілікті тұрғындардың 90 пайызы «ЛХР» үшін жан беруге әзір болды. Ұрып-соғып, мүлкін, машинасын тартып алып жатса да, олар «ЛХР»-ды қолдайды. Бұл – мен күтпеген бір парадоксты жағдай. Оларға өздері имандай сенетін Ресей телеарналары көп ықпал етіп отырғаны анық. Мұның себептері де бар. Мәселен, Ресей журналистерінің бұл аймақта жұмыс істеуіне рұқсат етілген, яғни олар жергілікті оқиғаларды жазып отырады. Ал украиналық журналистерді онда кіргізбейді, сондықтан жергілікті тұрғындар украин БАҚ-тарына мүлде сенбейді. Мұның үстіне Ресей телеарналары оларды қатты иландыра алады. Олар Славянскіде украиналықтар жас баланы крестке керіп қағып тастаған дегенге, украиналықтар балаларды ұрып-соғады, тіпті жеп қояды дегенге сенеді.

Олардың ойынша, Харков – фашистердің қаласы, оны баскесерлердің төрт батальоны бақылап отыр, басында онда да бөлінуге деген ұмтылыстар болғанымен, Харьков сепаратистік қозғалысқа қосылмай қойды деген ұғым қалыптасқан. Мен өзім Харьковта тұрамын, сондықтан мұның бәрі жалған сөз екенін білемін.

Азаттық: – Сепаратистер сізді өз жағына тартқысы келді ме?

Олар әуелі Луганск облысын, сосын Харьков, Киев, Львовты жаулап аламыз деп отыр.

Роман Черемский: – Әрине, үнемі өздеріне тартуға тырысты. Ровенькиде «Әулие Георгий» батальонында сепаратизмді қолдайтындар ғана болды, бұған қоса олар айына аз дегенде 400 доллар көлемінде жалақы алып отырады. Олардың Украина еліне деген көзқарасы өте нашар, көбі Украинаның күйрегенін қалайды.

Оларға шабуыл жасау туралы бұйрық беріле ме, жоқ па, білмеймін, бірақ оларды шабуылға дайындап жатқаны анық. Олар алдымен Луганск облысын жаулап алып, сосын әрі қарай Харьков, Киев, Львовты аламыз деп отыр. «Жасақтардың» саны күн сайын көбейіп барады. Жаңа адамдар келіп қосылып жатыр. Үгіт-насихат жүріп жатыр. Жасақтың құрамына өтуге камераның ішінде отырып-ақ көндіріп жатыр. Менің көз алдымда екі адам қолына қару алуға келісім берді. Бұл үшін алдымен дайындықтан өткізеді, сосын ант берген соң қолына автомат ұстатады.

«РЕСЕЙЛІКТЕР КЕТІСІМЕН ЖҮЙЕ ТОЛЫҒЫМЕН КҮЙРЕЙДІ»

Азаттық: – Сепаратистермен бірнеше ай жақын тұрғаннан соң олардың жасақтарының құрамына кімдердің кіретінін бажайлай бастадыңыз ба? Олардың қатарында жергілікті кісілер көп пе, әлде Ресейден келгендер басым ба?

Оларда «Град» та, БМП да, танкі де, миномет те бар, барлығы - Ресейден келіп жатыр.

Роман Черемский: – «Әулие Георгий» батальоны қаланы толық бақыламайды. Бұл – жасақтардың бірі ғана, Ровенькиде кем дегенде мұндай бес топ бар. Қатардағы жауынгерлер мен кіші офицерлер әдетте жергілікті тұрғындар, көбі Луганск аймағының шахтерлері. Ондаған шешен солдаттары бар, олар өздерінше бөлек жүреді. Осетиндер де бар, бірақ аз. Барлығын ресейліктер басқарып отырғаны айдан анық, жоғары шенді қызметтерде де солар отыр.

Заттарды да Ресейден тасып әкеліп жатыр. «Урал» көліктеріне тиелген қару-жарақты лек-легімен алып келеді. Біздің камерамен көрші бөлмеде қару-жарақ қоймасы бар. Онда мина, автомат, оқ-дәрі, бронды тесетін патрондар салынған жүздеген қорап тұр. Оларда «Град» та, БМП да, танкі де, миномет те бар. Мұның барлығы Ресейден келіп жатыр. Краснодонға барып келген камералас жігіттер «қойма толы қару-жарақ» деп айтып келді.

Азаттық: – Қару-жарақты Ресейден әкеліп жатыр дейсіз. Бұған қандай да бір дәлеліңіз бар ма?

Роман Черемский: – Мұны ешкім жасырып отырған жоқ қой! Мұны бәрі айтып жүр, бұл бір әскери құпия емес. Мен 49 күн Ровенькиде, сосын Луганскіде болдым, осы аралықта «жасақ» құрамындағы жүздеген адаммен сөйлестім.

Азаттық: – Сіз тұтқында ұзақ уақыт болдыңыз, енді Харьковтағы жағдай мен Украинаға бағынбайтын Донбасс аймағындағы жағдайды салыстыруға мүмкіндігіңіз бар. Қандай тұжырым жасауға болады?

Донбасс Украинаға қайтарылатынына сенемін, себебі, ресейліктер кете салысымен бұл жүйе толығымен күйрейді.

Роман Черемский: – Мен төрт жарым ай қапаста отырдым, бұл менің өмірге деген көзқарасымды түбірімен өзгертті. Бұрын мен өз-өзімнен ашуланып, «өмір қиын» деп өкпе айтып жүретінмін. Тұтқында болып шыққаннан кейін өмірдің керемет екеніне көз жеткіздім. Украина тамаша! Мұнда біреу сені жазалайды деп қорықпастан өз пікіріңді айтуға мүмкіндік бар.

Азаттық: – Соғыс жүріп жатқанына қарамастан, бұл аймақ Украина өкіметінің қарамағына өтеді деп ойлайсыз ба?

Роман Черемский: – Проблема көп, бірақ мұның бәрі артта қалады деп сенемін. Донбасс Украинаға қайтарылатынына сенемін, себебі, ресейліктер кете салысымен бұл жүйе толығымен күйрейді. Олардың қаруы, ақшасы болмайды. Адамдардың көзқарастары әртүрлі болуы мүмкін, бірақ ол көзқарасты қолға автомат ұстап дәлелдеу қажет емес. Бір күндері «укроптардың» балаларды өлтірмейтінін, оларды крестке қағып тастамайтынын түсінген донбастықтар көзқарастарын өзгертеді.

Александра Вагнердің материалын орыс тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG