Accessibility links

«Мақтамауды өтінген» сайын мадақталатын басшылар


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Вахш тұрғындарымен кездесіп тұр. 7 қазан 2014 жыл

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Вахш тұрғындарымен кездесіп тұр. 7 қазан 2014 жыл

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ел оңтүстігіне сапарында өзін мақтаған адамдарға ескерту жасады. Ол басшыларды мақтаудың орнына кемшіліктерді қозғаудың жөн болатынын айтқан.

Тәжікстан президентінің елдің оңтүстігіне сапары қазанның 6-сында басталған. Сапар кезінде Эмомали Рахмон Қорғантөбе мемлекеттік университетінің журналистика факультеттінің студентіне президент пен аймақ басшыларын мақтаудың орнына, кемшіліктерді әшкерелеу керектігін айтып кетті.

Студент Нигора Сохибова Тәжікстан президентінің Пяндж ауданына шеккен сапарында халықпен кездесуі барысында мемлекет басшысын «өзінің әкесі деп білетінін» айтқан. Ол «төрт жасында әкесінен айрылғанын» айта келіп, президенттің қамқоршысыз қалған қыздарды қолдауын мақтаған.

- Мен өткен жылы орта мектепті жақсы бітіріп, президент квотасы арқылы университетке қабылданған бақытты қыздардың бірімін. Бізді университетте «жоғары мәртебелінің (президент – Азаттық) қыздары» деп атайды. Біз осыны мақтаныш тұтамыз. Құдай тағаладан сізді әрдайым қолдап жүрсін деп тілейміз, - деген студент.

Тәжікстан президентімен кездесіп тұрған Вахш тұрғындары

Тәжікстан президентімен кездесіп тұрған Вахш тұрғындары

Осыны тыңдап тұрған Эмомали Рахмон оған президентті, аймақ басшыларын мақтауы дұрыс емес екендігін ескерткен.

- Қызым, президентті мақтама. Аймақ басшысын мақтама. Одан да аймақтың кемшіліктерін жаз. Егер кемшіліктерді өзіміз әшкерелеп, шешпесек, басқа ешкім біздің мәселемізді шешіп бермейді. Өз-өзімізді көп мақтаймыз да, соңынан қателікке жол беріп жатамыз. Орталық үкіметтің жұмысы да кемшіліксіз емес. Мен мұнда айналдырған бір-екі сағатқа ғана келіп, не көре аламын? Журналист – мақтаулы мамандық. Көптеген ақын-жазушылар алдымен журналист болып бастаған,- деген тәжік президенті Нигора Сохибованың егер ақындық дарыны болса, көмектесетінін білдірген.

Эмомали Рахмонның Пяндж ауданына сапары барысында жергілікті қарттардың бірі сөйлеп, ол да ел президентін мақтаған. Оның айтуынша, «Рахмонның 23 жыл ел билігінде отырып атқарғанын жетпіс жылда Совет Одағы да жасай алмаған».

- Пяндж ауданы халқының 90 пайызы ішкі соғыс кезінде көшіп кеткен еді. Сіз аз ғана уақыттың ішінде халықтың жағдайын көтердіңіз. Дүние жүзінде ешқандай мемлекет мұндайды жасай алмайды. Совет үкіметі жетпіс жылдың ішінде сіздің қызметіңіздің он пайызын да атқара алмаған, - деді жергілікті тұрғын.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп отырған кәсіпкерлер. Нұрлан Смағұлов оң жақтан бірінші отыр. Астана, 3 шілде 2014 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп отырған кәсіпкерлер. Нұрлан Смағұлов оң жақтан бірінші отыр. Астана, 3 шілде 2014 жыл

Президентті қолпаштап сөйлеу - Орталық Азиядағы кейбір елдер басшыларының ел ішіндегі сапарлары мен жиындары барысында жиі кездесетін оқиға. Ал Қазақстанда ұйымдар мен нысандардың атауына «нұр» сөзін қосу әдетке айналған. Биыл шілде айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Астана EXPO-2017» көрме кешенінде болып, салынғалы жатқан жаңа сауда орталығының атауымен келіспеген болатын. Сонда кәсіпкер Нұрлан Смағұлов: «Егер рұқсат берсеңіз сауда орталығын «Нұр-плаза» деп қояйық» деген. Оған кейіген түр танытқан президент Назарбаев: «Осы жағымпаздықты қайдан үйренгенсің?» деп сұраған. Нұрлан Смағұлов: «Өмірдің өзі үйретті» деп жауап берген.

ҚОСЫМША ОҚЫҢЫЗ: НАЗАРБАЕВТЫ ҰЛЫҚТАУ ҮРДІСІ ШЕКАРАДАН АСЫП КЕТТІ

Орталық Азия елдері басшылары ел көзінше өздеріне айтылған қолпаштаулар мен мадаққа сыпайылық танытып, суреттерін қаптатып ілгенге қарсы болғанымен, іс барысында керісінше болып жатады. Қазақстан президентінің «елбасы – ұлт көшбасшысы» мәртебесі заң арқылы бекітілген. «Түркіменбашыдан» кейін билікке келген Түркіменстанның қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхамедовті ел «арқадағ» деп атайды. Ашғабадта Түркіменстанның қазіргі президентіне де ескерткіш тұрғызылса, Қазақстан президентінің Түркияда, Қырғызстанда, Украинада және ел ішінде бірнеше ескерткіші бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG