Accessibility links

Түркіменстан патриоты болудың бейнеті


Түркіменстанда тағы «Ұлт денсаулығы» айы басталды. Ел астанасы Ашхабад маңында және бүкіл ел аумағында жаттығу жасап жүрген адамдардың суреті мен видеоларын көргендер көп шығар.

Ол суреттер мен видеоларда жаттығу жасап тұрған адамдардың бірқатарының спортпен мүлде айналыспайтыны байқалып тұрғанымен, бәрі бақытты тұр жасауға тырысады. Олар солай көңілді жүріп, патриоттық міндетін өтеуге тиіс, күлімсіреп, дене шынықтыру жаттығуларын жасамаған жағдайда жұмыстарынан айырылады.

Мұндай тәсілмен патриот болып көрінудің құны бар және оны төлейтін де тұрғындардың өздері. Әлбетте, салауатты өмірді насихаттау жаттығулары алдын ала дайындалған, оған жаттығушылардың біркелкі киіммен шыққаны дәлел. Велосипед тебушілер немесе жүгіретіндер көк немесе жасыл түсті киіммен шыққан. Мұның бәрі Солтүстік Кореядағы мерекелік фестивальге ұқсайды.

Сондықтан біз «Ұлт денсаулығы» айы тәрізді шараларды ұйымдастырар алдында қандай әзірлік жасалатынын білгіміз келді. Азаттықтың Түркімен қызметі осы жағын анықтауға тырысты, соның нәтижесін баяндап берейін.

«МАҒАН ҚАРАҢДАР ДА, ТҮҢІЛІҢДЕР»

Сәуірдің 7-сі велосипедтен жаппай саяхаттау күні болды. Бұл күннен есте қалғаны каска киіп, көзілдірік таққан және жасыл мен ақ аралас жаттығу костюмін киген ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің велосипедте отырған үлкен суреті болды.

Мен үшін бұл сурет «Маған қараңдар да, түңіліңдер» деп тұрғандай көрінді. Бірақ сонымен қатар, бұл сурет салауатты өмір салтын сүйетін түркімендердің шараға қалай киініп шығуы керек екені жайлы емеурін де білдіреді.

Денсаулық айында велосипедпен серуендеу үшін көлікті сатып алу керек. Жақсылап қарасаңыз, велосипед тебушілердің көлігі бірдей екенін байқайсыз. Жоғарыда айтқанымыздай велосипед тебушілер көк, жасыл немесе ақ жаттығу костюмін киген және бәрінің басында каска бар.

Велосипедті, жабдықтарды және киімді шараға қатысатын адам өзі табады. Бұл жабдықтар құны – 850 манат немесе 210 доллар. Велосипедтерді кім сатып жатқанын анықтай алмадық. Бір білгеніміз – оны сатуға жауапты адам Сауда және кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі, Ашхабадта бұл велосипедтерді сататын дүкен «Олимпия» деп аталады.

«БАҚЫТТЫ ӘРІ ДЕНІ САУ» ҰЛТ

Түркіменстанда басқа да велосипед дүкендері болса да, қатысушылар оларға барып, велосипед сатып ала алмайды. Біздің Ашхабадтағы тілшіміз – Аманмурат Бугаевтың айтуынша, министрлік қанша адамның қатысатынын есептейді, жекелеген министрліктен біреу велосипедтер мен жабдықтарды сатып алады. Ал қатысушылар ол үшін ақша төлейді.

Министрліктер мен басқа да ұйымдар шара басталмай тұрып велосипед тебушілерге немесе жүгірушілерге қандай түсті киім кию керек екенін ескертеді.

Мемлекеттік телеарнаның камерасы қаланың ішіне шығып, Түркіменстанның бақытты және дені сау тұрғындарын түсіруді бастағанда, оқиғаға қатысушылардың екі санатын көре аласыз – велосипед теуіп және жүгіріп бара жатқандар мен оларды қызыға тамашалап тұрғандар. Дене шынықтыру шарасына шын қатысатындар жаттығуды 20-25 күн бұрын бастайды. Оқиға болатын күні олар шара басталмай тұрып бірнеше сағат бұрын келуі керек.

Бугаев көрермендердің келуі шараға байланысты екенін айтты. Егер президент Бердімұхамедов келетін болса, көрермендер шара басталмай жатып үш-төрт сағат бұрын жиналуға міндетті. Қарт адамдарға жиналмалы орындық беріледі, бірақ шара басталарға 20 минут қалғанда оны жинап алады. Ал жаттығу шарасының өзі кейде екі сағатқа созылады.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG