Accessibility links

Ресей мен Канада финалға шықты


Ресей хоккейшілері АҚШ құрамасын жеңген соң бір-бірін құттықтап жатыр. Прага, 16 мамыр 2015 жыл

Ресей хоккейшілері АҚШ құрамасын жеңген соң бір-бірін құттықтап жатыр. Прага, 16 мамыр 2015 жыл

Хоккейден Чехияда өтіп жатқан әлем чемпионатының тартысты жартылай финалдарында Ресей АҚШ-тан, Канада айдын иелерінен үстем түсті.

Биылғы хоккейден әлем чемпионаты кезінде жанкүйерлер ерекше ынтамен көз тіккен мамырдың 16-сы күні кешкісін Прагада өткен Ресей мен АҚШ арасындағы тартысты ойынның екі периодында гол соғылған жоқ. Бірақ АҚШ хоккейшілері есеп ашатын көптеген сәтті пайдалана алмады. Ал соңғы үшінші периодта Ресей құрамасы АҚШ қорғаушыларының қателігін пайдаланып, шешуші екі гол соғып кетті. 47 минутта Ресей құрамасы жылдам қарымта шабуыл ұйымдастырып, Сергей Мозякин айдын ортасынан шайбаны іліп алды да, америкалық екі қорғаушының ортасынан қақпаның сол жақ жоғарғы бұрышына шайба салды – 1:0. Бұдан кейін АҚШ құрамасының екпіні әлсірей түсті. Араға үш минут салып Александр Овечкин де қарсыластардың қорғанысындағы қателікті пайдаланып, есепті еселеді. 55 минутта ресейлік Николай Кулеминнің соққысын АҚШ қақпашысы Коннор Эллебюик қайтарғанымен Вадим Шипачев қайта соғып, есепті 3:0-ге жеткізді.

Ойынның аяқталуына төрт минут қалғанда АҚШ құрамасының бас бапкері қақпашы орнына бір ойыншы шығарып, гол соғуды ойлағанымен одан нәтиже шықпады. 58 минутта Евгений Малкин бос тұрған АҚШ қақпашысына төртінші шайбаны салды.

ЕКІНШІ ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН ФИНАЛДА

Матчтан кейін Ресей хоккей федерациясының президенті Владислав Третьяк «Риа Новости» агенттігіне берген сұхбатында «Біздің қақпашы (Сергей Бобровский) – қаһарман. Оған ескерткіш орнату керек» десе, Ресей спорт министрі Виталий Мутко: «Ғажап ойын, алғашқы екі периодта гол өткізген жоқпыз, ал үшінші периодта жоспарды орындадық» деді.

АҚШ құрамасының хоккейшілері.

АҚШ құрамасының хоккейшілері.

Ресей 2014 жылы Минсктегі әлем біріншілігінің финалында Финляндияны жеңіп, әлем чемпионы атанған.Ал АҚШ әлем чемпионатының финалында соңғы рет 1950 жылы ойнаса, 2013 жылы қола жүлдені иеленген.

Ресейдің хоккей құрамасы негізінен кәсіпқой ойыншылардан құралған, 8 ойыншысы АҚШ-тың кәсіпқой клубтарында ойнайды. Мысалы, АҚШ-пен ойында шайба салған төрт хоккейшінің үшеуі – Солтүстік Америкадағы кәсіпқой лига ойыншылары. Кездесудің үздік ойыншысы деп танылған қақпашы Сергей Бобровский де америкалық клубтың ойыншысы. Ресей құрамасының 25 жасқа толмаған 7 ойыншысы бар. Ал АҚШ құрамасында 25-ке толмаған 13 ойыншы негізгі құрамда ойнап жүр, бес хоккейшісі - NCAA университет лигасында ойнайтын әуесқой студент спортшылар. NHL кәсіпқой хоккей лигасында ойнайтын АҚШ-тың көптеген жұлдыздары әлем чемпионатына қатыспайды.

Ресей мен Канада 2008 және 2009 жылғы әлем чемпионатының финалында ойнап, екеуінде де Ресей жеңген.

ЖЕТІ ЖЫЛДАН СОҢ ФИНАЛҒА ШЫҒУ

Биылғы фавориттердің бірі саналатын Канада жартылай финалда 2:0 есебімен Чехияны жеңді. Ойын кезінде канадалықтар чехтар қақпасына 41 рет шабуыл ұйымдастырса, айдын иелері қарсыластар қақпасына 23 мәрте шабуылдаған.

Чехия биылғы әлем чемпионатында Канададан екінші рет жеңілді. Қос ел топтық кезеңде де бір топта ойнап, екеуара кездесуде канадалықтар 6:3 есебімен жеңген болатын.

Жеңісті тойлап жатқан Канада құрамасының мүшелері. Прага, 16 мамыр 2015 жыл

Жеңісті тойлап жатқан Канада құрамасының мүшелері. Прага, 16 мамыр 2015 жыл

​Ал Прагада өткен жартылай финалдағы жеңілістен кейін Чехия құрамасының бас бапкері Владимир Ружичка: «Матчты жақсы бастадық, қарсыласқа қысым да көрсеттік. Бірақ, кейін қателіктер жіберіп қойдық. Екінші периодта канадалықтар шабуылда өте мықты болды. Қарымта шабуыл ұйымдастыруға тырыстық. Одан да нәтиже шықпады» деді.

Канада құрамасы араға жеті жыл салып, финалға шығып отыр. Бұл ел соңғы рет әлем біріншілігінің финалына 2007 жылы шығып, Финляндияны 4:2 есебімен жеңген.

Ал Чехия екінші жыл қатарынан әлем чемпионатының финалына шыға алмады. 2014 жылы Минскте жартылай финалда Финляндиядан 0:3 есебімен жеңіліп, қолаға таласты да, Швециядан 0:3 есебімен есе жіберген.

Әлем чемпионатының финалы мен қола жүлде үшін өтетін матч 17 мамырда Прагада өтеді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG