Келесі бағдарлама





Мультимедиа

Қазақстан

Өтеген Иқсанов: Қазақстанның сот жүйесін тәуелділіктен арылтатын реформа қажет

Қазақстан Жоғарғы сотының отставкадағы судьясы Өтеген Иқсанов. Прага, 29 желтоқсан 2009 жыл.

10.01.2010
Сағат БАТЫРХАН

Тәжірибелі заңгер, зейнеткер Өтеген Иқсанов Азаттық радиосына берген сұхбатында Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығынан бастап, елдегі сот жүйесі туралы өз ойымен бөлісті. Бұл адам кезінде өзі істеп жүрген Қазақстан Жоғарғы сотындағы парақорлықты әшкерелеген еді.


Қазақстан Жоғарғы сотының запастағы судьясы, тәжірибелі заңгер Өтеген Иқсанов бәйбішесі Лида Иқсановамен жақында Еуропа аралап жүрген сапарында Азаттық радиосының Прагадағы кеңсесінде қонақ болған еді. Ақсақалмен әңгіме Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы, елдегі сот жүйесі, судьялардың біліктілігі мен білімі тұрғысында өрбіді.

«ЕҚЫҰ-на ТӨРАҒА БОЛУ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ҮЛКЕН СЫН»

– Өтеген мырза, алдымен 56 ел мүше халықаралық ұйымға төраға болуы Қазақстан үшін несімен маңызды, бұл не береді деген тұрғыда әңгімелессек.

– Мен, біріншіден, Қазақстанның осындай үлкен ұйымға төрағалық етуін үлкен мақтаныш санаймын, осы елдің азаматы ретінде.

Бұл Қазақстанның ешуақытта арманында болмаған дүние. Жақында Вена қаласында болдым, сонда ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтерінің алдында барлық елдердің тулары ілулі тұр екен, солардың арасында біздің көк туымыз да желбіреп тұрды. Соны көріп ерекше бір сезімге бөлендім.

Бір өкінішті жайтты айта кетейін, біздің туымыз басқа тулардың арасына кіріп, мыжылып кетіпті, соны көргенде көңілім біртүрлі құлазып
Бұл халықаралық қауымның біздің елге артқан сенімі, сол сенімді ақтап шығуға тиіспіз. Ол елге сын.
қалды. Соған неге біздің Венадағы елшілік көз қырын салмайды екен. Мүмкін, оны кейін Венадағылар түзететін болар деп үміттенемін.

Бұл төрағалық Қазақстанға үлкен бедел, мәртебе. Біздің мемлекет ел атынан бірталай мәлімдемелер жасады, адам құқықтары жөнінде, демократиялық көзқарастар тұрғысында, басқа да үлкен-үлкен қадамдар жасаймыз деген болатын. Мен мемлекет сол айтқандарын орындайды деп күтемін.

Мүмкін мен утопист болып көрінермін, бірақ менің елім Орта Азияда, бұрынғы Совет елдері ішінде осындай сенімге алғаш ие болып отыр. Тіпті, Ресей де бұл ұйымға төраға болған жоқ. Бұл халықаралық қауымның біздің елге артқан сенімі, сол сенімді ақтап шығуға тиіспіз. Ол елге сын.

– Әрине, қазақ азаматы ретінде мақтануға, мәртебе тұтуға болатын шығар. Дегенмен де, Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық етер қарсаңда Қазақстанда көптеген үлкен сот істері болды. Өзіңіз білесіз, министрлердің, олардың орынбасарларының соттары, БТА банктің 12 менеджерінің сотталуы, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің соты, т.б. Қазақстанда сөз бостандығы, ой еркіндігі, адам құқықтарын сақтау тұрғысында қайшылықты жайттар көбейіп кеткендей көрінеді, осыны немен байланыстыруға болады?

– Қылмыстық істердің көбеюін демократияның сәйкестілігі, сәйкессіздігі немесе басқа бір жағдай деп айтуға келмейді. Егер ол адамдар
Егер де олар бір саяси жағдайлармен, саяси астармен қылмыскерлер деп танылып жатса, онда ол елдің бетіне жағылған қара күйе.
шынында да қылмыс істеген болса, олар демократиялық қандай елде болса да жауапқа тартылуы керек.

Ал егер де олар бір саяси жағдайлармен, саяси астармен қылмыскерлер деп танылып жатса, онда ол елдің бетіне жағылған қара күйе. Сондықтан ол істердің бәрін қорытып, онда қылмыс бар ма, жоқ па – ол жағын айта алмаймын, мен юрист болғаннан кейін керекті дәлел-дерекке, аргументке сүйенемін.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОТ ЖҮЙЕСІ ТӘУЕЛСІЗ ЕМЕС»

– Өтеген мырза, онда мен сұрағымды сәл басқаша қояйын. Мысалы, жаңағы айтылған істердің бәрін тізіп, нақтыламай-ақ қоялық. Бірақ, өзіңіз тәжірибелі заңгер және Қазақстан Жоғарғы соты қылмыстық істер алқасының бұрынғы төрағасы ретінде Қазақстанның қазіргі соттары тәуелсіз бе, олар барды бар, жоқты жоқ дейтін, ақ пен қараны өз аттарымен атай алатын, тәуелсіз шешім шығаратын соттар ма, қалай ойлайсыз?

– Мен Қазақстанның тәуелсіз емес кезінде де, тәуелсіздік алғаннан кейін де сот жүйесінде жұмыс істедім. Қазіргі жұмыс істеп жатқан кейбір судьялармен ақылдасып тұрамын, олар өздерінің тәуелсіз емес, тәуелді екендіктерін айтады. Тәуелді болатын себебі – оларда гарант жоқ, кепілдік берілмеген.

Мен бұрын Совет билігі кезінің өзінде талай ақтау үкімін шығардым. Ол уақытта кейбір істер бойынша обкомның бюросы партия
Қазіргі жұмыс істеп жатқан кейбір судьялар өздерінің тәуелсіз емес, тәуелді екендіктерін айтады.
қатарынан шығарған адамдардың ісін сотқа жолдатқызып, оларды қылмысты деп танып, соттауды жүктейтін.

Бір жолы бір совхоздың директорын облыстық прокурор мен облыстық милицияның бастығы екеуі обкомға жазған ұсынысымен (ол кезде «докладная записка» дейді) партия қатарынан шығарған. Мен сонда ауылды жерде бір ай жатып, әлгі адамның жазықсыз қараланғанын анықтап, ол адамды ақтап, негізгі қылмыстыны соттап келдім.

Сол кезде обкомның бірінші хатшысы сауатты адам еді, бірақ юрист емес болатын. Менің шығарған үкімімді естіп, «біздің шешімді тексеретін ол кім соншама, оның өзін партиядан шығарыңдар» дейді. Менің партияда жоқ екенімді айтады, сонда ол хатшы «ендеше ондай адамды неге алғансыңдар» деп, қойшы, не керек, сонымен мені орнымнан босатуды ұйғарады.

Әлі есімде, 1968 жылы 4 қаңтар күні түске дейін мені жұмыстан шығару туралы облыстық атқару комитетінің қағазын алып барады. Қол қояр кезде бірінші хатшы ойланып қалып, «мүмкін ол ертең дұрыс болып шығады, облыс прокуроры сен наразылық жаз, облыстық сот Жоғарғы сотқа ұсыныс түсірсін» деп тапсырады. Содан республика прокуроры облыс прокурорының наразылығын негізсіз деп тапты. Іс кассациялық шағым бойынша қаралып келгенде менің шығарған үкімім заңды болғандықтан өзгеріссіз қалды.

Сол кезде мені жұмыстан шығарады ғой деген ой болған жоқ менде, тек қана заң бар, ол бәріне бірдей деген сезімде, сенімде болдым.

Ал сондай сезім қазіргі кезде судьяларда жоқ. Мен оларға: сіздерде намыс қайда деп сұрақ қоямын. Негізі, сот үкімді заңға сәйкес және өзінің ар-ұяты бойынша шығарады делінген қағида бар.

Ар-ұят қайда, заңның өзінде солай жазылған десем, ол дұрыс қой, бірақ ертең жұмыстан қуып шыққан уақытта мені кім қорғайды дейді олар.

«СУДЬЯ ТАҒАЙЫНДАЛУЫ ЕМЕС, САЙЛАНУЫ КЕРЕК»

– Мына бізде ең жаманы, Жоғарғы соттан бастап аудандық сотқа дейін барлығы президенттің бұйрығымен тағайындалады. Әрине, президент оның кім екенін де білмейді, тізімді шенеуніктер жасап алып барады, сол бойынша қол қояды. Оның ішінде көбі лайықты да шығар, бірақ, соның ішінде судьялық қасиеті жоқ адамдар да болады, сондықтан сондай корқақ, өзінің қолы таза емес, білімсіз адам үнемі тәуелді болып отырады.

Сосын тағы бір мысал, мына судьялардың барлығының телефон әңгімелерін, кабинеттеріндегі сөздерді Ұлттық қауіпсіздік комитеті тыңдап отырады, оларға бақылау жасайтын прокурордың өзінің телефондарын да үнемі тыңдап отырады. ҰҚК осылай бей-берекет кеткен, оларға «қой дейтін қожа» жоқ.

Бізде парламент те дұрыстап жұмыс істемейді, аты бар да, заты жоқ. Шетелдерде, демократиялық елдерде парламенттік бақылау дейтін бар, ал бізде ол ақсап келеді. Мүмкін, осы ЕҚЫҰ-на төрағалық ету барысында осы кемшіліктер, келеңсіздіктер жойылар, жөнделер деп ойлаймын.

– Өтеген мырза, сіздің бұл айтып отырғандарыңыз Қазақстандағы сот жүйесін реформалау, жетілдіру мәселелерін алға тартады. Олай болса, халықаралық беделді ұйымға төрағалық етіп отырған Қазақстан өзінің сот жүйесіне реформа жасамаса қалай болғаны?

– Өте дұрыс айтасыз, сот жүйесіне реформа қажет. Біз Совет кезінің көп кемістіктерін айтамыз ғой, сол кездің өзінде біз тіпті қашқын әкелерден алимент өндіріп алуға шешім шығаратын кезде, халық заседателі деп аталатын екі кісі отырады, солармен ақылдасып шешім
Бүкіл сотты, судьяларды бір кісі тағайындау деген дұрыс емес. Ең болмаса аудандық соттарды халық сайлауы тиіс. Халық сайлаған уақытта балама болады, бәрі де алақандағыдай көрініп тұрады.
шығаратынбыз. Сол уақытта сот халықтың бақылауында, қадағалуында болады. Ал қазіргідей, жоғарыдан төмен қарай ҰҚК бақылауында болса, онда ешқандай әділдік болмайды. Әділдік халықтың өкілдері сот ісіне қатысып отыратын болса ғана болады.

Бұдан екі жыл бұрын ғана алқа билер соты басталды, оның өзі әлі қажетті деңгейіне жете алмай жатыр.

Екінші бір мәселе, бүкіл сотты, судьяларды бір кісі тағайындау деген дұрыс емес. Ең болмаса аудандық соттарды халық сайлауы тиіс. Халық сайлаған уақытта балама болады, бәрі де алақандағыдай көрініп тұрады. Сол уақытта ол басқаша болады. Қазір ешкім ешнәрсе білмейді, бір күні бұйрық шығады да біреу судья бола салады.

Сот жүйесінде мәселе көп, сот реформасы өзінің кезегін күтіп тұрған күрделі мәселе деп ойлаймын.

АҚТАЙТЫН ДА, СОТТАЙТЫН ДА СОТ БОЛУЫ КЕРЕК

– Өтеген мырза, әңгімеміздің басында айтылған сот істеріне қайтып оралсақ. БТА банк, Әблязов ісіне қатысты сотталған 12 адамның біреуінің қорғаушысы болған Нұрлан Үстеміров деген адвокат, Азаттық радиосындағы дөңгелек үстел талқылауында, сот шешімінің әділ емес екенін, өз қорғауындағы азаматтың өз қолымен ұрлық жасамағанын, жемқорлыққа бармағанын білетіндігін, болашақта әділдікке қол жеткізетініне сенетіндігін, өйткені бір адам – мемлекет басшысы бұны білмей отыр деген ойын білдірді. Неліктен олар әділдікті соттың үкімінен емес, президенттің рақымшылығынан, мейірімінен күтіп үміт етуі керек?

– Дұрыс айтасыз, егерде мемлекетте бір адам ғана әділетті болатын болса, сол ғана шешім шығарса, онда неге қаншама миллиондаған шығын шығарып соттарды ұстаймыз? Онда соттарды ұстаудың керегі жоқ, президентке алып барсын, орта ғасырлардағыдай шешім
Бізде, мейлі, керемет данышпан президент болсын, бірақ оған бағынбайтын сот жүйесі болуы керек.
қабылдасын – бұл деген нонсенс, адвокаттың ол сөзін мен түсінбеймін.

Бізде ешбір адамға да тәуелді болмайтын сот болуы керек. Бізде, мейлі, керемет данышпан президент болсын, бірақ оған бағынбайтын сот жүйесі болуы керек. Кереметтей ілім-білімі жетік, көреген президент болса, сонда ғана ол гарант болады, дұрыстап сот жүйесін реттеп берсе, президенттің міндеті сонымен бітеді. Платонның айтқаны бар ғой: «Дүние құрып кетсін, бірақ әділдік болсын» деген. Дүние құрып кеткеннен кейін әділдіктің керегі не? Керісінше, әділдік болса дүние ешуақытта құрымайды.

– Соңғы сұрағым, 2009 жылда өз өміріңізде, отбасыңызда, жалпы Қазақстан қоғамында қандай да бір есте қалатындай оқиғаны айтсаңыз.

– Өзім қарапайым зейнеткермін, қоғамдық жұмыстарға аздап араласып қоямын. Ал енді мына ел бойынша айтсақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалықты бастағанын үлкен дәреже деп есептеймін.

– Сұқбатыңызға рақмет.

КЕЙІПКЕР ЖАЙЛЫ ДЕРЕК

Жақында ғана жетпіс жасқа толған Өтеген Иқсанов ұзақ жылдар сот-заң жүйесінде қызмет еткен. Оның есімі 1996 жылдың басында Қазақстан баспасөзінің бетінен түспейтін. Сол жылы қаңтардың аяғында өткен пленумда Жоғарғы соттың қылмыстық істер алқасының төрағасы Өтеген Иқсанов өзінің тікелей бастығы – Жоғарғы соттың төрағасы Михаил Малаховқа қарсы мәлімдеме жасады.

Иқсанов осы пленумда сөйлеген сөзінде, қолында бар дәлел-дәйектерге сүйене отырып, Жоғарғы сот төрағасы Малаховтың пара алатындығы туралы жайып салды және оны дәлелдей алатын айғақтары бар екенін де мәлімдеді. Пленум жұмысына қатысқан БАҚ өкілдерінің таратуымен бұл сөздер сол күні кешке-ақ жария болып кеткен еді. Бірақ ертесіне-ақ пара алады деп айып тағылған басшы емес, сол жөнінде жария қылған қосшының өзі, өзі ғана емес, оның отбасы да түрлі қыспақ пен қысымға душар болды.

Арпалыспен өткен бірнеше айдан кейін ғана Жоғарғы сот төрағасы Малахов «қызмет этикасы ережелерін бұзғаны үшін» деген желеумен төраға қызметінен босатылды.

Ал осы айлар ішінде Жоғарғы соттың қылмыстық істер алқасының төрағалығынан төмендетіліп үлгерген судья Өтеген Иқсановты жаңа төраға сыпайылап қана отставкаға шығарып салды. Өтеген ақсақалдың басынан өткен бұл тарих жайындағы әңгіме алдағы уақытта өз алдына бөлек айтылады.
Бұл форум жабық
Пікірлерді іріктеу
     
Пікірлер
Кімнен: Сыр қазағы
10.01.2010 18:23
Қазіргі сот, прокуратура және т.б мекемелерде парасыз еш аяқ баса алмайсыз. Мұның емі де жоқ сияқты.

Кімнен: КӨКБӨРІ СҰҢҒЫЛА
10.01.2010 18:33
Быйылғы Тәуелсіздік не берді десек, Қазақ халқы 18-жыл өткенде ғана өзінде Тәуелсіздік жоқ екенін түсіне бастады.Жалпы бізде Тәуелсіздік мейрамы ешқашанда тойланып көрген жоқ. Үнемі аты аталған тәрізді, үш түрлі сыйпатта өтеді:
І. Назарбаевтың бүкіл республикадағы жағымпаздары мен жандайшаптары өздерін бай-бағылан "ақсүйек" санап, театрда Ән мен Күй тыңдап, бірдеме бітіріп тастағандай шалқиып отырады;
ІІ. Бүкіл Назарбаев шашпауын көтеріп жүргендер (келімсектер), тіпті алаңға да шықпай, ішкені алдында, ішпегені артында Қазақтың несібесін шайнап, күлкіге мас, өз Отандарында мұндай шаттықтың жоқ екендігін білетіндіктен, есіктерін тарс жауып мәз болысып ішіп-жеуге кіріседі;
ІІІ. Аш-жалаңаш шындық іздеген Қазақ халқы 18-жыл бойы күңірене күйзеліп алаңға шығады, оларды мұздай қарулы полиция нөпірі қоршап алып, дұрыс пікірін де айтқызбауға тырысады. Бұл біздің қоғамның ақиқаты.
Осы көріністен Қазақ халқының Тәуелсіздігі байқала ма?.. Тіпті қазақтың Тәуелсіздігінің көрінісін көрсетпеу үшін, І-ші Желтоқсаннан бастап Шыршаларды қаптатып, Желтоқсан көтерілісінің Рухын таптауға тырысады. Мұндай Тәуелсіздік кімге керек ? Қазақ Елінің қорғаушылық міндетін Атазаңымыз бойынша міндетіне алған Президент Назарбаев осының бәріне жауап беруі тиісті. Жауап беретін уақытта жетті. Елді бүйтіп басқарғанша, анау Б.ЕЛЦИННІҢ жолымен жөнін тапқаны дұрыс ! Сонда, соры қайнаған Қазақ халқы да риза болып, алғысын айтады...

Кімнен: КӨКБӨРІ СҰҢҒЫЛА
10.01.2010 18:36
Қандай пікір таласынан болмасын - Халқымызға, оның Тәуелсіздігіне - пайдасы тимесе, желбуаз және бірін-бірі мұқатқан жексұрын сөздер болып қала береді. Осынау, Тәуелсіздіктің 18-жылы көп нәрсенің бетін ашты. Ең бастысы - Қазақ халқының Үкіметі (Президенті, Парламенті, Сенаты) жоқ екенін, бүгінгі күнге дейін Ұлттық Идеологиясын жасай алмай отырған тобыр-мариенетка екендерін дәлелдеді. Аздап қана көздеріңіздегі ТОМАҒАНЫ сыпырып, ойланыңыздар шы?. Сонда, Мемлекетіміздің қай саласында кемшілік жоқ ? Бейне. жабусыз жатқан ҚАЗАН тәрізді. Оны кім жаламай жатыр. Тіпті Атазаңымызға жат - ассамблеяны пайдаланып,Автономия құруға дайындалушылар астыртын жұмыс жасауда?! Ал мынау "Ел бірлігі" деген доктрина Қазақ халқын қорлаудың ашық түрі. Оның үстіне мұны жазған адамдардың сауатсыз тәрбиесіздігі соншама, бұлардың фамилияларын жариялап, заңды түрде Ассамблиясымен қоса сотқа беру керек. Мынау ХХІ ғасырда екі түрлі Елбасқарудың құдіретін білмейтін адам - ЕЛБАСЫ болуға қақысы жоқ!
Біріншісі - тек Халық үшін қызымет ететін - БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ;
Екіншісі - ғылыми негізде жүргізілетін - ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖҮЙЕСІ;

Бұл екеуі де Назарбаевтың басқару жүйесінде жоқ ! Сонымен қоса НӘН-нің бағдар етіп ұстаған Батыста да жоқ ! Олай болса, біздің мемлекет өте ауыр жолда және қате бағдарда екенін мойындауымыз керек. Біздердің улап-шулап жүрген мәселе сымағымыздың барлығы да ұсақ екенін түсініп, иісі Қазақ болып, халқымызға жат Үкіметтен құтылмай, нағыз Тәуелсіз ел болуымыз мүмкін емес! Ендеше, екіге бөлініп алып, Әзілхан мен Мұхтарды мақтап-даттағанның өзі ұят! Елдік мәселені талқылағанда азаматтық деңгейде болғанымыз жөн. Ата-бабамыздың аруақтары қолдап, өз арамызда жүрген арсыздардың санасы оянса екен. Елі-жұртымызға бірлік, жігер, намыс келсін !!!...

Кімнен: КӨКБӨРІ СҰҢҒЫЛА
10.01.2010 18:55
Біздің қоғамның іріп-шіріген әділетсіз екенін, мынау "Азаттық радиосында" берілген хабардан да көрініп тұр. Бұл Нұржан Жолдасбеков, не адвокатты, не прокуратураның ұсыныстарын құлаққа ілмесе, тіпті тыңдағысы келмесе, оны Сот жұмысынан тайдырып өзін жауапқа тарту керек. Және М. Жәкішовтың мәселесі бойынша, Школьник пен Мәсімовтың және Россияның қатынастары неге толық түрде тексеріліп, халыққа ақпен-қарасы ашып айтылмауы қалай ?. Өйткені, қоғамды жайлаған Ұрлық пен Алаяқтықтың бетін шиедей етіп ашуды халық күтуде...
Пікір алмасу

Кімнен: Әділсерік Қайдан: Астанадан
10.01.2010 20:27
... күтсе күте берсін. Жүз жыл күтсең де дым болмайды.Сайлап алған билігің бар ма еді, әу, халайық?!... Билік өзін-өзі сайлап алған жоқ пе еді, мәнгілікке?!

Кімнен: Сарыуайым
10.01.2010 20:49
Күні ертең қазба байлығың, мұнайың таусылады. Байлардың жаны шығып байып, шет елге қашып, сол жерде байлығын тығып жанталасып жатқаны сол ғой.
Бәрінен айрылғасын елдің Америкаға да, Ресейге де, Қытайға да керегі болмай қалады. Өйткені алар байлығы, өндірген ештемесі жоқ.

Кімнен: Мұрат Керей Қайдан: Алматы
10.01.2010 21:46
1. Қытайдың 5000 жылдық тарихында негізгі қолданылатыны мейлі дұшпанға, мейлі ел ішіне: 50% -і заң мен саясат, 50% -і диктатура. Яғни "аюға намаз үйреткен таяқ" тәсілі болмақ.
2. "Бір салдатпен шеп құруға болмайды" дейді халық даналығы.
3. Статистикаға сүйенсек президент, үкімет, парламент және әр дәрежелі әкімдер мен құқық қорғау орындарының қолынан нақтылы іс келетін адамдарының саны 7000-8000-дай. осыншалық адам Қазақстанның шикізат т.б. байлықтарының игілігін барынша көріп отыр. Ал қалған 15-16 млн. адам тек соларға қызмет істеп отыр, ал 200 мыңға жуық армия мен ішкі әскерлер және нұротан партиясының 500 мың мүшесі деп жүргендер тек қана күні үшін күлмек жейтіндер. Сонда қарап отырсақ, 0,01 % -ке де толмайтын оңбағандар біздің, яғни халықтың есебінен ойына келгенін істеп отыр. Осы сандық мәліметтерден қарап отырып бұларды ауыздықтаудың онша қиын емес екендігін жас бала да біле алады. өкінішке орай халықта анығын айтқанда қазақта ондай ауызбіршілік бар деп айта алмаймыз. Бұл біздің қасіретіміз. Бірақта қарап отырмай бір амал ойластыру керек. бізде қаражат та, билік те, армия да қару жарақ т.б. жоқ дерлік. енді не істейміз???
4. Қытай көсемі Мауо: "мылтықтан акимият туады" деген болатын.
5. "жұмыртқаны тасқа ұрса да жұмыртқа сынады, тасты жұмыртқаға ұрса да жұмыртқа сынады"


Кімнен: Асылхан
11.01.2010 02:43
Ағайындар! Арқалықтағы түрмеде өте күмәнді жағдайда бақилық болған Азаматтың қазасы көпшілікті бей-жай қалдырмайтын оқиға. Марқұмның өлімін зерттеуді Қазақстан өкіметінің басшылығынан сұрап, халықаралық ұйымдарға, әлем жұртшылығына үндеу – ашық хатқа қол жинау жалғасып жатыр. Төрт күннің ішінде ол үндеуге әлемнің әр түкпірінен қырыққа жуық адам қосылды, қол қою әлі де жалғасып жатыр. Азаматтың қазасы туралы мақаланы оқыған болсаңыз сіз де сол үндеуге қосыла аласыз.

Ол үшін:

1. Интернеттегі мына бетке барыңыз http://www.gopetition.com/online/33217/signatures.html

2. Сол беттің төменгі тұсында сол жағында орналасқан мына сөзді тауып басыңыз
Sign the petition (үндеуге қол қоямын)

3. Сонан кейін Азамат Кәрімбаевтың фотосуреті бар және орыс тілінде Үндеу жазылған бет ашылады
http://www.gopetition.com/online/33217/sign.html

4. Осы беттегі үндеудің мәтінінің төменгі жағындағы First Name: - өзіңіздің есіміңізді жазыңыз,

Last Name: өзіңіздің тегіңізді жазасыз (Signature Display деген жазудың қасындағы төрт бұрыштың ішінде V белгісі тұруы тиіс, егер ол қойылмаған болса, мышкамен түртіп қойыңыз),

Email Address: деген торға өзіңіздің электрондық поштаңызды көрсетіп жазыңыз,

Country or Region: деген тордың ішінен өзіңіз тұрып жатқан елді тауып қойыңыз.

Short Comment to Target: деген тордың ішіне Азамат марқұмның қазасына қатысты өз ой-пікіріңізді жазсаңыз жөн болады, ол жерде 500 әріпке дейін сөз жаза аласыз,

Verification Code: - бұл жердегі ағылшын әріптері мен сандарын Enter code & click 'Sign' деген жазудың дәл астындағы торға жазасыз,

ең соңында Sign деген жазуды басасыз, сонымен, егер сіз барлығын дұрыс атқарған болсаңыз, сіздің дауысыңыз есептеліп, үндеуге тіркеледі.

Кімнен: жамал Қайдан: алматы
11.01.2010 16:50
Осындай адамдар көп болса, әділеттілік те болар еді-ау деп армандап қоямыз, брақ әй қайдам....

Кімнен: жампоз Қайдан: Астана
11.01.2010 18:45
Ақсақалдың әңгімесі өте жақсы екен. Қазіргі соттар бұлай ойламайды ғой, олар тек қанша пара алсам екен деп қана ойлайды, сорымыз қалың халықпыз ғой....

Кімнен: сайран Қайдан: Алматы
12.01.2010 03:45
Жакишев сиякты казакстан азаматын соттап жат0ан соттардан кандай умит кайыр кутесиз
     
Мәтін көлемі - +

Мультимедиа