Accessibility links

Қаржы тапшылығына ұшыраған Беларусь президенті көмек сұрауға мәжбүр


Беларусь президенті Александр Лукашенко баспасөз мәслихатында. Минск, 20 желтоқсан 2010 жыл
Беларусь президенті Александр Лукашенко баспасөз мәслихатында. Минск, 20 желтоқсан 2010 жыл

Инфляцияның біртіндеп үдеп, валюта қорының азаюына және оның құнсыздануына орай Беларусь экономикасын тұрақтандыру үшін Александр Лукашенко Халықаралық валюта қорынан 8 миллиард АҚШ долларын сұрады.


Ресей басшылық ететін Еуразиялық экономикалық қауымдастық, егер де Минск кейбір мемлекеттік активтерді жекешелендіру туралы талапты орындаса, 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде несие беретінін жеткізгесін бірнеше аптадан соң Минск ХВҚ-ына өтініш жолдаған. Бірақ, ХВҚ да Александр Лукашенкоға ыңғайсыздау шарттар қоюы ықтимал. Алайда, Беларусь президентінің одан басқа амалы қалмаған сияқты.

ТЫҒЫРЫҚ

Өткен аптада Минск ХВҚ-дан 8 миллиард доллар дотация сұрады. 2008 жылғы дағдарыс кезінде қордан 3,5 миллиард доллардан астам сома берілген еді. Ал ЕуразЭҚ өткен айда тағы да 3,5 миллиард доллар жәрдем беруге міндеттеме алды.
ХВҚ-ға жіберілген соңғы сұраудың жасалу себебі - елдің валюта қоры таусылуға жақындады, қос таңбалы инфляция күшейіп, ұлттық валюта күн сайын құнсызданып барады.

ХВҚ-ға жіберілген соңғы сұраудың жасалу себебі - елдің валюта қоры таусылуға жақындады, қос таңбалы инфляция күшейіп, ұлттық валюта күн сайын құнсызданып барады.

Бұл дағдарыс Минскінің Ресей энергиясына төлемдерінің артуына және Лукашенконың өткен желтоқсандағы президент сайлауы кампаниясына мол қаражат жұмсауына байланысты туып отыр.

ШАРТ ҚОЮ

Мэтью Рожанский - Карнеги қорының Ресей мен Еуразия бойынша программа директорының орынбасары. Ол ХВҚ Беларуське қолдау беретініне, бірақ қатаң шарттар қоятынына сенеді:

- Дағдарыстан шығару үшін барлық керекті бейсаяси шарттар орындалуы тиіс. Бірақ менің ойымша, ХВҚ ЕуразЭҚ сияқты ақша бермей тұрып, іс-әрекеттің бар екендігіне көз жеткізгісі келер. Басқаша істеу олардың тарапынан ақымақтық болар еді. Егер Лукашенкоға бірінші транш берілсе, ал ол оны қысқа мерзімде өз мүддесіне жұмсап, ешқандай реформалар жасамастан басқа мүмкіндіктерді іздестіреді.

Маусымның 13-і күні Минскіге барған сапарында ХВҚ командасы Беларусь алда да көмек алғысы келсе, кұрылымдық реформалар жасау керектігін Лукашенкоға ескертті. Мұндай реформалар Беларусь экономикасын қатаң қыспаққа алған «Еуропадағы соңғы диктатордың» тәсілін жұмсартпақ. Bloomberg («Блумберг») ақпараттық агенттігі бұл жағдайға қатысты мағынасы айқын анықтама берді: «Лукашенко не Беларусьті басқаруды, не ХВҚ көмегін алуды таңдауы тиіс».

Беларусьтегі ХВҚ тобының басшысы Крис Джарвис Минскіде журналистерге кез келген жаңа қолдау көрсету осы елдің мемлекет бақылауындағы экономикасын жетілдіруге арналған «мықты программаны» алға бастыратынын айтты.
Біз жап-жақсы құжаттар дайындаймыз, бірақ кейін президент әкімшілігі оған қайшы келетін жарлықтар шығара бастайды.

«Сонымен қатар біз барлық қатысушылар – президент, үкімет пен ұлттық банк программаны қолдайтындығына сенімді болуымыз керек» деді Джарвис.

Бірақ, бұлайша бірлесе қимылдау Лукашенко 17 жыл бір өзі басқарып келген ел үшін үлкен мәселеге айналған. Минскідегі Еуропалық интеграция мәселелері орталығының директоры Юрий Шевцов орталық банктің экономистері өздерінің саяси ұсыныстарын жүзеге асыруда қиындықтарға тап болғанын айтты.

- Орталық банкте де қаржы министрлігіндегідей тым жақсы адамдар баршылық.

Алайда, мен олардың көпшілігімен сөйлескенде олар «Біз жап-жақсы құжаттар дайындаймыз, бірақ кейін президент әкімшілігі оған қайшы келетін жарлықтар шығара бастайды» дейді. Осыдан кейін Белорусь экономикасы жайлы үкімдерді кім шығарады деген сұрақ пайда болады, - дейді Шевцов.

ПОСТ-ЛУКАШЕНКОЛЫҚ БЕЛАРУСЬТІҢ ҚАМЫ

Беларусьтегі экономикалық жағдай Лукашенко үкіметін әжептәуір өзгеріске ұшыратты.

Беларусь қауіпсіздік күштері Батыстың наразылығына қарамастан сайлау кезінде саяси оппозицияны күшпен басып тастаған еді. Енді дағдарыстан туындаған көптеген әлеуметтік қарсылықты да осындай жолмен тойтарып тастап отыр.

Маусымның 12-і Гродно полициясы жүргізушілердің шеруін күшпен таратты. Жүргізушілер көлік иелеріне елден 5 литрден көп бензин құйып шығуға тыйым салатын жаңа қатаң заңға қарсылық білдірген болатын.
Кері әсер болған жағдайда да, ол саяси сипат алмақ. Ондай жағдай Араб көктемі секілді болып, Украина мен Ресейге жетуі мүмкін, себебі Лукашенко саяси ахуалды меңгере алмай қалуы ықтимал.

Вашингтондағы Петерсон халықаралық экономика институтының экономисі Андерс Аслунд институт сайтында жарияланған сұхбатында көрші елдерге Беларусь дағдарысы көп жағдайда экономикалық емес, саяси да проблема туғызатынын айтты.

- Беларусь жалғыз өзі тұтас аймақтағы экономикаға кері әсер ететіндей ірі мемлекет емес. Елдегі жағдайға алаңдап отырған тек Ресей ғана. Өйткені кері әсер болған жағдайда да, ол саяси сипат алмақ. Ондай жағдай Араб көктемі секілді болып, Украина мен Ресейге жетуі мүмкін, себебі Лукашенко саяси ахуалды меңгере алмай қалуы ықтимал, - дейді ол.

Аслунд бұл дағдарысты Совет одағының мемлекет басқаруындағы экономикасының құлдырауына ұқсатады.

Аналитик Рожанский экономикалық дағдарыс Лукашенко билігінің құлдырауының басы болмақ деген болжаммен келіседі. Бірақ, президент бірден кете қояды деп кесіп-пішуден қашқақтайды.

Алайда ол Батыс пен Ресейді пост-лукашенколық Беларусьті құру жоспарына кірісуге шақырады.

Оның айтуынша, Ресей олигархтары арзан бағаға Беларусьтің мемлекеттік активтерін сатып алуға талпынғанымен, Мәскеудің елдегі ұзақ мерзімді мүдделері Батыспен бірдей.

- Бізде Мәскеумен сөйлесуге мүмкіндік бар. Біздің негізгі қалауымыз бір жағынан Брюссель мен Вашингтоннан, екінші жағынан, Мәскеуден соншама өзгеше емес. Біз қоғамдық дағдарысты қаламаймыз. Беларусьте саяси тұрақсыздық бар болса да, шешімнің қандай болғанына қарамастан, біз 2008 жылғы Грузиядағы дағдарыс кезіндегідей зорлық-зомбылықты, бір-бірімізге қастық жасауды қаламаймыз, - дейді Рожанский.
XS
SM
MD
LG